Тәуелсіздік әлі күнге дейін көптеген мемлекет үшін қолы жетпес арман.

Кезінде бізде осы бір арман үшін барымызды таразыға салдық. Тәуелсіздік жолында қазақ басынан көптеген қайғы-қасірет өтті. Соның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихта қалды. Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқаста 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды.

Ресейдің отары болған қазақтардың жағдайы;

Ресей империясының қазақ жеріне шаруаларды жаппай қоныстандыруы қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт — дәстүрін, шаруашылық жүйесін үлкен өзгеріске ұшыратты. Патша үкіметінің орталық саясатының барлық кезеңдерінде қазақ жері талан — таражға түсті. Жергілікті тұрғындар жайлы мекендерін тастап, амалсыз ішкері қарай қоныс аударуға мәжбүр болды. Ал олардың шұрайлы жайылымдары мен құнарлы егістік алқаптары қоныс аударған орыстар мен казактарға бөлініп берілген. Отарлау саясатының салдарынан қазақ халқы материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да зардап шекті. Отарлаушылар қазақты оқытуға құмар болған жоқ. Мақсаты жергілікті халықтың сауатын ашу емес орыс тілін насихаттау, Ресей империясын, тарихын құрметтеп үлгі тұту, салт — дәстүрімен әдет — ғұрыптарын насихаттау болды. Оқу — ағарту жүйесінің барлығы бізді тәуелді етуге және дінімізді, тілімізді өзгертуге бағытталды.

Ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістер;

Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейінгі отарлық жағдай қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресіне қозғау салды. ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ірі-ірі ұлт-азаттық қозғалыстар болды. Қазақ халқының тәуелсіздік пен дербес даму жолында Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістер маңызды орын алды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов жетекшілік еткен ұлт зиялылары жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа басқаша сипат беру үшін газет шығарды, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып таратты, мемлекеттік дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, түркішілдік қозғалыстарға атсалысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игерді. Осындай қозғалыстардың барлығы отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталды.

Қазақ басынан өткен ең сорақы азап адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы ашаршылық болды. Кеңестiк билiк тұсында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны орын алды. Әрине, ең қасіретті нәубет өткен ғасырдың 30-шы жылдары болды. Тарихта «Ұлы жұт» деген атпен белгілі ашаршылық жылдары қазақ халқы жер бетінен жойылып кету қауіпі өте зор болды. Сонымен қатар 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықта болды. Қолдан жасалған ашаршылықтан елімізде қазақтардың үштен бірі ғана аман қалды. Мал-мүлкінен айырылған бір жарым миллионнан астам қазақ ашаршылыққа ұшырап республикадан тысқары жерлерге босып кетті. Олар Қытай, Монғолия, Орталық Азияға, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге амалсыздан көшуге мәжбүр болды.

Саяси қуғын-сүргін;

Қазақ халқы, әсіресе оның зиялы қауымы мен партия басшылығы қызметіндегі белсенді азаматтар 1926–1930 жылдардағы қудалауға ұшырады. 1937–1938 жылдары 135 мың қазақ интеллигенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып халық жауы ретінде атылды.  Олардың құрамында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Жұмат Шанин, Халел Досмұхамедов, Елжас Бекенов, Біләл Сүлеевтер сияқты қазақтың сол замандағы ғұламалары атылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрбан болған қазақтар;

Жалғыз қазақ үшін ғана емес, жалпы әлем үшін ауыр кезең болды. Қазақ жерінен соғысқа тек азаматтар ғана емес азаматшалар да аттанды. Әлия мен Мәншүк қазаққа берілген екі ержүрек батыр қыздар. Одан бөлек Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев секілді батырлар қанды майданға аттанды. Рақымжан Қошқарбаев тіпті рейхстагқа ту тіккен.

Тәуелсіздік үшін ең маңызды Желтоқсан оқиғасы болып табылатыны барлығына мәлім. Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылығы – азаттыққа ұмтылған қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиға. Әлі күнге дейін бұл оқиғаның құпиялары толығымен ашылған жоқ. Желтоқсан оқиғасы кезінде оған қатысқандарды саяси тұрғыдан ашық қуғынға түсірді. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. Дүрбелеңге қатысқан жастар соққының астында қалып, изоляторларда отырды, жұмыстан, партиядан, комсомолдан қуылды.

1992 жылы көк байрағымыз көтеріліп, елтаңбамыз бекітілді. 1993 жылы 15 қараша күні теңге айналымға енді. Тәуелді күндеріміз артта қалды. Қазақ үшін тәуелсіз ел деп аталатын жаңа парақ ашылды. Алда сан түрлі жоспарлар құрылды. Бүгінгі Астананың іргесі қаланды. Астана өзінің ерекше сәулет өнерімен өзгелерге таңқаларық сезім сыйлады. Ал 2017 жылы Қазақ жерінде тұңғыш рет EXPO болашақ көрмесі өткізілді. Осы EXPO көрмесінің арқасында Қазақстанды төрткүл дүние таныды. Спорт пен мәдениет саласы бүгін қазақстанда гүрілдеп тұрған салалардың бірі. Бокс бүгінгі қазақтың нөмір бірінші спорт түрі болып табылатыны барлығына белгілі. Қазақ бокс мектебі Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Геннадий Головкин, Қайрат Ералиев, Ермахан Ибраимов, Бақыт Сәрсекбаев, Жиров, Данияр Елеусінов, Дычко, Серік Сәпиев, Қанат Ислам, Сәкен Бибосынов секілді шын шеберлерді шығарды. Қазақ маңдайына жазылмаған мәнерлеп сырғанауды Денис Тен биік деңгейге көтере отырып, қазақстанды мәнерлеп сырғанау картасына қойып кетті. Мәдениет жағынан Қазақ жерінен жаңа өнерпаздар көптеп шығуда. Бүгінгі күні Қазақстанды әлемге танытып жүрген дара тұлғаның бірі Димаш Құдайберген. Димаш қазақтың ән стилін, ұлттық аспаптарын әлемге паш етіп келеді. Өзінің шетелдік тыңдармандарымен Дайдидау, Дүрдараз, Қарағым-ай, Самалтау, Елім менің деген  қазақтың әндерін шырқайды. Пекин, Шанхай, Чанша, Мәскеу, Санкт-Петербург, Лондон, Нью-Йорк, Рига, Киев қалаларында жеке концерт беріп, домбыраның қоңыр үнін күбірлетеді.

Менің ойымша Қазақстанның жарқын, жеңісті күндері әлі алда. Себебі біздің елден жылдап емес, күн сайын жаңа дарынды жастар шығып келе жатыр. Өскелең ұрпақ кешегі тарих пен бүгінгі күнді жалғайтынына кәміл сенемін. Олар біздің көк байрағымызды тек биіктен көрсететініне барша қауым сенеді деп ойлаймын. Керегесі кең, қашанда болса терезесі тең еліміз үшін менде атсалысамын. Қазақтың тілі, тарихы, салт-дәстүрі ұмытылмайды!

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *