Қашықтан оқыту: ерекшеліктер мен қиындықтар
Копжасарова Турсынай Муафиковна, Пеадгогикалық шеберлік орталығының Ақтөбе қаласындағы филиалының аға менеждері
Қашықтан оқыту тақырыбы – бүгінгі таңда өзекті тақырыптардың бірі. Аяқ астынан қашықтан оқыту форматына өту еліміздің білім беру жүйесі үшін сын-тегеурін болды. Қашықтан оқыту мектептегі үйреншікті сабақтардан ерекшеленеді. Сол себепті жаңа форматқа көшкенде мұғалімдер көптеген кедергілерге ұшырады. Ол қиындықтар, ең алдымен, мұғалімдердің қашықтан оқыту бойынша тәжірибелерінің аздығына, тіпті кейбір жағдайда тіптен тәжірибесінің болмауына байланысты болды. Қашықтан оқыту кезінде әдістеме мен оқу мақсаттарына басымдық беріледі, ал оқыту құралдары екінші орында. Дегенмен де сандық құралдарды жетік меңгермейінше сапалы сабақ өткізу мүмкін емес. Онлайн құралдардың көмегімен материалдарды өңдеуге және оқушыларды ынталандыруға болады.
Тағы бір кездескен кедергі – техникалық құралдардың болмауы немесе интернеттің шектеулілігіне байланысты кейбір мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайын болмауы. Осыған байланысты мұғалімнің алдында жаңа міндеттер тұрды: оқушылардың техникалық тұрғыдан дайындық деңгейін анықтау, кейін олардың мүмкіндіктерін ескере отырып, қашықтан оқыту сабағының форматын, бағалау мен кері байланыс беру жолдарын ойластыру. Бұның барлығы мұғалімнен қысқа мерзімде жаңа дағдыларды қалыптастыруды талап етті. Бастапқыда мұғалімдер онлайн сабақтар мен бейнесабақтарда өздерінің дәстүрлі сабақтарының көшірмелерін жасауға тырысты. Бірақ тікелей оқытуда қолданылып жүрген кейбір тәсілдер жарамсыз болып қалды.
Сонымен қатар қашықтан оқыту мұғалімнің ролін де күрт өзгертті, оқушылар бағарламалар көмегімен жақсырақ меңгеретін, мұғалімнің басшылық етуімен онлайн меңгеруге болатын және мұғаліммен тікелей қарым-қатынас арқылы жақсырақ меңгерілетін пәндер мен ұғымдардың ара жігін ашып берді.
Қашықтан оқытуды жүзеге асыру барысында мұғалімдерде келесі сұрақтар туындады:
- Қашықтан оқытудың дәстүрлі оқытудан ерекшелігі неде?
- Қашықтан оқыту сабағын қалай жоспарлауға болады?
- Қашықтан оқытуды қандай платформада жүзеге асыруға болады?
- Өзіндік оқуға қажетті материалдарды таңдауда қандай критерийлерді басшылыққа аламын?
- Оқушылардың тапсырмаларды орындау барысын қалай қадағалауға болады?
- Орындалған тапсырмаларды қалай бағалауға болады?
- Оқушыларға кері байланыс беруді қалай жүзеге асырамын?
- Бейнесабақтардың ұзақтығы қандай болу керек?
- Онлайн немесе бейнесабақ кезінде оқушылардың зейінін қалай басқаруға болады?
- Оқушылардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін қалай ескеруге болады?
- Қашықтан оқыту жағдайында сабақ кестесін қалай құруға болады?
Қашықтан оқыту жалпы білім беретін мектептерге, нақтылып айтсақ, мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға көп қиындықтар мен кедергілер әкелді. Дегенмен де бұл жағдай білім саласына елеулі серпіліс әкеледі деген үміт бар. Төменде берілген үш сұраққа жауап беріп, қазіргі қашықтан оқыту жағдайына рефрейминг жасап көрейік:
- Қазіргі қашықтан оқыту жағдайында мұғалім үшін қандай позитив бар?
- мұғалімдер жаппай сандық сауаттылық тұрғысынан кәсіби біліктерін арттыруда;
- оқыту формаларын түрлендіруде (видеосабақтар түсіру, интернет платформалармен жұмыс, онлайн сабақтар);
- заман талабына сай өзінің жұмыс орнын жасақтауда;
- мұғалім шексіз шығармашылыққа мүмкіндік алды;
- ең бастысы, ұстаздар кәсіби құндылықтары мен ұстанымдарын қайта қарауда.
- Қалыптасқан жағдайдан қандай сабақ алуға болады?
- оқу үдерісін ұйымдастыруда тек оффлайнмен шектелуге болмайды;
- оффлайн мен онлайн оқытуды қатар қолданып, оқу үдерісін түрлендіру қажет;
- болашақта оқушыларға білім алу жауапкершілігін өздеріне беру;
- оқушылардың метатанымдық дағыларын дамытып, өздігінен реттелетін оқуды жолға қою; сол арқылы оқушылардың мұғалімге деген тәуелділігін азайту.
- Осы жағдайда оқушы мен ата-ана үшін қандай құндылық бар?
- мұғалімдердің айтуынша, оқушылардың белсенділігі артты;
- өзіне деген сенімділігі төмен оқушылар ашыла бастады;
- оқушылар қолдарында бар сандық құралдарын сабақ пайдасына қолдана бастады;
- оқушы таңдау еркін алды: өзіне қолайлы уақытта үй тапсырмасын орындау және өзінің күн тәртібін белгілеу.
Сонымен бұдан шығатын қорытынды: карантиннен кейін мектеп өзгеріссіз қала алмайды. Аяқ астынан болған қашықтан оқыту білім саласының қай бағытта және қалай даму керектігін айқындап берді десек те артық болмайды. Қашықтан оқыту жағдайында алған жаңа тәжірибе мектепті, жалпы білім беру саласын түбегейлі өзгертеді. Қашықтан оқыту мұғалімдердің алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қойып отыр.