“Даланың дара ұстазы Ыбырай”
Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) – қазақтың аса көрнекті жазушысы, ағартушы-педагог, қоғам қайраткері.
Ыбырай Алтынсарин өз заманындағы қараңғы халықтың көзін ашқан ұлағатты ұстаз. Қазақ балаларының сауатын ашқан, білімге деген құштарлығын оятқан Ыбырай Алтынсарин. Жалпы ұстаз деген ең алдымен жеке тұлғаны тәрбиелеуші ғана емес, бүкіл ұлттың тәрбиелеушісі болып келеді. Ұстаздың бастауы Ыбырайдан екені барлығына мәлім. Ыбырай бала кезінен бастап оқуға, бір нәрсені білуге әрқашанда құштар болған. Ол көп оқыды, Ресейдің білімді, зиялы адамдарымен жиі араласып тұрған. Оның барлығына дәлел оның жақын досы В.В.Григорьевпен жақын танысуы. Григорьев шығыстанушы ғалым болған. Григорьев өзінің бай кітапханасын Ыбырай Алтынсаринға еркін пайдалануға рұқсат берді. Білімге сусап өскен жас Ыбырай уақытының басым бөлігін сол кітапханада өткізді. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі рұқсат алып, сонда жол тартады. Алайда мектеп бірден ашыла қоймайды. Сол кезде Ыбырай ел ішінде мектептің қандай құнды екенін, қандай рөлге лайық екенін түсінеді. Содан соң біраз баланы баланы үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ашылады. Сабаққа 14 бала келсе де, Ыбырай өте қуанышты күйде болады. “Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім”,-деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильимскийге жазған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол замандағы орыс мектептері үлгісінде құрады. Бір ерекшелігі сабағының барлығы тек қазақ тілінде өтеді. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Ондағы басты мақсаты орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушыларының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқулықтар шығаруды ойластырады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. Ал 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылады. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл аударaды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы- оның ағартушылығының аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алады. Ыбырай туған халқын ерекше сүйеді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Тіпті 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында Ыбырай; “Қазақтарға- осы дарынды, ақылды, ақыл-ісі мол халыққа- кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру- қалай дегенмен де аса қажет болып отыр”,-деп жазады. 1876 жылдан бастап “Қазақ христоматиясын” жазуға кірісіп, оны 1879 жылы бастырып шығарады.
Ыбырай “Қазақ христоматиясына” кірген өлеңдерінде де халық- ағарту идеясын көтерді. Оның “Кел балалар, оқылық!”, “Өнер-білім бар жұрттар” өлеңдері осындай мақсатта жазылған. Өлеңдерге жеке тоқталып кетсек;
“Кел балалар, оқылық!” өлеңінде ақын балаларды оқуға ынталандырады. Соған үндейді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ал “Өнер-білім бар жұрттар” атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсетеді. Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны “тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын” елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты. Бұл өлеңдердегі: жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті. Ыбырайдың “Өзен”, “Жаз” деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Екі өлеңінде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді. Ақын тау өзенін нақты әрі әсерлі суреттеген. Бүкіл тіршіліктің “өзеннен рақат тауып” жатқанын нақты сипаттау оқырман көңіліне жағымды сезім ұялатады. “Жаз” өлеңінде көктемгі табиғаттың келісті суреттері бар. “Ұшпақтың күн сәулесі жерге түсіп”, “Аспаннан рақымменен күн төнгенде”, “Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша, жайқалып шыға келер жердің гүлі”, “Кеш болса, күн қонады таудан асып, шапаққа қызыл алтын нұрын шашып”, т.б. суреттер мен бейнелі сөздер Ыбырайдың табиғат көріністерін сезінуінің тереңдігін, суреткерлігін көрсетеді. Ақын бар тіршілікті көктем күнінің мейірімді шағымен байланыста бейнелейді. Қырдағы жаз көріністеріне сүйсіну, мал бакқан елдің қыстан қысылып шығып, жазда тынысының кеңуі, қуаныш-шаттығы көңілді әсерге бөлейді.
Бүгінгі күні көптеген ұлағатты ұстаздар дәл осы Ыбырай Алтынсарин атамыздың салған сарадай жолымен келеді. Ұстазды мемлекеттің ең басты тұлғасы деп санаймын. Ұстаз ол бүгінгі ұлтты тәрбиелеуші. Ұстаз әрқашанда үлкен құрметке ие тұлға.