Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың қазақ тілін оқыту
Акказина Алмагүл Садыбековна
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында қойылған:«Еңбек нарығын, еліміздің индустриялық-инновациялық міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу» бағдарламалық мақсаты сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін көрсетіп отыр.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында көрсетілген білім сапасындағы мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарының бірі – әрбір азаматтың интеллектуалдық дамуы болып табылса, жоғары оқу орнында білім алу кезінде студенттің интеллект деңгейі өсіп, қалыптасады.
Білім берудің жаңа парадигмасы мектептегі сабақ барысын, оқушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты мүлдем өзгеше құруға әкелді. «Мұғалім – ұсынушы, оқушы – қабылдаушы» қағидасы өзгерді. Қазіргі заманда мұғалім –бағыттаушы, көрсетуші, жетелеуші. Ал оқушы – өздігінен ізденетін, алған білімін өмірде қолдана білетін тұлға. Мұндай нәтижеге жеткізудегі басты құрал – жаңашыл педагогикалық технологиялар. Соның бірі – ақпараттық коммуникациялық технологиялар. Бұл технологияның мақсаты – мұғалімдердің білімін компьютерлік интеграциялау, қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету. Ақпараттық технологияның негізгі талабы – жас ұрпаққа қоғамға лайықты ақпараттық білім негіздерін бере отырып, олардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Сол себептен ақпараттық коммуникациялық технологияны бүгінгі заманның орасан зор жетістігі ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сабақтарында да пайдалану маңызды да өзекті. Бұл технология елімізде соңғы он жыл көлемінде кең қолданыста. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасымыз атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.
Қазіргі заманның кез келген пән мұғалімі кем дегенде Microsoft ofhice бағдарламаларын пайдаланады. Word бағдарламасы әрбір сабаққа қажетті түрлі мәтіндік материалдар құру үшін керек болса, Excel кесте, сызба, график, тест құру үшін, Power Point оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстарына, сабаққа қажетті электронды жалғама әзірлеу үшін қажет. Ал Publisher бағдарламасы оқылатын сабақ тақырыптары бойынша буклет, реферат, жобаларды бағалап қорытындылауға ыңғайлы. Қазіргі жағдай қазақ тілі мен әдебиет сабақтарын жүргізетін мұғалімдердің ақпараттық коммуникациялық технологиялардың барлық мүмкіндігін қарапайым орфографиялық ереже-қағидалардан бастап интерактивті тақтаға дейін пайдалана отырып ғаламтор желісінде де жұмыс істей алуды талап етеді.
Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың бірі – интерактивті тақта. Бүгінгі таңда мұғалімдердің көпшілігі интерактивті тақтамен сабақ өтуде. Интерактивті тақтамен әр сабақты қызықты өткізуді ойластырып, жоспарды талапқа сай құра білген ұстаз талапқа сай өз дәрежесінде сапалы сабақ өткізе алады. Ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушыларды жаңа заман технологиясымен жұмыстануға үйретеміз.
Интерактивті тақтаны пайдаланып сабақ жүргізу берілетін білімнің сапасын ғана арттырып қоймай, оқушылардың әр сабаққа деген қызығушылығын тудырып, олардың жалпы уақытын үнемдейді, ынта-ықыласын /мотивациясын/ жақсартады, әрбір оқушыны ұжымдық жұмысқа тартуға көмектеседі, әрбір білімгердің жеке қабілетін жетілдіреді және олардың шығармашылық, зерттеушілік дағдыларын дамытады. Осы мүмкіндіктерді ескерген тәжірибелі ұстаз әрқашан ақпараттық коммуникациялық технологияларды дұрыс таңдап, белгілі бір сабақтағы нақты педагогикалық мақсат-міндетті орындаудың оңтайлы әдісін таба біледі. Оқытудың интерактивті жүйелерін мектепте қолдану – бұл білім берудің жаңа ұстанымы – «Білім алуды қарқындату».
Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың оқу үрдісіндегі практикалық маңыздылығымен қатар жанама мынадай тиімді жақтары бар екенін атап өткен жөн: қоғамдық- әлеуметтік қарым-қатынас үдерісі табысты өтеді, оқушылар өз ой-пікірлерін қысылмай, емін-еркін жеткізіп айта алады, берілген білімге, ақпарат-мәліметке қатысты қойылған сұрақтарға батыл жауап береді, білім беру – білім алу үдерісі көтеріңкі көңіл-күй жағдайында іске асырылады. Оқушы қазіргі технологияларға өзінің де қатысы бар екенін сезініп, оны терең түйісіп, әріде жинақталған тәжірибесін ғаламтор желісін пайдалана отырып қашықтан білім алуда да ұтымды пайдаланады.
Қазақ тіліне деген ынта, қызығушылық, тіл үйренуге деген белсенділігін арттыру үшін мұғалімнің білімділігімен қатар шеберлігін қажет етеді. Бүгінгі күні қазақ тілін үйретуде мұғалімнің ең бірінші көмекші – ақпараттық коммуникациялық технологиялар. Біз де өзімізше осы технологияны үйреніп, өз сабағымызда қолдануға тырысып жүрміз. Ақпараттық коммуникациялық технологиялар бізге әр түрлі жұмысты тез және қысқа мерзімде, жан-жақты, түрлі-түсті, көркем етіп жеткізуге мүмкіндік береді. Ал оқушыға өз бетінше орындап, білім деңгейін тексеруге мүмкіндік туғызады.
Алдымен:
- сабақтың түрін, тақырыбын анықтап алу;
- ақпарат жинау;
- ақпаратты саралап, сұрыптау қажет;
- оқу әрекетін оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастыру;
- сабақты жағымды эмоция, жағымды әсерлермен қанықтыра білу;
- сабақтың мақсаты мен нәтижесінің бірұштылығын жоспарлау керек.
Оқытушылардың ақпараттық коммуникациялық технологияларды меңгеруі – білім беру саласын ақпараттандырудағы артықшылық және анықтаушы бағыт болып саналады. Яғни, педагогтардың ақпараттық коммуникациялық технологияларды меңгеруін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ең басты талабы болып саналады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Жайық ұстазы, №1-7, 01-2004
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы //www. edu. gov. kz.
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы 2007ж.
- Назарбаев Н.Ә. Білім беру саласы қызметкерлерінің ІІІ құрылтайында сөйлеген сөзі.
- Қазақстан Республикасында ақпараттық және коммуникациялық технологияны дамытудың 201-2014 жылдарға арналған бағдарламасы //www. Itk. kz //
- Ж. Букенева «Қазақ тілін компьютерлік технология арқылы меңгеру мәселелері» //қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде 2008 №6
- Р.К. Жүнісова «Қазақ тілі сабағында оқушылардың ауызекі сөйлесуін еуростандарт негізінде ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы дамытуды басқару» Ғаламтор желісі.
- Г. Абдурахманова «Коммуникациялық технологиялардың дидактикалық мүмкіндіктері» «Қазақстан мектебі»А., 2006 №3