Төлеутай Ақнұр Бекзатқызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті
Жетекшісі: Жұмағұлов А.Б.
Анотация
Мақалада қазақ пен түркі әлемінің символы ретінде Көкбөрі бейнесі талданады. Сүйінбай ақынның «Бөрілі менің байрағым» атты өлеңі мен басқа тарихи-әдеби деректер негізінде, миф бойынша, түркі тайпасын дұшпандар жер бетінен жоймақшы болады. Алайда бір бала ошақтағы күлден көрінбей қалады. Оны аспаннан түскен, күшті және сүйкімді Көкбөрі алып, тауға апарып, одан он бала дүниеге келеді. Дұшпандар баланы өлтірсе де, Көкбөрі оның өмірін сақтап, бүкіл түркі тұқымын дүниеге таратады. Өлеңде Көкбөрі бейнесі – түркі байрағы ретінде, жыртқыш бөрі емес, ерлік пен қаһармандықты бейнелейтін ерекше символ деп көрсетіледі. Көкбөрі аспандағы, аспаннан түскен бөрі. Көк сөзі – түрки сөз, аспан ұғымын білдіреді. Аспан сөзі парсы тілінен түркі тілдеріне кейін келген. Мақалада бөрі (қасқыр) ұғымы басқа халықтардың тарихындағы мифологиялық деректермен де салыстырылады. Сонымен қатар, қазақ тілінде үш түрлі «бөрі» кездеседі:
- Көкбөрі – өзінің жеке атауы бар, аспан бөрісі ретінде сүбелі, күшті символ;
- бөрі – кіші әріппен жазылып, Көкбөрімен ұқсас, бірақ жыртқыш сипаттағы символ;
- қасқыр – жауыздық пен еркіндіктің белгісі. Бөрі, қасқыр – көп. Көкбөрі – біреу. Мақалада салыстырмалы, семантикалык, стилистикалық және лингвотеориялық жазылым тәсілдері қолданылды.
Кілт сөздер: Сүйінбай,Көкбөрі,миф,қазақ,түркі,бөрілі байрақ.
Кіріспе
Сүйінбай ақын тек қазақ поэзиясының ғана емес, жалпы түркі әлемінің де жарқын тұлғасы болып табылады, өйткені оның шығармашылығында түнгі аспандағы темірқазық секілді жарқырап тұратын поэзиялық мұра бар. Оның өлеңдері қазақтың, түркі тұқымының сезімін оята отырып, тарихи шындығы терең, түркі әлемі поэзиясындағы ең жарқын жұлдыздардың бірі – «Бөрілі менің байрағым» туындысы ретінде ерекше бағаланады. Қазақ хандығының ұлттық мемлекет ретінде қалыптасуының бай тарихи дәуірі осы ақынның шығармашылығымен үндеседі, және сол арқылы қазақ халқы әлемдік аренада өз орнын белгіледі. Әр ұлттың сана сезімінде ұлттық, ұлтаралық және жалпы адамзаттық символдар қалыптасады, ал қазақ пен түркі әлемі үшін сол символдардың бірі – Көкбөрі. Бұл символ тарихи, рухани және мәдени мағынада түркі халықтарының мифологиялық негізін бейнелейді және олардың ішкі-сырлы өмір сұлбасын айқындайды.
Материялдар және әдістер
Зерттеу материалы ретінде түркі халықтарының тарихындағы мифологиялық деректерден, әсіресе бөрі (қасқыр) ұғымына қатысты мәліметтер алынды. Жұмыс барысында алынған деректерді терең талдау мақсатында бірнеше лингвистикалық зерттеу әдістері қолданылды. Оларға салыстырмалы талдау, семантикалық және стилистикалық талдау, сонымен қатар лингвотеориялық жазылым қағидаларына негізделген әдіс-тәсілдер кіреді. Бұл тәсілдер зерттеліп отырған материалдың құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктерін жан-жақты түсінуге, оның тарихи және мәдени мәнін ашуға септігін тигізді.
Әдебиетке шолу
Зерттеу жұмысында Сүйінбай Аронұлы, С. Қондыбай, Л.Н. Гумилевтің, сондай-ақ С.Г. Кляшторный, Т.И. Султанов және Н.М. Джусуповтың еңбектері мұқият зерттеледі. Бұл авторлардың шығармаларының негізгі тұжырымдары мен идеялары салыстырмалы талдау мен синтез арқылы қарастырылып, зерттеу объектісінің теориялық негізі кеңінен ашылады. Сондай-ақ, әр автордың көзқарастарының ерекшеліктері мен олардың өзара байланысы егжей-тегжейлі сарапталады.
