Эссе «Менің педагогикалық философиям»

Усенова Орынкул Оразаевна

№7 «Алпамыс» бөбекжай балабақша тәрбиешісі

Қарағанды облысы,Сәтбаев қаласы

                                                   

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы,-деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдары  өте жақсы айтылған.

Адам Ата Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттігін жоймайтын үлкен мәселе – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау.

Осындай қызығы да, қиындығы мол мамандықты мен де таңдадым. Ұстаз болу – бала кезімнен арманым еді. Отбасымызда педагогтер болмағанымен, бала оқытқан арғы атамның қасиеті маған дарыған болса керек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, бала бойындағы қасиет пен тәрбиелілік көбіне тәрбиешіге келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель»,- десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен. Әрине, бұрынғы қазақ даласындағы ағартушылық қызмет балаға жазу-сызу, оқуды үйретуге ғана саятын болса, бүгінгі таңдағы тәрбиелеу саясы мүлде басқаша. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.

«Педагог» сөзінің 2 түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Бақшадағы тәрбиеші – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі бала бойндағы  талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір бала өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті тәрбиешісін  ақылшым деп атайды.

Тәрбиешінің осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір балаға асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында.Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі балаға да, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:

Жай педагог хабарлайды,

                            Жақсы педагог түсіндіреді,

                            Керемет педагог көрсетеді,

   Ұлы педагог шабыттандырады,- дейді.

      Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті.

Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады.

Ол үшін бүгінгі тәрбие үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Тәрбиешілер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, тәрбиеші мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты педагогке тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:

  • Дүниетанымдық көзқарасы, сенімі
  • Қызметке бейімділігі
  • Кәсіптік білімі мен біліктілігі
  • Қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім
  • Ұйымдастырушылық қабілет
  • Заманға сай жаңашылдық

Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *