Қазақтың оюлары-ай, оюлары!
2018 жылдың 13 қарашасында «Тұран» университетінде Байболдиева Айшакүл Батырбекқызының қатысуымен «Оюдың сырлары және мәні» атты мастер класс және дөңгелек үстел өткізілді. Сабақтың жеткілікті дәрежеде өтуіне және студенттерге толық мәлімет беруге еңбегін сіңірген бірден-бір ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Креативті ойлау» пәнін жүргізуші Тулекова Гүлжан Қажымұратқызы болды. Бұл сабақ-мастер класстың негізгі мақсаты-студенттердің рухани байлығын толықтырып, ұлттық оюдың көмегімен ұлттық сананы қозғау, креативті ойлауды қалыптастыру.
Айшакүл Батырбекқызы кең, жарық, 100 орынды аудитория есігін ашқан сәттен бастап студенттердің жаңа ұғымдарды меңгеруге деген құлшынысы білінді. «Болғанынан болатысы қызық» деуші еді, бұл кездесуге Гүлжан ұстаздың бірнеше ай бұрын дайындалғанына студенттер куә болды. Айшагүл апаймен хабарласып, үздік деген оқушыларға тапсырмалар беріп, кездесу уақытын келісіп, өзіндік тактикамен танымдық сабақты ұйымдастырды. Гүлжан Қажымұратқызының осы еңбегінің арқасында біз де көпті көңілге түйдік.
1965 жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған Айшакүл Батырбекқызы сол уақыттағы «Социалисттік Қазақстан», «Пионер» газеттерінен қазақы ою жасауды үйрететін айдарларды үзбей қарап, ою оюға деген құлшынысы артқан. Осы өнерге бейімдеуші алғашқы ұстазы 1825 жылы дүниеге келген Айшакүл апайдың әжесі екен. Дана әженің өз қолымен жүн иіріп, оны илеп, тон тіккенін көріп өскендіктен, ол жастайынан қолөнермен сусындап, құмартып, ұлттық мәдениетке жақын болған.
Айшакүл Батырбекқызы: «Үнді, мұсылман елдерінде, Арабияда, еретеректе, тіпті, Германияның өзінде ою-өрнек өнері жоғары дәрежеде дамыған. Дегенмен де, соған қарамастан осы елдерден келген туристтер біздің еліміздің ұлттық ою-өрнегіне таң қалады»,-деп, мақтаныш сезіммен ұлттық рухты бір көтергендей болды. Талапты жастың белін буып, дүние есігін ашқан сәттен бастап осы өнерді бойына сіңірсе, ұлттық болмыста кінәрәт болмасы сөзсіз. Егер бұл мәдениет саласын жеткілікті дәрежеде дамытуға күш салынса, оның «Рухани жаңғыруға» қосатын үлесі өте зор болмақ.
Ұлттық байлықты жоғалтпай, сақтап қалу мақсатымен ою-өрнекпен айналысып жүрген Айшакүл Батырбекқызы мен оның ісін жалғастырушы архитектор қыздары осы уақытқа дейін 1000-нан аса ою жасаған. Оюдағы мүйіздің өзінің 45 түрі бар екенін айта келіп, Айшакүл апай студенттердің назарына өз оюларын ұсынды. Жұмыстарында Алтын адам, аң-құс бейнесі, табиғат құбылыстары, тіпті, су перілері де көрініс тапқан. Айшакүл апай осы салада 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Осы еңбегіне сый тәрізді болған жетістіктерінің бірі-жұмыстарының ЕХРО-2017 көрмесінде жұртшылыққа ұсынылуы. 12 метрлік лента түрінде ұсынылған ою конкурста озып шығып, Айшакүл Батырбекқызының мақтанышына айналды.
2005 жылы үш тілде жарық көрген, Т. Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясының студенті Оспанова Әлия ат салысқан «Ою сыры» альбомында қолданбалы өнердің аса маңызды салаларының бірі ою-өрнектің ежелден сақталған үлгілеріне негізделген жаңа уақыт талабына сай жарық көрген туындылары топтастырылған. Осы альбомдағы әрбір оюдың өзіндік философиясы мен терең мән-мағынасы бар. Айшакүл Батырбекқыының: «Бір туынды жасау үшін алдымен оны тереңнен тану керек. Танымсыз ешбір заттың мәні болмайды»,-деген сөздері біздің ұстазымыз Гүлжан Қажымұратқызының дәрістерімен тікелей ұштасты. Ұстазымыз танымымызды кеңейту мақсатында жұмыстар жүргізіп, әртүрлі технология бойынша оқытып, танымдық саяхатқа да апарып келген болатын. Демек, барлық психология мен философияның негізгі түп-тамыры таным екені белгілі. Осы танымды бізге ұстазымыз дәріс пен тапсырмалар, креативті шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізсе, Айшакүл апай өзінің ою-өрнегі арқылы жеткізе білді. Әсіресе, осы жинақтың ішіндегі көңілімді кілт еткізген «Солтүстік бұғы», «Пингвин», «Жираф» және «Американ қалпағы» оюлары болды. Сенесіз бе, осындай қиын үйлестірулерді де оюға салу әбден мүмкін екен.
Сабақ негізінен лекция түрінде жүргізілсе де, Гүлжан Қажымұратқызының ат салысуымен студенттер өз шығармашылығы арқылы Айшакүл апайға деген сый-құрметін, жылы лебіздерін білдірді. Өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтың «Сүйінші» поэмасы оқылды, сұрақтар қойылды, сабақ Гүлжан ұстаздың орындауында «Жақсы адамдар» әні мен Айшакүл Батырбекқызының кішігірім мастер класымен аяқталды.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718