Нәтижелер және талқылау
Сүйінбай Аронұлы – қазақ поэзиясының айбоз тұлғасы, оның әлеуметтік мәні зор өлеңдері мен ірі толғау-достандарында халықтың ауыр тарихы мен азаттыққа ұмтылысын бейнелейді. Оның шығармаларында, мысалы, «Бөрілі менің байрағым» және «Барша жұрттың бағы үшін» шығарма-жоспарларында XIX ғасырдағы қазақ жеріне солтүстіктен патшалық үкіметінің отарлау саясаты мен оңтүстіктен Орталық Азияның Қоқан, Хиуа және Бұқар хандықтарының әскери үстемдігі себеп болатын ауыр кезеңнің азабы айқын көрініс табады.
Осы қиын-қыстау заманда Сүйінбай ақын қазақ халқының отарлық империялардың қатаң әкімшілігі мен феодалдық мешеулікпен бетпе-бет келуінен туындаған саяси ауыртпалықты, халықтың бейбіт өміріне соққан теріс әсерлерді мақұлдамай, өзінің поэзиясында халықтың бірлігіне, еркіндігіне және батырлық дәстүріне үндейді. Ол Қоқан хандығының феодалдық құрылымын, оның Ферғана даласында XVIII ғасырдың екінші жартысында мемлекет ретінде құрылып, кейінірек кең өрістегендігін, сондай-ақ сол билеушілердің халыққа салған салықтары мен міндеттемелерін – түндік зекет, алал зекет, егіншілерден алынатын харадж сияқты ауыр шарты – айқын суреттейді.
Сонымен қатар, Сүйінбайдың өлеңдерінде халықтың тарихынан ұзақ уақыт бойы қалыптасқан ерлік пен батырлық дәстүрлер еске алынады. Ол өз шығармаларында Қоқанның билік ету кезеңіндегі халық көтерілістерінің, әсіресе 1821 жылғы ірі ұлт азаттық көтерілісінің үлгісін, сол кезде қазақ жерінің еркіндігі үшін қан төгілген қиын соғыстарды еске түсіреді. Ақын өз өлең жолдарында Қаазыбек, Қастек, Қарасай сынды ежелгі батырлардың ерлігін еске алып, қазіргі ұрпаққа да ұлттық бірлік пен азаттыққа ұмтылуды талап етеді.
«Бөрілі менің байрағым» толғауында ақын өзінің атына тән батылдық пен халыққа деген сүйіспеншілікті бейнелеп, жеке тұлға мен ұлттың тағдыры бір жолға түсетінін, әрбір қазақтың жүрегінде терең із қалдыратын күшті патриоттық үнді жеткізеді. Оның шығармашылығында тек тарихтың ауыр сәттері ғана емес, халықтың азаттығына деген ұмтылысы, ұлттық сана мен рухани бірлігіне негізделген ерлік пен қайсарлықтың бейнесі көрініс табады.
- «Бөрілі байрақ өлеңіндегі мазмұнды астарлы ақпар»
- «Бөрілі байрақ астында —
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!»
Тура мағынасы:
«Бөрілі байрақ» – халықтың бірлігі мен ұлттық дәстүрдің тірегі ретінде көтерілген ту, оның берік символы.
«Бөгеліп көрген жан емен» – өмір жолында қиыншылықтарға ұшыраған, өз ішкі күші сарқылып қалған адамды бейнелейді.
«Бөрідей жортып кеткенде, бөлініп қалған жан емен» – адам өз өмір жолында күш-жігерін салып, бірақ бөлініп, шын мәніндегі бірлікті жоғалтып алғанын көрсетеді.
Астарлы ақпары:
Өлеңнің бұл бөлігінде автор ұлттық дәстүрдің, отбасының және қоғамның тірегінің қаншалықты маңызды екеніне назар аударады. Халықтың бірлігі, оның тірегі – бұл бірлік пен әділеттіліктің, рухани күштің негізі. Егер адам өз жолынан, өз дәстүрінен айрылса, оның ішкі жан дүниесі «бөгеліп», тіршіліктің мәні жоғалады.Сонымен қатар, бұл шумақ адам мен қоғам арасындағы байланыс, отбасы мүшелерінің өзара қатынасы туралы ойды қозғайды. Егер ұрпақтар бөлініп қалса, оларды қайта біріктіру өте қиын болатыны айтылып, бірліктің маңыздылығына ерекше екпін түсіріледі.
2.«Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!»
Тура мағынасы:
«Бөрілі найза» – халықтың, ұлттың қайсар, соғысқа дайын жауынгерінің белгісі.
«Түйремей кеткен жан емен» – бұл жағдайда адамның, батырдың күші, жігері толықтай жойылғанын, рухани азайып қалғанын білдіреді.
«Бөрілі байрақ құласа, күйремей кеткен жан емен» – ұлттық дәстүр мен отбасының тірегі ретінде көтерілген байрақ құлап қалса, адам өз мүддесін жоғалтады, оның өмірлік құндылықтары сөнеді.
Астарлы ақпары:
Мұнда автор ұлттық бірліктің, рухани қуаттың бұзылуы туралы ойды білдіреді. Егер отбасы мен қоғамның негізі – рухани мұра мен дәстүр бұзылса, адамдар өздерін жоғалтып, еркіндік пен әділдіктің мағынасын жоғалтады.«Найза» мен «байрақ» – нағыз батырдың, ұлттық дәстүрдің символдары. Олардың ұсталуына, сақталуына мән берілсе, адам мен ұлттың тірегі мызғымас болады. Ал егер бұлар әлсіресе, адам өз болмысынан, өз рухынан айрылады.
3.«Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза аламыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.»
Тура мағынасы:
Жау жауса да, далада күресіп, найзаны қолға алып, ерліктің белгісі ретінде, қан төгіп, жауға қарсы батылдық танытамыз.
Астарлы ақпары:
Бұл бөлімде автор халықтың бірлігі мен жауға қарсы тұруға дайындықты, ерлік пен батырлықты бейнелейді.«Қызыл қанға батамыз» тіркесі – адам өз өмірінің, ұлтының, отбасылық дәстүрдің қорғаушысы ретінде қан төгуді, жүректің қымбат құндылығын сақтап қалуды меңзейді.
- «Қазақтың әдебиетіндегі символдық дәстүр жалғастығы:Сүйінбай,Мағжан шығармашылығы»
Қазақ поэзиясында осындай тарихи деңгейдегі ұлы шығармалар көп кездеседі. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың «Ақсақ Темір сөзі» өлеңінде Ақсақ Темірдің, яғни қыпшақ халықтарының атауы ретінде белгілі тұлғалардың тарихтағы орны ерекше мәнге ие екендігі айқын көрсетіледі. Өлеңде Ақсақ Темірге тән күш-қуат пен оның адамзат тарихындағы рөлі гиперболалық тәсілмен, қысқа әрі дәл стилистикалық реңкпен жеткізіледі.
Неге қазақ ақындары ұлттық және жалпы адамзаттық символдарға арнап осындай мәнді поэзия туындыларын жасайды? Біздің пікірімізше, қазақ тілінің біртұтас дыбыстық, сөздік және бейнелік жүйесі – оның ерекше символдық психобейнесін қалыптастырады. Диалектік ерекшеліктердің болмауы, халықтың ортақ дүниетанымын қамтамасыз етіп, ұлттық шынайылықты бір арнада біріктіреді. Нәтижесінде, қазақ ақындарының сана-сезімінде тарихи символдардың сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесі біртұтас, тұрақты модельде қалыптасады.
Бұл өз кезегінде ақындардың шығармаларында үлкен сенім, табыну, пірге құрмет пен заманауи көзқарастың үйлесімін бейнелейді. Осылайша, Мағжан Жұмабаевтің «Ақсақ Темір сөзі» өлеңі түркі әлемінің ең маңызды символдарының бірі ретінде қазақтың ұлттық және адамзаттық тарихын, мәдениетін жоғары деңгейде паш етеді.
- Бөрінің (қасқырдың) өзге ұлттардағы символдық мәні
Рухани кеңістіктің ұлғаюы мен білім-ғылымның өрлеуі, ең алдымен, өткенді танудан бастау алады. Себебі бүгінгі тіршілігіміз бен болашақ жоспарларымыз кешегі күннен басталған. Осы үш уақытты – өткен, бүгін, келешекті – өзара жалғастырып, сабақтастыратын құндылықтың бірі – бабалардан қалған асыл мұра. Мұндай асыл қазынаның бірегейі – ақын Сүйінбай Аронұлы. Ол бізге терең де ауқымды ой-пікірлерді аманат етіп қалдырған, ұлттық болмысымызды, түркілік менталитетімізді қалыптастыруға ықпал ететін лингвопсихологиялық, лингвомәдениеттанымдық әрі тарихи танымдық жырларымен ерекшеленеді.
Қасқыр, яғни бөрі, бүкіл адамзат өркениетінде ержүректік пен қатыгездік, шапшаңдық пен жыртқыштық сипаты арқылы көптен бері символға айналған.[3.108-114]
Әдетте, бөрі – көңілге үрей салатын, адамды шошытатын жыртқыштың бейнесі. Десе де, кейбір дәуір мен қоғамда бұл аңды тәрбие құралы ретінде, батылдық пен ерлікке баулу үшін мысал еткен.
Қасқыр образы әлемдік тарихта өте көне символға жатады. Кейбір халықтардың мифологиясында ол жердегі, аспандағы және жер асты дүниесінің арасын жалғастыратын күш саналған. Мысыр мен Рим өркениетінде жеңіс белгісі болып есептелсе, грек мифтерінде Аполлонның, римдіктерде Марстың, скандинавиялық мифте Одиннің қасындағы жануар ретінде суреттеледі.
Адамзат тарихында қасқырды тотем немесе символ ретінде тек түркі халықтары ғана емес, шешендер, италиялықтар, осетиндер де қастерлеген. Бірақ оларда бұл символ «Көкбөрі» сынды жеке атауға ие болмаған, көп жағдайда қарапайым «қасқыр», «волк» деп қана аталады. Мысалы, шешендер қасқырдың ержүректік, төзімділік және батылдық қасиеттеріне сүйсінеді, оған табынып, оны еркіндіктің нышаны ретінде қабылдайды.
1)Шешен аңыздарында қасқыр өз отанын ақырзаманға дейін тастамай қорғайтындығымен ерекшеленеді. Тәңір адамдардың мінез-құлқына ренжіп, жерді жоймақ болғанда, бәрі қашқанымен, қасқыр табандылық танытады, осы қасиетін көрген Тәңір оны аяп, жер бетін сақтап қалады.Шешендер қасқыр сүтін емді деген деректі айтпайды, алайда «қасқыр – халықтың символы» деген аңызға жақын оқиғалар кездеседі. Қасқыр мұнда еркіндікке ұмтылған, ержүрек, батыл мінездің этностық сипатын қалыптастырушы бейне ретінде көрінеді. Сол себепті олардың байрақтарында, түркілердегі сияқты, қасқыр бейнесі болған деген деректер бар.
2)Кавказ халықтарының бір бөлігі саналатын осетиндердің нарт эпосында, кейбір ғалымдардың пайымдауынша, нарт батырларының түп-тегі қасқырдан тараған деп айтылады. Мысалы, Сослан атты қаһарманды бөрі асырағаны туралы аңыз бар: ол қасқырдың сүтін емгендіктен, денесін ешбір қару тесіп өте алмайтын болған [4].
3)Нарттар – осетин халқының ғана емес, жалпы Кавказ өңіріндегі бірқатар халықтардың мифтік батырлары (шешен, қарашай, балқар және т.б.). Олардың әрбірінің аңыздарында батырлықтың этностық ерекшеліктері байқалады.
4)Көне Италия (Рим) тарихында да «Капитолий қасқыры» деген аңыз бар. Ромул мен Ремді қасқыр емізіп, кейін олар Римнің негізін қалаған. Бұл туралы өнер туындыларында да бейнеленген, мысалы, Авеншідегі (Швеция) рельефте егіздердің қасқыр емшегін еміп жатқаны бейнеленеді [3.108б].
Осылайша, адамзат тарихында қасқыр (бөрі) үш түрлі символдық қызмет атқарған:
- Жағымсыз, үрей туғызатын жыртқыш, қатыгез, бірақ сонымен бірге ержүрек;
- Биік рухани бейне: еркіндік, батылдық, отаншылдықтың белгісі;
- Мифологиялық құтқарушы: адамды өз сүтімен асыраған, халықтың пайда болуына немесе оның көбеюіне себепші болған қасиетті жануар.
Түркілерде бөріге деген көзқарас өзгеше сипатқа ие – оны «Көкбөрі» деп атайды. Көкбөрі тек «қасқыр» деген ұғыммен шектелмей, мифологиялық, рухани символға айналған. Тарихи деректерге сүйенсек, Көкбөрі – ежелгі түркілердің жойылуына жол бермеген қасиетті бейне, тотем. Ол ұрпақты аман сақтап қалып, солардан өрбіген елге ұлы күш пен рух сыйлаған деген аңыз бар. Л.Н. Гумилев, С.Г. Кляшторный, Т.И. Сұлтанов және т.б. ғалымдардың еңбектерінде бұл мифтің түркі әлеміндегі орны кеңінен сипатталады.Қазақ тілінде, қазақ менталитетінде бөріге қатысты мынадай ұғымдар бар:
- Көкбөрі – аспаннан түскен, Тәңірмен байланысы бар, ерекше мифологиялық символ. Оның аты да («Көкбөрі») жеке есім секілді қолданылады, ұлы рухани рәміз саналады.
- Бөрі – «қасқыр» сөзінің синонимі, бірақ көбіне сәл өзгеше, жағымды/жағымсыз қасиеттер қатар жүреді.
- Қасқыр – көбіне жағымсыз, жыртқыштықты білдіретін сөз, бірақ батылдық пен еркіндік мағынасы да жоқ емес.
Көкбөрі сөзінің ерекшелігі – «көк» (аспан) және «бөрі» деген екі түбірден тұрады, сондықтан «аспаннан келген бөрі» ұғымын береді. Тәңірлік наным-сенім кезінде бұл бейне ұлттың рухани тірегіне айналған. Ал «бөрі», «қасқыр» – қазақ тіліндегі жыртқыш аңның атаулары болғанымен, олар «Көкбөрі» сияқты киелі сипатқа ие емес.
Осылайша, Көкбөрі – жалпы түркі жұртының асыл символы, еркіндікке,биік рухқа шақыратын қасиетті бейне. Оның арқасында ежелгі түркілердің ұлттық бірегейлігі қалыптасқан деген сенім бар. Ал жай қасқыр не бөрі – жыртқыштық, қорқыныш ұялататын бейне болып қала береді. Демек, Көкбөрі ұғымының астарында терең рухани биіктік пен мәңгілік құндылықтар жатыр.
Қорытынды:
Көкбөрі – түркі халықтарының рухани дүниесін, ұлттық дәстүрін бейнелейтін ең асыл мифологиялық символдардың бірі. Ақын Сүйінбай Аронұлы өз «Бөрілі менің байрағым» атты өлеңінде осы ұғымды ерекше көркем түрде насихаттайды. Бұл шығарма тек поэзияның, мифтің эстетикалық көрінісі емес, сонымен қатар тарихи және тәрбиелік мағынаға ие дидактикалық поэзияның үлгісі болып табылады. Өлеңнің құрамында ұлттық болмыстың, рухани құндылықтардың және ұрпақтар арасындағы тығыз байланысты бейнелейтін көптеген символдар бар. Осылайша, Сүйінбай Аронұлының шығармашылығы қазақ және жалпы түркі поэзиясының тарихында маңызды рөл атқарып, халықтың рухани тұтастығы мен ұлттық дәстүрінің сақталуына зор ықпал етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Сүйінбай Аронұлы. Толық шығармалар жинағы. — 1 кітап. Алматы:2015.- 552- бет.
- Мағжан Жұмабаев . Шығармалары (өлеңдер, поэмалар, қара сөздер) Алматы: Жазушы, 1989.- 448 бет
- Энциклопедический словарь символов. Москва: Астрель, 2003. — 1056 стр.
- Нефляшева Н. (2014) О культе волка в традициях народов Северного Кавказа. 2014, 26 апреля.
- Сүйінбaйтaну: оқу құрaлы. – Aлмaты: Қaзaқ университеті, 2018. – 290 бет.
- Джусупов М. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Мағжан оқулары — 2020: Ұлы даланың рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияның материалдары. Казақстан, Петропавл, 2020, 15-19 бет.
