Шығыс Түркістан және дүңген-ұйғыр көтерілісі.
Кенжегараева Айнур Бакытжановна ЖШС “Интердент” Жоғары медициналық колледжінің “Қазақстан тарих” пәнінің оқытушысы
ХХ ғасырдың 90- шы жылдың басында, сепаратистік мәселелер жаңа бір сатыдан көрінді. Бұған себеп, екі мемлекеттің социалды саяси қарсы болуы және бөлінуінде. Мысалы: СССР-дің ыдырауы, Югославияның, Чехословакияның және Германияның бірігуі, әлемнің барлық халқы үшін, тәуелсіз болуға деген сезімін оятты.
Назар аударатын жайтта, бұл көтерілістердің себебі, этникалық немесе дінге күрес үшін емес… . Бұл көтерілістер тек экономикалық факторлардан туындап отыр. Халықтың өздеріне тиесілі жеріне ие болу, табиғи ресурстарына, өз саясаттарын жүргізуге, өз территорияларына, өзге елге тәуелді болмай, тәуелсіз мемлекет құру мақсатымен күресу үстінде. Қытай көп ұлтты және көп автономды мемлекет. Сондықтан, Қытайда ұлт мәселесі, ұлт саясаты қашанда көкей кесті бола берері анық. Бұл мәселелердің кейбір түйіндері шешілмегендіктен, мұсылман халықтарының наразылығы туындап отыр. Осы себептерден сепаратистік көріністер әлі де байқаладу.
Өз ұлт тарихтарында ортақ териториялы мемлекет құрып, ғасырлар бойы хандық билік жүргізе алмаған, толық қанды ұлт ретінде қалыптасудың алғы шарттарының бірі, белгілі өмір сүрген өңірі болғанымен дінін әзер сақтап отырған дүңген ұлты мен ұйғыр ұлтының тағдырлары ұқсас. Мақаланың тақырыбына осы ұйғыр және дүңген ұлттарының тағдыры және сол ащы тағдыр туғызған империяға қарсы көтерілістер арқау болып отыр. Тақырыпта ұйғыр көтерілісі жайлы аз, бірақ дүнгендердің көтерілісін, бұл арада таба аласыздар. Алдымен бұл ұлттарға жеке-жеке тоқталайық.
Ұйғыр ұлтының тарихын қарамас бұрын осы ұлттың өмір сүрген өңірі қазіргі Қытай елінің солтүстік-батысы Шин Жияң Ұйғыр автономиялы өлкесінін тарихын қарайық. Шығыс Түркістан – қысқаша ШҰАР. Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс өңірінде орналасқан автономиялы аймақ (өлке). Тарихи негізгі атауы «Шығыс Түркістан» деп аталатындығы белгілі.
Шығыс Түркістанды Б.П Гуревичтің «Международные отношения в Центральной Азии в ХVII- первой половине XIX в.» деген кітабында: ҚХР- ның Қытай Халық Республикасы Синцзян- Ұйғыр автономиялық ауданның оңтүстік бөлігі. Орыс революциясына дейін, ол жерді батыс европалық әдебиттерде, Қашқар, шағын Бұқара және Қытай Түркістаны деп атаған деген түсінік берген. [1]
Қазір Қытай үкіметі тарапынан саяси наразылық себептерімен «Шығыс Түркістан» деген атауды қолдануға тиым салынған. Бұрын Хән тарихнамаларында «Батыс өңірлер» делініп келген бұл аймаққа Шинжяң (Жаңа шекара) деген атау 1877 жылы Чиң үкіметі кеңесші, Амбы етіп тағайындаған Зо Зұңжан жағынан берілген болатын. Қытай иероглифтерінде Шин (xin) – жаңа, Жияң (jiang) аумақ, шекара деген мағынаны білдіреді. Шығыс Түркістан ( Шинжяң Ұйғыр автономиялық ауданы) 5 автономдық облысқа, 6 уезге, 38 ұлттық ауылдарға бөлінген. Ұйғыр ұлтының атында автономия етіп берілген бұл өлкенің басым көп бөлігі ХХ ғасырдың соңына дейін осы ұлт өкілдерінен болатын.[2]
Ұйғыр хандығының тарихына келетін болсақ.Ұйғырстанның территориясы -1 828 418 шаршы километр (қытайлардың мәлімдемесі бойынша–1 646 800, ал басқа да мәліметтерге сүйенсек 1 710 000-К.Х.), сонда Қытайдың жерінің 19% пайызын алып тұр. Ұйғырыстан мына елдермен шекаралас: Ресей (54 км.), Қазақстан (1700- дей км.), Қырғыстан (1100-дей км.), Тәжікстан (450км.), Ауғаныстан (92км.), Пәкістан (500 км-дей.), Индия (200 км-ден астам.), Тибет (1200 км-ден астам.), Қытай (1430 км.), Монғолия (1416 км.). Ұйғырыстанның басым көп бөлігі, биік тау қыраттар мен өзендерден тұрады. Географиялық орналасқан жағдайына қарағанда өздеріне тиімсіз. Себебі, үлкен мемлекеттер мен теңіздерге шыға алмайды. Географилық қатынаста Ұйғырыстан Қытайға жырақта орналасқан.
