Болашақ балабақшадан басталады
Самбетова Назима Жумадиловна
«Болашақ балабақшадан басталады»
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де тәрбиелі, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» – дейді Әл-Фараби. Жас ұрпақты отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән берген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп қыз тәрбиесін анасына, ұлды әкесіне табыстаған. Ру таңбасын көрсетіп, «Жеті атасын білген жетелі» деп жеті атасын жаттатқызған. Халықтың аңыздары мен жырларын тыңдатып, халықтың ұлы болуға баулыған ұлдарын. Қызарына отбасының ұйытқысы болуды ғана емес, ұлт тәрбиесін жалғастыруды, сақтауды үйреткен. Осы ұлы тәрбиенің нәтижесін ұрпақтар жалғастығынан көруге болады. «Бұтағымен ағаш сымбатты, ұрпағымен адам қымбатты» деген қазақ даналығында нақыл сөз бар. Осы қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз ұрпақ жалғастығын, үбірлі-шүбірлі болуды өмірдің мақсаты, мұраты санаған.
Кеңестік кезең бала тәрбиесін басқа арнаға бұрды. Мектепке дейінгі жастағы балаларға ұжымдық тәрбие беруді қалыптастырған балабақшаның бүгінде маңызы зор. Ата-аналардың жақсы тұрмысқа ұмтылуы, олардың жұмыс бастылығына алып келді. Қазіргі таңда бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болатын, қауіпсіз, баланың жан-жақты болуын қамтамасыз ететін балабақшалардың көптеп ашыла бастағаны көңіл қуантады. Ұжымдық тәрбиенің қоғамға пайдасын сезе білген мемлекет еліміздегі балабақшаларды көбейте бастады. Жас ұрпақтың қабілеті мен бейімін анықтау, жетілдіру мен қалыптастыру балабақшадан бастау алады. Осы орайда бала тәрбиелеуде тәрбиешілердің еңбегі зор. Сапалы білім мен өнегелі тәрбиені әрбір бүлдіршіннің бойына сіңіру-мекеме қызметкерлерінің басты мақсаты. Келешек қоғам иелерін ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Болашақ балабақшадан басталады. Асыл қазынаға жол бастап зерделі ұрпақ тәрбиелеуде, ата-ана мен педагогтардың аянбай еңбектенгені абзал. Бала тәрбиесі жауапты іс. Біздің әрқайсысымыздың басты міндетіміз – бүлдіршіндеріміздің бақытты балалық шағы, лайықты білім алуы және Отанымыздың толыққанды азаматына айналуы. Тек қана, білімді және тәрбиелі ұрпақ Қазақстан халқының мақтанышы болмақ.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718