Тарих ғылымының дағдарысын мойындау аса маңызды мәселелерінің бірі

Арынов Жумакан Маканұлы
Тарих ғылымдарының кандитаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

Отан тарихын кезеңдеуге бөлуде қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрін қорғау, ұлттық мемлекет тарихын алғашқы орынға қоятын көзқарас ұстанымдарын қалыптастыру болып табылады. Келмеске кеткен Кеңестік ғылымдағы маркстік– лениндік методологияның коммунистік идеологияның күйреуіне байланысты жарамсыз деп танылған соң, бұрынғы таптаурын болған идеологиялық көзқарастардан арылып, жаңа методологиялық ұстанымдарға бет бұру құбылысы белең алды.
Дегенменде тарих ғылымы дағдарысына Ресей тарихшылары да ұшырағандарын мойындайды. Мысалы, Ресей ғалымы А.П.Логунов «Ресейдің тарих ғылымын сипаттағанда «дағдарыс» сөзінің синонимін қолданады. «Аз ғана (шамамен он бес жылдай) уақыттың ішінде Ресей тарихнамасы үш маңызды үлкен өзгеріске ұшырағандығын аңғаруға болатынын айтады: 1) 1986 – 1987 жж.: Кеңес тарихнамасының негіздерінің өзін радикалды сынау басталады; 2) 1990 – 1991 жж.: Тарихшылардың басым бөлігі отандық тарих ғылымы терең дағдарыс жолына түсті деген шешімге келеді; 3) 1997 – 1998 жж.: Тарихшы мамандардың ойларында (теориялық негіздері мен методологиялық бағдары жоғалған дағдарыстар санатынандағы) дағдарыстан шығу және ресейлік тарих ғылымының жаңа сапаға ие болуы туралы тезистер айқын көріне бастайды» деген тұжырым жасайды.
Иә, көріп отырғанымыздай, тарих ғылымының дағдарысын мойындау мен тығырықтан шығудың жолын қарастыруда Ресей ғалымдары да маркстік-лениндік методологиялық дағдарыстан шығудың жолын іздегенін аңғаруға болады. Сондықтан да Отандық тарих ғылымында жаңа теориялық-методологиялық ұстанымдарды қалыптастыруда ғалым, тарихшылар өз пікірлерін білдіріп өз ойларын ортаға салды. Осы мәселеде өзгелерден гөрі ғалым Х.Әбжанов белсенділік танытып, ғылымның осындай күрделі түйткілдігіне қатысты өзекті проблеманы қозғай отырып мынадай көзқарас танытты: «…Шешілмеген басты мәселе неде деген сұраққа келсек, Қазақстан тарихындағы әлемдік заңдылықтар мен ұлттық төл ерекшеліктерді айырып, ашуға мүмкіндік беретін кешенді теориялық-методологиялық тұғырнама мен тұжырымды түзей алмағанымыз дер едім» – деп жеткізеді. Ғалым пікірінің орынды екендігі даусыз, өйткені соны теориялық тұғырнаманы қалыптастыру ғылымда жүріп жатқан үрдіс. Мұндай құбылыс әлі де жалғасын табуы тиіс. Себебі ғылымның негізі қысқа мерзімнің ішінде қалана салмайды, олай болуы да мүмкін емес. Сол негізді, яғни ғылымның өзегін қалыптастыру және жетілдіру әрбір зерттеушінің міндеті.
Сондықтанда тарихты зерттеуші мықты теоретик, методолог болуы үшін оған терең білім, жан-жақты, жоғары біліктілікті қажет етеді. Дегенменде осы мәселеге соңғы уақыттарда жіті назар аударылмай келеді. Мамандар даярлауда бірқатар маңызды мәселелермен алдыңғы жүйенің тәжірбелі жақтарын ескермей келеміз.
Осындай олқылықтар ғылыми зерттеулерден айқын көрініс тапты. Алайда біздің жоғарыдағы автордың ойымен келісе отырып, тарих ғылымның теориялық-методологиялық жағынан ғылымды зерттеуде көптеген қателіктерге жол берілгендігін аңғарамыз. Әсіресе, 1991-2005 жылдарда тарихи тақырыпта гуманитарлық саланың басқа да өкілдері: әдебиетшілер, өнертанушылар, экономистер, журналистер тарих мәселесіне оңды-солды қалам сілтеді. Біреулері асырып, біреулері жеткізбей жатты. Бұл сол уақыттағы тарих ғылымының дағдарысқа түскен уақытының бір көрінісі еді. Тығырыққа тірелген тарих ғылымы ұстағанның қолында кеткені бәрімізге белгілі.
Ия Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қалың көпшіліктің тарихқа деген сұранысына сай «балама» тарих жазушылар көбейе бастады. Олардың көпшілігі кәсіби даярлығы жоқтығынан өткен тарихты толығынан бұрмалаған еді. Мысалы: техника ғылымдарының кандидаты Қ.Данияровтың «История Отечества», «История Казахского государства», «Қазақстанның балама тарихы» атты еңбектеріне назар аударсақ. Шыңғыс ханның шыққан тегі, Қазақ мемлекеті мен Қазақ жүздерінің пайда болуы, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер және т.б. жөніндегі өзіндік тұжырымдары ешқандай сын көтермейді. Сонымен қатар Семей облысының атом полигонның пайда болу тарихы жөнінде Семей облысының Абай ауданы территориясында Шыңғыс ханның ордасы болған… Онда Шыңғыс ханның өзі шыққан қият руының бір тармағы мекендеген… Сталин мен Берия осы жерде Шыңғыс ханның тұқымдары (Қияаттардың қазіргі тармағы тобықтылар) тығыз орналасқанын білген соң, сол жерді атом полигонына алған жоқ па деген ой келеді». Көріп отырғанымыздай тарихты бұрмалау өрескел қателіктерге бойалдырған.
Осындай олқылықтардың бірне белгілі ғалым М.Қойгелдиев «Ақиқат қоғамға пайдалы болса, тарихшының үнсіз қалуы айып» атты мақаласында «Инженер– механик бауырымыз Ш.Қуанғанов «Ғұн немесе арғұн тарихы туралы» (1997) атты еңбегін қарастыра отып «Шығыстағы Тынық мұхитының жанындағы Арғұн, Өрғұн (Орхон) өзендерінен бастап батыстағы Атлант мұхитының қасындағы Араган өзені мен Арагон жазығы, Аргон қыраты мен Аргон тоғайына дейінгі екі аралықтағы кеңістіктен «арғын» этнониміне жақын, ұқсас жер — су аттарын теріп, сондай — ақ оларға сүйене отырып, халқымыздың тарихына қатысты үзілді — кесілді тұжырымдар жасайды. Әрине, семантикалық талдау тарихи зерттеулерде қолданылатын әдістердің бірі екені рас. Дегенмен …Егер біз түрлі континенттердегі жер, су атауларынан қазақ құрамына енген ру, тайпа аттары арасындағы ұқсастықты қуар болсақ, онда тым алысқа кетеріміз хақ. Онда, мәселен, немістерді «найманнан», конголықтарды «қоңқадан», боржығындарды «бөрі жегеннен», американдықтарды «һәммә еркіндерден» тарады деген қорытындыға да барып қалуымыз ықтимал»-деген еді.
Олай болса автордың өзіне назар аударсақ, «Қ.Данияровтың «История гуннов» (А., 2002) атты еңбегінен де кездестіреміз: «В современном казахском языке слово «Құн» обозночает «стоимость». Слова «құн» широко используется в официальных документах, законах, научной литературе, как– то: құн заңы – «закон стоимости», теңгенің құны– «курс тенге», қосымша құн заңы– «закон прибавочной стоймости». Автор «ғұн» этнонимінің шығу тегін осылайша қысқа негіздей келіп, мынадай қорытынды жасайды: «Таким образом, бесспорным является то, что слова Хунн, Кунн, Гунн являются казахскими (тюркскими) названиями одного и того же народа». Ия автор қандай деректерге сүйеніп жазғандары белгісіз.
Осыған ұқсас тағы бірі 2001 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Тарихи шындық неге бұрмаланады? — деген атпен жарық көрген мақалаға назар аударайық. «Жуықта ғана «Сорос жүлдегері — 2000» деген айдармен Н.Э.Масанов, Ж.Б.Абылхожин, И.В.Ерофеева, А.Н.Алексеенко, Г.С.Баратова жазған «Қазақстан тарихы: халықтары және мәдениеті» («История Казахстана: народы и культуры») атты оқулық жарық көрді. Әрбір жаңа туындыға жығыла мән беретін зиялы қауым аталмыш еңбекпен таныса бастады. «Тарихшы ретінде институттық әріптестерімнің еңбегін мен де оқып шықтым» — деп белгілі ғалым З.Қинаятұлы өз ойын былай білдіреді. Автор “Кітаптың алғы сөзіне қарағанда, “Сорос” қоры олардан “қазақ тарихын оқыту жүйесін жөнге салып беруін” сұраған көрінеді. Авторлар “Сорос-Қазақстан” қоры тапсырмасын орындап шыққаны үшін жүлде алған болар. Бірақ, Қазақстанның зиялы қауымының сұранысын орындай алмаған. Себебі еңбек біріншіден, зерттеу дейін десең, шынайы зерттеу емес, өйткені айтқан пікір, жасаған түйіндерінде жеткілікті дәлел жоқ, оқулық дейін десең, ол аспектіге де сай емес…
Екіншіден, еңбектің аты мен мағынасы сай емес. Авторлар еңбегін «Қазақстан тарихы: халықтар және мәдениеті» деп айта тұрып, қазақ ұлтының мәдениетіне жеткілікті мән бермегені былай тұрсын, бұл халықты жай бір ат үстіндегі пенделер … тұрғысынан көрсеткен» – деп қорытынды жасаған. Автор «мен тарихшы ретінде Қазақстан тарихына байланысты қалыптасып отырған, бірі — көне түркі дүниесіне қатысы бардың барлығын (мысалы, Моде, Атилла, Шыңғысханды қазақ екен — мыс дегенге дейін баратын) қазақ” деп қараушылықпен, бірі — қазақтың өзінде барын жоққа шығару арқылы қазақ деген ұлтты кемсітіп көрсеткісі келетін екі түрлі алыпқаштылықтың қай– қайсысымен де келісе алмаймын» – деп ой қорытады.
“Тарихты тани білу оңай жол емес. Тарихи деректерді оның әлемде қалыптасқан сыр қазанының қиылысында жан – жақты мұқият қарағанда ғана шындықтың бетін ашуға мүмкіндік бар. Қазақ тарихы үшін ондай сыр қазаны бесеу. Олар: қытайлық, араб– парсылық, еуропалық, русь – славяндық, түркілік және өзіндік қазақстандық үлгі… Меніңше, біздің тарихшылардың бір жақты алып-қашпалыққа баруға бейімдігінің бір сыры жоғарыдағы үлгілердің қайсыбірінің жетегінде кете беретіндігінде ме деймін. Масановтар да осынау методологиялық шалыс басудан қалыс қалмапты…». Біздің ойымызша, этнограф Н.Масанов түрік әлемі жайлы шығыс жазылымдары былай тұрсын, орыс тарихы ғұламаларының бұл туралы аса бай еңбектерімен де таныс емес сияқты. Оған автордың: «Түркі атауы орыс және басқадай тілдерге ХХ ғасырдың 20– 30 жылдары келіп жетті», (34– бет) деген тұжырымы дәлел бола алады». Ия жоғарыдағы қателік пікірлерді ендігі жерде тарихшылар қауымы болып болдырмаудың жолын қарастыруымыз керек. Қорыта айтар болсақ, жоғарыдағы авторлардың методологиялық қателіктері:
Біріншіден, Ұлттық қасиетті бойларына сіңдіре алмауы.
Екіншіден, Көне монғол тілінен мүлде хабарсыз.
Үшіншіден, Өздері сүйеніп жазған орыс ғалымдарының деректік тобы сын көтермейді.
Төртіншіден, Тарих ғылымын шатастыруға бой алдырған.
Бесіншіден, Араларында техника ғылымдарының маманы болғандықтан, қазақ тарихынан бейхабарсыз екендігін көрсетіп отыр. Бұл айтылған тұжырымдар мен қателік пікірлер сол кездегі қоғамдағы тарих ғылымының методологиялық– теориялық жағынан зерттеу мәселелерін білмеуінің көрінісі еді.
Дегенменде, тарих ғылымының мұндай методологиялық жағдайға түсуін Ресей ғалымы В.П.Даниловта растай түседі. Ол Ресейдегі ғылыми-тарихилық ілімнің 1980 жылдардың соңы – 1990 жылдардағы жағдайын былай сипаттайды: «Кеңестік қоғамдық сананың, бүкіл саяси, идеологиялық және ғылыми түсініктің ыдырауының салдары жаңа саяси күштердің пейілі мен әрекеттерін ақтап, оны дәлелдеуге негіз болатын тарихи мифтерді ойлап шығарушылық болды. Ғылыми тарихнама тапжылмай шетке ығыстырылып, құлдырау жағдайына түсті. Бұның сыртқы көрінісі ретінде сол кездегі ғылыми басылымдардың қысқарып, тіпті шықпай қалғанын білеміз» деген еді.
Сондықтан да автордың ойымен келісе отырып, тарих ғылымының сол кезеңдегі негізгі мәселелелерінің бірі-нақты методологиялық тұғырнаманың болмағандығын аңғаруға болады. Сонымен қатар жекелеген оқулықтардың авторларының еңбектеріне назар аударсақ. Авторлар А.Күзембайұлы, Е.Әбіл «История Республики Казахстан». Учебник для ВУЗ-ов (6– ое изд. Перераб. И доп.). Астана «Фолиант», 2003; Г. Кан «История Казахстан». Учебное пособие. Алматы, «Аркаим», 2002; Ч. Мусин. «Қазақстан тарихы». Оқулық. 2– басылым. Алматы, 2003.; А.К.Соколов Курс советской истории. Учеб. Пособие для вузов. М.: Высшая школа, 1999. атты бұл еңбегінде «Кеңестер Одағының құрылуын жоғарыдағы большевиктік басшылықпен шешілмегендігін, төменнен басталғандығын оған терең тарихи, экономикалық, саяси және мәдени негіздері бар обьективті алғы шарттарының болғандығын көрсетеді.
Сондай-ақ Новейшая история Отечества. ХХ век: Учебник для студентов вузов: В 2 т.– Т. 1 / Под ред. А.Ф Киселева, Э.М.Щагина. М.: Гуманит. Изд. Центр ВЛАДОС, 1998. атты оқулықтың I томында «большевиктердің Орта Азияда Кеңес өкіметін орнатуда басмашылар қарсылығына тап болғандығын, басмашылардың большевиктердің қателігін пайдаланғандығын, Орталық Комитеттің жауапты хатшысы Г.Сафаровтың жергілікті «түземдік» тұрғындардың қолдауына ие болу үшін қырғыз даласында жер-су реформасын жүзеге асыруда қателіктер жібергенін аңғаруға болады. II томында Алматыда 17– 19 желтоқсанда Қазақстан Коммунистік партиясы ОК– нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Колбинмен алмастырылуына байланысты мыңдаған жас қазақтардың тәртіп бұзып, бас бұзарлыққа барып, 2 орыс жасақшысын өлтіргендігін, мыңнан астам адамдардың денсаулық сақтау мекемелерінің көмегіне жүгінгендігін, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін алғаш әскери күшті пайдаланғандығын сол бұрынғы қалыптасқан ескі сарында баяндайды. Даярланған оқулықтарда Қазақстан тарихына қатысты олқылықтарды кездестіруге болады. Бірақ бұл еңбектердің казіргі күні білім жүйесіндегі студент жастарға арнайы жазылған оқулық емес екендігін аңғаруға болады.
Осындай кітаптардың бірегейі С.Г.Шеретовтің еңбегі. Автор, белгілі ғалым Қ.Атабаевтың «Тарихымыз қашанғы бұрмаланбақ?» атты мақаласына назар аударсақ. «Шеретовтың түбі шикі кітабы» ат пен Қазақстан тарихын, демек бірінші кезекте қазақ халқының тарихын өрескел бұрмаланған тағы бір кітап дүниеге келіп, студенттер арасында таратылып, кітап дүкендерінде сатыла бастады. Кітап «Новейшая история Казахстан (1985– 2002г.г.)». Яғни кітап қазақ халқының тарихи тағдыры — Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихына арналған. Авторы С.Г.Шеретов. Алматыдағы «Юрист» баспасынан, 2003 жылы шыққан. Көлемі 15, 06 баспа табақ. Таралым 10 000 дана. Кітап жоғарғы оқу орындарының туденттеріне, аспиранттарға, оқушыларға, басқа да еліміздің тарихымен танысқысы келетіндерге арналған.
Кітапты оқу құралы ретінде баспаға ұсынған Қазақстан-Ресей университетінің ғылыми-методикалық Кеңесі. Рецензенттері: Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Б.Абылхожин және Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Г.В.Кан. Автор: «Ерекше көңіл аударатын нәрсе, ол кітаптың кіріспесінде: «Оқушыларға ұсынылып отырған оқу құралы, автордың Қазақстан ЖОО соңғы он бес жыл бойы оқыған акедемиялық лекциялары курсының негізінде жазылған»-деп айтылуы. Өйткені, бұл жолдар кітап авторларының ЖОО оқытушысы екендігін білдірсе, кітап мазмұны оның өз студенттерін қалай оқытып жүргендігін көрсетеді. Сондықтанда Халқымыздың басынан өткізген тарихынан мағлұмат беретін тарихи еңбектерге, әсіресе, оқушы жастарға арналған оқулықтар мен оқу құралдарына қойылатын талаптар ерекше болуы тиіс еді.
Жастарды оқыту, оларға әр түрлі дәрежеде білім беру мемлекеттік іс. Сондықтан ол, Елбасының осы саладағы саясатына сай жүргізілуі. Осыған байланысты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсыруымен арнайы құрылған, …тарих мамандықтары бойынша комиссия құрамы профессор Ж.Қ.Таймағамбетов С.Г.Шеретовтың оқу құралы туралы былай дейді: «Оқу құралы бұл талаптарға сай келмейді, автор біздің Республикамыздың мемлекеттік-құқықтық даму тарихын ашық масқаралау мәнерінде баяндаған. Оқу құралы біздің Конституциямызды, заңдарымызды, құқықтық жүйемізді және жалпы мемлекеттік құрылысымызды сыйламаушылыққа, оларға нигилистік көзқарас қалыптастыруға бағытталған»-деп қорытынды жасаған.
Осы орайда ғалым Х.Әбжановтың мына пікірі ғылымда мамандар даярлауда орын алған жағдайды дөп басып көрсетеді. «…Бізде күні бүгінге дейін тарих ғылымының теориясы және методологиясы деген мамандық қарастырылмаған. Сондықтан диссертациялық зерттеулер де осынау мәселеге арнала бермейді. Бұдан былай да Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің рұқсатымен 07.00.01 шифрын тарих ғылымының теориясы және методологиясы мамандығына арнайы бөлуге қол жеткізсек, көп шаруаның басын қайырар едік. Тәуелсіздік тұсындағы төл тарихымыздың ең осал да ұтылған жері теориялық-методологиялық негіздерінің ұлттық нұсқада дәйектелмегені дегім келеді». Әрине, бұл құптарлық пікір. Тығырықтан жол іздеген ғалымдарымыз бүгінгі күні Қазақ тарихы ғылымына реформа жасау керектігін алға тартады.
Белгілі ғалым Х.Әбжанов: «тарих ғылымында реформа жасаудың біраз жолдары профессор Қ.Атабаевтың мақаласында көрсетілген екен. Толық қосыламын, әрі қолдаймын»-, дейді. Аталмыш реформаға байланысты, ғалым Қ.Атабаев жаңа методологиялық ұстанымды заман ағымына байланысты ұсынады. «Реформа жасалмай, отандық тарих оңалмайды» атты мақаласында автор «Ойымызды түйіндесек, еліміздегі тарих ғылымын реформалау арқылы қайта құрудың обьективті алғы шарттары бізде толық пісіп жетілді. Олар: еліміздің тәуелсіздік алуы, ұлттық сананың оянуы, ұлттың өзін – өзі тануға деген ұмтылысы, шынайы тарихқа деген ұлттық сұранысының артуы. Міне, дәл осы ұлттық сұранысқа сай шынайы тарихты жазудың қажеттілігі күннен – күнге арта түсуде. Алайда, бұл қажеттілік обьективті үрдіс ретінде дами бермек. Осы және басқа да обьективті факторлардың негізі кеңестік кезеңде қалыптасқан Қазақстанның тарих ғылымын ерте ме кеш пе, қайта құруға алып келері заңдылық. Ал оның бірден-бір жолы – реформалау. Олай болса, реформалау арқылы отандық тарих ғылымын қайта құрудың теориялық-методологиялық негіздеріне осы бастан талдау жасап, жолдарын бірігіп іздестіруіміз керек. Ол мұндай үлкен істе болмай қоймайтын қателіктерді азайтып, дұрыс жол таба білуге көмектесері анық». Автор сонымен қатар «Кез келген ғылыми – танымдық процесс негізгі үш компоненттен тұрады, — дейді. Олар: таным обьектісі, таным субьекті және таным методы. Ғылыми зерттеу жұмысында бұл үш компонент те шешуші рөл атқарады.
Өкінішке орай, біздегі ресми тарих ғылымында бұл үш компоненттің үшеуі де айқын емес. Олардың тарих ғылымында алатын орындары да, маңыздары да бүгінгіге дейін толық анықталған жоқ. Ал, оларды анықтап алмай, Қазақстанның тарих ғылымының дұрыс бағытта дамып, қажетті нәтиже беруі мүмкін емес. Демек қазіргі отандық тарих ғылымының теориялық– методологиялық проблемалары да, оның келешекте қай бағытта дамып, қандай нәтиже берері де, негізінен, осы компонентердің тарих ғылымындағы орны мен маңызын жете түсініп, дәл анықтай білуімен тікелей байланысты». Автор, біздің ойымызша, Қазақстанның тарих ғылымының ұлттық деңгейдегі басты зерттеу обьектісі қазіргідей Қазақстан тарихы немесе Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) емес, Қазақ тарихы болуы тиіс. Бұл жай ғана терминдердің ауысуы емес. Бұл Қазақстанның тарих ғылымының бағыт – бағдарын түбегейлі өзгерту деген сөз. Кез келген ғылымның «пісмілләсі» өзінің нақты ұғымдары мен терминдерін анықтаудан басталатындығын ескерсек, онда бұл екеуінің екі басқа ұғымдар екендігін мойындауымыз керек.
Әрине автордың пайымдауларымен келісуге болады, айтылған ойлары орынды. Кеңестік тарихнамада Қазақстанның тарих ғылымының зерттеу обьектісін Қазақ ССР тарихы деп анықтап бергені рас. Ал Қазақстан Республикасының тарихы сол кеңестік тарихнама дәстүрінің логикалық жалғасы екендігін естен шығармауымыз керек. Біздің ойымызша, тарих ғылымын «Қазақ тарихы» деп алғанымыз жөн сияқты.
Өзгелерге еліктеп тарихымыздың қандай бағыт ұстануын методологиялық-теориялық тұрғыда әлі күнге дейін анықтай алмай отырғанымыз жасырын емес. Оған бір ғана мектеп оқулықтары дәлел бола алады. Диссертациялардың мазмұнындағы ала-құлалық та теориялық- методологиялық негіздерінің бір жүйеге түсіріліп, ғылыми қауымның сүзгісінен өткізілмегендігін байқатады. Осы тұста Отандық тарих ғылымы дағдарыста деп байбалам салып жүргендердің тұжырымы ақиқатты нұсқайды.
Дегенменде ғылымның теориялық-методологиялық тұғырын берік орнатып, жетілдірілмей оны дамыту қисынсыз екендігін мойындауға мәжбүр боламыз. Отан тарихын зерттеу мәселелерінің соны тұстары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасынан көрініс тапты. Осы бағдарламаның аясында зерттеуге тиіс проблемалар аталды. Өз кезегінде Елбасы бағдарламада көрсетілген міндеттердің орындалуына байланысты ғылымның жеткен жетістіктерімен қатар кемшіліктерін де атады. «Баршаға белгілі ақиқат – кешегі кеңес заманында ұзақ жылдар бойы Қазақстан тарихына байланысты ғылыми зерттеулерімізде ата тарихымыздың ақиқаты бүркемеленіп, қызыл идеологияның ыңғайында жазылып келді. Алайда тілдегі, әдебиеттегі, ғылымдағы шектеуліктердің бәрі алынып, еркін ойлау мен шындықты жазуға мол мүмкіндіктердің берілгендігіне қарамастан, тарихшыларымыз сол ата тарихтың «ақтаңдақтарын» ашуға келгенде әлі күнге дейін шабандық танытып отыр» дегені осының дәлелі.
Қорыта келгенде ғылымның дамуынан орын алып келе жатқан олқылықтардың әлі де болса толық зерттеліп, жүйелі әрі дәйекті тұжырымдар ескерілмей келеді. Ежелгі дәуірден ХХ ғасырдың соңғы кезеңіне дейінгі тарихтың дәуірлері мен заман, кезеңдері анықталғанымен, ортақ пікірлермен тарихшылар қауымы жоқ. Ал тарихты кезеңдерге бөлуде бірқатар пікірлер, ұсыныстар айтылғанымен ортақ тұжырым орын алмай келеді. Дегенмен өткен тарихымызды зерделемей кезеңдерге бөлмей оны зерттеу мүмкін еместігіне әрдайым көз жеткізіп келеміз. Сондықтан да осындай шешімін табуға тиіс мәселеге қатысты орын алған мәселелермен көзқарастарды көрсетіп, өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *