«Мен таңдаған өмір»

2021 жылдың қаңтар айынан бастап №2 Теректі орта мектебінің оқушыларымен «Мен таңдаған өмір» тақырыбында арнайы психологиялық сабақтар ұйымдастырылды.

Сабақты өткізу мақсаты: оқушылар тарапынан болуы мүмкін бұзақылық әрекетттерді, өз-өзіне зиян келтіруді алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, үлкен сыныптар үшін ерте жүктілік, құқық бұзу фактілерінің алдын алу, психологиялық кеңес беру, сұхбаттасу.
Сабақты ұйымдастырып, өткізген: психолог Дүйсенбекова Шынар Заманбекқызы.

Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін керемет сый, баға жетпес құндылық және де кей жағдайларда ерекше мүкіндік.
Біз, мектеп психологтарының оқушылармен, мектеп мұғалімдерімен бірге атқаратын жұмысындағы шешуі мен маңызы зор тақырыптардың бірі. Қазір XXI ғасыр – технологияның дамып, белсенді қолданылып, адам өмірінің маңызды бір бөлігіне айналған заманы. Бұның бір жағынан жағымды әсері болса, екінші жағынан зияны мол. Әлі де саналары толық қалыптаспаған, ненің жақсы-жаманын айырмайтын жас балалар сан түрлі гаджеттердің кесірінен бос уақытын тиімді пайдаланудан қалып, оқу белсенділіктері төмендейді. Балалар интернет желісінде көретін тұлғаларына қызығушылығы артып, олардың істеп жатқан ессіз қылықтарын қайталап, өздеріне зиян келтіруге, үйден қашып, тіпті ата-аналарын сыйлап, тыңдаудан қалды. Егер де отбасында балаға онша көп көңіл бөлінбесе, баланың интернетке тәуелді болу қауіпі жоғарылайды. Өйткені, бала ата-ана тарапынан бақылаудың болмайтынын біліп, өз бетімен кетіп, теріс әрекеттер жасап, тиым салынған сайттарға кіріп, интернетке деген тәуелділігі артады. Ал интернетке тәуелділік тез арада анықталып, қолға алынбаса, оны жеңу қиынға соғады. Санасы керексіз ақпараттармен уланған бала, өз жолынан адасып, басқаның арбауына тез түсіп қалуы мүмкін. Сол себептен де қазіргі психолог мамандардың жұмысы көбейіп, атқаратын міндеттері еселенді. Баланың өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болуы мүмкін негіздер саны өлшеусіз. Бірақ бала тәрбиесіндегі болуы мүмкін барлық жағымсыз жағдаяттардың барлығын алдын-алудың нақты жолдары бар. Олар: отбасы, ата-ана мейірімі, достарының қолдауы, жақындарының түсінуі, мектеп психологының және мұғалімдердің бірлесе жұмыс атқаруы. Бұрындары өмірде болған оқиғаларға мән беретін болсақ, отбасында мейірім көріп, ата-ананың жылуын сезіне өскен бала, күн шапағы сияқты болашақта басқаларға да өз нұрын таратып, айналасына сәуле шашады. Әдетте ондай балалар ақжарқын, кез келген ортада еркін сөйлеп, ортаға тез кіріп кете алатын, білім мен қатар өнерге де белсенділіктері жоғары тұлғалар болып қалыптасып жатады.
Өмір – күрес. Әр балаға кез – келген қиындықтың уақытша екендігін түсіндіріп, ешқашан мұңаймай, көңіліңді түсірмей, қатарынан қалмай, сөйлейтін жерде үндемей қалмай, өз пікірін ашық жеткізе алатын, арман-мақсаттарына адаспай жетулеріне бағыт-бағдар, кеңес берілуі керек. Мектеп психологының жұмысында негізінен бір тақырыпты қозғасақ, қалған тақырыптар өздігінен қосылып жатады. Мектептегі психологтың жұмысы аса үлкен жауапкершілікті талап ететін қиын қызмет болғанымен, балалармен жұмыс істеген өте қызықты, жан-жақты тәжрибеге толы керемет процес.
Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы №2 Теректі орта мектебінің оқушыларымен бірқатар жұмыстар атқарылды. 7-11 сынып оқушыларынан “Мен таңдаған өмір” тақырыбында эссе жұмысы алынды, “Өмір жолы” тақырыбында арнайы баяндама оқылды.
Сол эсселердің бірнешеуін ұсынсақ:
Жұмақан Айсымбат, 8 сынып оқушысы: Өмір не үшін беріледі? Өмір несімен қызықты? Әрине, өмір өмірді сүру үшін беріледі ғой. Өмір отбасыңмен, жақындарыңмен өткізген сәттерімен қызықты. Алайда, кей адамдар өкінішке орай мұны түсінбей жатады. Оларды байлық, дүние қызықтырады. Ал байлық деген не? Ол келімді, кетімді дүние. Ал өмір тек бір –ақ рет беріледі. Алдыға мақсат ойып, сол мақсатқа жетуде қадамдар жасап, қуанышыңмен жақындарыңмен бөліскенге не жетсін! Ал өз басыма келетін болсам, мен өмірді құр босқа өткізгім келмейді. Маған өмірімнің әр секунты, минуты, сағаты қызықты да, мәнді, әрі қымбат. Себебі сен ертең барсың ба, жоқсың ба оны ешкім білмейді. Менің болашағым әлі алда, сондықтан қателік жібермеуім керек. Уақыт жылдам өтіп жатыр, оны тоқтату мүмкін емес. Алланың әр күніне, қолымда барға шүкіршілікпен қараймын.
Дауенов Мадияр, 8 сынып оқушысы: Мен болашақта үлкен футболист болғым келеді. Алдыға қойған мақсатым өте көп, армандарымның санында шек жоқ. Менің арманым орындалу үшін көп жаттығып, жақсы оқуым керек.
Секенова Мадина, 8 сынып оқушысы: Мен ең бірінші, өзімнің арман еткен мақсатыма жеткім келеді. Алтын ұя мектебімді “Алтын белгіге” аяқтап, ҰБТ-дан жоғарғы балл жинағым келеді. Одан әрі оқуымды қызыл дипломға аяқтап, өзім армандағдай мамандық иесі болғым келеді. Жетім балалар мен қарттар үйіндегі қарт адамдарымызға өзімнің қолымнан келгенше көмегімді тигізіп, жәрдемдесіп тұрғым келеді.
Темірлан, 8 сынып оқушысы: Мен өскенде әскери адам боламын. Өз елімді, шекарамызды жаудан қорғаймын. Менің әскери қызметті таңдаудағы басты мақсатым – өз елімді қорғау және жалынды жастарға, сарбаздарды тәрбиелеп шығару. Кей адамдар әскерге барғылары келмей жатады, кейбірінің денсаулығы келмейді. Өз басым өз еліңнің басына күн туғанда қашып, тығылып жатандарды жөн көрмеймін. Әскери адам күшті, сонымен қатар өте ақылды болуы керек. Қазақстан көп ұлтты, ынтымақты мемлекет, сол себептен біз басқаларды кемсітіп, шеттетпеуіміз керек. Бәріміз тату-тәтті болып, бірлікте өмір сүруіміз керек.

 

Даярлықтың оқушыларына арнайы психологиялық ойын, “Менің отбасым” тақырыбында әңгімелесу жұмыстары ұйымдастырылып, сергіту жаттығулары өткізілді. Арнайы тапсырмалар берілді.

1-4 сынып оқушыларынан “Менің отбасым”, “Менің мектебім”, “Автопортрет”, “Қызықты мезгілдер” атты әдістемелер алынып, “Өмір” тақырыбында арнайы баяндама оқылып, “Салауатты өмір салты” тақырыбы жайында әр қайсына жеке тапсырмалар берілді.

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *