Балабақшада балаларды тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі негіздеріне баулу

Абенова Айгул Хамзиевна

Қазіргі таңдағы әлеуметтік және экологиялық жағдай барлық ғаламшар адамдарын алаңдатуда екендігі ешкімге құпия емес. Ерекше алаңдатушылық туғызатын біздің қамқорсыз азаматтарымыз – кішкентай балалар. Үлкендердің (педагогтар мен ата-аналардың) міндеті – баланы сақтап, қорғау ғана емес, сонымен қатар оны әртүрлі қарапайым, кейде тіпті қауіпті өмірлік ахуалдармен бетпе-бет кездесуге дайындау.

Қауіпсіздік шаралары мен тәртіп ережелері адамның өмір сүру жағдайымен, яғни ол заманауи қала немесе ауылдық жер, үйреншікті үй жағдайы немесе теңіз жағалауы болсын, тығыз байланысты. Әрбір қоршаған ортаның әртүрлі мінез-құлық тәртібі мен осыған сай сақтандыру шаралары бар. Егер барлық адамдар оларды жақсы біліп, бұзбаса, кездейсоқ оқиғалар мен жарақаттанулар аз болатын еді.

Қауіпсіздік – меңгерілген білім қоры емес, әртүрлі жағдайларды өзін дұрыс ұстай алу қабілеті. Балалар үйде немесе далада алдын ала болжап білуге болмайтын жағдайларға ұшырап жатады, сондықтан үлкендердің негізгі міндеті бала бойында жауапкершілік пен дербестіктің дамуын ынталандыру.

Біз өз жұмысымызда белгілі бір тәртіп дағдылары мен тәжірибелерді баланың игеруіне бағытталған әртүрлі іс-әрекет түрлерін ұйымдастыруға баса назар аударамыз. Өйткені біз баланы неге үйретсек, соны олар шынайы өмірде қолдана алулары керек.

Тәрбиешілер осы тақырып бойынша көркем әдебиет шығармаларын балаларға оқиды, көлік туралы жұмбақтар шешіп, тақпақтар жаттайды; балалар жұмбақ жасыруды үйренеді. Математика бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде көліктердің санын, оның бөлшектерін (екі шам, төрт дөңгелек) санап, жеңіл көлік көп пе, әлде жүк көлігі ме екендігін анықтайды. Тіпті осы аптада балалармен қауіпсіздік мәселелері, мысалы, көлікте жүру ережесі, жүргіншілер жолы туралы әңгіме жүргізуге болады. Балалармен «Көліктер мен оның бөліктері», «Ауа, су, жер асты, жер үсті» дидактикалық ойындарын ойнауға болады; жолда жүру ережелері бойынша эстафеталар мен қимылды ойындар ұйымдастырып, таныс көркем әдебиет шығармаларын сахналауға болады. Үлкен құрылыс материалдардан автобус құрастырып, «Қалаға саяхат» сюжетті-рөлдік ойынын ойнауға болады. Осылайша, балалар ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімдерін ойында қолданып, өнімді іс-әрекеттің әр түріне дербес қолдана алады.

Қарағанды жолдарында әр жыл сайын көлік қозғалысы қарқынды өсіп келе жатқаны белгілі. Өкінішке орай, бұл процесс адамдар зардап шегетін  жол-көлік апаттарының көбеюіне әкеліп отыр. Зардап шеккен балалар санының артуы да ерекше алаңдатушылық туғызуда. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қорғау үшін оларды көшемен, қала қозғалысымен, ертерек таныстыру қажет. Неғұрлым біз баланы жолда жүру ережелерімен ертерек таныстырып, олардың көлікте жүру мәдениетінің дағдыларын қалыптастырсақ, соғұрлым жол апаты аз болады.

Балалар жол-көлік жарақатының алдын алуда негізгі рөлді мектепке дейінгі ұйым атқарады. Сондықтан, баланы тәртіпті жүргінші ретінде тәрбиелеуде педагогтар мен ата-аналар олардың алғашқы ұстаздары болуы керек.

Үлкендердің көшелерден және қиылыстардан өту ережелерін, көлікті қолдану ережелерін (көлікке міну, көліктерді айналып өту және т.б.) сақтауы – баланың көшеде тәртіпті жүру тәрбиесінің негізгі факторы.

Педагогтар мектеп жасына дейінгі балаларда жол ережесі сауаттылығын қалыптастыру жүйелі, мақсатты түрде бағытталған, баланың жалпы мәдениеттілігін тәрбиелеудің құрамдас бөлігі ретінде қарастырады.

Балаларды жол ережелерімен таныстыру барысында оқытудың әртүрлі көрнекілік-практикалық формасын белсенді пайдалану керек. Балаларды жол ережелеріне оқытуда немқұрайдылыққа салынбау керек. Балаларды ережені сақтауға көндіру де жеткіліксіз болып табылады.

Балалардың жолда жүру ережелерін берік және жете түсінуіне мүмкіндік туғызатын негізгі құралдар – үлкендердің әңгімесімен қабаттаса жүргізілетін балалармен мақсатты серуендер, әңгімелесу, жолда болатын жағдайларды талдау, ойындар. Сонымен қатар балалармен жұмыста әртүрлі дидактикалық және көрнекілік материалдарды, көркем әдебиеттерді, телебағдарламаларды көріп, радиоәңгімелерді тыңдауды мақсатты түрде кеңінен қолдану қажет.

Біздің балабақшада «Қауіпсіздік» тақырыбына байланысты әртүрлі материалдар іріктелген. Бұл – технологиялық карталар, ойындар, мақсатты серуендер, әңгімелердің сценариилері мен конспектілері, ермек ойындарының сценарилері және басқа да материалдар. Топтарға сюжетті-рөлдік ойындарға арналған құрал-жабдықтар «Аурухана», «Жүргізуші», «Өрт сөндіруші» және т.б. алынды. Бұл құралдар арқылы ойынның мазмұны молайып, олар балаларға қызықты болады.

Біздің педагогтар кез келген міндеттерді шешуге шығармашылықпен қарап, мектеп жасына дейінгі балалардың қауіпсіздігі тақырыбын ерекше қарастырады.

Кішкентай балалар ұшқалақ, шыдамсыз, істеген істері қисынсыз. Бала өмірді танып, білуге ұмтылады, жаңа нәрсе ойлап табуға тырысады, шынайы қауіпсіздіктермен әр кезде келісе бермейді, балаларда үлкен адамдарға тән жолда болатын құбылыстарға психологиялық реакция болмайды.

Балабақшадағы тәрбиелеу бағдарламасында көлікті қолдану ережелері мен көшеде жүру ережелеріне мектеп жасына дейінгі балаларды үйрету қарастырылған.

Мектеп жасына дейінгі балаларды жолда жүру ережелеріне үйрету тәрбиешілерден арнайы білімді талап етеді: олар балалардың немесе ата-аналардың кез келген сұрақтарына жауап берулері керек. Отбасына сүйенбей, балалардың меңгерген білімдерін бекіту бойынша ата-аналарда белсенді, практикалық іс-әрекеттердің сұранысын оятпай жұмыстың тиімділігі қажетті деңгейді ала алмайды.

Көшеде жүру тәртібі мен жолда жүру ережесін үйрету балалар түсінетіндей, анық, айқын формада жүргізілу керек. Іс-әрекет барысындағы эмоционалдық көңіл-күй оқытылатын материалды белсенді қабылдауға ықпалын тигізеді. Тек педагогикалық ұжымның шығармашылық жұмысы мен ата-аналармен тығыз өзара байланыс жақсы көрсеткіштер көрсете алады: балалардың білімін молаяды, оларды ойын әрекетінде бекітеді, ата-аналар мен балалардың, педагог пен ата-аналардың өзара қарым-қатынасына оң әсерін тигізеді.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Овчаренко Л.Н. Предотвратить беду. – М., 1988.
  2. Авдеева Н.Н. Основы безопасности детей дошкольного возраста. / Н.Н.Авдеева, О.Л.Князева, Р.Б.Стеркина /Дошкольное воспитание.-1997.
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *