Жаңғыру жолындағы жас маман рөлі

Айжігітқызы Гулмайра

«Мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген

сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол – нағыз ұстаз»

Л. Н. Толстой

Тәуелсіздіктің ұраны көгімізде шарықтағалы бері Елбасымыздың әр жыл сайынғы жолдауы халыққа қарай жол тартады. Бұл жолдаулар – өзін патриотпын деп санаған  азамат пен азаматшаның жүрегіндегі  еліне, жеріне деген махаббатын оятатын бірден – бір құжат. Елбасымыздың айтқан әрбір сөзі еліміз үшін, «Қазақстан» атты бейбіт елдің әрбір ұланы үшін құндылыққа толы. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» атты бірнеше стратегиялық жолдаулары қазақтың кең – байтақ жеріне жол тартты. Президентіміздің ой-пікірлерін теледидардан үзбей тыңдап, кез келген қандай да бір жолдауы шықса, ертесіне мақаласын оқуды әдетке қалыптастырғанмын. Мен мұны Қазақстан Республикасының азаматшасы, жас ұстаз ретіндегі міндетім, борышым деп білемін. Сондай құнды құжаттарымыздың бірі Елбасымыздың жуырда жарыққа шығып, «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыру мақсатында жазылған  «Рухани жаңғыру» атты мақаласы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын әдеттегідей әлденеше рет оқып, мұқият танысып шықтым. Оқи отырып болашақ ұрпаққа ұстаздық етуші ретінде ерекше әсерде қалып, бірнеше ой түйдім. Бұл ретте Елбасы ең алдымен бәсекелестікке қабілетті болу мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Қазақ халқы үшін бұл – бүгінгі таңдағы ең басты шарт-талаптардың бірі. Яғни, жаңа ғасыр, жаңа заман осыған қарай тез қарқынмен зымырап, бет алып барады. Ендігі жерде кім жанталасып жақсы жұмыс істейді, кім өз мамандығын жетік меңгеріп, жаңалыққа қалай тез қол жеткізеді – соның жолы болады.Міне, елбасымыздың мына біз жас мамандарға да қойып отырған жаңа талабы да осы – адалдық, өз мамандығына, өз ісіне беріктік, шыншылдық. Шындықтың шамы дарияның астында да жанады. Шын жүрекке тұсау жоқ. Қай істе де ашықтық пен адалдық керек. Абайдың: «Адалдыққа еш нәрсе жетпейді» деп айтқан сөзі бар еді. Қандай да бір халық адал жүріп, адал тұрса, байлық пен табысқа сол кенеледі. Сол халықтың жұлдызы оңынан туады. Ендеше Елбасымыздың бізге айтып отырғаны да осы – өз ісіне адалдық, жас мамандардың өз білімі мен тәжірибесін жетілдірудегі еңбеккерлігі. Себебі, біз жас мамандар – Қазақстанның ертеңіміз, болашақ біздің қолымызда. Сонымен қатар Елбасымыз бұл мақаласында білім саласына да ерекше мән берген. Оның ішінде жас мамандардың еңбеккерлігі, нағыз маман болудағы алғышарттарды да атап өтеді. Бұл жолда ұстаздардың алатын орнының ерекше екендігін де айрықша көрсетіп өтті. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі таңдағы мұғалімдердің оның ішінде білімі мен білігі қатар жүретін жас маман ұстаздардың Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда ерекше рөл алатындығы нақтыланып тұр. Қазіргі таңда мен де «өзін-өзі тану» пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарамын. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Студенттік шағымнан бастап менің намысымды қозғайтын бір өзекті мәселе «Қазақстан»  атты алып Республиканың дамуына қосар үлесімнің мәселесі еді. Сол себепті «Қазақстанның нағыз патриот, ұлтжанды азаматтары мен азаматшаларын тәрбиелеу жолында өз үлесімді міндетті түрде қосуым керекпін» деген оймен осы мамандықты таңдаған едім. Осы жолда оқушылардан алғыс естіген уақытта менен бақытты адам болмайтын тәрізді. Сол кезде өз басым мұғалімдік жолын таңдағаныма қуанамын. Әрине, егемен мемлекеттің ұлтжанды азаматтары болмайынша, ол мемлекеттің болуы мүмкін емес. Сол себепті қазіргі уақытта ұстаздардың рухани жаңғыру жолында атқарар қызметі қазақ мектебі үшін де, орыс мектебі үшін де ерекше орында тұр.

Жас маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым – оқушыларды тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу. Ұстаздық қызметте, шәкірттермен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мәдениеттілік бірінші кезекте тұру керектігі бүгінгі таңдағы білім саласындағы басты ұстаздың бойында болу керек қасиет. Қытай философының: «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең – есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң – үйренемін» деген даналығы білім алушының білімге ықыласын аттыруда заман талабына сай ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді. Сапалы білім негізі – жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану барысында, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру, өйткені тек оқулықтағы білімді жеткізуші мұғалімнің құны жоқ деп ойлаймын. Оқулықтағыны оқушы өзі де оқып алады. Сондықтан бүгінгі таңдағы дамыған 30 елдің қатарына кірудегі білім берудің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан-жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт. Себебі, бүгінгі жаңа ғасырда ғылымның, техниканың, өндірістің қарқындап өсуі білім берудің барлық жүйесін жүйелі дамытуды талап етіп отыр, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу үшін іргелі өзгерістер керек. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Осы орайда өзін-өзі тану пәнінің ерекше тұсы мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар «Өзін-өзі тану» пәнінің рухани-адамгершілік білім берудің негіздерін де атап өткен жөн. Олар: ақиқат; дұрыс әрекет; сүйіспеншілік; ішкі тыныштық; қиянат жасамау. Мұның барлығы да рухани жаңғыру жолындағы бәсекелестікке қабілетті ұрпақтың бойында болу керек бес асыл қасиет. «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, шәкірт қабілетін жан-жақты дамытып, шығармашылығын, ізденімпаздығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзыреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болмақ. Бүгінгі рухани тұрғыда жаңғырған мұғалім қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты білімді жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген, оқушы білімінің дамуын ұйымдастыра алатын икемді тұлға болуы керек. Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп, өз ісінің қас шебері болуы міндетті.

Қорыта айтқанда, әрбір оқытушы хакім Абайдың:

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға – деген қасиетті қағидасын әрдайым жүрегінің түкпірінде ұстайтын ұстанымы етіп алса, өз мамандығының нағыз шебері болары хақ.

Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында тек бұл ғана емес,  бұдан өзге де бірқатар мәселелер айтылды. Еліміздің ана тілі, тарихы, ұлттық дәстүрі мен құндылықтары, ұлттың жадына қатысты айтылған салиқалы пікірлер көптен бері жұртты алаңдатып келген дүниелер болатын. Енді сол мәселелердің Елбасы сөзімен айтылғаны – ұлт үшін құнды жауһарларымыздың ресми түрде мемлекеттік деңгейде қорғалатынының белгісі іспеттес.
Елбасының бұл мақаласында ұлтын сүйген ұлдың жүрек лүпілі сезіледі. Оның тарихына, тіліне, діліне, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан салт-дәстүріне деген шын махаббаты көрінеді. Ендігі кезекте осынау мақала – тек мақала емес, біз көптен күткен мәдени саладағы үлкен мемлекеттік бағдарламаны қалыптастырса деймін. Сол бағдарлама арқылы мәдени-идеологиялық, рухани жаңғыруымызды баянды етсек дегім келеді.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *