Мақал-мәтелдердің бала тәрбиесіндегі орны
Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесі бай, рухани әлемнен тұратын ауыз әдебиетінің тамырынан бастау алып келеді. Ғасырлар бойы екшеліп, саф алтындай жинақталған ауыз әдебиетінің бір саласы мақал-мәтелдердің бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Үйде ата-анадан, мектепте ұстаздан үйренетін өнегеден баланың тәлім-тәрбиесі қалыптаспақ. Сондықтан шәкіртке әр сөзімен әсер етіп, үлгі көрсеткен ұстаз өз шәкірттеріне түзу жолды сілтемек. Ел аузында, көбіне сөйлеу тілінде қолданылатын сөздердің бай да, мазмұнды саласы-мақал-мәтел, идиоматизмдер, ойлы фразалар болып келеді. «Сөз асылы- мақал » дейді халқымыз. Оның айтушылары да, тұтынушылары да – көпшілік.
Мақал – логикалық, образдық ойдың қосқанаттасқан ғажап табысы, тәжірибеден туған қанатты, философиялық сөздер. Мақалда этикалық, философиялық, коллективтік мазмұн бар, мақал сөздердің қорытындылары әрдайым айтар ойдың түп қазығындай міндет атқарады.
Мақал-мәтелдер қоғам өміріндегі әлеуметтік құбылыстарды, адам мінезін, табиғат пен тіршілік сырын, оның қайшылығын таныта отырып, адамға терең ғибрат берген. Мақал – осындай құбылыстарға берілген баға, ойдың тобықтай түйіні ғана емес, өзінше бір ереже. Мақал-мәтелдер адам іс-әрекетінің себебін тікелей бақылау арқылы өзінше түйіндейді. Олар ғылыми бақылаудан гөрі өзінің кездейсоқтығымен, арнайы ұйымдастырылып жоспарланбауымен ерекшеленеді. Алайда өмірде жиі қайталанатын сансыз бақылау, күнделікті тәжірибенің өлшемі ретінде қорытыла келе, психологиялық ойдың мәйегіне айналады.
Көшпелі ата-бабаларымыз сонау ерте заманнан бастап-ақ мақал-мәтелге ерекше мән беріп, оларды ақылымен байыптай алатын адамдарды дәріптеген, қастерлеген. Ондай адам ата-баба даналығының көзіндей саналып, мақал-мәтелмен нәрленген ой түйіндері нанымды болған.
Мақалдарымызда бала тәрбиесіне баса мән берілген. Ұстаздық қызметте шәкірт тәрбиелеу барысында білімділік, біліктілікпен бірге мақал-мәтелдер де тәрбиенің басты тетігі болып табылады. «Баланы жастан», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Қызды асырай алмаған күң етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» деген сияқты мақал-мәтелдердің мәні жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ.
Оқушыларға өнер-білім , тіл мен әдебиетімізді үйретуде мақал-мәтелдің мәні аса зор. Білім – өнер, еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып өз білімін байытқан бала ғана өмірден өзіне тиесілі сыбағасын алмақ.
Ұл мен қыздың мінезі қандай болу керек дегенге халық мақалы бұлжымас нұсқау береді. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Бір кісі мың кісіге олжа салар», «Әдептілік – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез -надандықтың белгісі» деп келетін мақал-мәтелдердің тәрбиелік, этикалық мәні қашанда өз күшінде.
Бала ұғымына лайықты пайдалы кеңестерде айналадағы дүние мен адамның өзара қарым-қатынасын әр қырынан қамтыған сан-алуан ақпараттар аз емес. Мақал-мәтелдердегі оқу мен еңбек, ойын мен өнер, адамның әр түрлі жақсы қасиеттері, елін сүю, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау осы сияқты саналы сөздердің бала санасына біртіндеп құйыла беретіндігі. Халық ұғымымен ақылдылық – баға жетпес қазына. «Түйедей бойың болғанша, түймедей ойың болсын», «Ақыл азбайды, білім тозбайды», «Ақыл жастан, асыл тастан» деген сияқты. Алдағы іс-әрекеттің нәтижелілігі де ақылға байланысты. Сонымен қатар мақал-мәтелдер сөз салмағын ойлана айтуға үйретеді. Мысалы: «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі». Осы айтылғандардың барлығы ақыл-оймен зерделіліктің сөйлеу мәдениетімен тығыз ұштасып отыратындығын меңзейді. Халқымыз ойға олақ, сөзге шорқақ жанды әжуалап, аз сөйлеп, көп ойлап логикаға жүгініп отыру керектігін ерекше ескертеді. Мәселен, «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді», «Шешеннің тілі – шебердің бізі» .
Жас ұрпақты жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеумен қатар ұстаз, тәлімгерлерге де бағышталған мақал-мәтелдер де бір төбе. Баланың алғашқы тәрбиешісі ата-анасы болғандықтан, олар өздерінің ақыл, парасаттылығымен, бар болмыс, бейнесімен балаға үлгі бола білу керек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке балаға сыншы» дегендей.
Қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарында халық даналығынан шыққан асыл сөз, мақал-мәтелдерді мейілінше молынан орынды қолданып, оқушы санасына сіңіріп отыру әдістемелік тұрғыдан басты міндетім болып саналады. Жүйелі сөз жүйесін табар демекші, оқушының әр сауалына оңтайлы мақал-мәтелмен жауап беру де олардың пәнді оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, жігерлендіретіндері анық. Ал сабақ үстінде сергіту сәті ретінде мақал-мәтелдерге байланысты жарыстар мен сайыстар ұйымдастыру, түрлі тапсырмалар беру де өз нәтижесін береді.
Сыныптан тыс ұйымдастырылған шараларда, интеллектуалдық ойын түрінде мақал-мәтелдермен байланыстырып өткізу де өте қызықты, тартымды болмақ. Мәселен, « Мың бір мақал» , «Сөз-мерген» сайыстарын сабақ барысында да, сыныптан тыс шара ретінде де жиі-жиі өткізіп отыру – бала санасына оқу мен тәрбиенің қонымдылығын, нәтижелілігін арттыратын әдіс.
Рухани-адамгершілік тәрбие – бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс әрекетін анықтайды. Осы әдет-дағдыларды қалыптастыру барысында тәрбиені тек ақыл айту арқылы ғана емес, орынды мақал-мәтелдерді қолдана отырып берудің тиімділігі зор болмақ. Себебі анық айтылған әсерлі сөз ғана оқушы санасында қалады.
Ендеше ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақты оқыту мен тәрбие беру барысында оқыту мен тәрбиенің оңтайлы әдістерін тиімді түрде таңдай отырып, білімді де, тәрбиелі ұрпақ етіп шығару- біздің борышымыз.
Пайдаланылған әдебиеттер :
Е.Балтабай. Қазақ энциклопедиясы негізінде патриоттық тәрбие беру. «Ұлағат». 2002.
Ө. Тұрманжанов. Қазақ мақал-мәтелдері.Алматы. «Білім» 2007.
Сөз мәйегі. «Қазақ энциклопедиясы» 2007.
Т.Жұмажанова. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы. «Білім» 2009.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718