Қоғамдағы ұстаз мәртебесі
Қоғамдағы ұстаз мәртебесі
Халқымыздың: «Ғалым да, шахтер да бас иетін, Ұстазым, бар сенің қасиетің» деген сөзінен үлкен ой түюге болады. Ұстазға деген құрметі мен көзқарасын бір ғана ауыз сөзге сиғызып, оның дәрежесін көтерген. Үнемі ұстазын сыйлап, абыройын қашан да биік қоятын ұлтымыз балаларына ұсатаздың ұлы ұғым екенін саналарына сіңіріп келген. Білім нәрін құятын, үлкен өмірге жол сілтейтін мәртебелі ұстаздың қоғамдағы орны қашан да биік болуы керек. Қандай жағдайда да оның атына тіл тигізуге ешкімнің хақы жоқ деп санаймын. Ұстазға деген пейіліміз бен адалдығымыз ешқашан сөнбейтініне сенімім мол. Сондықтан ұстаз жанын түсініу үшін ұстаз болып туылу керек. Ұстаз мәртебесінің жоғары болуы қоғам мәртебесінің жоғары болуы деп есептеймін.
Біріншіден, бүгінгі күні мұғалім мәртебесіне баса назар аударылып жатқандығы мені қатты қуантады. Мағжан Жұмабаевтың өзі:«Алты алаштың баласы бас қосса, ең төрдегі орын мұғалімдікі»-демей ме?! Асыл ұстаздың адал еңбегін анық бағалаған ақыннан асырып не айтуға болады. Менмін деген талай ақын-жазушылар да өз шығармаларына бұл тақырыпты арқау еткен жоқ па?! Бәрінің де айтары ұстаздарын үлгі тұтып, мәңгі қарыздар екенін мойындайды. Соған қарағанда олардың бізге берген білімін еш өтей алмасымыз анық. Рас, кейінгі кездері мұғалімнің қоғамдағы орны мен мәртебесі туралы жиі сөз қозғалатын болды. Кейбіреулер ұстаздың ұлылығын бағаламайтын дәрежеге жетті. Қатты сөйлеп, ардан аттап, астамшылық көрсетіп жатқандар туралы хабарды да құлағымыз шалып қалады. Дәл сол кісілерге өздерінің қайдан шыққанына бір үңілсе екен деймін. Ұстазға тіл тигізу, болашаққа балта шабу деп білемін.
Екіншіден, Елбасымыздың «Ұстаз мәртебесін» көтеру туралы бастамасы барша ұстаздарға жаңа серпіліс, жаңа дем бергендей. Олай деуімнің себебі, мұғалім сөзін сөйлейтін, оны қорғайтын заңның болғаны қандай жақсы. Заңда педагогтің әдебі, құқықтары, әлеуметтік кепілдіктер тағы басқа мәселелер қамтылған. Дегенмен, бұл заң жобасы қызу талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Ұсыныстар ескеріліп оң шешімін табып, бұл бастама жалғасын табады деген ойдамын. Не де болса мұғалім мәртебесінің артуы бір ғана министрлік мойнында емес. Бүкіл қоғам, отбасы болып ұстаз мәртебесінің жоғалмауына атсалысуымыз керек.
Үшіншіден, елімізде болып жатқан індеттің де біз үшін бір хайыры болды деп санаймын. Балалар үйге сыймай мектеп қадірін түсініп, ата -аналар мұғалім қадірін түсінетіндей халге жетті. Мұғалім мен оқушының етене жақын екенін осыдан –ақ аңғаруға болады. Қолда бар алттының қадірін уақытында бағалайық дегім келеді. Нағыз ұстаз болу екінің қолынан келе бермейтін мамандық. Шынында да мейірімнен жұрдай, шыдамсыз, таяз ойлайтын жанға ұстаз болу ауыр тиер. Өмір бойы ізденбесең, жаңалыққа ұмтылып, жарыққа беттемесең сыйыңды жоғалтасың, ұстаз деген атыңнан айырыласың. Бала деген жас ағаш сияқты баптамасаң, өсуі мен дамуына жол ашпасаң жемісін бермейді. Бала жанының бағбаны атану үшін жан тәніңмен сол мамандыққа берілу жөн. Сонда ғана асқақ арманың орындалады, діттегеніңе жетесің. Ұстаз деген атқа да лайық боласың.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мұғалім қашанда, қай уақытта да ұлы тұлға болып қала береді. Оған деген құрметіміз толастамаса, азаймайды. Оқушылар жүрегінен ойып тұрып орын алу, ұстаз деген атқа сын түсірмеу әрбір мұғалімнің өз қолында. Демек, мұғалім мәртебесін көтеру арқылы өз болашағымызды жарқын ете аламыз.