Сагадиева Жансая Сабитовна
Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ 3 курс студенті
Ғылыми жетекші: Туленбаева Д.И.
Аннотация:
Бұл мақалада инклюзивті білім беру жағдайында ағылшын тілін оқытудың өзекті мәселелері қарастырылады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды (ЕББҚ) оқыту барысында туындайтын қиындықтар талданады. Сонымен қатар, аталған санаттағы білім алушылардың ағылшын тілін меңгеруіндегі психологиялық, танымдық және тілдік кедергілері сипатталады. Мақалада тиімді оқыту әдістері мен тәсілдері ұсынылып, инклюзивті ортада оқу үдерісін ұйымдастырудың педагогикалық шарттары айқындалады.
Түйін сөздер:
инклюзивті білім беру, ағылшын тілі, ерекше білім беру қажеттіліктері, оқыту әдістері, социализация, педагогика
Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды оқыту мәселесі білім беру жүйесін ұйымдастыру тұрғысынан өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Қазақстан Республикасында да білім беру саласын жаңғырту аясында инклюзивті білім беруді дамыту басым бағыт ретінде айқындалған. Бұл бағыт мемлекеттік саясат деңгейінде қолдау тауып, барлық білім алушыларға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге негізделген.
Инклюзивті білім беру – бұл материалдық, тәрбиелік және оқу-әдістемелік жағдайлардың кешені, оның шеңберінде барлық білім алушыларға, олардың жеке ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы білім алуға тең мүмкіндік беріледі. Аталған жүйе әрбір оқушының әлеуетін ашуға және қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған.
Педагогикалық ғылымда ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар (ЕББҚ) деп денсаулығында физикалық немесе психикалық ауытқулары бар тұлғалар түсіндіріледі. Мұндай оқушыларды оқыту олардың даму ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы ұйымдастырылған білім беру жағдайларын талап етеді[1].
Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған, сондай-ақ аутистикалық спектрдегі бұзылыстары бар және психикалық дамуы тежелген балалар білім алуда. Бұл жағдай білім беру үдерісін дараландыруды және арнайы педагогикалық тәсілдерді қолдануды қажет етеді.
Инклюзивті білім беруді тиімді жүзеге асыру айтарлықтай материалдық және кадрлық ресурстарды талап етеді. Тәжірибе көрсеткендей, педагогтер инклюзивті ортада оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру барысында бірқатар қиындықтарға тап болады. Олардың қатарына:
оқушылардың даму ерекшеліктері туралы білімнің жеткіліксіздігі;
дені сау оқушылар тарапынан қабылдамау мәселелері;
инклюзивті оқыту әдістерін тәжірибеде қолданудың күрделілігі жатады.
Аталған мәселелер ағылшын тілін оқыту үдерісінде де өзекті болып табылады, себебі шетел тілін меңгеру қосымша когнитивтік жүктемені талап етеді.
Зерттеудің мақсаты – инклюзивті білім беру жағдайында ағылшын тілін оқытудың тиімді әдістерін анықтау.
Зерттеу әдістері ретінде ғылыми әдебиеттерді жинақтау, жүйелеу және олардың әдістемелік құндылығын айқындау мақсатында контент-талдау қолданылды.
Жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін ағылшын тілін меңгеру белгілі бір қиындықтармен байланысты. Бұл, ең алдымен, тілдік тосқауылдың болуымен, шетел тіліндегі дыбыстарды, сөздерді және грамматикалық құрылымдарды қабылдаудың күрделілігімен түсіндіріледі. Мұндай жағдайлар оқушыларда психологиялық дискомфорт туғызып, зейін мен концентрацияның төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты ағылшын тілі сабақтарында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру, оқушылардың оқу мотивациясын арттыру және пәнге деген қызығушылығын ояту аса маңызды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар ағылшын тілін меңгеру барысында бірқатар күрделі қиындықтарға тап болады. Атап айтқанда, олар лексикалық материалды меңгеруде, синтаксистік құрылымдарды түсінуде, грамматикалық категорияларды игеруде және оларды тәжірибеде қолдануда қиындықтар сезінеді. Сонымен қатар, мұндай оқушылар үшін шетел тілінде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыру айтарлықтай күрделі, себебі бұл процесс жоғары деңгейдегі танымдық белсенділікті талап етеді, ал ЕББҚ оқушылардың танымдық даму ерекшеліктері бұл үдерісті қиындатады.
Аудирование тапсырмалары да ерекше қиындық туғызады. Әсіресе, байланысты мәтіндерді, диалогтарды түсіну барысында қиындықтар байқалады, себебі оқушылар сөйлеу тілін анық қабылдай алмауы немесе ұқсас дыбыстарды ажыратуда қателесуі мүмкін. Дегенмен, шетел тілін меңгеру үшін тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым дағдыларын кешенді түрде дамыту қажет[2].
Инклюзивті білім беру жағдайында ағылшын тілін тиімді оқыту үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастыру маңызды. Мұндай орта ойын технологияларын, интерактивті әдістерді және заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, әртүрлі ойындар, жаттығулар, компьютерлік бағдарламалар мен мультимедиялық ресурстар оқушылардың материалды жеңіл әрі тиімді меңгеруіне ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл тәсілдер білім алушылардың тілдік көкжиегін кеңейтіп, негізгі тілдік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.
ЕББҚ оқушылар үшін сабақта қолданылатын тапсырмалардың алуан түрлі және қызықты болуы ерекше маңызды. Ойын элементтері оқушылардың эмоционалдық жағдайын жақсартып, оқу процесіне деген оң көзқарасын қалыптастырады. Рөлдік және дидактикалық ойындар арқылы оқушылар грамматикалық, лексикалық және фонетикалық білімдерін біртіндеп тәжірибеде қолдана бастайды.
Инклюзивті сыныпта мұғалімнің сөйлеу стилі де маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, мұғалімнің адаптивті сөйлеуі – оқу материалын қарапайым, түсінікті және қолжетімді түрде жеткізу – оқушылардың ақпаратты қабылдауын жеңілдетеді және сабақтағы психологиялық жайлылықты қамтамасыз етеді[3].
Сонымен қатар, сабақ барысында релаксациялық әдістерді қолдану тиімді болып табылады. Мысалы, сабақты бастау немесе жаңа тақырыпты меңгеру кезеңінде баяу әуендерді, ағылшын тіліндегі балалар әндерін немесе табиғат дыбыстарын пайдалану оқушылардың зейінін шоғырландыруға және эмоционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл тәсілдер тек тілдік дағдыларды ғана емес, сонымен қатар оқушылардың әлеуметтік-мәдени және коммуникативтік құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етеді.
Диалогтік сөйлеуді меңгеру барысында ЕББҚ оқушылар көбінесе қарапайым қарым-қатынас дағдыларын – ұсыныс жасау, сұрақ қою, нұсқау беру сияқты әрекеттерді игереді. Ойындар мен арнайы жаттығулар бұл дағдыларды бекітуге және оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Сабақтың ұйымдастыру кезеңінде мұғалімнің қарапайым, жағымды және ынталандырушы сөйлеу үлгілерін қолдануы да маңызды. Мысалы: «Welcome to the lesson», «Glad to see you», «Thank you for being here» сияқты тіркестер оқушыларда сенімділік сезімін қалыптастырып, тілдік қорын байытады.
Инклюзивті білім беру жағдайында мұғалім оқу үдерісін диалог пен ұжымдық өзара әрекеттестік қағидаттары негізінде ұйымдастыруы тиіс. Осы тұрғыда білім алушыларды шағын топтарға бөліп, ойын және дидактикалық тапсырмалар орындау тиімді әдістердің бірі болып табылады. Топ ішінде оқушылар мұғалімнің жетекшілігімен бірлескен әрекет жоспарын құрып, тапсырмаларды бірге орындайды. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың топтағы белсенділігіне, олардың психологиялық жай-күйіне және құрдастары тарапынан қолдау деңгейіне ерекше назар аудару қажет[4].
Топтық жұмыс оқушылардың ынтымақтастық, өзара көмек және эмпатия дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай ортада ЕББҚ оқушылар өздерінің теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану арқылы коммуникативтік дағдыларын жетілдіреді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көру қабілеті бұзылған балаларды инклюзивті ортада оқыту белгілі бір уақыт пен арнайы педагогикалық тәсілдерді талап етеді. Мұндай жағдайда оқу үдерісі дер кезінде қолдау көрсету қағидатына негізделуі тиіс. Сонымен қатар, арнайы дидактикалық материалдармен, техникалық құралдармен қамтамасыз ету және оқу бағдарламаларын бейімдеу маңызды рөл атқарады. Білім беру ұйымдарының әкімшілігі тарапынан мұғалімдерді қолдау (тьюторлар бөлу, материалдық база қалыптастыру, біліктілікті арттыру) да инклюзивті білім берудің тиімділігін арттырады.
Жалпы алғанда, инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ағылшын тілін меңгеруде кең мүмкіндіктер ашады. Олар тек тілдік білім алып қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік ортаға бейімделіп, өз-өзіне деген сенімділігін арттырады.
Осылайша, инклюзивті білім беру жағдайында ағылшын тілін тиімді оқыту үшін келесі негізгі шарттарды атап өтуге болады:
қолайлы психологиялық орта қалыптастыру;
оқыту әдістерінің икемділігі мен әртүрлілігін қамтамасыз ету;
заманауи технологияларды қолдану;
мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру;
материалдық-техникалық базаны жетілдіру.
Қорытындылай келе, инклюзивті білім беру жағдайында ағылшын тілін оқыту – кешенді, көпқырлы үдеріс. Ол педагогтан жоғары кәсіби дайындықты, әдістемелік икемділікті және әрбір білім алушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс жүргізуді талап етеді. Аталған бағытты одан әрі дамыту білім беру сапасын арттыруға және қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Апарина Ю.И. Адаптивная речь учителя как продуктивное средство обучения в условиях инклюзивного образования // Инклюзивное иноязычное образование сегодня: проблемы и решения. Сборник статей по итогам VI заочной научно-практической конференции. 2020. С. 12-21.
Бондарева А. В. Реализация инклюзивного образования на уроках английского языка в общеобразовательной школе // Молодой ученый. 2017. № 5. С. 471-474.
Денисеня Н. В. Создание инклюзивных условий в учреждении образования на уроках английского языка для обеспечения равных возможностей всех учащихся. // Преподаватель года 2021: сборник статей II Международного профессионально-исследовательского конкурса, Петрозаводск, 14 декабря 2021 года. Петрозаводcк: Международный центр научного партнерства «Новая Наука» (ИП Ивановская И.И.), 2021. С. 165-169.
Липатова А.В. Особенности обучения детей с ОВЗ английскому языку // Специальное образование. 2017. С. 116-118. (дата обращения: 01.02.2022).