Білім берудегі ХХІ ғасыр дағдылары

 

Серикова Жансая, Молдаханқызы Ақмарал

 

Білім берудегі ХХІ ғасыр дағдылары

 

Қазіргі таңдағы жаңа технологиялар, жаһандану, демографиялық жағдайлар қоғамға жаңа өзгерістер әкелді. Алдыңғы ұрпақтарға жеткілікті болған білім – қазіргі уақытта табысты болу үшін жеткіліксіз. Сыни ойлауды, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды, әр түрлі мәселелерді шеше білуді, әлеуметтік дағдыларды жұмыс берушілер мен білім беру саласының зерттеушілері ХХІ ғасыр үшін ең маңызды қабілеттер деп таныды. Қазіргі білім беру жүйесі адамдардың мақсаттарын өзгертті және білім беру бағдарламаларына дағдылардың барынша кең тізбесін енгізді. Мектеп балалардың танымдық және әлеуметтік-эмоционалды дамуының бір-бірінен бөлінбейтінін ескере келе, олар үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. UNESCO қабылдаған негізгі халықаралық құжат «тұрақты даму мақсаттарын», сонымен қатар, танымдық, әлеуметтік-эмоционалды және мінез-құлық нәтижелерін анықтады. Бұл ақпараттар Қазақстандағы білім беру жүйесінде өте маңызды болып табылады.

Білім беру сапасы саласындағы халықаралық зерттеушілердің назарындағы мәселе – уақыт сұранысына сәйкес білім беру мазмұнын, оқыту әдістері мен нысандарын, білім беру нәтижелерін бағалауды жүйелі түрде жаңарту. Әр түрлі елдердің әзірлеушілерінде бұл модельге деген көзқарастардың сәйкеспейтіндігіне қарамастан, бүгінде ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесін жаңартудың басым бағыттары айқындалған және олар мектептегі оқытудың бүкіл кезеңін қамтиды. Осындағы білім сапалы түрде уақытында игерілмесе, кейінгі берілер жаңа білімге кері әсерін тигізеді. Оқушылар терең білім алуы үшін сабаққа белсенді қатысуы керек. Алған білімдерін одан әрі үздіксіз дамытып отыруы болашағының жарқын болуына кепіл болады. Сонымен қатар, осы мақалада талқыланатын дағдылар ерте балалық шақта қалыптасады және оқушы олардың дамуына қолайлы ортаға неғұрлым ертерек түссе, соғұрлым жақсы болады.

Барлық елдердің арасында адамдардың бойында бәсекеге қабілеттілігін ұзақ уақытқа әрі тиімді қалыптастыратын стратегия – білім беру болып есептеледі. Ол ХХІ ғасырда негізгі дағдыларды дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған. Белгілі бір бағыттағы осы дағдылардың әр түрлі конфигурациясына, ғылым, технология және тағы басқа салаларда орын алған өзгерістерге қарамастан, адамзат табысты болу үшін негізгі құзіреттер жиынтығы тұрақты болып қалыптасқан. Осыған орай, кез-келген білім дағдысына аса көңіл бөлу – қазіргі күнгі міндеттер қатарын толықтыратыны анық.

Қазіргі жаһанданған және цифрлық әлемде қандай экономикалық апаттар мен қайта құрулар байқалады және олар ертеңгі білімді қалай өзгертеді? Қазіргі оқушылар заманауи жағдайда жұмыс істеуге және табысты болуға дайын ба? Күрделі және қиын заманда олардан қандай жеке қасиеттер талап етіледі? ХХІ ғасырдағы адамның қандай дағдыларын мектеп қабырғасынан қалыптастыру керек? Осы сұрақтарға кеңінен тоқталсақ.

Цифрлық дәуірде жас ұрпақты күрделі, өзгермелі әлемде өмір сүруге дайындау және оған көмектесетін құзыреттерді қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Ал осы кұндылықтарды бала бойында қалыптастырып, дамуына ықпал ететін, мектептерде дұрыс тәрбие, сапалы білім беретін тұлға – мұғалім. Мектеп оқушыларын XXI ғасырда өмір сүріп, азамат болуға, еңбек етуге дайындау оңай міндет емес. Қазіргі заманда жаңа технологиялардың, көші-қон, нарықтық өзгерістердің, саяси қауіп-қатерлер мен экологиялық проблемалардың орын алуы оқушыларға қажет болатын білік, білім, дағдыларды дамытуды талап етеді. Мұғалім қалай оқыту керек?

  1. Оқытудың өзектілігін арттыру. Оқу бағдарламалары пайдалы іске асырылуы үшін оқушылардың өмірімен тығыз байланысты болғаны жөн. Мұғалім трансмиссиялық оқыту, жаттанды деректерді пайдаланатын болса, оқушылар ақпаратты тек бақылау жұмыстарын тапсыру үшін есте сақтап, кейін оны тез ұмытады, қажет болса ғаламтордан іздеп тауып алады. Бұндай жұмыс оқушылардың бойында XXI ғасыр дағдысын дамытуға кедергі келтіреді. Бағдарламаны өзекті ету үшін мұғалімдер басқа да тақырыптарға негіз болатын, пәндік зерттеулерде маңызды орын алатын және білім алушылардан қолдау табатын негізгі тақырыптардан бастау керек. «Бұл тақырып оқушыларымның қызығушылығымен байланысты ма? Бұл тақырыптың маған тигізген әсері бар ма? Әсер еткен болса, неліктен? Бұл тақырып оқушыларға қызықты болу үшін нені жақсартсам болады?» деген сұрақтарды БуаМансилья мен Джексон тақырыпты таңдау кезінде оқушыларға қоюға кеңес береді.
  2. Пән арқылы оқыту. Ғылым саласындағы сарапшылар білім алу процесі нақты және гуманитарлық ғылымдар, ана тілі, шет тілдер, математика, музыка, өнер секілді пәндер арқылы жүргізілуі тиіс деп есептейді. Говард Гарднердің пікірі бойынша, оқушыларға адам өміріндегі қазіргі және алда болатын қиындықтар, проблемалар және мүмкіндіктер туралы білім қажет. Сонымен қатар, оқушылар белгілі бір тақырып бойынша базалық біліммен танысу арқылы анықталған міндеттер, тапсырмалар мен проблемаларды тұжырымдап үйренуі керек. Ол үшін оқушылар деректерді жинақтау мен таңдау арқылы ақпаратты іріктеп, қорытындылай алғаны абзал.
  3. Төмен деңгейлі және жоғары деңгейлі дағдыларды бір мезгілде қалыптастыру. Жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын жүзеге асыру үшін білім ауқымын азайтып, оның тереңдігіне мән беру керек. Мәселен, Сингапурдағы «Teach Less, Learn Morе» («Аз оқытып, көп білу») білім беру реформасының арқасында ондағы мұғалімдер оқу материалын аз қамтиды, алайда оны тереңірек қарастырудың арқасында бұл елдің оқушылары төмен және жоғары деңгейлі ұғымдарды бір мезгілде меңгеретін қабілетке ие.
  4. Білімді тәжірибемен байланыстыруға ықпал жасау. Яғни, оқушылар бір пәннен алған білімдері мен дағдыларын басқа пәндерде де, өмірдің басқа салаларында да қолдана алуы қажет.
  5. Балаларды оқуға дағдылау. Мектепте алатын білімі шексіз болғандықтан, оқушыларға өз бетінше оқуды үйрету қажеттілігі туындайды. Ол үшін оқушылардың оқу процесінің мағынасын түсінгені абзал.
  6. Қате түсініктерге тікелей назар аудару. Мектеп жасындағы балаларға дәлелдеп, көздерін жеткізбейінше, олар шынайы әлемді дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сондықтан, қате түсінікті жеңу үшін жаңа білімді белсенді қалыптастыру қажет. Бұл дегеніміз – тақырыпты егжей-тегжейлі түсіндіру, оқушыларға тақырыпты мұқият тексеруге уақыт беру, оларды қате түсінік туралы әңгімеге тарту, т.б.
  7. Ынтымақтастық қатынас бірлескен оқуды ұйымдастыруға көмектеседі. ХХІ ғасырдың маңызды дағдысы – ынтымақтасу қабілеті. Оқушылар сабақ барысында жұптық немесе топтық жұмыс жасаса, олардың коммуникативтік және метатанымдық дағдылары дамиды. Бұл – түсінбеген жерлерін дұрыс түсіндірудің, білімді жеңіл және терең меңгертудің тамаша тәсілі болып есептеледі.
  8. Технологияларды пайдалану. Технологиялардың көмегімен сыни ойлау, коммуникативтік дағдыларын дамыту, алған білімді өмірде пайдалану, өзіндік ой-пікірді талдай білу, қателіктерді түзету, құрбы-құрдастарымен бірлесіп жұмыс істеу сияқты жағдайларды ұйымдастыруға болады. Ал мұғалімдер технологияларды өз тәжірибелерін жетілдіру, олармен бөлісу, ақпарат табу мақсаттарында пайдаланады.
  9. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Креативтілік барлық салаларда жоғары бағаланады, себебі бұл қасиеттің көмегімен көптеген жұмыстарды орындауға, мәселелерді шешуге, әлеуметтік және адамның өзіндік дамуына ықпал ететін инновацияларды басқаруға болады. Шығармашылық туа біткен қасиет болмағандықтан, мұғалім оқушылардың бойында бұл қасиеттерді дамыта алады, сонымен қатар оны бала бойынан анықтап, қолдау көрсете алады.

Бәсекеге қабілетті болу – оқушының бойынан табылуы тиіс қасиет. Бұл қасиетті оның бойына құятын тұлға – мұғалім екенін білдік. Олай болса, бұл жолда ең бірінші іске асырылатын ұстаз ісі – оқушының бойына дағды қалыптастыру. Дағды – қайталау тәсілімен іске асырылады, яғни оқушының іс-әрекетті жасауда еш қиналмауы, оған машықтануы. Оқушы бойында дағдының қалыптасуы, оның кез-келген іске қабілетін арттырады. Сонымен қатар, алдына қойған биік мақсаттарды еш қиналмастан бағындыра білу, оқуға мейлінше ынталы болып, қызығушылық таныту, өз бетінше жұмыс жасай білу, мектеп бағдарламасынан тыс, белгілі бір тақырыптарды одан әрі терең ашып, үйренуге ұмтылу сияқты машықтар – ХХІ ғасыр оқушының айқын бейнесін көрсететіндей.

ХХ ғасыр оқушысы – оқушы. Ал қазіргі заман оқушысы – кішігірім мұғалім. Алдындары тек мұғалім ие болған, атап айтсақ, өзіндік пікірі бар, сыни ойлайтын, әрқашан жоспармен жүру, кез-келген істе білімімен бөлісетін мұғалім ғана болса, қазір осы атаудың жанында оқушы ұғымы да қатар жүре алады. Бұрынғы оқушы – тек тыңдаушы, орындаушы, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұлға ретінде өзіндік көзқарасы бар, сыни ойлай білетін, өз білімін жетілдіруге мүдделі, өзінің алдына нақты мақсаттар қоя білетін, өз білімін кез-келген ортада іске асыра отырып, пікірін еркін жеткізе алатын болуы керек.

Ресейлік ғалым-педагог А.М.Кондаков оқушының негізгі құзіреттіліктерін ғана емес, сонымен бірге шындықтың өзгеру қарқынының өсуіне байланысты өзекті болатын жеке қасиеттерін де бірінші орынға қояды. Ғалымның пікірінше, 2030 жылғы мектеп түлектері инновациялық мінез-құлыққа, сондай-ақ XXI ғасырда еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі құзыреттердің жиынтығына ие болу қажеттігін айтады. Олар нені білуі қажет:

  • өмір бойы білім алуды;
  • ауызша және ауызша емес қарым-қатынастың әртүрлі түрлерін, математикалық сауаттылықты;
  • шығармашылық, сыни ойлауды;
  • басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауды;
  • саналы түрде тәуекелге баруды;
  • тез өзгеретін жағдайларға бейімделе білуді;
  • басқа адамдарға, мәдениеттерге, пікірлерге толерантты және құрметпен қарауды;
  • өздерінің бойындағы күшті және әлсіз жақтарды дұрыс бағалауды;
  • күрделі мәселелерді шешуді, көшбасшылыққа ынталандыруды атап айтуға болады.

ХХІ ғасыр бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман деп тұңғыш елбасы айтпақшы, қазір білім, мәдениет, өнер сынды дүниелердің «бәсекеге» түскен кезеңі. Адамдар білек күшінен бұрын, білім күшін игере алуы тиіс. Білімді адамның жолы ашық, білімсіздің күні қараң, бұл – қазіргі заман талабы.

Бүгінде білімді боламын деген адамға ешқандай да кедергі жоқ. Ізденіп, талаптанған жанға ақылдының заманы болған соң бәрі де айқын. Ғаламтордан бөлек, ауыл, аудан, қала кітапханаларын студент болсын, оқушы болсын еркін пайдалана алатыны бәрімізге аян. Сондықтан да, Абай атамыз арсыз санаған ұйқы, һәм жалқаулықты сап тыю – біздегі басты міндет.

Профессор Патрик Гриффин, Атс21ѕ зерттеу жобасының негізін қалаушы және Мельбурн университетінің бағалау орталығының директоры, адамның жұмыс орны әртүрлі тарихи дәуірлерде қалай өзгергенін бейнелеп ұсынды: ферма – зауыт – кеңсе – виртуалды жұмыс орны. Ғалымның пікірі бойынша, білім беру жүйесін дәл осылай өзгерту керек, әйтпесе ол ешқашан адамдарды өмірге дайындай алмайды. Бұл пікірмен келісе отырып, жаңа атаумен қоса бағытты да өзгерту батыл қадам болып есептелмек.

Цифрлық дәуір экономиканың барлық жақтарын жедел қарқынмен өзгертеді: адамдар мен бүкіл елдер арасындағы материалдық, зияткерлік және технологиялық алшақтық артып келеді. Осыған байланысты адамның белсенділігі, оның жағдайларға қатысты өзгеретін күші, өзгерістерге бейімделу, үйрену және қайта даярлау қабілеті ерекше мәнге ие болады. Мысалға, оқушының қазақ тілін оқу арқылы тілдік дағдыларды сауатты қолдануын меңгеруін алайық. Оқушы осындағы қарым-қатынас құралы ретінде қолданып жүрген тілдің құрылымы мен бірліктерін теориялық тұрғыда оқып қарастырады. Функционалдық-коммуникативтік бағдарда тілдің танымдық, ақпаратты сақтау құралы ретіндегі қасиетін таниды. Ал әдебиет пәні арқылы шығармашылық тұрғыда ойлауды, креативті ойларын еркін жеткізуді, бағалау дағдыларын қалыптастыруды, салыстыру және талдау жасауды үйренеді. Әр нәрсеге ерекше мән беріп, оны түсіне алу – дағдының шарықтау шегіне апарар жол.

Адам өзінің өмір сүріп жатқан қиын ортасының сын-қатерлеріне жауап бере отырып, дамуын талап етеді: ақпаратты өз бетінше өндіру және сыни тұрғыдан бағалау, командада жұмыс істеу дағдыларын игеру, нәтижеге жұмыс істей білу және табысқа жете білу, көшбасшылық қасиеттерге, ерік-жігерге, жауапкершілікке ие болу. Яғни, қазіргі заманда жұмыс берушілерді қызметтің кез-келген түрінде табыстың кепілі деп танылған Soft skills («икемді» дағдылар) көбірек қызықтыра бастады. Қазіргі жастар жоғарғы оқу орнын бітірмей-ақ, өзінің көшбасшылық қабілеті арқылы табысқа жетуде. Мысал ретінде блогерлерді алып қарасақ болады. Бұл жерде білімнен гөрі өзіндік даму мен ерік-жігерлері табысқа жетелеп тұр. Яғни, адамдармен сенімді түрде сөйлесіп, өздеріне қаратып қызықтыра білу де – белгілі бір шыңға жетелейтін дүние.

Қорытындылай келе, ХХІ ғасыр дағдысын меңгерген оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру – бүгінгі педагогтардың басты мақсаты. Оқушылардың ауызша, жазбаша мәтіндерді сын тұрғысынан қолдана білуі, мазмұнды мәтін құрай алуы тәрізді іс-әрекетінен пән мазмұнын қаншалықты игергенін байқауға болады. Бәсекеге қабілетті, шығармашылық тұрғыда өз ойын еркін жеткізе алатын, тұлғаға бағдарланған құндылықтарды бойына сіңірген, кәсіби тұрғыда құзіреттілігін мектеп жасынан ала білген функционалды сауатты жеке тұлға – қоғам дамуының қозғаушы күші болып қала бермек.

 

 

 

 

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *