Қазақстандық жас патриоттар Академиясы
Отан-қасиетті бесігіміз, қымбатты қазынамыз, ата-бабаларымыздан қалған аяулы аманатымыз. Отан деген бір ғана сөз қаншама адамның жүрегінде жылу ұялатып, бойында мақтаныш сезімін тудырады десеңші. Отан, туған жер, туған ел дегенде туламайтын қан , жылымайтын жүрек жоқ шығар сірә. Кіндік қаны кесіліп, анасының иісі сіңген қасиетті отанын жырға қоспаған ақын, әнге қоспаған әнші жоқ. Отанын жырлаған ұлы ақындардың бірі, қазақ әдебиетінің асқар тауы Мұқағали Мақатаев та:
…Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен- деп, Отанымызды бақытына балаған еді. Ақынның өлең жолдарынан ұлтжандылық сезімін көре аламыз. Сол ұлтжанды ұландарымыздың патриоттық, отансүйгіштік қасиетін қазіргі өскелең ұрпаққа дарыту баршамыздың парызымыз. Дәл осы парызымызды орындап, жас қазақстандықтардың өз елінің тарихына,мемлекеттік тіліне, бай мәдениеті мен халқының дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Балдәурен» РОСО-да 2016 жылы 22-ақпанда Төлепбай Мұхитдин Бекболатұлы мен Битуова Тілдаш Рысқұлбекқызының бастамасымен «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» құрылды. Міне, бүгін орталығымызда «Қазақстандық жас патриоттар академиясының» бой көтергеніне 6 жыл толып отыр. Академия БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына, ҚР Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», ҚР Заңдарына сәйкес жұмыс істейді. Аз уақыт аралығында жас академия мардымды жетістіктерге жетті. 6 жыл ішінде академия құрамына 2750 бала конкурстық байқаудан өтіп қабылданды. Үш іріктеу кезеңінен тұратын конкурс қатысушы балалардың жетістіктері мен білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Академияға қабылданған академия мүшелері арнайы «Патриот» төсбелгісімен және сертификатымен марапатталады. Академия мүшелері орталықта ғана патриоттық іс-шараларға белсенді қатысып қоймай, ауысым аяқталған соң да өз өлкелерінде патриоттық бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, қатарластарын отансүйгіштікке баулыйды.
Патриотизм мемлекеттің өміршеңдігінің моральдық негізі болып табылатын қоғамда «Жас патриоттар академиясы» мен жас қазақстандықтар бірлесе жұмыс жасап, еліміздің тамыры терең, іргесі берік болуына өз үлестерін қосуда. Академия өз жұмысын жалғастырып, биік белестерден көрінуіне, патриот өрендер қатары толуына тілектеспіз! Туылған күндеріңіз құтты болсын!