Менің мамандығымның маңызы
Еліміз Тәуелсіздік алып, осынау киелі ұғымды мәңгілік тұғырландыру жолында қоғамның барлық саласының қызметкерлері еңбек етуде. Бұл тұрғыда жас ұрпақ тәліміне жауапты ұстаздарға, яғни біздерге артылар жүк ауыр. Себебі, педагог-кадрлар жаңа заманның жас буынын жасап шығарушылар. Енді ұстаз деген ұлы атауды иеленгендерге, олардың сан қырлы болмысына елеп-екшеп барлау жасасақ дейміз. Қай елдің болмасын, мұғалім дәрежесін көтеріп жүрген жаны алдымен рухани құндылыққа бай болуы керек. Ол сол елдің ұлттық болмысы мен табиғатын бала бойына терең сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуге таптырмас құрал. Ұстаздың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкірттің де одан алар ілімі далаға кетпек емес.
ХХІ ғасырдың кез келген адам баласына, әсіресе, Тәуелсіз елдің ұстаздарына қояр талабы – әмбебаптылық. Дегенмен әрбір адамға қалам ұстатып, әріп үйретуші мұғалімнің әмбебап болуы әлдеқайда маңыздырақ. Мұғалімнің әмбебаптығы жан-жақты білімді, білікті, тартысқа түссе тарпаңдап шығып, додаға түссе бәйгені бермес, шәкіртке түрлі әдістемелік құралдар арқылы жағдай жасаса онда ол бір ғана мұғалімнің емес, бір мектептің, бір елдің абыройы болар еді.
«Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ» деп ұлы ағартушы А.Байтұрсынов айтқандай, егемен еліміздің ертеңін қалыптастыратын ұстаздар жақсы мектептің шамшырағындай болмақ. Ұлағатты ұстаздың айтқан сөзінде терең мағына жатыр. Сол үшін де қазіргі ұстаз – ертеңгі болашақ кепілі. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік туын бекем ұстап, өздерінің білімдері мен тәрбиесін келер алдыңғы буынға тапсыру міндеті тұр. Қазіргі заманның ұстазға қояр басты талабы – ақпараттандырылған, жан – жақты, дүниетанымы кең, тәрбиелі әрі саналы шәкірт тәрбиелеу.
Біз бүгінгі таңда ғылым мен техника дамыған, өнер-білімнің түрлі саласында тың жаңалықтар аса қарқынды үрдіспен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қоғамда заманына сай ұрпақ тәрбиелеп, жетілдіріп шығару үшін жан-жақты білім және тәрбие берумен айналысу өте жауапкершілікті іс екендігі баршамызға аян. «Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді», деген Ы.Алтынсариннің көрегендікпен айтқан пікірінің қазіргі уақытта да маңызды болып отырғаны шындық. Сол себепті мен таңдаған мамандықтан адаспағаныма қуанамын.
Маржангул Даулет
ШҚО, Ұлан ауданы, Бозанбай орта мектебінің мұғалімі