Сабақ түрлері, қолданатын әдіс-тәсілдер, құралдар, ұйымдастыру жолдары, қойылатын талаптар

Жумаканова Гульзат Калабаевна

«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп қазақтың  біртуар перзенті Шоқан Уәлиханов айтқандай еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлуде. Әлемдік білім кеңістігінен орын алу үшін міндетті түрде саналы жан-жақты дамыған ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп халқының болашағы үшін білімнің даңғыл жолын салған Ыбырай Алтынсарин бекерден бекер айтпаған. Әрбір мұғалім өзін мектептің жүрегімін деп есептеп, мектептің жанын кіргізердей дәрежеде болуы тиіс. Өз ісіне аса ықыласпен ден қоя отырып, құзырлы мұғалім ретінде баланың жүрегіне білім нәрін себе білуі керек. Сындарлы оқыту туралы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім – біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір – көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым – түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай – ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсіну.
Білімді және тәрбиелі, дүниетанымы кең, ұшқыр ойлы ұрпақ тәрбиелеу үшін – сындарлы оқыту теориясын сабақ үдерісінің негізгі көзіне айналдыру қажет. Осы бағытта білім беру ұйымдарының алдындағы мақсат – мұғалімдер тәжірибесін үнемі жетілдіру және бағалау. Жаңа әдіс –тәсілдердің практикалық қолданысын кеңейту, дамыту болып табылады. Ол үшін жергілікті және облыстық білім беру ұйымдары педагог кадрлардың ізденісі бағытындағы тәжірибе алмасу шараларының формаларын жетілдіріп отыруы қажет. Ұстаздар қауымының республикалық және өңірлік тәжірибе алмасуы үнемі болуы шарт.
Алдымызда тұрған міндеттеріміз мынадай :
-оқушының өзіндік және жеке ойлауын қалыптастыру
-оқушының шығармашылық таланттарын жан–жақты ашып көрсету
-оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту
-сабақ үдерісінде АКТ –ны тиімді пайдалану
-оқушылардың танымдық белсенділігін ынталандыру.
-оқушылардың ғылыми білім, іскерлік дағдыларды меңгеруіне керекті оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру.
-ақыл-ойды, ұғымталдықты, қабілетті, дарындылықты дамыту.
Ұлы данышпан Әбу Насыр әл Фараби «Әрекетіміз дұрыс болу үшін біздің соған баратын жолымыз қандай болу керек екенін анықтап алуға тиіспіз» деп атап көрсеткендей, оқушы жүрегінен жол табам деген ұстаз мына қағидаттарды естен шығармауы тиіс :
-оқыту мазмұны мен әдіс икемділігінің маңыздылығы қағидаты-
оқушылардың жас ерекшеліктері мен деңгейіне сай оқу мазмұны мен әдісін таңдау болып табылады,
-жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың мақсаттылық қағидаты-
оқытуға жеке дара қарау, яғни ғаламтор материалдарын тиімді пайдалана білу оқушының жаңа, тың материалдарды тауып, сұрыптауына мүмкіндік туады,
-электронды оқулықтарды тиімді пайдалану,
-білім алушының білім мазмұнын таңдау еркіндігі қағидаты,
-пәндер мазмұнының Қазақстан Республикасы білім стандартының нормативтік талаптарына сай болуы,
-этикалық қағидаттар- мұғалім мен оқушы арасындағы шынайылық және еркіндік, сыйластықтың орын алуы.
Әл-Фараби: «оқыту дегеніміз – үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру»,- дейді. Оқыту – мұғалім мен оқушылардың белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған, реттелген, бірлескен іс-әрекеті, оқушылардың танымдық іс-әрекетін арнайы ұйымдастыру. Оқыту процесі – мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті. Оқыту процесі – екі жақты процесс болғандықтан, мұғалім мен оқушылардың бірлескен іс-әрекетін, мұғалім тарапынан оқушы іс-әрекетіне басшылық етуді, жоспарлауды, ұйымдастыруды, басқаруды талап етеді. Осы процесте оқушылар ғылыми білімдер алып, іс-әрекет жасауға үйреніп, жақсы мен жаман туралы көзқарастарын қалыптастырады. Оқыту баланы дамытады. Ол мынадай бөліктерден тұрады: мақсат, міндет, мазмұны, нәтижелері, оны бағалау.
Нәтижелі оқытуға қол жеткізу жолында мынадай сұрақтар туындайтыны заңды деп ойлаймын. “Нені оқыту керек?”, “Қалай оқыту керек? “,   “Оқыту қалай жүргізіледі, оның заңдылықтары қандай?”, “Кімдерді оқыту керек?”, “Не үшін оқыту керек?”,  “Қайда оқыту керек?”.
Тәжірибеде оқытудың көптеген түрлері қолданылуда. Мұғалімдер барлық пайдалы оқыту түрлерінен бас тартпай, жақсыларын жаңа жүйеге бағыттап тәжірибеге енгізеді. Топтық оқыту, өзін-өзі оқыту – оқушы белгілі бір өздік жұмысты (оқылатын объектімен, оқулық, приборлармен жұмыс істейді, есеп шығарады, зерттеу жұмысы) орындап, оның нәтижелері туралы жазбаша есеп береді.
Өзара оқыту (жұптық оқыту) – оқушылар тұрақты жүпта немесе құрамы өзгеретін жұпта жұмыс істейді де, қандай да бір мәселені бір-біріне түсіндіріп, өз тақырыптарын қорғап, жолдасының жұмысының нәтижесін бағалайды.
Сындарлы оқытуда  оқушы өз бетінше білім алуды ұйымдастырады, сын тұрғысынан нақты, мақсатты шешім қабылдауға үйренеді, оқушылар кез-келген сұраққа өмірден мысал келтіре отырып салыстырып жауап береді.
Сындарлы оқыту тәсілдері – оқушы шығармашылығы мен дүние-танымын дамытудың көзі. Жаңа әдіс –тәсілдерді тиімді пайдалана білу-оқушы шығармашылығы мен дүниетанымын кеңейтудің негізі.

