БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Нуркина Сауле Тоғайбайқызы
қазақ тілі және әдебиет мұғалімі,
педагог-модератор
Қостанай қаласы № 19 ОМ

Бұл мақаланың өзектілігі. Қазіргі кезеңде Республикасызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, Қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуы.
Мақсаты. Педагог мамандардың кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отыру, олардың теориялық білімі мен әдістемелік білігін үздіксіз жетілдіру, оқытудың озық әдіс-тәсілдерімен қаруландыра отырып, шығармашылық жұмыстарына жол көрсету, яғни мұғалім мамандығын жетілдіру – нәтижеге бағытталған әдістемелік жұмыстың негізгі міндеті болып табылады. Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі»-деп айтып кетті. Мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру мектептің әдістемелік жұмысының негізгі саласы. Мектеп алдындағы міндеттерді шешуде мұғалімнің, сонымен бірге бірлестік жетекшісінің алғы шартының бірі. Әдістемелік жұмыс – ол педагогикалық кадрлардың ғылыми-теориялық, жалпы мәдени, психологиялық-педагогикалық дайындығын көтеруге бағытталған жүйелі істің бірі.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының білім беру саласы өркениетті әлемнен өзіне лайық орын алу үшін адамзат тәжірибесіндегі озық үлгі, тиімді үрдістерді өз білім беру жүйесіне енгізе отырып, дамудың жаңа сатыларына көтеріліп келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шаралардың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев университеті мен зиякерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіптік- техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып,барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор»[1],- деп атап көрсетіп, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойып отыр.
Білім беру деңгейі экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең жоғарғы көрсеткіші екені белгілі. Ол – мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім берудегі артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына ықпалын тигізеді. Сондықтан білім берудің дамуы үлкен ұлттық мәні бар міндет. Бүгінгі күннің негізгі міндеті қазіргі зияткерлік(интеллектуалдық) талаптарға, әлемдік стандарттар мен еліміздің даму стратегиясына сай келетін бәсекеге лайықты мамандарды дайындау. Білім стандарты – білім беруде реформа жасау мен дамудың құралы. Стандарттың қамтитын мәселелері: уақыт пен халық сұраныстарына сай білім берудің мазмұнын түбегейлі жаңарту; білім берудің практикалық бағыттылығы және оның нәтижелерінің өмірлік қажеттілігі;алған білім мен ептілікті тәжірибелік жұмысқа және күнделікті өмірде белсенді пайдалану. Білім стандартын педагогтар бір мақсатпен яғни, елдің білімдік мүдделерін, оның даму сұраныстарын қамтамасыз ету үшін жасайды.
Қазақстан республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы білім берудің Мемлекеттік Бағдарламасында көрсетілгендей, еліміз бүгінде Адам құқықтарының Жалпы Декларациясы, Бала құқықтары туралы Конвенция, адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының Халықаралық Декларациясы, Болон Декларациясы және т.б. халықаралық құжаттардың негізгі қатысушысы болып табылады. Болон үрдісінің еліміз үшін ерекшеліктері мен басымдықтары бар екеніндігі белгілі. Болон декларациясында 6 маңызды міндеттер көрсетілген, оларды шешу Еуропаның білім беру саласында бірігуіне ықпал етті. Бұл – жоғары білім беру саласында жалпыға түсінікті,салыстырмалы біліктілікті ендіру, екі сатылы жоғары білім жүйесіне көшу (бакалавриат-магистратура); сынақ терминдері бірлігінде(кредит) еңбек сіңіргіштік бағасын ( курс, бағдарлама, жүктеме) енгізу; студенттер, оқытушылар мен әкімшілік басқару тұлғаларының жұмылғыштығын арттыру; жоғары білімнің қажетті сапасын қамтамасыз ету; жоғары білім саласындағы біліктіліктер мен тиісті құжаттарды өзара тану; жоғары оқу орнының автономиялығын қамтамасыз ету[2]. Еліміздің аталған үрдіске қосылуына төмендегілер басты себептер деп есептеуге болады: – Қазақстанда білім беру жүйесі Кеңес үкіметі тұсында қаланған, европалық түбірі бар; отандық жүйе үшін тарихи тұрғыда үлгі-прототип қызметін атқарған сол бір жүйені өзгерту дұрыс әрі қисынды болып саналады;- «Еуропаға жол» арнайы бағдарламасы негізінде еліміз 2010 жылы беделді еуропалық ұйым ОБСЕ-ге төрағалық етті. Мұнда Еуроодақпен тауар айналымын жақсартады және сыртқы экономикалық байланыс орнатады. Яғни, болашақта осы байланыстар, ең алдымен жоғары білімі бар адамдармен жүзеге асырылады. Егер олардың білімдері сәйкес болса, байланыс орнатып оны ұстап тұру ыңғайлы әрі нәтижелі болады.
Бүгінде елімізде жоғары білім беру жүйесін модернизациялаудың қарқынды процесі жүріп жатыр. Атап айтар болсақ: кадрларды дайындаудың көпдеңгейлік жүйесін жүзеге асыру, білім беру қызметі спектрінің кеңейтілуі, жаңа мамандықтардың пайда болуы, жоғары оқу орындарында құрылымдық қайта құрылулардың жүргізілуі. Еліміздің ЖОО-ның Болон үрдісі стандарттарына толығымен өту процесі жүзеге асырылып келеді. Мысал ретінде, жоғарғы білім берудегі құрылымдық өзгертулерге бағытталған ҚР-ның «Ғылым туралы» Заңының қабылдануы. Білім беру саясатының басты міндеттерінің бірі болып, зерттеу жұмысымен айналысатын университеттерді құру туралы міндеттер қойылды. Сонымен қатар, жаһандық және интеграциялық процестерден басқа білім беру жүйесінде гуманизация және білім берудің гуманитаризациясы; білім беру диверсификациясы(білім беруге ықпал ететін жеке секторлардың ықпалының күші), компьютерлендіру, ақпараттандыру және т.б. өзгерістер жүргізілуде.
Білім беру құрылымы ЮНЕСКО-97 халықаралық стандарттық жіктеуішіне сәйкес келтірілді. Елімізде 12 жылдық мектепті енгізу үшін жағдай жасалынып жатыр. Техникалық және кәсіптік білім беру қайта құрылды. Мамандарды дайындаудың үш деңгейі енгізіліп жұмыс істеуде:бакалавр-магистр-PhD докторы. Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі құрылды. Бұған тәуелсіз сырттан бағалаудың барлық элементтері кіреді (лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу, рейтинг, ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ), мемлекеттік аралық бақылау(МАБ), талапкерлерді кешенді тестілеу және т.б.). Сонымен қатар, еліміздегі ғылымның дамуы төмендегідей 6 басым бағытқа шоғырланып отыр: нанотехнологиялар мен жаңа материалдар; биотехнологиялар; көмірсутекті және тау-кен – металлургиялық секторларға арналған технологиялар және олармен байланысты сервистік салалар; ядролық технологиялар және жаңарған энергетика технологиялары; ақпараттық және ғарыштық технологиялар; ұлттық идея тұрақты дамудың негізі ретінде.
Жоғары білім беру жүйесін реформалаудың алдағы жылдардағы негізгі мақсаты – экономиканың инновациялық дамуға ықпалын тигізетін және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауды қамтамасыз ететін жоғары білім беру сапасына қол жеткізу болып отыр. Бұл үшін мына мәселелер жүзеге асыру ұсынылады: заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу, яғни жоғары оқу орындарының сенімгерлік басқаруына олардың пайдалануындағы мемлекеттік нысандарын беру жоспарлануда; ЖОО-да болашақ кәсіптік жұмысқа қабілеттілікті анықтауға бағытталған қабылдау жүйесін енгізу қарастырылады; білім, ғылым және инновациялық қызметтің интеграциясын жүзеге асыру үшін қолданбалы зерттеулерді дамыту мен ғылыми зерттеулерді коммерциялауға жеке инвестициялар тарту, магистратураға және PhD докторантурасына қосымша гранттар бөлу сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа механизмдерін жасау қажет; жоғары оқу орындарында ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру жүйесі құрылады. Бұл жүйеге ғылыми зертханалар, технопарктер және коммерцияландыру орталықтары енетін болады[2]. Жоғары білім жүйесін реформалау нәтижесінде жоғарғы оқу орындарын басқарудың баламалы және тиімді жүйесі қалыптастырылады, бұл оларға білімнің, ғылымның және инновациялық үштұғырлық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен, елімізде білім саласы бойынша іске асырылып жатқан реформалар және болашақта қолданылатын шаралардың барлығы дерлік «Қазақстан 2050» Стратегиясын іске асыруға бағытталып отырғандығы белгілі. Ал ондағы негізгі басымдық Қазақстанның адам ресурстарын дамыту болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ахметова Г. Білім сапасын арттырудың кепілін мұғалімнің рухани жан дүниесінен іздеу керек. // Алаш айнасы. Алматы: 5 сәуір 2012 .-4б.
2. Жабелова Т.Е. Еуразиялық кеңістікте ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мәселелері . // Саясат-Policy № 5,2013.-18б.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *