Қазақ прозасындағы психологизм

Жаубасар Құндыз
Ержан Ернар
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, филология факультетінің 3 курс стуленттері.
Ғылыми жетекші: Ж.Ш. Жумагелдин
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, филология факультетінің аға оқытушысы


Аннотация. Сөз бен сезімнің түйіскен жері: мақала қазақ әдебиетіндегі ең күрделі құбылыс — кейіпкер психологиясын бейнелеу өнеріне арналған. Сайын Мұратбеков әңгімелеріндегі «айтылмаған сөздің» құдіреті неде? Автор деталь, лирикалық баяндау және пейзаж арқылы кейіпкердің ішкі арпалысын берудің бірегей тәсілдерін жүйелейді. Аймауытовтан басталған психологизм мектебінің көркемдік эволюциясын бағамдау арқылы бұл зерттеу оқу үдерісі мен әдеби талдау үшін таптырмас бағыт-бағдар береді.

Кілт сөздер: психологизм, ішкі монолог, психологиялық деталь, «Ақбілек», Сайын Мұратбеков, «Жусан иісі», Жүсіпбек Аймауытов, динамика, әдебиет, эмоция.

Кіріспе. Көркем прозадағы психологизм — бұл жай ғана кейіпкердің көңіл-күйін суреттеу емес, адам жанының ішкі динамикасын бейнелейтін күрделі эстетикалық жүйе. Қазақ прозасындағы психологизм мәселесін зерттеп, зерделеген ғалымдардың бірі әрі бірегейі — Б.Майтанов. Ғалым: «Психологизм — адамның көңіл-күй, ой-толғам болмысы төңірегіндегі нақты материалдық құбылыстар сырын түсінуге ұмтылу. Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізудің амалтәсілдерінің жиынтығы» [1], — деген анықтама береді.

Қазақ әдебиетінде бұл үрдіс Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы терең талдаулардан бастау алып, кейін Сайын Мұратбеков шығармаларындағы нәзік лиризм мен детальдар арқылы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сондықтан Сайын Мұратбеков прозасын зерттеу арқылы біз кейіпкердің ішкі әлемі мен сыртқы болмысының арасындағы көркемдік байланыстың қалай дамығанын ғылыми тұрғыдан пайымдай аламыз.

Психологизмді түсіну және оны айқындайтын шарттар. Психологизмді жай ғана әдеби амал емес, кейіпкердің ішкі әлемін тірілтетін нақты көркемдік механизм деп түсінуіміз керек. Біздің пайымдауымызша, шынайы психологизм эмоцияның атын атап, түсін түстеумен шектелмейді, ол сол сезімнің қалай туғанын, қандай иірімдерден өткенін оқырманның көз алдына әкеледі. Бұл процесс жүзеге асуы үшін, ең алдымен, кейіпкердің ішкі мотиві мен оның сыртқы әрекеті арасында үлкен сәйкестік болуы шарт. Егер адамның жан дүниесіндегі арпалыс оның бір ғана қимылынан немесе кенеттен өзгерген дауыс ырғағынан сезіліп тұрса, демек, автор рухани шындықтың биік деңгейіне жеткені. Мұндайда тілдің дәлдігі мен сөйлемнің ішкі ырғағы кейіпкердің сол сәттегі күйімен үндесіп, оқырманды бейжай қалдырмайды.

Сонымен қатар, ішкі монолог пен «ой ағымы» тәсілдері кейіпкердің бетпердесін сыпырып, оны оқырманмен бетпе-бет жолықтырады. Автор бұл жерде төреші болмай, өз бағасын жасырып, пайымдау тізгінін оқырманға қалдырғанда ғана психологизмнің танымдық қуаты арта түседі. Тұрақты қызмет атқаратын психологиялық детальдар — мейлі ол бір зат, мейлі бір иіс болсын — кейіпкердің болмысын ашатын кілт іспеттес.

Психологиялық әсерді күшейтуде уақыт пен композициялық құрылымның да атқаратын жүгі ауыр. Кейіпкердің өткен шаққа оралып, ескі естеліктерді қазіргі сәтпен шендестіруі оның бүгінгі шешімдеріне терең мағына береді. Тіпті шығармадағы шиеленісті оқиғалардың арасына әдейі енгізілген «тыныш» эпизодтардың өзі ішкі қысымды үдетіп, кейіпкердің рухани эволюциясын айқын көрсетеді. Осы шарттар мен құралдар жүйелі түрде тоғысқанда ғана кейіпкер қағаздағы бейнеден нағыз тірі адамға айналады.

«Ақбілек» романындағы психологиялық талдаудың бастау көздері: Қиял арқылы анықталатын сезімдер.Көркем шығармадағы психологизмнің көркемдік тәсілдерінің ең белсенді түрі — түс көру. Түс көру тәсілі кейіпкердің жұмбақ әлемін, ішкі қалтарыстары мен оқиға шешімінен сыр беруде өте тиімді. Түстің көркемдік мүмкіндігі шексіз [5, 13].

Романдағы психологиялық талдаудың бастауын ойлау үстінде, Ақбілектің түс көруі мен сандырағына ерекше мән бердік. Бұл — жай ғана көркемдік деталь емес, бұл — кейіпкердің бейсаналық деңгейдегі қорқынышы мен үмітінің қақтығысы деген ойлар келеді. Мәселен, романдағы Ақбілектің түсіндегі ақ боз атты немесе қашқан-пысқан сәттерді алатын болсақ, оның азаттыққа деген аңсары мен өткен күннің қасіретінен арыла алмаған жанының шырқырауы менің бастапқы ойларымды түбегейлі өзгертті.  Автор осы қиял мен түс арқылы кейіпкердің ішкі «менін» емдейді, оны жаңа өмірге дайындайды.

Тағы бір маңызды қыр — табиғатпен сырласу. Яғни, әдебиетте бұны  антропоморфизм деп атайды. Ақбілек тау ішінде жалғыз қалған кезде, ол тастармен, ағаштармен, тіпті аймен тілдесетінін көреміз. Бұл жерде жазушы кейіпкердің жалғыздығын көрсету үшін оның қиялын шексіздікке ұластырады. Ақбілектің қиялындағы «таулардың тілі» — оның өз ішіндегі үнсіздіктің сыртқа шығуы. Яғни, бұл Аймауытовтың кейіпкер психологиясын ашудағы ең биік шыңы. Ол адамның санасы тек логикамен емес, мистикалық-қияли сезімдермен де өрілетінін дәлелдеді.

Осы ой бастауларымызды Сайын Мұратбеков прозасымен ұштастырғанымызда, қызық паралелль шықты. Аймауытовтағы Ақбілектің қиялы — тірі қалудың жолы болса, Мұратбековтегі Аянның қиялы — рухани құтқарушы. Екі жазушы да кейіпкердің ауыр тағдырын оның ішкі ертегісімен, қиялымен теңестіру арқылы психологизмнің ең нәзік қылдарын тербеткен екен.

Аймауытовтағы психологиялық талдаудың «ащылығы» мен «тереңдігі» кейін Мұратбековте «мұңды лиризмге» айналғанын көреміз. Бірақ екеуінің де негізі бір — ол адамның ішкі еркіндігін оның қиялы арқылы қорғап қалу.

Өз ойымызды түйіндейтін болсақ, өз пікірімізбен ұштасқан шындық «Ақбілек» — бұл қазақ прозасындағы психологизмнің «генетикалық коды». Ондағы сананың астыртын иірімдері мен қиялдың көркемдік қызметі бүгінгі таңда да әдебиет теориясының (13-дәріс мәліметтері бойынша) ең өзекті тақырыбы болып қала бермек.

Сайын Мұратбеков прозасындағы психологиялық бейнелеу.

Б. Майтановтың пікірінше, адам болмысындағы психологизм табиғаты түйсіну, пайымдау және ойлану әрекеттерінің түрлі көріністеріне негізделеді [11, 4]. Демек, көркем мәтіндегі психологиялық бейнелеу – адам санасының терең қабаттарын модельдейтін ерекше көркемдік тәсіл. Осының негізінде Сайын Мұратбеков кейіпкерлері — ішкі әлемі бай, бірақ сыртқа сыр білдірмейтін, тағдыр тауқыметін үнсіз көтеретін жандар. Жазушы кейіпкердің психикасын ашуда біздің ойымызша мынадай көркемдік тәсілдерді шебер қолданады.

Біріншіден, шығармадағы психологиялық деталь мен «иіс» феномені. Жазушы кейіпкердің ішкі күйін ұзақ баяндап жатпайды, ол бір ғана деталь арқылы бәрін сезіндіреді. Мәселен, «Жусан иісіндегі» жусанның ащы иісі — бұл жай ғана өсімдік емес, ол жетімдіктің, соғыс зарының және балалық шаққа деген сағыныштың психологиялық метафорасы. Аянның ақсақ аяғы немесе нақтырақ ашып айтатын болсам оның ертегі айтқандағы көзқарасы бұл оның ішкі жарақатының көркемдік көрінісі. Бұл жерде психологизм заттық деталь арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне жол ашады.

Екіншіден, бұл шығарманы оқу барысында тағы бір біздің байқағанымыз ол  қиял мен ертегінің рухани терапия ретіндегі берілуі. С. Мұратбеков кейіпкерлері әсіресе балалар мен жасөспірімдер қатал шындықтан қашу үшін өздерінің қиял әлемін құрады. Аянның ертегілері — бұл оның психикасының қорғаныс механизмі. Ол айналасындағы жетіспеушілік пен суықтықты қиялындағы жылы әлеммен толтырады. Аймауытовтың Ақбілегі табиғатпен сырласса, Мұратбековтің Аяны ертегімен емделеді. Бұл — қазақ прозасындағы психологизмнің жаңа қыры: адамның ішкі еркіндігін оның қиялы арқылы сақтап қалуы.

Өз ойымызды нақтылап қорытындылайтын болсақ, Сайын Мұратбеков прозасындағы психологизм, бұл кейіпкердің басынан кешкен қасіретін сыртқы айғай-сүреңмен емес, ішкі тебіреніспен, «үнсіздік эстетикасымен» жеткізу өнері. Жазушының «иіс» феномені мен заттық детальдарды қолдануы оқырманды кейіпкердің жан дүниесіне жетелейтін сезімдік көпір іспеттес. Мәселен, жусанның ащы иісі мен Аянның ақсақ аяғы — бұл тек тұрмыстық сурет емес, тағдырдың тауқыметін тартқан жанның психологиялық портреті.

Лирикалық баяндау және ішкі үннің берілуі. Екі шығарманы оқи отырып, біз қазақ прозасындағы психологизмнің екі түрлі белесін көрген болатынбыз.

Ғалым Г. Пірәлиева психологиялық бейнелеу тәсілдерін жүйелеп, өзінің ғылыми тұжырымдамасын ұсынған болатын. Оның пікірінше, психологиялық көркемдеудің үш негізгі түрі бар. Біріншісі – кейіпкердің жан дүниесін тікелей ашатын «тура» психологиялық бейнелеу, яғни ішкі сөз, ішкі монолог, өзін-өзі бақылау, ойша елестету, ес еске түсіру сияқты амалдар арқылы жүзеге асатын аналитикалық тәсіл. Екіншісі – адамның психологиялық  күйін сыртқы белгілер мен бейвербалды ишараттар арқылы көрсету: қимыл-қозғалыс, мимика, ым-ишара, заттық деталь және басқа жанама көрсеткіштер. Үшіншісі – осы екі тәсілді біріктіріп, біртұтас көркемдік жүйе құрайтын авторлық психологиялық баяндау [10, 11–12].

     Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы психологизм — бұл кейіпкердің ішкі әлеміндегі үлкен жарылыстар мен ашық арпалыстардың жиынтығы. Мұнда лирикалық баяндау кейіпкердің жан дауысымен,яғни сана ағымымен тікелей ұштасады. Ақбілектің түс көруі, оның таудағы жалғыздығы мен қоғаммен қақтығысы автор тарапынан өткір, драмалық сипатта талданады. Аймауытов кейіпкердің «менін» ашық көрсету арқылы оқырманды психологиялық шиеленістің ортасына тартады.

Сайын Мұратбеков прозасындағы  лиризм мүлдем басқа қырынан — нәзік те терең сезімталдықпен ерекшеленеді. Бірақ бұл лиризм кейіпкердің әлсіздігі емес, керісінше, жазушының кейіпкерді сыртқы әрекеттен бұрын ішкі сезім арқылы танытудағы шеберлігі ретінде көрсетеді . «Жусан иісінде» балалық жад, сағыныш пен мейірім қабаттаса ашылып, әңгімешінің дауысы кейіпкер үнімен білінбей араласып кетеді. Осының нәтижесінде өте нәзік, «мөлдір» ішкі монолог туады.

Мұратбековтегі жетімдік, соғыс салдары және ұзақ күтудің ауырлығы үлкен пафоспен емес, өте ықшам, ұтымды сөйлемдермен беріледі. Жазушы үшін үнсіздік те маңызды психологиялық белгіге айналған: кейіпкер көбіне айтпаған сөзі, ішке бүккен мұңы арқылы ашылады. Оқырман мәтіндегі сол саналы үзілістерден үлкен психологиялық қысымды сезінеді де, автор берген көркемдік тәсіл арқылы өз түйінін өзі құрастырады.

