Жеткіншектер не себепті шет елдік туындыларды көргенге құмартады?
Мультфильм деген сәтте менің ойыма бірден Disney,Nickelodeon,Сartoоn Network секілді шетелдік арналар келді. Осы орайда,өзіміздің,Отандық «Балапан» телеарнасы болса да, еліміздегі 10 жасқа толмаған,тіпті 5 жасқа дейінгі балалардың өздері «не себепті шетелдік арналарды көргенді құмартады?» деген сұрақ туындады. Осы сұрақтарға жауап беру мақсатында салыстырмалы түрде бірнеше мультфильмдері тамашалап шықтым.
Алдымен, өзіммен қатарлас, бала шақтан-болашаққа қадам басқан құрбы-құрдастарымнан «Қандай мультфильм көруге кеңес берер едің?»,- деп сұрадым. Көпшілігінің пікірі-жапондық 700 бөлімнен тұратын «Наруто» аниме-сериалы болды. Көруді бастадым. Шынында да, режиссерлердің барынша әсерлі ету мақсатында әр-түрлі көркемдеуіш құралдарды қолданғаны көрініп-ақ тұр. Бірімін-бірі атысып-шабысып жатқандар. Аяғына дейін көруге тіпті шыдамым да жетпеді. Одан кейін, балалардың сүйікті туындысына айналған, өзім де кішкентай кезімде аса қызыушылықпен қараған «Спанч бобты» қайта көрдім. Шынымды айтсам,қарай отырып, бұрында мен бұл туындыны қалай қызыға қарағанмын деп күлкім келді. Іс-әрекеттер ақылға қонымсыз. Оқиға желісі де атап айтарлықтай қызық емес,жөн-жосықсыз күлкі,мағынасыз әңгімелер. Кейіпкерлердің түрлері тіптен басыңды айналдырып жібереді. Жаңа жыл кештерінде де, тіпті көшеде,үйде жүргенде де «Өрмекші адам», «Супермен» болып тыным таппай жүрген балаларды әлі күнге дейін кездестіреміз. Аталған туындыларды да қарадым, не адам,не құбыжық екенін түсініп болмайсың. Әйтеуір тыным таппай өрмелеп,жүгіріп,бір-бірімен алысып жатқан кейіпкерлер.
Ендігі зейінімді Отандық туындыларға аудардым. «Қазақфильм» АҚ мен «Сақ-жебе» киностудиясы ұсынған, барлығымызға таныс, тіпті өзім бұрында сөздеріне дейін жаттаған «Қошқар мен теке» мультфильмін қайта тамашаладым. Оқиға желісі түсінікті. Қазақы болмысқа жақын, көрер көрерменге,балаларға берер тәрбиелік мәні де баршылық. Кейіпкерлер әр жолда кездескен қиындықтарға бірге төтеп беріп,көрерменге де күлкі сыйлай білді. Оқиға өз иелерін іздеп шыққан қошқар мен текенің атаны құтқарып,қораларына аман есен оралуымен, текенің: «бақыт деген өз Отанымызда,өз үйімізде екен ғой. Тек оны бағалай білу қажет. Ал біз оны алыстан іздеп қателесіппіз. Мен соны енді түсіндім!»,-деген көркем сөзімен аяқталған. Осындай ерекше туындыларды өмірге әкелген жандарға үлкен алғысымды білдіргім келеді!
Бұндай салыстырудан кейін, өз сұрағыма толық қанды жауап бердім. Шет елдік туындылар логикаға қонымсыз,біздің еліміздегілер үшін мүлдем көрмеген,түсініксіз кейіпкерлерімен балалардың ой-саналарын улауда. Олар қызық үшін келесі бөлімді күтіп, қандай жаңа кейіпкер болар екен деп жүріп өздері қалай сол туындының ішіне кіріп кеткенін,оған тәуелді болып қалғандарын аңғармай қалады. Балаларға да,көрерменге де мынаны көр,мынаны көрме деп айта алмайсың. Алайда, әр бала үшін көрген жаңа нәрсесі, оның қызығушылығын тудырады,бәрі қызық болады. Барлығын істеп көргісі келеді, бірақ, оның барлығы пайдалы емес екені қынжылтады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»,-дейді емес пе?! Сондықтан, бүлдіршіндерімізге барынша ұлттық рухты,намысты дарытатын мультфильмдерді көгілдір экранда көбірек көрсетіп, кеш болмай тұрғанда олардың ой саналарын дұрыстауды қолға алу керек деп ойлаймын.