Оқу саласының үздігі

Әл-Фараби атындағы университеті,

Философия және саясаттану факультеті,

Педагогика және Психология мамандығының

1курс магистранты

Ментаева Лаура

«Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», деп тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінгі таңда оқудың маңыздылығы өте зор. Озық елдермен иық тіресіп, мемлекетіміздің алдыңғы орындарға қарай ойысуына ең алдымен еліміздің білім беру саласы ықпал ететіні анық. Себебі, өз істерінің маманы ғана, ел дамуына ат салыса алмақ. Сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу қоғам алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі. Сол себепті, бүгінгі таңда білім беру ошақтарына да үлкен мән берілуде. Осы орайда, өзімнің білім алып жүрген, талай жылдық тәжірибесі бар,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тоқталып өтсем деймін. Ғасырға жуық тарихы бар Жоғары оқу орыны 180 сала бойынша мамандар дайындайды. Шыңдалған шәкірттер үнемі жоғары нәтиже көрсетіп, өз істерінің үздіктері атанады. Әрине, бұл ретте Университет ұстаздарының да еңбегі зор. Себебі, «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегендей, кез-келген мықты маманның артында, мейірімді ұстаздың көрініс табатыны жасырын емес.

Айта кетейік, аталмыш оқу ордасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханұлы, Әлкей Марғұлан, Д.Сокольский тәрізді аса көрнекті ғалымдар мен ұлт зиялылары дәріс оқып, студенттерді біліктілікке баулыған. Әрине, мұндай тұлғалардан тәлім алған шәкірттер, өмірде өз орындарын тауып, қоғамға қалтқысыз қызмет атқарғаны мәлім.

          Тағылымды түлектердің қатарында Зейнолла Қабдоллов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қадір Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жүрсін Ерман, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов секілді еліміздің бетке ұстар азаматтары бар екендігін айта кеткеніміз жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университеті әлемдік деңгейде де өзінің салмақты үлесін байқатып келеді. Оқу рейтингісі бойынша өзге мемлекеттермен бір қатарда орналасып, иық тіресуде. Бірнеше жылдық тәжірибеден байқағанымыздай, жыл өткен сайын көрсеткіш деңгейі артып, оқу ордасы тізімнің жоғары жағына қарай көтеріліп келеді.

Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау – көзі болды.

Бүгінде білімнің ордалы ошағына айналған Жоғары оқу орыны – өз саласының үздіктерін дайындауды жалғастырып келеді. Айта кетуі керек, аталмыш білім қабырғасында біліктілігін арттырып, білім нәрімен сусындап жүрген жандар қатарында, мен де бармын. Философия және саясаттану мамандығы бойынша Педагогика және Психология саласын тереңдетіп, магистрлік дәрежесі бойынша білім алып жатқан жайым бар. Өз мамандығыма деген шексіз құрметім мен оқуға деген ынтаның арқасында түрлі байқауларға қатысып, Университет қабырғасында ұйымдастырылатын іс-шаралардың басы-қасынан табылуға тырысамын. Сонымен қатар, маған зерттеу жұмыстарын жүргізген өте ұнайды. Ғылыми мақала, жоба, және баяндама жазу менің сүйікті ісіме айналған. Мәселен, таяуда ғана студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясына қатысып, өзімді көптен бері толғандырып жүрген мәселе бойынша зерттеу жүргіздім. Диссертация тақырыбым: «Ересектерге арналған университет: отандық және шетелдік тәжірибе», болды. Мен өз жобамда қарияларға арналған Университеттің маңызына тоқталып, атқарылуға тиіс жұмыстар легімен таныстырдым. Әрине, білімді игеру үшін кез-келген жас қолайлы, тек ынта болса жеткілікті. Әсіресе, еңбектен қолы бос, қарт адамдар үшін, қосымша біліктілігін дамыту өмірге деген шабыттарын оятып, уақытты тиімді өткізуге септігін тигізері анық. Жалпы, егде жастағы адамдар көбіне қоғамнан тыс қалып жатады. Олардың үні, мақсат-міндеттері мен армандарына қанат бітіріп, танымдық деңгейлерін арттырсақ, олар да өз кезегінде өскелең ұрпақ бойына мол тағылымды дарытар еді. Сол себепті мен жобамда басты кілт сөздер етінде, «Білім алу шексіз процесс. Өмір бойы білім алу – заман талабы», деген тіркестерді басшылыққа алған болатынмын.

Айта кетейін, ересектерге қосымша білім беру – бұл экономикалық, әлеуметтік және технологиялық факторлардың өзара әрекеттесуіне байланысты белсенді дамып келе жатқан білім беру саласы. Бұған себеп: кәсіби әлемдегі өзгерістер, ақпараттың тез ескіруі, бос уақыттың ұлғаюы, зейнеткерлік жастағы адамдар санының көбеюі.

Олар оқу қажеттілігін және оның нәтижелерін өз қызметін жақсарту үшін үйренгісі келеді. Сонымен қатар, процеске белсенді қатысуға тырысады, оқу жағдайларына өз тәжірибелері мен өмірлік құндылықтарын әкеледі, олардың мақсаттары мен міндеттерімен байланыстыруға тырысады. Сол себепті, ересектерге арналған Университет жүйесін тек ұсынып қана қоймай, оның кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы барысында қандай талаптарды басшылыққа алғанымыз дұрыс екендігін де баса айтып кеттім. Жалпы, кез-келген идеяны жүзеге асырмас бұрын оны мұқият зерттеп, жан-жақты талдау жасап, жоспар құрып, сол жоспар негізінде жемісті нәтиже шығару үшін барлық талаптарды ескерген дұрыс.

Айта кетейік, Халықаралық конференцияға қатысушылар қатары да өте көп болды. Бакалавр, магистранттар, докторанттар өз диссертацияларын қорғап, тың ойларымен бөлісті. Мен өз жобамды ағылшын тілінде жаздым. Әлеуметтік мәселені көтергендіктен, бұл тақырып көпшіліктің көңілінен шығып, әріптестерім бұл ойымды құптап отыр. Жақында, жазбаларымыз арнайы жинақ болып басылып шығып, көпшіліктің назарына ұсынылатын болады. Бұл, әрине қоғамдағы түрлі тап өкілдері үшін де қызықты болары анық. Аталмыш жұмыс менің ізденімпаздық қабілетімнің бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта, ойыма алған біраз жоспарларым бар. Жобаны тек зерттеп қана қоймай, оны өз деңгейіне дейін жеткізу менің басты мақсатым.

Жалпы, әркім өз саласына сүйіспеншілікпен қарайтын болса, атқаратын жұмысы да рахат сыйлайтыны анық. Мен де өз мамандығымды, оқу ордамды ерекше жақсы көріп, білімге деген бағытымды зор ықыласпен атқарамын.

«Қазақстандықтар елдің өркендеуі әр азаматтың еңбегіне, оның біліміне, жауапкершілігіне байланысты болып табылатын біртұтас және бөлінбейтін отбасы», деп Н.Назарбаев айтқандай, біртұтас қоғамда бірлігіміз ажырамай, білім кеңістігінде алғашқы орындардан табыла берейік!

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *