«Салтым-санам, дәстүрім-дәулетім».
Қарағанды қаласындағы
«№25 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
8 сынып оқушысы: Шевякова Анастасия Викторовна
Жетекшісі: Акишева Гульмира Сериковна
Қазақ тілі және әдебиет мұғалімі
Жобаның тақырыбы: «Салтым-санам, дәстүрім-дәулетім».
Жобаның мақсаты: Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің басқа ұлттардың салт-дәстүрінен қандай ерекшелігімен ерекшеленетінін және түрлерімен танысу.
Міндеттері:
- Оқушыларды салт – дәстүрді құрметтеуге, сақтауға, қонақжайлылыққа, әдептілікке тәрбиелеу.
- Қазақ халқының салт-дәстүрін одан әрі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге үйрету, сана –сезімдеріне ұялату.
Жұмыстың нәтижесі мен қорытындысы:
Салт-дәстүрімізге деген көзқарасымыз бен сезімімізді жоғалтып алмай, ата-бабадан қалған асыл мұраны жаңғырту да, жаңарту да, өмірімізде пайдалана білу де өз қолымызда екендігіне көз жеткіздім.
Аннотация
Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Мысалы: наурыз көже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік ата салтымыз болып саналады. Қазақтың өмір салты, өнер салты-тарихи мәдени мұра. Дәстүр-мәдениеттілік белгісі. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, құрдастық қалжың, сәлем беру, ат тергеу т.б дәстүрге жатады. Бір таңқаларлық жай қазақ халқы салт пен дәстүрге өте бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тиым, дағды, ым бәрі де осы салт-дәстүр мұхитының салалары мен тармақ тамшылары болып саналады. Мысалы үлкеннің жолын кеспеу, бұрын сөйлемеу, ата алдындағы иба, халық ортасындағы инабат, мешіт ішіндегі әдептілік, сәлем беру, сәлем алу жолы тағы сол сияқты адамгершілік, сыйлау, сыйласу, халқымыздың ертеден келе жатқан әдет әрі ғұрпы.
Сондықтан, бұл жобадан оқушылар мен мұғалімдер өздеріне керек дүниені оқып, біліп алатындықтарына сеніммен қараймын.
Мазмұны
І. Кіріспе………………………………………………………………………………………………….
1. «Салтым-санам, дәстүрім-дәулетім»………………………………………………………
ІІ. Негізгі бөлім.
1.Қазақ халқының салт- дәстүрлерінің түрлері………………………………………
Қорытынды…………………………………………………………………………………………….
3.Ұлттық салт -дәстүр ұлттық тәрбиеміздің түп қазығы
Қолданылған әдебиеттер…………………………………………………………………………..
Кіріспе
«Салтым-санам, дәстүрім-дәулетім»
Еліміз тәуелсіздік алып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беруде халықтың салт – дәстүрлерін сабаққа және сыныптан тыс іс – шараларға қолданудың маңызы артып отыр. Жас ұрпақ – халықтың болашағы, ұрпақ – жалғасы.
Халқымыздың сандаған ғасырлар бойы қалыптасқан салт – дәстүрлері жас ұрпақтың жан дүниесіне әсер етіп санасына сіңсе, адамзаттық асыл қасиет иесі болып өседі. Қазақ халқының әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, ілтипаттылық, қонақжайлылық сияқты тағы басқа қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл – парасатына сіңірген тәрбиелеу жолында әрбір ұстаз халқының салт – дәстүрлерін, әдет ғұрыптарын жан – жақты терең білулері қажет. Өз білімдерін өмірмен байланыстыра отырып ұрпақты тәрбиелеуге пайдалана білуге міндетті.
Ғылыми зерттеулерді талдау барысында дәстүр ұғымына әр қырынан анықтама берілгендігін байқадық. Мәселен, «Қазақ кеңес энциклопедиясында»: «Дәстүр дегеніміз – ұрпақтан-ұрпаққа көшетін тарихи қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер. “Дәстүр – тарихи тұрғыда қалыптасқан және ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын қарекет пен мінез-құлық нысандары, сондай-ақ оларға ілеспе астасқан ғұрыптар, қағидалар, құндылықтар, түсініктер жатады. Белгілі бір қауымның дамуының әлеуметтік жағдаяты өзгеруіне орай дәстүрлер ыдырауы, басқадай болып өзгеруі не алмасуы мүмкін. Сондай-ақ, дәстүр көпшілік қауымға ортақ мәдениетті түрде қолданыс табатын әдет-ғұрыптың жинақталған түрлері мен рәсімдерін де қамтиды», – деген ойды білдіреді.
Бұл ғылыми зерттеу жұмысымның мазмұнында халық мұрасын зерттеу, ұлттық өзіндік ерекшелікті сақтау, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді, тарихи әділдікті, мәдениетті, тіл мен дінді қалпына келтіріп, олардағы педагогикалық жағынан барлық прогресшіл нәрсені анықтау және солардың негізінде ғылыми мазмұндағы ұсыныстарды талдап, ендіру жүзеге асырылған.
Жоғарыда аталған ғалымдардың дәстүрлерге берген анықтамаларын мақұлдай отырып, біз солардың қатарына халық дәстүрлерінің бастаулары ретінде жеті ата шежіресі және қазақ дастарқаны дәстүрлерін енгіземіз.
Өйткені ұлттық тәрбие қағидасы бойынша әрбір ұрпақ ең кемінде жеті атасына дейінгі ата тегін білуі міндетті. Егер жеті атасына дейін ата тегін, тарихын білмейтін ұрпақ болса, оны «Жеті атасын білмейтін жетесіз», – деп халық кінәлайды, айыптайды. «Шыншыл, әділетті, иманды болу – сонау арғы ата-бабамыздан бері қалыптасып келе жатқан дәстүріміз», – дейді де, халық сол игі дәстүрді бұзған ұрпаққа айып тартқызады. «Ат тұяғын тай басар», – деп, кейінгі ұрпақтың ата салтын бұзбауын талап етеді, әулеттік тағылымдар ата дәстүріне айналып, санаға сіңіп, салтқа тірек болады. Сол себепті өз шежіремізді білу үшін де көп іздендім.
Негізгі бөлім
Қазақ халқының салт-дәстүрлері
Қасиетті қазақ халқының салт-дәстүрлері өте көп. Соның ішінде қазіргі балалар біле бермейтіндеріне тоқталып кетсем деймін.
Қазақ халқының әлеуметтік тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан қастерлі дәстүрдің бір түрі-қонақжайлылық. Қонақ десе, қоң етін кесіп беретін қазақпыз. Қазан шегелеу (салт) өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, « осы үйдің қазанын шегелей келдік» -дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып «жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік»,- деп қонақжайлық танытып, оларға қонақасы береді. Демек «қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді. Қонақасы (дәстүр) қазақтың тарихи аңыз-әңгімелерінде: Алаш атамыз өзінің Ақарыс,, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұлына енші бөліп бергенде өзіне тиісті еншісін «бұл бүкіл иісі қазақтың бөлінбеген еншісі болсын, мұны да сендерге бөліп берейін. Бұл үрім-бұтақтарыңа жалғассын. Бір-біріңе қайырымды болыңдар. Алыстан шаршап-шалдығып келген қонақтың еншісі-қонақасы болсын» деп әруақты атамыз батасын берген екен. Ауыз тию (дәстүр, ырым). Ақ дастархан үстіне келген дәмнен ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде, ауыз тиеді.
Ұлдардың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қою. Оның аты – айдар. Бұл ғұрып негізінен, тіл – көзден сақтау үшін ер балаларға жасалады.
Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болғаны тарихтан белгілі. Ақсарбас атау. Адамдар қауіп-қатерге ұшырағанында «Аллаһ Тағала мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.
Босағаны майлау
Жаңа түскен жас келін үйге кірмес бұрын күйеу жігіттің жеңгелері есіктің жақтауына май жағып қойатын болған. Бұл ырым жас келін осы үйге байлық, бақыт, татулық әкелсін деген ұғымды білдірген. Босағаға май жаққан әйелдерге құдарлар жағы «кәде» беретін болған.
Сатып алу
Отбасының балалары тұрмай шетіней берген жағдайда келесі туған баланы «сатып алу» ырымын жасаған. Жаңа туған нәрестенің үйіне емші (тәуіп) келіп: «сендер менің баламды ұрладыңдар, оны өзіме беріңдер
» – деп ата анасының қарсылығына қарамай тартып алып кететін болған. Бір күн өткенде нәрестенің ата-анасы баланы емшіден сатып алады. Емші сатып алушыларға баланы керегенің астынан берген. Нәрестенің өмірі ұзақ болсын деп жеті әйелдің аяқтарының арасынан өткізетін ырым да болған. Қазақ халқы бала ата- анасының бақыты, өмірінің жалғасы деп сеніп олардың тәрбиесіне өте коп көңіл бөлген , жақсы адам болып өссе деп армандаған.
Итаяғына салу
Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина,күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.
Сауалнама нәтижесі:
- Салт- дәстүр дегеніміз не?
- Салт-дәстүрдің түрлерін білесіңдер ме?
- Қонақжайлылық дәстүрін кім жақсы біледі?
- Кім қазақ халқының салт-дәстүрін сендерге ұнай ма?
- Қазақ халқының салт-дәстүрінен сендерге қажеттісі бар ма? деген сауалнамаға сыныптастарымның берген жауаптарына тоқтала кетейін:
6 сыныптар бойынша барлығы 85 оқушы, соның ішінен 1 сұрақты – 40 оқушы
2 сұраққа – 24 оқушы, 3 сұраққа – 30 оқушы, 4 сұраққа – 70 оқушы, 5 сұраққа -65 оқушы жауап берді. Қазақ халқының салт-дәстүрін кішкентай кезден оқып, естіп, есте сақтап, өзімізден кішкентай балаларға жеткізуіміз керек деп ойлаймын.
Қорытынды
Ұлттық салт дәстүр – эстетикалық тәрбие берудің құралы.
«Өнерлінің өрісі кең» дейді халқымыз. Өнердің қай саласы болса да, адамдарға рухани күш¬-жігер беріп, ерекше қуаныш, толқу сезімдерін оятады.
Қазақтың әдеби, музыка, тұрмыстық, кәсіби фольклоры, халықтың ғасырлар бойы болашақ ұрпағын тәрбиелеудің асыл арналары болып саналады. Айтылған фольклорлық мұралар, қазақтың тәлім-тәрбиелік әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, түрлі саладағы өнерпаздығын, көркем–эстетикалық талғамын т.б. ұлттық болмыстың қасиеттерін қамтиды. Сондықтан, ата-бабаларымыздың рухани және материалдық мәдени құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру, әрі соның негізінде оларға ұлттық мәнде тәрбие беру өзекті педагогикалық мәселелердің бірі көптеген педагогикалық ғылыми зерттеулердің өзегіне айналуда.
Халқымыздың ұлттық дәстүрлі музыкасын, мәдениетін, фольклорын-ата¬ бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырып кеткен асыл мұраларын қастерлей отырып, тәрбиелеп келешек ұрпақтың санасына жеткізу.
Алдағы уақытта қазақ халқының дәстүрлері материалдарында патриоттық, эстетикалық, құқықтық, экономикалық т.б. тәрбие мазмұнын жасау.
Қорыта келгенде, жүргізілген зеттеу жұмысымысымның барысында ұлттық құндылықтарымызға, мұраларымызға, сал-дәстүрлерімізге халықтың құрметі жоғары екендігіне, ең бастысы, осы сезімді жоғалтып алмасақ, ең үлкен жеңісіміз сол болатындығына көз жеткіздік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әжіғали С.Е. «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» Алматы- 2005ж
2. Кенжеахмет С.Қазақтың салт-дәстүрлері.Алматы,1994 ж
3. Сайдахметов Б.С. Дәстүр – ұлттық тәрбиенің өзегі // Вестник АГУ им.Абая.Серия педагогические науки. –Алматы, 2004.-№2
4. Сайдахметов Б.С. Ата дәстүрің – асыл қазынаң // Бастауыш мектеп. Алматы,2007. -№12.
5. Сайдахметов Б.С. Халық дәстүрлері – тәрбие негізі // Қазақстан кәсіпкері. Научно-методический журнал. – Алматы, 2008.-№1 (56).