Үш тілдік – заман талабы
Қуантаева Динара Амиргалиевна
Үш тілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын.
Осыған орай мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу, мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш тілді кіріктіре отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады.
Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасаумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушыны ізденіске баулуды яғни, жеке тұлғаның өздік әрекетін дамытуды мақсат етеміз.
Оқушы санасына біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек жеткізу керек.
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.
Орыс тілі – ұлтаралық қарым — қатынас тілі.
Ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.
Мемлекеттік тілді – дамытамыз.
Орыс тілін – қолдаймыз.
Ағылшын тілін – үйренеміз.
Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, осыдан 12 ғасырдың алдында жасаған энциклопедик ғалым, әлемде Аристотелден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70 ке жуық ұлттың тілін жеттік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық.
Көп тілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қортып, туған халқына өнеге болып, өзге жұртпен бәсекеде ырықты орынды иеленіп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері анық.
Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңілтіп, өз қабілетін танытуға мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік.
Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілді дамыту керек, орыс тілін қолдануымыз және ағылшын тілін жетік меңгеруіміз қажет.