Рухани тәрбие беретін құнды мақала
«Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасымыздың мақаласы елең еткізген дүниенің бірі болды. Бұған дейінгі ел тарихымызға сіңірген халықтардың ерен еңбектерін басып айта отырып, біздерге ой салды. Мақаланы оқып бір рухым көтеріліп қалды. Тұнып тұрған ойлар мен тарихи деректер ендігі қадамның нық басылуына үлкен себепкер болатынына сенімдімін.
Президентіміздің бұл мақаласын алдыңғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын нақты іске асырудың картасы деп қабылдадым. Әр салада нақты қандай істер жасалуы керектігін атап айтқан. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу дегені керемет идея екен. Ұлы даланың ойшылдары мен білімділерінің, халықтың дарындыларының бізге қалдырып кеткен асыл мұраларын терең зерттеп, бүгінгі өмірімізде жаңаша бағалап, құрметтей білу керек. Қазақ елінің тарихи жаңғыруына үлкен мән беріп, ғылыми жақсы талдаулар жасалған құнды дүние болған ой-толғамы өскелең ұрпаққа, жарқын болашаққа жол десек те болады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқи отырып кеудемді бір мақтаныш кернеді. Шынымен әлем xалықтары көз тіккен, қызыға қарайтын дүниелердің барлығы біздің ұлы даламызда бар екен. Еліміздің осы жеті кереметін басқа ұлт өкілдеріне таныта алсақ нұр үстіне нұр болар еді!
Мақалада ұлы даламыздың жеті қыры айғақты дәлелдермен көрсетілген. Бұл мақала барлық білім беру мекемелерінде жас ұрпақтарға насихатталып, олардың өз еліне деген сүйіспеншіліктерін, жанашырлықтарын арттырып, рухани тәрбиемен сусындатып отыр. Халқымыздың мәдениеті мен тарихы мақтан етуге тұрарлық үлкен байлық. Мұндай баға жетпес тарихы бар мемлекетімізді әрбір Қазақстан азаматы мақтан тұтуы тиіс. Біз ұлттық кодымызды ұмытпай, әлемге өзімізді танытуымыз керек. Елбасымыз : «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі»,- деп айтып өткендей, еліміздің одан әрі дамып, өркендеуі мен рухани жаңғыруына барлығымыз күш-жігерімізді аямай, бір кісідей атсалысайық!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718