Қазіргі таңда ғылыми негізде және жаңа зерттеушілік бағытта құрастырылған электронды оқулықтарды тиімді пайдалану оқушының пәнге қызығушылығына жол ашады.

Білім беру саласында түрлі технологиялар енгізілуде, бірақ олардың ішінде қажеттілігін таңдап, сабақтың әр кезеңінде тиімді қолдану – басты талап. Мәселе технологияларды кеңінен пайдалану емес, мәселе – тұлғаны нәтижеге бағыттай білім беруде. Сондықтан сабақтарда көрнекілік әдісі мен техникалық құралдарды қолдана білу мұғалім алдында тұрған бірден- бір міндет. Сабақта жаңа технологияларды, техникалық құралдарды жан жақты қолдану, сабаққа керекті материалды ақпараттық кеңістіктен іздеу, Мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оның уақытын үнемдейді, жаңа ақпарат түрі көбейіп, оқушылардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Бүгінгі күні ақпараттар ағымы өте көп. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, Он-лайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болу тиіс.

АКТ-ны тиімді пайдалану оқушыны мына қадамдарға бағыттайды: 1. Оқушы танымын кеңейтеді.  2. Оқушыны ғаламтормен тиімді жұмыс жасай білуге бағыттайды. 3. Оқушының өзіне сенімін нығайтады және жұмыс жасай білу дағдысын қалыптастырады. Ақпаратты технологияларды пайдалану арқылы мектептегі сабақтарды жаңаша ұйымдастыру, мұғалімнің рөлі мен қызметінің артуына жағдай жасау, теориялық, ғылыми – педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйене отырып, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық технологиялар мен инновациялық оқыту әдістері арқылы оқушыларды ізгілікке, елжандылыққа, саналыққа, адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Инновациялық әдістерді баланың білім деңгейіне және жас ерекшелігіне қарай оқу үрдісінде пайдалану негізгі міндет болып табылады. Оқушылармен материалды игеру үрдісін психологиялық түрде жеңілдетеді. Пәнге деген танымдылық қызығушылығын тудырады. Оқушылардың көз қарасын кенейтеді. Сабақ үстінде көрнекілікті қолдану мүмкіндігі өседі.
Теориялық материалды толық игеру болады. Ақпаратты табу, оны компьютерлік технология арқылы өндеу, өз көзқарасын нақты және қысқаша қалыптастыру дағдысы. Сабақ үстінде оқушының да мұғалімнінде еңбек өнімінің жоғарлауы болады.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні республикамызда білім беру жүйесінің түбегейлі өзгеріске ұшырауы анықталғаны баршамызға аян. Оның негізгі факторы жаһандану үрдісіндегі білім беру саласында жаңа модельдердің дүниеге келуі, білім беру үрдісінің ақпараттандырылуы болып табылады. Прогрессивті концепциялардың пайда болуы, білім беру үрдісінде алға кеткен мемлекеттердің тәжірибесімен танысу және соның нәтижесінде ұлттық білім беру моделін құрастыру бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып табылады, өйткені нарықтық экономикаға негізделген мемлекетіміздің келешегіне мамандар қажеттігінен туындайды. Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды, мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды. Осыған орай сабақ беру үрдісінде қазіргі күннің, яғни инновациялық әдістерді оқытудың интерактивті оқыту моделі болып табылады.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» — деген бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың меңгерген біліміне, алған тәжірибесіне байланысты екеніне еш күмәнім жоқ. Оқушылардың танымдық көзқарасын байыту ақыл-ой қабілетін жетілдіру, өзіндік ойлау және өмірлік ұстанымын қалыптастыру мұғалімнің шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты.
Ұлы ойшыл Уильям Уорд: «Жай мұғалім – хабарлайды. Жақсы мұғалім -түсіндіреді.  Керемет мұғалім –көрсетеді. Ұлы мұғалім – шабыттандырады» деген екен. Сондықтан,  ХХІ ғасыр мұғалімі жан-жақты болуы заңды деп ойлаймын. Оқыта отырып тәрбиелеу-қазіргі заман мұғалімінен талап етілетін басты мәселе. Сондықтан атақты педагог К.Д.Ушинскийдің «Оқыту- тәрбиелеудің қуатты органы, бұл органды пайдалана білмеген тәрбиеші шәкірттерге әсер етудің ең басты және қажетті құралынан айрылады» деген сөзін үнемі жадымызда сақтасақ деймін.
 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *