Кісі қалыптастыру қазақ ілімі

Кісі       қалыптастыру  қазақ жолы      

Кемел шақ кезеңін адамның жасы және рухының жай-күйі бойынша ежелгі гректер «акмэ» уақыты деп атаған, бұл қандай да бір нәрсенің шырқау шыңын, ең жоғарғы дәрежесін, адам тұлғасының ең жоғарғы гүлдену, «өзіне теңдестірілу» сәтін білдірген..Кемел шақ – тұлға өмір жолының шырқау шыңы,әсіресе, адамның дені сау, күш-қуаты, сергектігі, білімі, тәжірибесі жетілген кезі… Бұл жас кезеңінде кәсіби тәжірибе және адамдармен қарым-қатынас тәжірибесі жинақталады. Тәжірибесін ары қарай беру қажеттілігі «шәкірт жасау», ізбасар арқылы іске асырылады.Қырқыншы жылдардың дағдарысын еңсерген адам үшін көкжиек кеңейіп, өмірдің негіздемелері тереңдей түседі, жаңа және алысқа апаратын мәселелер пайда болады. Өмір қызықтырақ бола түседі, күнделікті проблемалар кейін ығыстырылады. Енді ауқымды іс-әрекет-терді жоспарлау мен ұйымдастырудың жалпы мәселелері көбірек қызықтыратын болады. Жастардың өз өмірлерінің өктем сатысындағы дамуын бақылай отырып, бейтаныс және терең қуаныш сезімін бастан кешіреді. Бұндай жағдайда жастарға кеңесімен не ісімен көмек көрсетіп, олардың ризалықтарын алуға болады. Бұл әсіресе кәсіби тұрғыдан жастарға білім берумен және олардың тәрбиесімен айналысатын адамдар үшін маңызды.Бұл жаста жаңа шығармашылық қабілеттер пайда болады; мысалы, 35 жаста жақсы прокурор немесе белсенді басшы болуға болады. Қырықтың қырқасына жеткен адам тұлғасына неғұрлым тән белгілер ұмтылыстарының шынайылығы, өндірістік, отбасылық және жеке өмірінде өзін-өзі жүзеге асыру барысына баса көңіл бөлу, өз даму кеңістігі үшін күрес, өз денсаулық жағдайына баса көңіл аудару, эмоционалдық икемділік, тұрмыстағы тұрақтылыққа деген құштарлық болып табылады. Адамның ересектік шақ дағдарысында табатын құндылықтары – саналы болмыстың құндылықтары. Кісі аталатын адам оларды өзінің өмір туралы түсініктеріне сәйкес деп мойындап, немесе олардың орнын басатын ретінде дамытып қана қоймай, сонымен қатар, осы құндылықтарды сақтап, олардың иеленушісі болып табылады, оларды өзінің жеке өмірінде іске асырады.Қазақ танымында кісі алыптасу кезеңі былай сипатталады. Адам бірден өркениетті  болмайды, ол үшін өзіңнің табиғи ерекшелігіңмен қоса, көптеген адам өткен асулардан өтуің міндетті. Адам боламын десең, өз ақыл сезіміңді дамытып, ненің болса да өз шешімін табуға талпын. Кісі ақылы көтерерде түсірер, өз ақылың өлгеніңше жетелер. Адам адамға жақсылық жасау үшін келген, бірақ осы «адамгершілік заңын» түсінбейтін тас жүректілер мен соқыр сезімділер бар-ақ. Адамда екі таразы болады: біріншісі сыртқы көз таразысы, екіншісі ішкі көңіл таразысы. Осы екінші таразыға ерекше мән беріп түсінбесең, тебіренбесең, өмірде өлшемдес әрекет жасай алмайсың, ал бірінші көз таразысынан сүріне бересің. Текті тұлға-қазақ ұғымында КІСІ  делінеді.Мәселен, Т.Тәжібаев: “Жеке адам әлеуметтік қатынастар мен саналы іс- әрекетті жүзеге асырушы, нақты қоғамның мүшесі,өзін басқалардан ажырата білетін, өзінің кім екенін түсінетін есі кірген ересек кісі”-деген.Текті жанның кісі болу жолы, қалыптасу сатылары мен кезеңдері Тәрбиелеу қазақ ілімінде жан-жақты қарастыр-ылған. Жаңа тұған наресте «адам»  деп аталғанымен, «тұлға» деген атқа көпке дейін ие бола алмайды. Өйткені, кісі болып, ер жету үшін бала оңы мен солын, өзінің  менің басқа, мендерден, адамдардан ажырата білуі тиіс.Қандай да болмасын бір іспен айналысатын, азды-көпті өмір тәжірибесі мен білімі, бағыт-бағдары мен дағдысы, икемі мен дүниетан-ымы, сенімі мен талғам-мұраты бар адамды КІСІ деуге болады. Халқымыз кез келгенді кісі деп атай бермей, оны имандылық пен адамгершіліктің басты белгісі, ес жиып, етек жабу нәтижесінде біртіндеп қалыптасатын адамның азаматтық ар-ожданы, кісілік кескін-келбеті, адамшылықтың өлшемі деп түсінген. Кісіліктің  түрліше деңгейі болады. Оның жаман, жақсысы,көргенді, көргенсізі т.б. түрлері бар.«Жоғарғы «менді» іздеуде, – деп жазады Б.Ливехуд, – адам барлық психикалық қасиеттер солардың көмегімен осы рухани болмысты жаулап алуға немесе жеңуге болатын күштерге айналатын рухани шындықтар әлеміне тап болады. Әрбір рухани қадам басқан сайын, феноменологиялық тұрғыдан көріне отырып, жаңа кездесулерімен жаңа ландшафт ашылады, алайда, олар даму сатысының басында үнемі жағымды ғана бола бермейді. Өмірдің үшінші үлкен даму сатысы (қытай мәтелі бойынша, даналыққа жету сатысы) қырқыншы жылдарда, дәлірек айтсақ, 42 жаста басталады. Бұл орта мәнде әрбір жеке жағдайда жылдамырақ немесе баяуырақ даму орын алады»[1.  Ливехуд Б. Кризисы жизни – шансы жизни. Калуга, 1994. С.77. ]

         Адамтану қазақ ілімінде:  кісі- үш жастан (текті жан) қырыққа дейін қалыптасып,  жетіледі.Қырық жас-қынынан суырылған қылыштай жарқыраған,ақыл-естің толыс-қан,қүш-қуаттың молайған,өнер білімнің өрістеген мезгілі. Қырық жас-Мұхеммед (с.у.с.)-ға пайғампарлық қонған жас,Алла Тағаланың адам денесін өз қолымен саз балшықтан илеген  уақыты.Ер жігіттің қамал бұзар толысқан жасы.Ал,ғылым бойынша:  Кісі  – ержеткен, бұғанасы қатқан, ақылы толған, өз ісіне өзі жауап бере алатын, өзінің дүниеге көзқарасы бар адам. Кісі әлеуметтік іс-әрекет иесі ретінде өндірістің,қоғамдық қатынастың, қоғамдық сананың субъектісі болып табылады. Тұлға – әртүрлі дәрежедегі қоғам топтар-ының да жауапкершілігін өзіне ала алатын кісі.Рухани піріміз А.Яссауи  кісі қалыптасу кезеңін өз өмірбаяны  арқылы қихметтерінде тамаша өрнектеп  көрсеткен.

         Тәрбиелеу қазақ ілімінің ең елеулі бір заңдылығы  баулу іс-әрекеті-бір ізді,  сабақтас әрі жүйелі болу керек.Осы заманғы отбасында,балабақшада,мектептегі тәрбиелеу  ісінде жүйелілік жоқ.Әр сатылы мектептің әр сыныбына аталмыш оқу жылында биязы әдеппен жібек мінездің қандай үлгілерін ұқтырып үйретіп,келесі сатысында қандайын үйретуге тиісті екені белгісіз,  жоспарсыз, бағытсыз,есепсіз күн кешуде.Үйретіп ұқтырғанымыздың қаншасы қай оқушының бойына қаншалықты сіңгеніне бағам жасауға тіптен дәрменсізбіз. Солай бола тұра, «биязы әдеп-адамшылық айнасы», «жібек мінез-бақытқа жету  баста-масы»-деп сарнаймыз.Тәрбиенің сабақтас,үзіліссіз екенін   білеміз,алайда он күн немесе екі ай  каникулда,жазғы демалыста олардың тәрбиесінде қандай өзгеріс болғанын ескеріп елеп,пайымдап байқайтын ата-ана да,тәрбиеші, оқытушы мұгалім де болмайды,болады-ау, «қызымыз,ұлымыз,биыл әжептәуір ержетіп немесе  бойжетіп  қалған екен,аллаға шүкір деуден аспаймыз.»Бар сылтауымыз,тәрбие –ұзақ уақытта жемісін беретін,әр кезеңін бақылауға келмейтін ерекше құбылыс.Ал,тәрбиелеу қазақ ілімінде адамның даму кезеңдер-інің әр сатысында (мүшелі жыл,атаулы жыл,елеулі шақ,ерекше мезгіл т.б.) оның адамшылық деңгейіне,жан қазынасының шанағына,өнер-білім игеру дәрежесіне үнемі мән беріп, безбендеп,өлшеп отырған.   Қазақта: «Таңертең төрт аяқпен,түсте екі аяқпен,кешке үш аяқпен жүреді.Ол кім?»-деген жұмбақ бар.Мұнда адам ғұмырының үш кезеңі жасырылған.Осы тәрізді адам жан дүниесінің ішкі сырынан бастап,жас ерекшеліктерінің сипаттамасын өте айқын айтып келген.Әрі сол негізде тәрбие құралдарын таңдап алып,әдіс-амал,тәсілдерін ұсынған.Қазаққа; тәрбиенің нәтижелі болуы үшін адамның жас ерекшелігін жете білу қажет болған.Қазақ ұғымында адамның жасы: балалық,ересектік, қарттық болып үш кезеңге бөлінеді. Қаныш атамыздың сөзімен айтқанда: біздің «академик–әжелеріміз» тұқымның жатырдағы дамуын былай сипаттайды:«Үш күндік жүктілік қазақтарда «тумақи»  (әлі туылмаған) деп аталады, яғни бұнда болашақ өмір бола ма, болмай ма деген күдік басым.Жүктіліктің жетінші күні «көбік» деп анықталады. Мұнда адамның көбіктен жаралады деген көзқарастың басымдылығы, яғни ол келер қырық күн ішінде ұйығанға айналады деген ұғым бар.Қырық күн бойына болашақ өмірдің қалың материясы қалыптасады, ол «келдік» деп аталады. Он алты күнде ұрықтың шеміршектері пайда болып, тоқсан күнде сүйекке айналады. Төрт айда шарана адам әлпетіне ие болады, ал төрт жарым айда ол қозғала бастайды, яғни балаға жан кіреді(кім,қайдан әкеліп салады?). Жеті айда  шақалақ атануға дайын.Сегіз айлық шарана өмір сүрмейді.Тоғыз ай,тоғыз күнде жарық дүние есігін ашады»Адамтану қазақ ілімінде текті жан –толықсыған кісі болып тумайды. Кісі болып қалыптасу үшін дамудың көптеген  сатыларын басып, кезеңдерінен өтуі тиіс.Мысалы кіндігі түсе бесікке салынып, мойны беки қырқынан шығарылып, құйрығын басса, құйрық басар жасап, еңбектеуге айналғанда,бауыр  аяқ жасап,қадам басарда тұсауын қиған. Бесікке саларда бөлеу әнін орындайды. Бесік жыры үнемі айтылады. Сылап сипауды әнмен өңдеп орындайды.Алғаш тілі сөйлеуге келе  тілашар жасайды. Бір жас аумағында-  шарана, шақалақ,нәресте атаулары қоланылады.Бір мен екі аумағында, қыз баланы бөпе, ұл баланы  бөбек дейді.Екіден үш аралығын-бүлдіршін  деп жалпылай атаумен қатар бірден үш жас арасында өбектеген,еркелеткен атаулар өте көп. Шаранадан аяғын басып тік тұратын халге жетіп,сөйлей алуы-бұл нақтылы Текті жан  болғандығы.Текті жан болғанға дейінгі шағы адамтану қазақ ілімінде  «жанды бақа» аталады .Жанды бақадан текті жанға өту кезеңі психологиядағы алғашқы «дағдарыс»-дамудың ең үлкен белесі.  Қазақ танымы бойынша бұл шақта қойылатын негізгі талаптар: «осы кезеңде бала әкесінен гөрі анасына көбірек тәуелді келеді. Қажеттілігі жақсы қамтамасыз етілмеген бала кейін өскенде маңайынан шу кетпейтін бақытсыз бала болып өседі. Бұл кезде ананың ең басты міндеті баланы құшағына қысуы мен емізуі де үлкен мәнге ие. Анасының махаббаты мен мейіріміне қанып өскен бала өзіне сенімі мол, айналасындағылармен тез тіл табысып, қоян-қолтық араласып  кетуі оңай, сүйкімді болып өседі. Өзіне қажетті ана махаббатынан екі жыл мақұрым қалған бала басқалармен тіл табысып,  басы қосылып ойнауы қиын, адамға жұғымсыздау болып өседі». Үштен бес жас аралығында балдырған(ұл), балауса(қыз)  атанады. 6-7-8 жас бала (ұл),балақай(қыз), 3-12 жас арасы ойын баласы,7-13 жас жасөспірім,13-15 жас арасы ересек бала,жас жеткіншек,15-19 арасы бозбала, бойжеткен 20-30 арасы жігіт,қыз аталады. Қазақ қызы, қазақ жігіті деген атаулар өте ұлағатты атаулар.

         Отау иесі болғаннан,немере (не жиен)сүйгенге дейінгі кезең-отағасы (отанасы) аталып, тіршілік тынысының шеңбері-отбасы делінген.Немерелі-шөберелі болғаннан бақиға аттанғанға дейінгі кезең-ата(әже)делініп-тұрмыс аясы-әулет атанған.Қазақтың кең өлкесінде бұларды құлпыртып әр түрлі атайтыны бар. Мысалы: балалық шақтың бөбектік кезеңін кей аймақтарда: «мың сұрақ жасы»,біреулер: «қарт әже жасы» дейді.Қай-қайсының да,дәлелі, өзіндік ерекшелігі бар.Ал,сәбилік кезеңнің басында,балалар:  «мен,мен…»дегенді  көп айта-тын болса,орта шағында «сен,сен…» деп соңында «ол,ол..»деп сілтей сөйлеуге құмар келеді.Сол себепті бұл кезеңді «үш жақ жасы» атайтындар бар.Ал,баланың еңбекке қатысу,араласуына сай,ата-аналар; «ермегім,қолұшым, атқосшым, қолғанатым,  асырау-шым» деп атап,  олардың қозы жас жылқы жастағы міндетін атқаратын шаруасын ұқтырып, үйреткен, әрі  соған дайындаған.Бөбектің тілі шығысымен қоршаған ортадағы заттар мен  денелерді,болмыс-құбылыстарды, өзгерістерді танып білуге талпынады,ол сөзбен өрнек-теледі. Алайда тәжірибесі мен білімі жете бермейтіндіктен басқадан көп нәрсені әртүрлі жолмен сұрай береді.Мұны қазақ:«көп  неге жасы,қадалған шеге жасы,жабысқан  кене жасы»  деген ғой. Ал,өздерінен  бір нәрсені басқа біреу сұрай қалса,білсін-білмесін тартымбай: «мен,мен айтамын» деседі.Осы  кезеңде бала,білуге құштар,істеуге әзір,ойынға құмар болады. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалады Егер сол кезеңдегі баланың еңбегін төлеу қажет болса,есептей алсаңыз,ең көп «іс тындырған адам» сол бала болар еді.Сөйлей берген,істей берген, ақыры шаршап-шалдығып отырған орнында ұйқыға кеткен. Сондықтан осы жастағы бала қимылын,  күйбеңдеген әже еңбегіне балап, «қарт әже жасы» дейтіндер бар. Сәбилік жастың орта кезеңінде, оларға (бірнешеуі қатар тұрғанда) қандай бір сұрақ қойсаңыз, оның жауабын айтуды  бір-біріне сілтеп,«сен айтшы,сен айтшы» деп сылтауыратуға бейім тұрады, баяғыдағы «мен,мен» дейтін қызбалық қалып қояды. Ал,сәбиліктің соңғы кезеңінде «мен де», «сен де» доғарылып, «ол айтадыға» көшеді. (Үшінші бала қатарларында болмаса да айтылады.) «Үш жақ» жасындапғы балалардың бір ерекшелігі осы болмақ. Қазақ қауымының қай кезеңінің алып қарасаңыз да,еңбектің  көбін балалар еңсерген. Олардың тіршілік те алар орыны, әулеттегі қолғабысы орасан зор болған.Қазақ атамыз: «баланың ісі білінбес,тайдың мінісі білінбес» деген ғой.Әсіресе бақташылар мен бағбандардың, балықшылар мен дихандар үшін балалардың көмегі шексіз еді. Әрі өмірге дайындау,осы еңбекке жас өспірімді тікелей қатыстыру жолымен жүргізілетін. Сондықтан, баланың жасына сай, игертуге тиісті еңбек дағдысын уақытты ұтымды пайдаланып үлгерту ата-ана үшін қасиетті борыш,әрі парыз болған.Ал,ата-әже және әке-шеше үшін бала жасы оның еңбекке араласуына сай төмендегідей аталатын. Ермегім, алданышым, қолұшым,қолғанатым,  серігім, сүйенішім, асыраушым. Қолқанат бола бастаған   шақта олардың жасы атқаратын  міндетімен аталатын. Қозы жас;қой  жас;                                                                                                                                                                                                                   жылқы жас;патша жас;аңдушы;қағушы;суқұяр:атқосшы;көрікші; соғушы; аутартар;  ескекші. Жыл бойында атқарылатын еңбек науқаны, балаларға олардың жасына сай еңбек мейрамын-(әулет мектебін) сыйлаған-ды.Төл аяқтандыру, қырқын,төл пішу,шөп шабу,егін ору,соғым сою сияқты еңбек науқандары бітісімен,қазақтар, салттық мейрам жасап, оны әулет мектебіне айналдырған.Мысалы:сірге жинар,төстік қаптар, соғым бас,көгентүп жасау, пішен той,сабан той т.б. Қазақ ұғымында ең қызық,ең бақытты,ең жақсы дәурен сүретін жас-30-ға дейінгі жас.Алайда оның бір мүшел кезеңі балалық бал дәуренге тиесілі.Бірінші мүшелдің алғашқы бес жылы уайымсыз,риясыз өмір кешетін,күл шашатын, ойын қуатын,жерден таяқ жеп,мазақтамалар мен санамақтарға тілі әзер келіп, бал тілімен басқаларды мәз ететін жас. Балдырған бал-бөбектер кімге де ермек,әсіресе,ата-әже үшін тіпті орны бөлек.Сондықтан қазақтар: «Өз балаңды өскенше асырайсың,немереңді өлгенше асырайсың» деумен қатар, немерені бауырға басып,қолына алатын  ғұрып қалыптастырған. Шөберенің өзің «ата баласы,осы шаңырақтың кенжесі»-деседі. Қарашаңырақты сол «кенжелер» басып қалатын-ды.Бұл өмір қажетінен туындаған ғұрып болғандықтан салтқа айналған.Осылай кезі келгенде бір-біріне демеу болу үшін,ата-әже немере-шөберені бауырына салып, шаңырағына ие болатын ұрпағын тәрбиелеп дайындаған. Қазақта отау иесін,шаңырақ иесін дайындау тым терең  ойластырып, зор мән беріліп,жүзеге асырылатын үрдіс.  Егер шаңырақ иесі дұрыс таңдалып,оңды дайындалған болса,қартайған шағында қарттар шалқып отырып балалрының бақытына бөленіп, қызығына батып,жасы келгенде бақиға армансыз,уайым-қайғысыз аттанатын болған.Қазақ үшін «бар игілікті жасап-жасап,кәдімгі адам болып өлгеннен» артық бақыт болмаған.Осылай кісі қалыптасу әр кезеңін мұқият қадағалаған халқымыз   оның рухани азығының  берілу шанағын,биязы әдеп,көркем  мінезді игеру деңгейін,ақыл-ой,санасының тереңдігі мен  зиялылығын  үнемі безбендеп  сынап тексеріп отыратын  сатылы  түрде жүзеге  асырылатын  өлшеу-бақылау  тәлімдік  тексеру жүйесін  өмірге әкелген.Ол  тәлімдік ұлтанды ұлт  қағидасына негізделген.  Мысалы, қазақта:-бес асылды бойға сіңіру;-алты барлықтың қадірін білу;-жеті атасын  саралап,тегін тектей алу;-сегіз парыз-қарызды өтеу;-тоғыз жаудан аулақ болу;-он қағиданы ұмытпау сияқты  өмір заңдылықтарын білмесе оны ұстанып басшылық етпесе, ол адам-КІСІ дәрежесіне көтеріле алмаған-деп есептеледі.Бұлардың сыртында,қазақ ғалым  ғұламалары-ның,  ойшылдарының ақын-жыраулары мен би-шешендерінің айтып кеткен аманат өсиет-тері, даналық тұжырымдары мен пайымдауларын еске сақтап,терең түсініп, ұлағат еткендер ғана КІСІ аталатын. Арамызда,ата сақалы аузына шыққан аталар мен самайын ақ шалып,әже аталса да,КІСІЛІК дәрежеге көтеріле алмағандар аз да болса кезігуі текті тұлға өңдеп жетілдіруде,тәрбиелеп қалыптастыруда кеткен қателіктің кесірі екені жасырын емес.Екінші жағынан,ата-бабамыз,әр адамда адамшылық мінез-құлық,парасат-пайымның қалыптасу дәрежесін танып-біліп,өлшеп безбендейтін арнаулы тетік,сынау амалы,бағамдау жобасы,бағалау өлшемі болған.Оны өзге емес ең әуелі өздері керектеніп,өмірлік ұстаным болдырған.Сыншы, тәуіп,көріпкел, білгірлердің алдынан өтетін.Ақылмандардан бата алу дәстүрі қазақта осы негізде қалыптасқан.        

            Әл-Фараби “Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек. Ол не нерсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған-тергенін орынсыз шашпай, кез келген адамға сырын ашпай, өзінің мақсат мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек. Осылайша өмір сүрген адамның ғана ар-ожданы таза болады” деген.Абай бабамыз,он бесінші қара сөзінде:егер өзіңе мұқият,есті кісі болғың келсе,өткенге ой жібер, еңбегіңнің өнбегін біле жүр, «күніне бір мәрте,болмаса жұмасында бір,ең болмаса айында бір,өзіңнен өзің есеп ал» дейді.Ал,ата-бабамыз: -Әр нәрсенің өз оқуы бар,өз әдіс-айласы бар, еп-икемі,жол-жорасы бар дейді.Мұның бәрі бүгінгі күнгі сіздердің білім  беру,тәрбиелеуде  оны игерілу дәрежесін анықтау технологиясы және безбендеу көрсеткіші (критериі)  бар дегенге саяды.Айталық  қазақ 3-13 жас арасында  бала  ұлттық  биязы әдепті  игеріп  машық-тануға  тиіс  деп  көріп,әулеттегі тәрбиеде  осыған  басымдылық берген. Егер осы  шақта ұлттық биязы  әдеп машық-дағдысын игертпесең бала өздігінен ізденіп,өзіне  ұнаған  ұлт әдебін  игеріп алады.Оны қайтару қиынға соғады.Биязы әдеп пен жібек мінезді «қайта тәрбиелеу» оңай емес.Осы күнде отбасында,балабақшада,мектепте бұл тұрғысынан  орны  толмас олқылық жіберіп,киіну,ішіну керек  десеңіз сәлемдесудің өзінде көргенсіздер көбейіп,әдепсіздер молайып кетті.

     Сәби өмірге келген сәтінен бастап, айналасын,қоршаған ортасын тани бастайды, үнемі «ғылыми жаңалық»  ашады.Осы ғылыми жаңалық ашудың сәбиге тән әдіс-тәсілі болады.  Сәбидің жасы қосылған сайын осы әдіс-тәсілдерлің саны,шанағы,дәрежесі үнемі артып отырады.Кейбір әдіс-тәсілдер бекіп,машық дағдыға айналады.Олай болса балаға білім беру,оны  тәрбиелеу,дамыту дегеніміз олардың «ғылыми жаңалық» ашып,зерттеу машық дағдысын жетілдіруге көмек көрсету,қолайлы жағдай туғызу.   Жаратушыдан берілген ақыл-парасаты молығып,нұрлануы шарт.Көкірек көзі ашылу басталып,ақыл көзі айқындала түсу керек.Бұл оқу-тоқу жасалмаса,оның интеллектуалдық дамуы жасалмаса иманды ұл,ибалы қыз қалыптаспайды. Осы заманғы ғылымның анықтауы бойынша Адам интеллектісінің 40-50% бес жаста, 60-70% жеті жаста, 9 жаста 92%-ға дейін және 15 жаста толық қалыптасады.Қазақта осы жастағы балалардың интеллектісін қалыптастыратын арнаулы ойын-ойынщық,тақпақ,жаңылтпаш,жұмбақ (оның өзі бес бағытта), ертегі, есеп,әңгіме бар болған.Хат танытып,жазу сызу үйретпесе де олардың зердесін  ашып, көкірек көзін оятатын,тамаша құралдары оңтайлы  әдіс амалдары жеткілікті еді.Бұларды жинақтап, іріктеп, эерделеп, отбасында,балабақшада,мектепте оқытып үйретіп,пайдаға асыруымыз  қажет ақ. 

 

                                           Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)

                                                                    05.09.2019

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *