Абайдың әдеби мұрасы – жас ұрпаққа өнеге

Абайдың әдеби мұрасы – жас ұрпаққа өнеге

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе!
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге
С. Торайғыров

Абай Құнанбайұлы бар асыл ойын өз халқына, келер ұрпағына арнады. Ұлы ойшыл өз халқының педагогикалық ой-парасатын, ақылын, жүрек қылынан өткізіп келе, өзіне дейінгі әлем ойшылдарының еңбектерімен таныса отырып, келешек ұрпаққа ғибрат боларлық ой өрбітеді. Көреген ақынның педагогикалық-психологиялық пікірлеріне ой жүгіртіп, астарына терең үңілсек, оның бүгінгі заман талап-тілектерімен жан-жақты астасып жатқанын байқаймын. Абай ең алдымен жастардың алдында тұрған басты міндет-ғылым, білім үйрену жолы екенін атап көрсетеді.
Ақынның шығармалары мен қарасөздері педагогикалық ой-пікірге, тәлім-тәрбиеге, даналыққа толы. Оның әрбір өлеңі балаға жан-жақты тәрбие беруді ойластырады. «Ғылым таппай мақтанба», «Сабырсыз, арсыз еріншек», «Әсемпаз болма әрнеге», «Бойы бұлғаң» өлеңдері балаларды ғылым-білім үйенуге шақырып, адам бойында кездесетін жақсы, жаман қасиеттердің жігін түсінуге жетелейді. Адамның өсіп жетілуіндегі тәрбиесіне де ерекше мән берген ақын. Оның дәлелі: «адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап татып – естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады.Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» деген даналық ойы, яғни адам ақыл-ойының, есінің тәрбие арқылы ғана жетілетінін ғылыми түрде дәлелдеп, адам бойындағы қазынаны үлкен, әрбір жігерлі жастың талпынатыны ғылым болу керектігін ашып айтты. ”Дүниенің кілті өнер мен ғылымда тұр. Соны мақсат қылып ғылым табу керек өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз оқыған намаз тұтқан ораза қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды дейді оныншы қара сөзінде”. “Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” дей келе ақын. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз ғылым сол үшеуінің тілін білмек, – деп ғылымды аса жоғары бағалайды. Білім, ғылым үйренбекке талап қылушыларға: Адам көңілі мейірленсе білім ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Ғылымды үйренгенде ақиқатты мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Басқасына бола үйренбе…” – деп ескерту жасайды. (32 қара сөз). Абай адам бойындағы мінез-құлық, ақыл-парасат, білім-ғылымды бір-бірімен тығыз байланыстырады. “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, німез, деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де ақымақтық”,-деген қорытынды жасайды.(18 қара сөз). Бұл Абайдың айтып отырған педагогикалық ой толғамдары, келер ұрпаққа беріп отырған кеңесі болатын. Абай жастардың адам болу үшін жаман қылықтардан аулақ болуын қалайды.“Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп мал ізде”- деп ақыл береді.Ұлы ойшыл өзінің өмірден көрген білгенін, түйгенін екшей келіп”Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрседен асық бол,
Адам болам десеңіз ” , – деп санап шығады:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ-
Бес дұшпаның білсеңіз
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым, ойлап қой-
Бес асыл іс, көнсеңіз…
Сөйтіп, Абай бес асыл іс пен бес дұшпанның ара жігін ажыратып, келешек ұрпағына тағылымы мол өсиет қалдырды. Абайдың ойынша тәрбиеге көнбейтін, тәртіпке бағынбайтын, түзелмейтін адам болмайды. “Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам адам мінезін түзеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім”,-дейді.(37 қара сөз). Абай Құнанбаевтың жастарға үлгі етіп ұсынған адал еңбек, ар-ождан, ғылым-білім, қанағат-инабат, әділет-шапағат, шынайы достық қай дәуірде болсын көнермейтін, адамды қиыншылық атаулыдан аман-есен алып шығатын тіршіліктің тұтқасы, жастарды алға жетелер жарық жұлдыз нысанасы екені даусыз. Ұлы ақылгөйдің терең толғаныстарынан туған ғибратты ақыл-кеңестері ұрпақ тәрбиесінде өз құнын мәңгі жоймайды.
Пайданы көрсең ,бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Азапқа қалма езбеден,- деп, жастарға насихат айтады. Оларға күншілдіктен аулақ жүріп, бос мақтанға салынбау керектігін ұқтырады, пайданы ойлап ардан безу адамдықты аздыратын қылық екенін. Толық адам болғысы келген әрбір жастың алдына мақсат қойып, соған жету үшін талпынуы, ізденуі, ерінбей еңбек ету керектігін ескертеді. « Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасыңа бір, не болмаса айына бір өзіңнен өзің есеп ал»-дейді. Ұлы ғұлама надандықты, еріншектікті, зұлымдықты «күллі адам баласын қор қылатын кеселдер» деп есептейді. (38-ші қара сөзінде )
3-ші қара сөзінде еріншек, жалқауға мынадай сипаттама береді: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз қорқақ мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір арсыз жалқаудан тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. «Залымдық- адам баласының дұшпаны»- дейді Абай. Алдау, арбау, қулық, екіжүзділік, жалақорлық, күншілдік мінездерді залымдық деп қатаң сынайды. Данышпан ақын жастардың осындай адам баласын қор қылатын, адамдықтың дұшпаны болып табылатын кеселдерден аулақ болуын көксейді.Әрбір саналы жастың пайдалы іспен айналысып, өнер үйренуін талап етеді. 33-ші қара сөзінде «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерші -қазақтың әулиесі» – дейді.
Жұмысы жоқтық,
Тамағы тоқтық,
Аздырар адам баласын,-дей отырып еңбекті сүймеушілік, жұмыссыздық адамды теріс жолдарға түсіріп бұзатындығын дәлелдейді. Қазіргі уақытта да жұмыссыз сандалып, жеңіл жүрісті кәсіп еткен жастардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Абай адал еңбекті адамның барлық рахатының көзі санайды.«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»- дей келе еңбекті сүйген адамның жан қасиеті ізгі болатындығын дәлелдейді.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өн¬е𬬬¬¬¬паз болсаң арқалан,
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, – деп жас ұрпақтың белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен нан табуын уағыздайды. Ол үшін қайырымдылық пен адалдық, қайрат пен ақыл керек екенін тағы ескертеді. Адам баласын өнерге, білімге, биік адамгершілік қасиеттерге баулиды. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде “адам болам” деген жастарға бес зиянды нәрседен аулақ болып, бес асыл қасиетті бойыңа дарытпасаң, ғылымнан еш пайда жоғын өсиет етеді.
Мектепте оқу-тәрбие үрдісінде Абай мұрасын қолдану өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-парасаты биік болуына, мінез-құлқы, іс-әрекетіне ықпалы зор екені даусыз. Абайдың педагогикалық көзқарасындағы бас¬ты нысаны «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп жас буынды елдің, халықтың қамын ойлайтын, адал қызмет ететін ұрпақ болуға шақырады.
Міне, Абайдың осындай да¬налыққа толы туындыларын оқушыларға оқыту нәтижесінде оқушылардың бойында рухани-адам¬гершілік қасиеттерді да¬рытуға болады.
Бүгінгі таңда «Мәңгілік ел» идея¬сы негізінде жас ұрпақты рухани жаңғыру аясында тәрбиелеуде Абай шығармаларын жан-жақты оқытудың маңыздылығы мен тиімділігі өте зор. Абай – мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат Абай қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *