Тәуелсіздік тұғырындағы қазақ театр өнері
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Мәдени антропология мамандығының 1-ші курс магистранты
Хасиетова Жания Жарасқызы
Тәуелсіздік тұғырындағы қазақ театр өнері
«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты.
Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», деген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сөзін негізге алсақ, төл мәдениетімізді һәм ұлттық өнерімізді ұлықтауда әсіресе «қыздың мөлдір көз жасындай сұлу өнер» – театрдың алар орны айрықша. Өйткені театр – ұлттың айнасы, ұлттық рухтың жаршысы.
Театр тірегі –драматургия
Бүгінде Тәуелсіздік биігінен көз тігіп, 30 жылдағы жеткен жетістігіміз бен бағындырған белестерімізге баға беретін болсақ, әсте театр өнерінің дамуы мен аяқ алысынан, бүгінге жеткен жолы мен жай-күйінен айналып өте алмасақ керек. Өйткені
театр сахнасы арқылы көрерменіне жол тартар әр қойылым белгілі бір деңгейде қоғам келбетін ашып көрсетіп, замана тынысын сездіреді. Ендеше, ел егемендігін алған осы 30 жылда театр репертуары қалай түрленді? Сахна арқылы қоғам шындығын ашық айтып, төл өнеріміз ар-
қылы ұлтымызды өзімізге һәм өзгеге таныта алып жүрміз бе?
Осы мәселеге тоқталып көрсек.
Драматургия – театрдың тірегі. Сахнаға шығатын драмалық шығармалар қаншалықты сапалы болған сайын театрлардың көркемдік келбеті де соған сай қалыптасары дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан да болар қай заман, қай кезеңде де драматургия тапшылығына қатысты түйткіл тым жиі көтеріліп, әрдайым өзекті мәселелер қатарынан түскен емес. Өйткені театр – идеология, театр – мызғымас тәрбие ордасы.
Ұлтымыздың өткені мен бүгінін, халқымыздың сан қатпарлы тарихын, жалпы адамзат мәселесін жырлау – драматургия мен театрдың негізгі міндеті екені сөзсіз. Және де бұл міндет – бүгінде бүкіл қазақ драматургтері мен режиссерлері, актерлер мен көрермендер жабылып көтеретін ортақ жүк болып қала бермек.
«Кез келген халықтың мәдени-рухани саладағы басты байлықтарының бірі – театр өнері. Бұл бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы театрларға да тікелей қатысты. Яғни өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алатын қазақ ұлттық театр өнері содан бергі кезеңде қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өтіп, өркениетті елдердегі сахна саңлақтарымен терезесі тең тұратындай дәрежеге жетті. Театрларымыздың мұндай биікке көтерілуіне ұлттық драматургия өкілдерінің, яғни қазақ қаламгерлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұл ретте Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды ұлы тұлғалардың есімі бірінші кезекте ойға оралады. Қазақ театр өнері осы қаламгерлеріміздің көркемдік дәрежесі жоғары драматургиялық шығармаларының арқасында ғана шеберлік шыңына көтеріліп, көрермен қауымның ризашылығына бөленді…», – дейді драматург Сұлтанәлі Балғабаев.
Ал заманауи драматургия дегенде ойымызға не оралады? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда театрдың соңғы 30 жыл тарихындағы деңгейі қандай? Өнерде өсу бар ма? Әлде театр тұралап тұр ма? Тәуелсіздік жылдары қалыптастырған театрлардың жаңалығы неде?
Тәуелсіздік тудырған бейнелер
Әр театрдың шығармашылық келбетін, бағыт-бағдарын анықтайтын – ол сөзсіз репертуар. Репертуардың жанрлық жағынан, тақырып тұрғысынан түрлі болуы, қай уақыттың, қай елдің драматургінің шығармасы болсын бүгінгі күннің мәселелерімен үндесіп жатуы – көрерменді қызықтырады әрі ойландырады. Соның ішінде заманауи тақырыпты, бүгінгі замандастарды, өмірдегі әлеуметтік мәселелерді сахнаға шығару қазіргі ұлттық театрымыздың зәру болып отырған мәселелерінің бірі.
Рас, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең қазақ театрларына да, драматургтері мен режиссерлеріне, тіпті көрермендеріне жаңа міндеттер жүктегені сөзсіз. Өйткені еркін ойлы көрермен талғамындағы қойылымдардың бәсі де, болмысы да бөлек болуға тиіс. Ол – заман талабы. Осы орайда: «Жаңа заман тынысы өнерге деген көзқарасты түбегейлі болмаса да, едәуір өзгертті – театр өнері жаңа ахуалда өмір кешуге бейімделуіне тура келді. Мемлекеттің өнерге таза идеологиялық құрал тұрғысынан қарауы бәсеңсіген, яғни бұрынғыша толығымен өз қамқорлығына алудан бас тартқан бұл шақта өнердің өнерлік мұратын ұстану оңай шаруалардан еместігін өмірдің өзі көрсетіп отыр», деген әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова пікірі ойымызды толықтай қуаттайды.
Тәуелсіздік жылдарындағы театрлардың ең үлкен жетістігі – тарихи тақырыптар мен тұлғалар бейнесінің сахнада жаңаша түлеуі дер едік. Қазақ драматургиясында ұлттық тарихымыздағы ақтаңдақ болып келген тақырыптар көркем шындықпен кестеленген туындыларға айналып көпшілік назарына ұсыныла бастады. Атап айтсақ, дербес ел болып танылып, ұлт болып сақталуымызға асқан қайраткерлікпен, көреген көсемдікпен өмірін арнап, еңбек еткен хандарымыз бен батырларымыздың, билеріміз бен сұлтандарымыздың, ғұлама ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, Алаш арыстарының бейнесі сахнада обьективті бағаланып, жаңа қырынан көріне бастады. Тәуелсіздікке дейін тиым салынған тарихи тақырыптар театр төрінде жаңа тынысқа ие болды. Көрермен Керей мен Жәнібек, Абылай мен Кенесары, хан Әбілқайыр мен ханым Бопай, Исатай мен Махамбет бастаған батырлардың бейнесін, ұлтшыл жанын, өр рухын тарихи шындық бедерінде сараптауға мүмкіндік алды. Драматург Шахимарден жазған «Томирис» тарихи драмасындағы Томирис бейнесі де көпшілік көкейінен мызғымас орын алды. Ұлт кемеңгері – Абай бейнесін ашуға, тануға бағытталған келелі қадамдар ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жемісті нәтижесін берді деп айта аламыз. Әбіш Кекілбайұлының «Абылай ханынан» бастап, Дулат Исабековтің Мағжан Жұмабаев өміріне арналған «Жүз жылдық жалғыздық», Шахимарденнің «Қазақтар», «Томирис», Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Мұстафа Шоқай», «Әміре», Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», «Бопай ханым», Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан», Қанат Жүнісовтің «Сәкен сұңқар», Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» болып жалғасып кете беретін кесек драматургиясы – шын мәнінде қазақ театрларының Тәуелсіздік сыйлаған жетістігі деп ауыз толтырып айтуға толықтай негіз бар.
Мәселен, елордадағы бір ғана Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрының тәуелсіздік жылдарынан бергі репертуарына назар аударар болсақ, ұжым дені тарихи тұлғалар бейнесін жаңаша қырынан ашуға зер салғанына көз жеткізуге болады. Абылай хан, Кенесары, Әміре, Мұқағали, Дина, Құнанбай, Бопай ханым болып тізбектеліп кете беретін тұғырлы тұлғалардың театр сахнасындағы тағылымды қойылымы да ұлт тәуелсіздігінің ұлағатты тарихымен тікелей байланысты. Тарихи туындылардан бөлек, заманауи өзекті тақырыптарды қозғайтын Сая Қасымбектің «Лифт», Қолғанат Мұраттың «Қиянат», Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» сынды қойылымдары да замандастар бейнесін сахна төріне шығара алуымен құнды деп есептейміз.
Ғылыми жетекшісі:
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының
аға оқытушысы Айтенова А.А.
Практика жетекшісі: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия ғ.д. профессор Абишева А.К.