Ыбырай Алтынсаринның қазақ ғылымына қосқан үлесі және оның шығармаларының тәрбиелік мәні
Жаңа ғылым дамуының айтулы практикалық нәтижесі 1782 жылы ойлап табылған Джеймс Уаттың бу машинасы еді. Ол өз кезегінде паровоздың, және көптеген бу машиналарының негізіне айналды.
1876 жыл. Александр Белл және оның көмекшісі Томас Ватсон алғаш телефон аппаратын сыннан сәтті өткізіп оның патенті “ең қымбат патент” саналды.
1878 жыл. Карл Бенц іштен жану двигателін жетілдіріп қазіргі автокөлік индустриясының негізін қалаушылардың бірі болды.
Ал осы кезеңдерде қазақ халқы мәдени мұраға бай болғанымен әлі де көшпелі, жазба әдебиеті дамымаған, сауат деңгейі өте төмен деңгейде қалған ел еді. Осы жағдайды терең түсінген қазақтан шыққан алғаш педагог Ыбырай Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясында” жарық көрген өлеңінде жоғарыда келтірілген ғылымы озық елдердің техникалық үдерісін қарапайым сөзбен түсіндіре мысалға келтіре отырып:
Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып – жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
– деп, ғылымның әлдеқашан алға жылжып кеткенінен хабардар ете келе қазақ ұл-қыздарын қатардан қалмай, бәсекелестік рухта тәрбиелейді. Ол ойларын келесі шумақтардан байқаймыз:
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Осы сөздермен сол замандағы ұрпаққа қазіргі тілмен айтқанда үлкен мотивация беріп, қатарынан қалыспай, жаңа ғылымдарды зерттеп көруге шақырды.
Ағартушылықты жанының азығы еткен Ұлы Ұстаз шәкірттерге ана тілінде еңбектер жазып,сонымен қатар сол кездегі Европадағы ғылыми жаңалықтарға қанық болулары үшін орыс тілін меңгерулерін жолға қояды. Орыс тілін қазақ балаларына үйретудің өзіндік методикасы «Қырғыздарды орыс тіліне үйретудегі алғашқы басшылық» атты дидактикалық оқу құралын шығарып оны жүйелейді. Зейінді оқушылардың тез-арада орыс тілінде сөйлеп үйренгендігін көріп өз ісінің жемістілігіне көзі жетеді. Ол ойларын 1864 жылы 16 наурызда жазылған келесі жазбаларынан байқаймыз:
«Қойды қуған аш қасқыр секілді, мен қызу түрде балаларға білім беруге кірістім. Және осы балалар үш айдың ішінде, тіпті орыс және татар тілдерінде оқып-жазуды үйреніп алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жақсылар курс аяқталғанша, 4 жылдан кейін бір нәрсе үйреніп, лайықты сөйлей алатын болады деп үміттенемін. Сондай-ақ, кейін олар жемқор болып шықпас үшін, бар ынта-жігеріммен тіпті олардың моральдық әрекеттеріне де әсер етуге тырысамын» деп жазған. Орыс тілін үйретіп қана қоймай сол тілдегі ақпараттарды қазақ тіліне аударуға көп күш жұмсап, қазақ әдебиетінің жаңа туындылармен толығуына, жазба әдебиет қатарының баюына айрықша үлес қосты. Олар Иван Андреевч Крыловтың мысалдары, мұғалімдер даярлаудағы Ушинскийдің педагогикалық ұстанымдары,Толстой шығармалары, өлеңдер, және тағы басқа көптеген еңбектер еді.
Қыз балалардың сауаттылығын арттыру жолында да тер төгіп олардың жүйелі білім алуын жолға қойды. Ырғыз қаласында қыздарға арналған кәсіптік мектеп ашылып онда қыз балаларды өнімді еңбек етуге, яғни, тігін ісі, тоқыма, кестелеу сияқты ұлт өнерін үйреніп, сол өнімдерін нарыққа шығаруды көрсете білді.
Ресей білім орындарында алған әсері мен тәжірибесін қазақ өлкесінде іске асыру үшін бастауыш мектептердің ашылуына рұқсаттар алып онда сабақ өтудің озық үлгілерін көрсетті. Ол тек қана жазу-сызуды ғана үйретіп қоймай, математика, физика, биология, география, этнография, тіпті, қазіргі күннің өзінде тек жоғары оқу орындарында ғана оқытылатын геология саласында да қазақ ұл-қыздарына негізгі білім берді. Басқа да өңірлерде ашылған мектептерге мұғалім дайындау ісіне де ат салысты. Ондағы оқыту мен тәрбие берудің педагогикалық талаптарға сай болуын қадағалап отырды.
Бар жан-дүниесін халықты ағартушылыққа арнаған Ыбырай Алтынсаринді сол бағытта өмірін өткізген ұлы ғалымдар, мысалы, “Ұлы Дидактиканың” авторы Ян Амос Коменскиймен және бала жанын аялауды, оларды табиғатпен біртұтастықта оқытуға тырысқан Песталоцциймен қатар қоюға тұрарлық қазақ өкілінен шыққан ұстаз десе артық айтқандық емес.
Жан-жақты білім алып, шығыстанушы В. Григорьевтің кітапханасынан әлемдік білімге сусындаған Ыбырай Алтынсарин сол білімдермен ұлтымен бөлісуді мақсат қойды. Сол жолда көптеген үлгі-өнеге әңгімелер мен өлеңдер жазып, өз сабақтарына материалды база ретінде қолданды. Солардың бірқатарына шолу жасап, олардағы адами құндылықтарды бойға сіңіруге тырысалық.
Ыбырай Алтынсарин дегенде қазіргі таңда бес жастағы баладан еңкейген қарияға дейін еске түсіретін өлеңдердің бірі ол, әрине, “Кел балалар, оқылық”. Бұл өлең жалпыұлттық, тіпті, адамзатқа қажетті құндылық деуге болады. Өйткені, ол адамды қараңғылықтан жарыққа сүйрелейді:
Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
“Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық.”- деп психологиядағы зейін қою мәселесін ескеріп, бос оқып шыққанның пайдасыздығын көрсетеді. Тұрақты зейін салып, ынтамен оқу қажеттігін ескертеді.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Оқыған, көзі ашық адамның қараңғыны қаумалап жүрмей қандай мәселеде болсын шаммен қарағандай анық көре алатындығын,критикалық ойлау қабілетінің дамитындығын айтады. Рухани-материалдық байлыққа кенелетіндігінің көрінісі ретінде “Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар” дейді. Білімді адам кемінде өзінің күн-көрісін жүйеге қоя алады. Білім үйретсе де материалдық тұрғыдан қиналып, қол созбайтындығын талқылайды. Бұл турасында келесі жолдардан анық байқауға болады:
Әлпештеген ата–ана
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата–енең қартайса –
Тіреу болар бұл оқу,
Қартайғанда мал тайса
Сүйеу болар бұл оқу.
Ыбырай Алтынсарин білім тақырыбынан бөлек адами құндылықтарға да назар аудартып өсиет өлеңдеріне арқау еткен. Өлеңдерінде, мысалы, И.А. Крыловтың “Қарға мен түлкі” мысалын аударып, аңқаулықтан сақтану қажеттігін, мақтансүйгіштіктің зардаптарын көрсетеді:
Мақтау сөзге семіріп, судай тасып,
Пәрменінше « қарқ » етті аузын ашып;
Қарқ еткенде, ірімшік жерге түсіп,
Оны кетті түлкі – екең алды қашып.
Адамзат баласының бір-бірінен нәсілі, байлығымен артықшылығы жоқтығын, оның ішінде қазақ баласының бір-бірін кемсітпей, керісінше қолдау көрсету керектігін ұлағатты сөздерімен жеткізеді:
Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын,
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір – біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз.
Келесі жолдарда адам басына келіп түскен қиындық кедейлікте де өзгенің дүние-мүлкіне арам жолмен ие болмау қажеттігі, оның жақсылық әкелмейтіндігі, адал еңбекпен қаражат табу жайында сөз етеді.
Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бер кессе басың шындықпенен.
Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,
Телмірме бір адамға мұңдықпенен.
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазнасы кең патшаңды ізде.
Осы тақырыпты өзінің “Әке мен бала” шығармасында кеңінен талқыға салып, ондағы еңбек тәрбиесі мен адал тапқан ақшаның жемісі тәтті болатындығы, еңбек етуге ерінбеу, бір істі кейінге қалдырмау өнеге етіледі:
“Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:
—Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.
Бала әкесіне:
— Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді.
Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.
Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем – бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым – ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты:
— Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың, — деді.”
Адам қай ортада болса сол ортаның жақсылы-жаманды мінез-құлқы сіңері сөзсіз. Қазақта “сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген мәтел бар. Ы. Алтынсарин бұл түсінікті де ескеріп, баршаға танымал “Жаман жолдас’ әңгімесінде сенімді адаммен дос болуға, жаман қылықты ортадан аулақ болуға кеңес береді. “Әй, Жігіттер” өлеңінде ортаның әсері туралы айта келе, жаман ортадан аулақ болуға шақырып:
Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз,
Азған елдің ішінен.
Алыс – алыс қашыңыздар,
Зияндасты кісіден.
-дей келе, өз білім-тәрбиесімен жоғары деңгейге жеткен адамды артқа тартпауға, оған зиянын өткізбеуге бұйырады. Керісінше оған еліктеп жақсылығын үйренуге үндейді:
Жақсыны көзбен салмаңыздар,
Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.
Өзі болған ерлердің,
Аяғынан алмаңыздар.
Айта берсе қадірі таусылмас ана деген аяулы жанды құрметтеу, оның қадірін балалық шақтан сіңіру мақсатында “Ол кім?” өлеңінде ана басынан өтетін барша қиындықтарды суреттеп, бала үшін барын салатынын көрсетті. Қазіргі күнде ана туралы термелерде міндетті түрде айтылатын бұл жолдар ана болуға дайындалып жүрген қыздарға да, ана қадіріне жете алмай жүрген ұл-қыздардың да жүрегін тебірентпей қоймайды:
Бала, бала, бала! деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолда талпытқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргетіп,
Қорғасын оқтай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Айдынды көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Ыбырай Алтынсарин қоғам қайраткері ретінде де халықтың саяси өміріне ат салысты. Сайлау кезінде жемқорлыққа жол бермеугетырысып сол кездегі болыстыққа үміткерлердің ашуына қалып жалалы да болды. Патшалық отарлау саясатына да қарсылығын білдіріп мақалалар жазды. Демократиялық ұстанымда болған Ы. Алтынсарин саяси тақырыпта әділетсіз би-басшылардың, Ресейлік патшаның озбырлығына байланысты өлеңдер жазды:
Азған елдің хандары,
Тақ үстінде отырғандары.
Жарлыдан алып байларға,
Сыйлар берсе керек – ті.
Азған елдің биінің,
Барар болсаң алдына.
Алым берсең тамағына,
Қарар ма ол сенің әліңе?
Қорадағы малыңа,
Төре берсе керек – ті.
-деп, қазақ жерін, малын тартып алып орыс мұжықтарына үлестірген патшалық үкіметті, жемқорлыққа батқан, малы бардың сөзін сөйлеген туғанды билердің жиіркенішті әрекеттерін сынайды.
Адамның жақсы қасиеттерінің бірі жомарттық жайында да терең бойлап, шығыс халықтарының әңгімесіне арқау болған Хатымтай Жомартты балаларға адал еңбектің, адамға жанашырлықтың үлгісі ретінде көрсете алды. Ол әңгімеде бай бола тұрса да өз еңбегімен отын теріп нанын жеген кісінің өнегесі туралы айтылады.
Айналасынан барын аямаған Хатымтай Жомарттың игі ісін түсіну үшін сараң байлармен салыстыра қарау керек. Сараңдық жөнінде Ыбырай Алтынсарин дәулетіне мастанған адамның мұқтаж жандарға назар салмайтындығын, керісінше кемсітіп, елге күлкі қылатынын келесі шумақтарда жақсы жеткізеді:
Азған елдің байлары,
Ұлық тұтар басын – ай.
Қайда дәулетті адам болса,
Берер соған асын – ай.
Көзін сүзіп бір кәріп,
Төгіп келсе жасын – ай,
Бермек түгел, бейшараны
Масқара қылса керек – ті.
Қай заманға болсын лайықты жазылған бұл өлеңдер әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлт жанашыры өмір шындығын ашып айқын суреттеді. Қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан бұл кереғар түсініктер мен сипаттар қазақ ұлтының білім-ғылым, мәдени даму жолында аяққа тұсау болып отыр.
Ыбырай Алтынсарин жан-жақты прогрессив педагог болғандықтан да адамның эстетикалық тәрбиесін назардан тыс қалдырмады. Оған табиғат сулулығы, жыл мезгілдері жайында жазылған өлеңдері мысал бола алады. “Жаз”, “Өзен” өлеңдерінде табиғатты терең мағыналы сипаттаулармен, адамды әсемдікке шабыттандыра, қарапайым нәрседен сұлулық көруге жетелейді:
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертінді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар
Өзеннен рақат тауып басылады.
Қынарда тілсіз тұрған тоғайлар да
Шуылдап желмен бірге бас ұрады…
Он мың мал айдап өтсең лай қалмайды,
Тасыса су бармаған сай қалмайды.
Тасыған өзен судың қуатымен
Көк шығып шөп бітпеген жай қалмайды.
Адамды әсем киінуге қызықтыруда, өзін әсем ұстауына эстетикалық тәрбиенің маңызы зор. Адам күнделікті көріп жүрген құбылыстарға мән бермеуі мүмкін. Осыны ескерген ағартушы табиғат сұлулығына тамсандыру
арқылы ішкі әлемнің де көркін байытуды көздеді. “Жаз” өлеңінде:
…Сәуірде алуан-алуан жауар нөсер,
Нөсердің қуатымен жер шөбі өсер.
Көкорай дүние жүзі шалғын болып…
Жан, айуан, адамизат бауырын төсер.
-деп, жер бетінің құлпырып, құбылатын жаз мезгілін керемет шумақтармен әрлейді.
Қорытындылай келе, бар өмірін қазақ ұлтының сауатын ашу, көңілін білімге ояту, қоғам өмірінде белсенді болуға шақырумен өткізген Ыбырай Алтынсаринді қазақ ұлты ұмытпақ емес. Ол үшін жазба әдебиетімізді байытқан ұлт ұстазының еңбектерін келер ұрпаққа дәріптеумен кеңінен айналысу керек. Әсіресе бастауыш мектептерде өлең-әңгімелерін талдап, әр баланың бойында жақсы қасиеттер қалыптастыруға жұмыс жасау қажет. Және де мектеп, жоғары мектеп педагогтарын қазақ дидактикасына терең еңбегі сіңген Ыбырай Алтынсарин өмірі мен өнегесінен үлгі алып, өзін толықтай білім беру ісіне арнауға ынталандыру керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ыбырай Алтынсарин. Шығармалар жинағы. – Алматы:1955. – 413 б.
- https://bilim-all.kz/olen/304-azgan-eldin-handary
- https://www.zharar.com/kz/olen/1421-altynsarin.html
- https://www.zharar.com