Ұйғырлар өзінің үш ғасырға жуық тарихында бірнеше хандық мемлекет пен сұлтандық өмір сүрді.
Мемлекеттер | Кезеңдер көрсеткіші |
Ұлы хұндар империясы | (б.э.д.220ж. б.э.д.216ж.) |
Көгілдір түрік империясы | (б.э.д.552-745жж.) |
Орхон-Енисей қағанаты | (646-845жж.) |
Ұйғыр идікей князьдігі | (850-1335ж.ж.) |
Кянсу ( Ганьджоу) қағанаты | (870-1036жж.) |
Қарахандар мемлекеті, астанасы- Қашғар. | (850-1212ж.ж.) |
Саид мемлекеті | (1514-1679ж.ж.), немесе
(1515-1680жж.) |
Иттишар мемлекеті немесе Алтышар мемлекеті | (1864-1877ж.ж.) |
Іле сұлтанаты | (1864-1871ж.ж.) |
Шығыс Түркістан Ислам Республикасы | (1933-1934ж.ж.) |
Шығыс Түркістан Республикасы | (1944-1949ж.ж.) |
Бірінші ұйғыр қағанаты 323 жылы Ханхайда құрылып, 200 жыл өмір сүрген. 100 жылдай үзілістен соң, екінші қағанат 523 жылы құрылып, ол 80 жыл өмір сүрді және Түрік қағанаты 603 жылы талқандады. 743 жылы Шығыс-түрік қағанатының орнына, монғол жерінде үшінші қағанат құрылып, ол 840 жылы ежелгі Хакастармен күрес кезінде талқандалған. Үшінші ұйғыр қағанаты феодалдық мемлекет еді.
Ертеден ел билеушілік атадан балаға берілуіне қарамастан, осы тұстан бастап ұйғырларда этникалық және саяси дамудың жаңа кезеңі басталды деуге де болады. Ал, ШҰАР аталуының берілу тарихы мынадай… Мао Цзедун мемлекет басына келгеннен кейін, 1954 жылы Ұйғырстан аталуын алып, Синьзян-Ұйғыр автономдық аудан яғни ШҰАР деп бекітті. 1955 жылы 1-ші қазаннан бастап ҚХР – ның (Қытай Халық Республикасы) конституциясына бағындырды.
Ең бастысы ҰЙҒЫР атауын алуы да осы кезеңдер де өмірге келді. Ұйғырлардың жазуы ТМД елдерінде Орыс алфавиті негізінде, ал ҚХР-дағы ұйғырлар араб алфавитінде жазылады. Сонымен қатар ұйғыр тілі 1965-1982 жылдар аралығында Қытайдың транскрипциялық алфавиті пиньинь (pin yin) негізінде латын алфавиті негізінде қолданыла бастады.
Қахарман Қожамбердінің «Уйгуры в ракурсе истории» еңбегінде, ҚХР- на бағынышты болған Ұйғырыстан жайлы және әкімшіліктердің бөлінгені жайлы былай жазған:
ШҰАР 5 автономдық округ кіреді:
- Іле- Қазақ әкімшілік орталығымен Құлжа қаласы. Халқының саны 4 млн. адам. ( Қыт. деректері.-К.Х.);
- Бортала- Монғол әкімшілік орталығы Бортала қаласы. Халық саны 500 мыңдай адам;
- Санжы-Хуйзу ( дұнғандар. –К.Х.), әкімшілік орталығы Санжы қаласы. Халық саны 2млн. астам адам;
- Қызылсу-Қырғыз әкімшілік орталығы Атуш қаласы ( Артуш). Халық саны 600 мыңдай адам;
- Баянголун-Монғол әкімшілік орталығы Корла қаласы. Халық саны – 1,5 млн. адам.
Бұдан басқа, ШҰАР-ға 8 вила кіреді:
- Іле, Тарбағатай, Алтай ( әкімшіленген және олар Іле- Қазақ автономдық округқа кіреді.);
- Тұрпан, Тұрпан қаласының орталығы. Халық саны 1млн.адам;
- Құмыл, Құмыл қаласының орталығы. Халық саны 800 мың адам;
- Ақсу, Ақсу қаласының орталығы. Халық саны 3млн-дай дам;
- Хотан, Хотан қаласының орталығы. Халық саны 2 млн-нан астам адам;
- Қашғар, Қашғар қаласының орталығы. Халық саны 5млн-дай адам.
Бұл аталған қалаларға: Үрімжі, әкімшілік орталығы ШҰАР, Қарамай мен Шихэнцзы қосылды. Бұл барлық округтар, автономды округтар және олардың қалалары әкімшілік- территорияланған бірлігімен ШҰАР басшылығына тікелей бағынышты болады. ШҰАР-ға 6 автономдық уезд, 65 уезд және 14 қала бағынышты. Ең төмен әкімшілік – территориялар аумақтар мен кенттер кіреді. Барлығын санағанда 844 болады. [3]
Ұйғырлар-ежелгі түркі тілдес халықтың бірі. Ұйғыр тілі түрік тілінің қарлұқ тобына жатады. Ұйғыр ұлты Шин Жияңда мекендейтін 13 ұлттың ішіндегі жан саны ең көбі. Бұл аймақта өмір сүретін жалпы ұлттардың 45% ұйғырлар. Яғни 8.5 миллионға жуық халық. 1949 жылғы санақ бойынша ұйғырлар жалпы тұрғындардың 96 пайызын құраған екен, ал Қытайлар 300 мыңнан аспаған. Бүгінгі таңда ханзулар (яғни қытайлар) тұрғындардың 50 пайызын құрайды.
Қытайдың демографиялық саясатының көздегені, жергілікті халықтың туу көрсеткішін азайту және қытайларды барынша Шығыс Түркістанға қоныстандыру (2000 жылға 70-100млн. адам). Пекиннің бұл саясатын БҰҰ Шығыс Түркістанның жергілікті тұрғындарына жасалып отырған геноцид саясаты –деп қабылдап отыр.
Ұйғыр ұлтында қолөнер және тоқымашылық кәсібі де өте жақсы дамыған. Мысалы, хотан кілемі ұйғыр тоқымашылығының аса жоғары деңгейде екендігінің айқын дәлелі. Ертедегі Чин империясының қабірлеріне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде, император сарайында ұйғырлардың атақты Қотан кілемі табылған. [4]
Енді Дүңген ұлтының тарихына тоқталатын болсақ. Дүнгендердің этногенезі өте күрделі. Ғалымдар әлі күнге дейін олардың шығу тегі туралы бір пікірге келген жоқ. Дүнгендердің өздерінше аталуы хуей, хуей цзу. Олар монғол нәсілінің қиыршығыстық тармағына жатады. Дүнген тілі тілдердің тибеттік отбасына кіреді. Дүнгендердің діні — мұсылман. Дүнген атауының шығуы ол халықтың өзінің пайда болуымен байланыстырылады. Мұндай пікірді дүнген діни адамдары Шэньси мен Ганьсу провинцияларынан Шыңжанға келген кезі мен ХІХ ғ. ортасындағы Солтүстік-Батыс Қытайдағы көтеріліс кезінде таратқан.
Дүнгендердің шығу тегі жайында мынадай аңыз бар: Араб императоры астаналық саябақта мереке ұйымдастырып, оған елдің әр өңірінен сұлу бойжеткендерді алдырады да, өзінің сайыпқыран жауынгерлеріне осылардың ішінен өздеріне жар таңдап алуды бұйырады. Олардың қалауы қытай қыздарына түседі. Осы некеден дүнгендер пайда болған деседі. Қытай қыздары балаларына өздерінің тілі мен дәстүрлерін үйретеді, ал олар өсе келе мұсылман-арабтардың салт-дәстүрлерін де бойларына сіңіріп, дүнгендердің ұлттық мінезі қалыптасады.
Болжамдардың тағы бірі – дүнгендер Қытай жеріне исламды тарату миссиясымен келген араб-иран, түрік қоныс аударушыларының жергілікті халықпен – таңғұттармен және қытайлармен араласуының нәтижесінде пайда болған деп пайымдайды. [5]
Шығыс Түркістан халықтары тарихында Дүңген көтерілісінің алатын орны ерекше.
1933 жылы 12- сәуір саяси өзгерісі арқылы таққа шыққан Шың Шысайды бас кезінде Нанжиң үкіметі қолдап, қостай қойған жоқ. Шинжяң жақтың Лию Вынлұңды өлкелік үкіметтің төрағалығына, Шың Шысайды шекара қорғаныс мекемесінің уақыттық бастықтығына тағайындау жөніндегі қайта-қайта, көп рет жіберген жеделхатын да елеп-ескермеді.
28 сәуірде штаб басқарма бастығының орынбасары Хуаң Мусунді Нанжиң үкіметі тағы да Шың Шысайға насихат айтуға жібереді. Әрі осы арқылы оны Лию Вынлұң мен Шың Шысайдың орнын бастырмақшы болады. Хуаң Мусун Шинжяңға келіп, саяси өзгеріс жасаған Тау Миң-иө, Чын Жұң, Ли Шияутияндармен тонның ішкі бауындай жақын байланыс орнатады. Олар да Нанжиң үкіметіне арқаланып, соған сүйеніп, өз күштерін молайтуды көздеді. Мұны сезіп жүрген Шың Шысай 19-мамырда алдыңғы шептен әскерін бастап тұтқиыл қайтып келіп: « Чың Жұң мен Ли Шияутияндар астыртын бүлік тудырмақшы» деген құжатты жалғаннан жасап шығып, «қаскүнемдік бүлік тудырушы ұйымға» қатынасқан адамдардың есімдігін дайындап алады.
Сонымен, Нанжиң үкіметінің Шинжяңның саяси жағдайына араласу жоспары сәтсіздікке ұшырап, ақыры Лию Вынлұңды Шинжяң өлкелік үкіметтің төрағалығына, Шың Шысайды өлкелік үкіметтің мүшелігіне, қосымша шекара қорғаныс істері меңгермесінің меңгерушілігіне тағайындайды. Бірақ Нанжиң үкіметі Шың Шысайға оншалық сенім артпайды. Оның Шинжяңдағы ықпал күшінің зораюының алдын алу үшін жасырын жұмыстар жүргізіп, оған бөгет жасаудың айла-амалдарын қарастыра бастайды. 1933 жылы қыркүйекте Заң министрі Ло Вынгаңды Шинжяңға жіберіп, дүнген милитарист Ма Жұңиың мен Іледегі әскери мансапты Жаң Пи-юанды қолдап, Шың Шысайға қарсы одақ құруды ұйымдастырмақ болады.
Ма Жұңиың әскері Үрімжіге шабуыл жасап, қаланы қоршауға алады. Іледен Үрімжіге қарай жолға шыққан Жаң Пиюан әскерлері де үрдіс жол жүріп, Үрімжіге таяп қалады. Осындай қысылтаяң, қиын сәтте басқа амалы қалмаған Шың Шысай Кеңес Одағына жан тартатындығын білдіріп, Сталиннен әскери көмек сұрайды.
Шың Шысай тегінде, Жапонияда оқып жүрген кезінде марксшіл, лениншіл ұйымдарға, отаншылдық қимылдарға қатысып, көзге түсіп жүрген болатын. Соны ескереген Кеңес Одағы Шың Шысайға үміт артады да, оған әскери көмек беруге мақұлдық білдіреді. 1933 жылдың соңынан 1934 жылдың бас шенінде Іле мен Шәуешек арқылы Шинжяңға кірген Кеңес Қызыл армиясы алдымен Жаң Пи-юанның жоғары қолбасшылық меңгермесін жояды.
Әуеден де, жерден де қоршауда қалып, қатты сасқалақтаған Жаң Пи-юан 1934 жылы 28 желтоқсан күні Борбосын мазарына барған кезінде Тарбағатай армиясының қоршауы астында өзін – өзі атып өлтіреді. Кеңес Қызыл армиясының әскері одан ары Үрімжі қаласын қоршап жатқан Ма Жұңиың қолын да талқандап, оларды оңтүстік Шинжяңға қуып тастайды. Сонымен, барлық билік өз қолына өткен Шың Шысай орайды қолдан бермей, дер кезінде қозғалып, өлке орталығындағы өзіне қарсыларды дереу аластап, Жың Рұңчиң, Яң Яужүн және ақ орыс әскерлерінің командирі Папинготты да қамаққа алады.
Өлкенің төрағасы Лию Вынлұңды да үй-іші, бала-шағасымен қоса мырза қамаққа тастайды. Сөйтіп, Шың Шысай енді Шинжяңды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Ол өз үстемдігін онан ары бекемдеп, Нанжиң үкіметінен бір жолата бөлініп шығып, жеке патшалық құру ниетіне кіріседі. Бұл үшін ол Нанжиң үкіметінен мүлде бөлек саясат белгілейді. Ол өз саясатын алты ұлы саясат немесе алты ұран деп атады.
Ол алты саясат:Бірінші-зиянгерлікке қарсы тұру; Екінші- Кеңес Одағымен дос болу; Үшінші-барлық ұлт тең құқықты болу; Төртінші- бейбітшілікті қорғау; Бесінші-Шинжяңда реформа жүргізу; Алтыншы- парақорлыққа қарсы тұру сынды тармақтардан құралады.
Сөйтіп, ол өзі дара билейтін, жеке патшалық құру мақсатына жету үшін тағы да Кеңес Одағын пайдаланбақ болды. Сондықтан Кеңес Одағына, Сталинге барынша жалбақтап, жалпауыштап көрді. Кеңес Одағымен дос болуды ерекше дәріптеп, коммунизмді үгіттей бастады. Кеңес Одағының тәжірибесінен үйренуді уағыздады. Кеңес Одағынан ақылшылар алдырды. Қызметкерлер шақырды. Оларды маңызды-маңызды жұмыстарға тағайындады. Мәселен, 1935 жылы Кеңес Одағы жіберген әр ұлт болшевиктерінен 25 кісі, яғни, Ваң Шучиң, (бұрынғы аты Үй Шиюсұң) Ван Баушиян, Ван Шиятиң, Жың Ийжүн, Жияң Ийу, У Димиң, Қадыражы қатарлылар арт-артынан Шинжяңға жетіп барған. Және үкіметтің негізгі орындарындағы жұмыстарға жегілген». [ 6]
Жоғарыда айтқандай Ма Жұңиың деп отырған адам, ол дүңген әрі генерал, помещик, 1928 жылы Гансуда болған көтерілісті басқарған. Ол Жапондықтардың тыңшыларының қолына түсіп, тұтқында болады. Ма Жұңиыңның арманы барлық солтүстік-батыс мұсылмандарының басын қосып, Тәуелсіздік мұсылмандар мемлекетін құрғысы келді. Бұл ойды тастаған Жапонияның басштабы болатын. Бұл жерде, Хамида болған көтеріліс сонда Жапония үшін қолайлы болғаны ғой. Жапондықтардың жоспарын іске асыру үшін Ма Жұңиыңды пайдаланбақ болды.
Тәуелсіздік мұсылмандар мемлекеті деп отырғанымыз, Шин жияң халқының басын құрып оған қоса Монғолияны, советтік республика Орта Азия мен Қазақстанды қосып, «ТҰРАН ИМПЕРИЯСЫН»- құру жоспары болатын. Бұл жоспардың бәрін құрып отырған әрине Жапония. «Тұран» бірлестігін құру жайлы, Жапондықтар 1918 жылдан бері жоспарлап қойған. Олар Токияда арнайы ұйғыр мектебін ашқан, арнайы кадр мамандарын дайындаған. Шин жияң жәйлы әмбебап журналында шығара бастаған.
Көптеген аудандарда көтеріліс жүріп жатқан. Мысалы, бірінші дүнгендердің көтерілісі 1931 жылы болып өтті. Екіншісі бір жылдан кейін жаз мезгілінде Ма Жұңиыңның басқаруымен Аксуда, Тұрфан князьдігінде болған. Жыл-жылда әрбір аудандарда көтеріліс болып тұрған.
В.И. Петровтың «Мятежное сердце Азии» деген еңбегінде Ма Жұңиың жайлы мынадай мәлімет бар: «1934 жылы Ма Жұңиың соңғы жорығын бастады. Ол оңтүстік жақтан Үрімжі қаласын алмақ болды. Ол Тұрфанның жолымен өзінің әскерін жүргізіп өткізді. Бір шама шақырым жерден жауға оқ атты. Манжурлықтар мен орыстар бірігіп, Ма Жұңиыңның әскерімен соғысқан. Үлкен қан төгіс болды. Соғыстан тірі қалған жауынгерлер, дүнгендердің ержүректіктеріне таң қалған. Дүнген әскері барлығының белдерінде ұзын арқан жіпті орап, жауға қарсы шапқан. Себебі, араларында өлген, жаралы адамдарды арқаларына салып жауға қарай атылған. Жіпті байлаған себептері, қалып қойған адамдарды арқанмен тартып отырған. Осы соғыстан аман қалған Ма Жұңиың Совет үкіметінің яғни батыстың шекарасына қашқан. Содан сол Совет жерінде ұсталып, тұтқындалған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз»,- деп жазған. [7]
Үлкенді-кішілі ұйғыр-дүңген көтерілістерінің барлығында да, бір дінді ұстанған. Бұған Макен Баймоллаұлының «Тарбағатай арпалыстары» кітабынан алынған мына жолдар дәлел.
«1932 жылы осы жылдың көктем мезгілінде Үрімжіде басталған дүңген көтерілісі қазақтар үшін осы ауыр қасіреттерден алшақ болған жоқ. Бастарына ақ кепеш, қолдарына ақ ту ұстаған дүңгендердің ұраны «Кәпір біткенді жоямыз, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ақ туын көтеріп, мұсылман мемлекетін құрамыз!» болды. Олар кез келген Қытайларды қынадай қырған, дүние-мүлкін тонаған, Үрімжі алаңында да қатты қырған болып, ондағы қазақ-ұйғырларды да қоса тонаған.
Дүңгендер Үрімжіде үлкен дүрбелең тудырғаннан кейін Алтай мен Тарбағатайға және Ілеге баратын болып үш топқа бөлінген. Бұлардың бас қосатын жері Ши Ху (Еранқабыр тауының солтүстік етегіне орналасқан, Үрімжіден 250 шақырым мөлшері қашықтықтағы шағын қала) қаласы болды. Алтайға баратын бөлігі құм жолды басып, Шіңгіл арқылы Алтайдың бірнеше аудандарына кіріп сол өңірдегі Қытайларды қырғындады, мал-мүлкін тонады, сонымен қатар олар басқа ұлттарды да қоса тонаған, өңі түзу қыз-келіншектерді тартып алып отырған. Бұл қылыққа шыдамаған жергілікті қазақ, қытай т.б халықтары дүңгендерге қарсы соғысқа аттанғандықтан, дүнгендер Алтай жерінде қатты қырғынға жолықты.
Сонымен олар Тарбағатайға қарай ығысты. Ал Тарбағатайға дүңгендер, Тарбағатай жамбылына басып кіре алмаған еді. Алтайдан қашқан Ка Сылиң (ka si ling) мен Ыр Сылиң (er si ling) жол-жөнекей қазақтарды шауып, дүние- мүлкін бұлап, әйелдердің шаштарын кесіп, сым-шапан кигізіп дүңген бейнесіне келтірді. Қазақтарға жолықтырмай ұстады, қолға түскендердің қашып кету мүмкіндігі болмады. Мұсылманның ақ туын көтергені мен бұлардың өзге де мұсылман халықтарына жанашырлығы болмады.
Шауешек жамбылы және жамбылдың ішіндегі көне бекініс дүнгендерге алғыза қоймады, бұл кезде Тарбағатайдағы дүнгендердің қосыны Алтайдан келген дүнгендермен молыққан болатын. Сондықтан өз күштеріне сенген Ка Сылиң мен Ыр Сылиң оңтүстік қақпаны бағытқа алады, ал қалғандары солтүстік қақпадан шабуылға өтті. Жамбылдың ішінде гоминдаңның Хилауский бастаған біртоп ақ орыстары бар болатын, олар арбаға жасырын тыққан бүктемелі автоматтарын алып, дүңгендердің алдын бастап кірген Ка Сылиң мен Ыр Сылиңді атып түсіреді де, олардың соңындағыларды қынадай қырады. Хилауский қырылған өліктерді аралап жүргенде сол өліктердің арасынан жаралы қалған біреуі Хилаускийді де атып өлтіреді.
Дүнген бүлікшілері Тарбағатайдың жеті ауданын түгелдей шауып, бұлап-талап ойына келгенін істейді, Тарбағатай қаласын басып алуда сәтсіздікке жолыққан дүнгендер уағдалары бойынша 11-ші айдың аяғында, Ши Худа бастарын қоспақ болып солай қарай бет алады. Жол-жөнекей халықтарды бұлап-талағанда бұларға ешкімде қарсылық көрсете алмаған.
Ши Хуға барысымен олар жергілікті диқандарды зарлатып астықтарын тартып алды, Іле мен Тарбағатайдан келгендер бірлесіп, Ши Худағы гоминдаң сары аяқтарымен бірнеше күн қатты соғысты, ақыры гоминдаң әскерлері жеңіліске ұшырап, Ши Худан қашып шықты. Ал қашып кеткен гоминдаң солдаттары жайлауларға шығып, ондағы малшылар мен диқандарға ауыр зиян келтірді, малдарын сойып жеп, астықтарын тартып алды. Ши Ху қаласындағы дүңген бүлікшілері кеткенше олар қарапайым халықтың мазасын қатты алып жіберді. Дүңген бүлікшілері Ши Худа да ұзақ тұра алмады, Үрімжі қаласын бетке алып аттылы, жаяулы шұбады.[8]
Дүнген көтерілісі тек 1932 жылдары ғана болған емес, 1850 жылы дүнгендер көтеріліс жасап, талай жерлерде бұлаңшылық істеп жазықсыз елді қырғындаған болатын. Біз мақаламыздың тақырыбына орай бұл жылдардағы көтеріліс туралы келесі мақалада тоқталатын боламыз.
Қорытындылай келе бұл зерттеулердің мақсаты, ҚХР-да ( Қытай Халық Республикасы) болып жатқан, оған дейін тарихта орын алған көтерілістердің мән жайын анықтап білу. Шығыс Түркістанды зерттеп жатқан қаншама ғалымдар бар, олардың жаңа әдебиеттері де жарық көруде. Мен үшін бұл тақырып өте тың. Сол себепті әлі де ізденістерді қажет етемін.
- Б.П. Гуревич. Международные отношения Центральной Азии в XVII-первой половине XIXв. М, «НАУКА» 1979, 4-бет.
- // Сhina Statistical yearbook 2005.
- Қахарман Қожамберді Уйгуры в ракурсе истории Алматы, 2001.
220-222 бб.
- // Көрші 2007, № 2, 23-27 бб.
- дүнгендер// іздеу жолы
http//ru. WIKIPEDIA.org
- «Шинжяң тарихи материалдары» Пекин 3-кітап, 19бет
- В.И. Петров Метежное сердце Азии М.: «Крафт +». 2003. 528-336 бб.
- Макен Баймоллаұлы. Тарбағатай арпалыстары Үрімжі. Шин Жяң жастар-өрендер баспасы. 2000 . 241-244бб.
Резюме
В статье с целью поиска новых подходов делается попытка переосмысления ряд переломных моментов в истории дунган и уйгурских народов Восточного Туркестана.
Summary
With the aim of discovering new approaches an attempt of reconsideration a number of turning points in the history of Dungan and Uighur people of East Turkestan is done in this issue.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718