Балаларды спортқа баулу (эссе)
Алиаскаров Жанат Узакпаевич
Дана халқымыз «Дені саудың жаны сау»деген ұлағатты сөзді тегін айтпаса керек.Жанның саулығы деннің саулығымен тығыз байланысты екеніне есейіп ержеткеннен кейін көзіміз жеткендей.
Бала кезде сөздің төркініне,мән мағынасына мән бермеген екенбіз.Таңның атысы мен күннің батысына дейін күн ұзақ дала кезіп,ойнаумен кеттік.Қарап отырсақ,сол бала ойынның өзі денешынықтыру,денені қалыптастыру екен ғой…
Әжелеріміз туғаннан бастап,баланың қол-аяғын созғылап,бесікке бөлеп,маймен сылап өсірді ғой.Сол сылаудың өзі қазіргі массаждан кем емес екен!
Ұл бала беске толысымен сүндет тойын дайындап,атқа мінгізіп,ат жалын тартып отыруға дайындаған ғой.Адам есейген сайын алыста қалған балалық шағын қатты сағынады екен.Алаңсыз ойын қуған бақытты балалық шақтың тәтті күндеріжиі еске түседі.
Ауыл балаларымен таласа-тармасып асық ойнадық,ләңгі тептік.Сол асық ойнау мен ләңгі тебудің өзі адамды ептілікке,дәлділікке баулитынын,спорттың нағыз өзі екенін білмеппіз.Үйіміз мектеп стадионының түбінде болғандықтан ба,стадионнан шықпайтынбыз.Аяғымызға ала доп ілінбесе де алдымдағы үш ағамның соңынан қалмай ертеден кешке дейін алаөкпе болып жүгірумен болатынбыз.
Есейе келе мамандық таңдауға тура келді.Осы арада мен ұстаздық жолды,соның ішінде дене тәрбиесі мұғалімі болып,оқушыларды спортпен машықтандыруға,спортты сүюге тәрбиелеуді дұрыс деп таптым.
Мектепте оқыған әр оқушы дене тәрбиесі пәнін асыға күтеді.Жаныңнан өтіп бара жатып: «Ағай, бүгін бізге дене тәрбиесі ғой»,-деп ескертумен болады.Соған көңілің марқайып,басқаша болып қаласың.
Мектебімізде Нашарбеков Аббас деген ағайымыз дене тәрбиесі пәнінен сабақ берген.Қазіргі кезде ол кісі құрметті зейнеткерлік демалысында,сол ағайдан көп нәрсені үйрендім деп айта аламын.
Аббас ағай тоғызқұмалақ,шахмат,дойбы ойындарын шәкірттеріне асқан байыппен,байсалдылықпен үйрететін еді.Менің де осы ойын түрлеріне ден қоюым ағайдан алған ғибратым шығар деп ойлаймын.
Атамыз қазақ ат жалында өсіп,көкпар тартып,қыз қуып,құс жүгірткен саятшы болған ғой.Балуан Шолақ атамыз домбырасымен әнін айта жүріп,асқан күш иесі болып, балуан атанғаны бәрімізге мәлім.
Аллаға шүкір,қазіргі таңда қазақ спорты даму үстінде.Қазақстан түрлі жарыстардан көштен қалмай,үлкен жетістіктерге жетуде.Боксерлар Геннадий Головкин мен Қанат Исламның жеңістерінің өзі неге тұрады!
Қазақ спортының дамуына бірден-бір қамқорлық танытып,демеу беріп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ел алғысы өз алдына.Жасына қарамастан ол кісі теннис пен гольф ойнауда алдына жан салмайды.Елімізде жыл сайын салынып жатқан спорт мектептері мен спорт комплекстері Елбасының спортқа деген үлкен әкелік жанашырлығы деп білемін.
Бала күнімізде Алматының «Қайрат» футбол командасының әр ойынын үзбей көруші едік.Қазақ футболының қазіргі кездегі өз дәрежесінде болмауы көңілімді құлазытады.Оның есесіне қазақ күресінің дамып келе жатуы қуанышқа бөлейді.Қазақ күресінің дамуына үлкен үлес қосып,осы спорт түрін олимпиада ойындарына жеткізуді мақсат тұтып жүрген Арман Шораев бауырымызға алғысымыз шексіз.
Иә,әр мамандықтың өзіне тән қызығы мен қиындығы болады.Ал мұғалім болу-өзгеге қиын мамандық.Қазақстанның болашағы жас ұрпақ десек,сол ұрпақты дені сау,жаны сау,сұлу да сымбатты етіп қалыптастыру менің де міндетім деп білемін.
«Шынықсаң шымыр боларсың,
Айға да барып қонарсың…
Спортты бос ойын деп санама
Ұлы өнер деп жазып алғың санаңа…»
Деген екен бір ақын,менің де көңілімдегі айтпақ ойым – осы!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718