Журналистиканың маңызы

    Ғалам… Түнгі аспанға қарасаң, сан мыңдаған жұлдызды көресің. Көресің де, таңғаласың. Бұл сұлулық алыстағы қиял әлеміне жетелейді. Мектепті енді бітірген маған бұл түн ерекше. Майсалы маусымның мақпал түні мені ой қақпанына түсірді. Ұйқым келер емес…

Елдегі жағдай, үйіне қамалған жұрт, тас құрсаудағы сәби, бәрі-бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатыр. Менің құрдастарыма да оңай болған жоқ. Мектептегі соңғы қоңырау үні әлсіз ғана сыңғыр етті. Дауысы құмығып естілді. Қоштасқаны, қорланғаны белгісіз…

Қала қаңырап бос қалғандай. Ауылдан қашқан жұрт қайта ауылға ағылды. Парадокс.

Әр жан өз әлінше тіршілік етті. Ұстаз үйде, аспаз үйде, саудагер үйде, алғы шепке дәрігер шықты. Ал тілші ше? Ол надандыққа қарсы тұрды. Ел ғана емес, бүкіл әлемдегі жағдайды қара халыққа хабардар етті. Жоқтың зарын барға, қарашаның үнін үкіметке жеткізді. Бар жоққа, үкімет елге көмектесіп, көп алғысына да бөленді.  Ежелден солай. Көк экранға телмірген жұрттың назары – журналистің хабарында. Жаңалық жаршылары елдің есінде мәңгі қалғандай. Мен таңдаған мамандық иелерінің бұл ісі жігерімді қайрай түсті. Өйткені журналист – халық пен биліктің алтын көпірі.

Словениялық жазушы Жарко Петан: «Жарқын болашақ – саясаткердің, өнегелі өткен – тарихшының, ал мағыналы бүгін – журналистің қамқорлығында», – деген екен. Ел басындағылар ертеңгі күнді ойласа, өткенімізді кәрі тарих қойнауынан көреміз. Бүгінгінің еншісі – тілшінің қаламында. Қара сиялы қалам елді селт еткізер, жерді жарар жаңалықтар жазады. Сол бір күн әлі есімде…

Атам мен апамның тұңғыш немересі болғандықтан, жазылмаған дала заңына бағынған ата-анам мені оларға беріпті. Кішкентайымнан кәрі Ертістің жағасында қоныс тепкен Күршімде өстім. Күршім –

Ұлдары бар жатқа намыс бермеген,

Шыңдары бар көкке қарай өрлеген.

Мекен жатыр Күршім деген шығыста

Бесігінде ұлылықты тербеген, –

деп, танымал әнші өз әніне қосқан қасиетті мекен. 

Таңертең әдеттегідей газет оқып отырған атам басын көтеріп алып: «Мұнысы несі, ей?» – деді. Табиғатынан қатты сөйлемейтін адамның даусы оқыс шықса, дағдарып қалатын әдет қой. Апам шайына шашалып қалды. «Жайшылық па?»  – деді жаймен ғана. «Мына қырғыздарға дауа жоқ!» – деп, далаға шығып кетті. Үшінші сынып оқитын мен үшін «дауа» да, «қырғыздар» да беймәлім еді. Баламын ғой, білмегенімді білуге деген құлшыным өре тұрегелді. Атам еркелігімді көтереді. Қазбалап сұрадым. Көршілес қырғыз елі көтеріліске шығып, Құрманбек Бәкиев деген президенттерін биліктен қуыпты. Ел іргесі ыдырап, айыр қалпақты ағайынның хәлі мүшкіл екен. Біздің басымыздағы бейбіт күнге шүкіршілік етті. Қазақ қана емес, әлем журналистері жарыса жазыпты. Сол күні менің бала көңілімде «Алыстағы елдің бәрін білетін журналист мықты ғой! Мен де журналист боламын» деген ойдың ұшқыны жылт етті.

Балалық арман жасөспірімнің мақсатына айналды.

Тәуекелдің тар қайығына мінген менің есіл-дертім – елге танымал журналистер, олардың репортажы, сұхбаты. Ұлттық арналардың әрқайсысының бағдарламасын көзбен көріп, ой елегінен өткіземін. Диктордың дикциясы құлаққа жағымды әсер етеді. Қарабайыр сөз бен екшелмеген ойды естісем, көңіліме қаяу түскендей болады. Ұлы тілімнің құдіретін пайдаланбаған адамдарға жаным ашиды. Баспадан шыққан кітаптың емес, банктен шыққан ақшаның иісіне құныққан заманда тіл тазалығын сақтауға көмек беруші де, бұл «дертті» мәселені көтеруші де – журналист.

Есімі алғаш естігенге тосын болар Әуесбайдың Қанаты: «Журналистика – қоғамдық пікір тудырушы», – деген. Журналистика саласы бойынша елімізде ең алғаш «Болашақ» стипендианты атанған тілшінің пікірі – бүгінгі күннің шындығы.

Қоғам бір емес, мыңдаған адамнан тұратынын ескерсек, әр адамның ойы әртүрлі. Шебер журналист сан қилы ойды бір арнаға түйістіріп, бір желіске салады. Пікірлер желісі ақпарат айдынына айналып, сол айдынның бетінен қазіргі қоғам бейнесі көрінеді. Ол үшін хас шебер әділдіктің ақ туының астында аянбай қызмет етеді. Түн ұйқысын төрт бөлген анадай мазасыз күй кешіп, сан парақты жоқ қылады. Аузын әр атқан таңға ашқарақ аждаһадай кере ашқан ақпаратты ауыздықтауға ұмтылады. «Тіліп түскен наркескен» тілі мен «өткір жебе тау тескен» сөзді қару етіп, сәт сайын жайылуға дайын, қоғам санасын ластаушы өтірік уының уытын қайтарады. Адалдық жолында жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешеді. Ол әсте де шындықтан таймайды, әр жеңілісін жеңіске жетер жол деп санайды. Ғажап емес пе?

Журналист болу – өнер. Бұл өнерді меңгерген адам ғана нағыз маман атана алады. Ең алғашқы «дала қарлығаштары», «Айқап» журналы, «Қазақ», «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» газеттерінің, бетінде жарық көрген мақалалар – өткеннің белгісі, бүгінгінің мұрасы. Ирландиялық журналист Вероника Грин Дублиндегі нашақорлықты жойса, «Вашингтон пост» газетінің тілшілері Карл Бернстайн мен Боб Вудвор президент Ричард Никсонның импичмент жариялауына түрткі болды. Бұлар журналист қызметінің өткенді жаңғыртып, болашақты құрар өнер екенін тағы бір дәлелдей түседі.

Менің  арманым биік. Ол – қара сияның күшімен аққа жақ болу, газет пен журналдан шындықты көрсету, теледидар мен радиодан оны айту. Ол үшін жасаған қадамым да баршылық. Тырнақалды мақалам мектепішілік «Өр Алтай» газетінде жарық көрді. Бұл жетістік мені қас түлектей қанаттандырды. Облыстық, республикалық газеттерден де атым жиі көріне бастады. Шығыс Қазақстан облыстық  «Алтай» телеарнасының жас тілшісі атанғанымда, төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Бүгінгі күнге дейін аты өңірімізге таныс тұлғалармен танысып, сүбелі сұхбаттар та алып үлгердім. Тікелей эфирдің қонағы ретінде кадрдан тыс адамдарды көріп, журналистиканың «ішкі асүйінің» иісін сезгендеймін. Бір бағдарлама үшін қанша жан бірлесе күш салып, ең соңында нәтижеге жетеді! Көзбен көрінбейтін еңбек…

Мен болашағымнан зор үміт күтемін. Үмітімнің шырағы сөнбес үшін ел кіндігі – Нұр-Сұлтандағы Еуразия ұлттық университетін таңдадым. Жас та болса, көп дүниеге бас бола білген білім ордасы – талайдың бағын жаққан құтты мекен. Бұл мекеннің ауасын еркін сіміріп, берер білімін бойыма балдай сіңіріп, білікті маман боламын деп ойлаймын. Бұл – өзімнің, отбасымның, Отанымның алдындағы парызым.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *