Тәуелсіздігімізге 30 жыл
«Тарихы бар дастанындай ерліктің,
Дәстүрі бар үлгісіндей елдіктің.
Қазақстан – алтын бесік Отаным,
Ұлы ордасы татулық пен теңдіктің.»
Сейткали Мәдуан
Бабаларымыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген егемендік бізге 1991 жылдың 16 желтоқсанында келді. Ал, ол туралы деклорация 1990 жылдың 25 қазанында жарияланған. Десе де бұл Тәуелсіздікке қалай қол жеткенімізді жазбас бұрын, одан қалай айырылғанымызды сөз еткен жөн болар. Ендеше, тарихқа көз жүгіртіп, халқымыздың егеменді елден бодандыққа қалай түскенін айтып көрейік.
Ерте ғасырлардағы Түрік қағанатының, одан кейінгі Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттерінің негізгі мұрагері саналатын Қазақ хандығы XIV ғасырдың екінші жартысында жеке мемлекет болып құрылды. Әбілқайыр хандығынан бөлініп, көш бастап, халықты соңынан ерте білген Шыңғыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар еді. Олар құрған хандық өз дәуірінің ең мықты, ең беделді мемлекеттерінің қатарына енді. Бірақ XVII ғасырдың орта тұсында басталған Жоңғар шапқыншылығы қарыштап келе жатқан Қазақ хандығының ары қарай дамуын бірнеше ғасырға тежеді. Соның кесірінен Қазақ хандығы әлсіреп, татулығы сөгіліп, ұсақ ұлыстарға ыдырап, XVIII ғасырдан бастап өзімен көршілес жатқан басқа елдерге жем болды. Шығыстан Қытай, солтүстіктен Ресей империясы, оңтүстіктен Хиуа, Қоқан сынды хандықтар жоңғарлар бастаған дүрбелеңді жалғастырып, халқымызды жан жақтан талады. Көп жаудың ішінен алға шығып, әлсіреген Қазақ хандығына қатысты отарлау саясатын жүргізіп, сол арқылы жерін кеңейткен Ресей патшалығы болды.
Әлбетте, қазақтар Ресей құрамына бір күнде қосыла салған жоқ. Ол да бір ғасырға жуық уақытқа созылған, қанды шайқастары көп, ұрысқа толы үрдіс болды. Алдымен солтүстіктегі көршіміз өзіне ең жақын тұрған Кіші жүз руларына көз тікті. Одан кейін Орта жүзге кезек келді, кейін алшағырақ жатқан Ұлы жүз де назарға ілікті. Қай қайсысы болсын орыс патшалығының құрамына өз еркімен қосылмады. Отарлау саясаты халықты қырғынға ұшыратты. Жер жерде түрлі көтерілістер болып тұрды. Солардың ішінде Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Жанқожа Нұрмұхамедұлының, Кенесары Қасымұлының Ұлт азаттық көтерілістерін атап өтсе болады. Барлық көтерілістердің нәтижесі қайғыға толы. Дегенмен, ол ұлт бойындағы азат рухтың, еркіндікке деген ұмтылыстың отын сөндірмеуге өз септігін тигізді.
Кез келген империяның шарықтау шегі мен құлдырау дәуірі болады. Бұл заңдылық Ресей патшалығын да айналып өтпеді. XX ғасырдың басында алып мемлекетте елдің жағдайы нашарлап, халықтың билеушілерге деген наразылығы өрши түсті. Нәтижесінде революция болып, патша әулеті тақтан түсіп, ұзақ уақытқа созылған азаматтық соғыстан кейін коммунистер билікке келді. Көп ұзамай КСРО мемлекеті құрылып, оның құрамына бұрын патшалық құрамында болған Қазақстан да кірді. Осылайша қазақ халқы бір империяның қол астынан шықпай жатып, екінші империяның қол астына өтті. Бірақ бұл кезеңде де тәуелсіздік үшін күрес тоқтаған жоқ. Ол Әлихан Бөкейхан бастаған алашордалықтардың жүргізген саясаты арқылы жүзеге асты. КСРО XIX ғасырдың орта тұсында қатты белең алған көтерілістер жалғаспасын деген оймен алдымен ұлттың бойындағы рухты өшіруге тырысты. Оны жүзеге асыру үшін Кеңестер үкіметі білім мен ғылым қуған алашордалықтарды қуғынға ұшыратып, олардан бөлек бой көтерер азаматтардың бәрін ату жазасына кесті. Артынша қазақты түбегейлі әлсірету үшін қолдан ашаршылық ұйымдастырып, халқымыздың тең жартысын қырды. Бірақ қазақ осы қиындықтың бәріне төзіп қана қоймай, орнынан қайта тұруға да шамасы бар екенін 1986 жылдың желтоқсанында болған көтеріліс арқылы дәлелдеді. Ал 1991 жылы барлық азаптың өтеуі ретінде елімізге тәуелсіздік берілді.
Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі болды. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры, қоғамның рухы, жігері. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн!
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!