Деталь, пейзаж және ишара арқылы ішкі күйді ашу. Сайын Мұратбеков прозасындағы психологизмнің тағы бір биік белесі — кейіпкердің ішкі әлемін тікелей баяндамай, жанама құралдар, яғни, деталь, пейзаж, ишаралар арқылы сезіндіруінде. Егер Аймауытовта табиғат пен деталь кейіпкердің ішкі арпалысын күшейтетін декорация болса, Мұратбековте олар кейіпкердің жан дүниесімен біте қайнасып, оның көңіл-күйінің тікелей «көшірмесіне» айналады.

Жазушыда деталь көбіне қарапайым тұрмыстық заттардан туындайды. Мәселен, киімнің тозуы, жолдың шаңы немесе қыстың қылауы — бұл жай ғана қоршаған ортаның сипаты емес, кейіпкер көңіліндегі салқындауды, шаршауды немесе жалғыздықты меңзейтін ишаралар. Жазушы қарапайым түстерді таңдай отырып, сол арқылы жанның күйін береді. Мысалы, «Қылау» әңгімесіндегі қардың ұнтағы — бір күндік нәзік сезімнің, мөлдір тазалықтың дәл бейнесі іспеттес.

Мұратбековтегі табиғат көріністері кейіпкер тағдырымен қатар өріліп, астарлы мән береді. Мұндағы психологиялық параллелизм қатып қалған схема емес, өте табиғи сәйкестік түрінде көрінеді. Мәселен, көктемнің кешігуі — кейіпкер жанындағы үміттің баяу оянуын меңзесе, даланың үнсіздігі немесе алыстан естілген әлсіз дыбыс — кейіпкердің ішкі жалғыздығын айқындай түседі. Дыбыстың өзі мұнда деталь қызметін атқарып, оқырманға кейіпкердің көңіл-күйін сөзсіз-ақ жеткізеді.

Мұратбеков диалогтары қысқа, бірақ өте салмақты. Мұнда әрбір кідіріс, тайсақтаған көзқарас немесе кенеттен жасалған қимыл — адам мінезін ашатын өзіндік «кодқа» айналған. Автор оқырманды эмоцияға ешқашан зорламайды, ол тек кейіпкердің ішкі әлеміне жол сілтейтін белгілерді қалдырады. Сол белгілерді құрастыра отырып, оқырман кейіпкер әлемін өзі «оқиды». Сыртқы әрекет аз болса да, ішкі қозғалыстың қарқындылығы осы жинақылықтан туады. Бұл тәсіл психологизмді күшейтіп, баяндаудың өміршеңдігі мен тазалығын арттырады.

Ал, егер де жұмсақтықты емес психологиялық детальдің өткірлігін қарастыратын болсақ «Ақбілек» романының авторын, яғни Аймауытовты бірден көзімізге елестетер едік. Аймауытовта детальдар кейіпкердің психикалық күйін ашу үшін өте өткір қолданылады. Мысалы, Ақбілектің үрейден дірілдеген саусақтары, оның көзіндегі «өшкен от» немесе шашының жайылуы — оның қорланған намысы мен ішкі күйзелісінің нақты кодтары. Мұратбековтегі тұрмыстық жинақылықтан гөрі, Аймауытовта адамның физиологиялық реакциялары (түс көру, сандырақтау, талықсу) арқылы берілетін детальдар басым. Бұл оқырманға кейіпкердің ішкі «менін» диагноз қойғандай анық көрсетеді.

Аймауытов кейіпкердің киіміне, жүріс-тұрысына және сөйлеу мәнеріне ерекше мән береді. Оның ишаралары — әлеуметтік және психологиялық статусқа негізделген. Ақбілектің бой түзеуі, оның киімін жинастыруы — тек сыртқы көрініс емес, оның рухани тазаруы мен қайта тірілуінің белгісі. Егер Мұратбековте деталь «сағынышқа» бағытталса, Аймауытовта ол — «күреске» және «тірі қалуға» бағытталған.

Сайын Мұратбеков — «аз сөзбен көп мағына беретін» деталь шебері. Оның шығармаларындағы әрбір ишара мен пейзаждық сурет оқырманды кейіпкермен бірге тебіренуге, оның айтылмаған ішкі мұңын түсінуге жетелейді. Бұл — қазақ прозасындағы психологизмнің ең нәзік, ең эстетикалық үлгісі.

Екі шығарманы оқи отырып байқайтынымыз: Аймауытов деталь арқылы кейіпкердің жанын детальды өткірлеу арқылы «ашып» көрсетсе, Мұратбеков сол жандағы нәзік дірілді «сезіндіреді». Бұл екі тәсіл де қазақ прозасындағы психологизмді байытып, оны әлемдік деңгейдегі көркемдік ізденістермен ұштастырады.

Психологизм аспектілері және оны талдаудың ғылыми бағыттары. Көркем мәтіндегі психологизм — авторлық ниеттен басталып, оқырманның қабылдауымен аяқталатын тұтас процесс. Оны зерттеуде авторлық, кейіпкерлік, кеңістік, тілдік және оқырмандық қырларды ажырату маңызды. Бұл аспектілер мәтіндегі ішкі қозғалыстың қалай жүріп жатқанын, кейіпкердің жан дүниесінің қалай «құрастырылғанын» көрсетеді.

Талдау нәтижесі нақты болуы үшін төрт негізгі өлшемді қатар ұстау қажет:

  1. Мотив пен әрекет байланысы: Кейіпкердің әрбір қадамының артында қандай ішкі себеп тұр? Біз сыртқы қимылдан бұрын оны тудырған психологиялық түрткіні (мотивті) айқындауымыз керек.
  2. Психологиялық детальдың қызметі: Мәтіндегі кез келген ұсақ зат (мысалы, тозған бәтеңке немесе дірілдеген дауыс) — жай сурет емес. Ол кейіпкердің ішкі өзгерісін таңбалайтын негізгі орын.
  3. Үнсіздік пен кідіріс: Көп жағдайда кейіпкердің айтпаған сөзі айтқанынан салмақтырақ. Мұратбеков прозасындағы «…» (көп нүктелер) мен кенеттен тоқтаған диалогтардың астарын ашу — психологизмді түсінудің кілті.
  4. Табиғат пен көңіл параллелі: Пейзаждың символдық қабатын, оның кейіпкердің рухани халімен қалай жымдасқанын негіздеу қажет.

Салыстырмалы модель: Аймауытов пен Мұратбеков. Зерттеу барысында салыстыру әдісі психологизмнің ұлттық моделін тануға жол ашады. «Ақбілек» романы мен Сайын Мұратбеков мәтіндері бір рухани арнада тоғысқанымен, әрқайсысы өзіндік «үнмен» сөйлейді.

  • Жүсіпбек Аймауытовта ішкі талдау өте кең, масштабты және көбіне тікелей беріледі. Ол кейіпкердің жанын аямай ақтарып, оқырманға оның барлық иірімдерін паш етеді.
  • Сайын Мұратбековте бұл процесс керісінше — ішкі әлем көбіне ұсақ ишаралармен, жанама белгілермен ғана аңғартылады.

Бұл айырмашылық қазақ прозасындағы психологизмнің эволюциясын көрсетеді: ашық драматизмнен нәзік лиризмге көшу процесі байқалады. Университет қабырғасында мұндай талдау жасау студенттің мәтін оқу дағдысын шыңдайды. Ол тек оқиғаны айтып қана қоймай, көркемдік тәсілді көріп, оны ғылыми дәлелмен жеткізуге үйренеді. Мұндай терең оқу әдебиет тарихын жай ғана фактілер жиынтығы емес, адам жанын танудың үлкен мектебі ретінде түсінуге жол ашады.

Қорытынды. Қазақ прозасындағы психологизм — бұл жай ғана әдеби амалдардың жиынтығы емес, ол ұлттық көркем ойлаудың ең терең, ең нәзік қабаты ретінде қалыптасты. Бұл құбылыстың бастауында Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы тұрса, оның лирикалық шыңында Сайын Мұратбеков шығармашылығы мен мөлдір мұңы тұр. Егер Аймауытов адам жанын үлкен әлеуметтік сілкіністер арқылы ашып, психологиялық талдаудың аналитикалық мектебін жасаса, Мұратбеков сол дәстүрді «үнсіздік эстетикасымен», нәзік иістер мен лирикалық нақыштармен заңды түрде байытты.

Зерттеу барысында анықталған психологизмнің шарттары мен аспектілері — детальдың сөйлеуі, пейзаждың жан дүниемен үндесуі, ішкі үннің ертегіге ұласуы — бізге прозаның ішкі қуатын тануға нақты ғылыми тірек ұсынады. Сайын Мұратбеков кейіпкерлерінің үнсіздігінен біз Аймауытов кейіпкерлерінің жан дауысын естиміз, өйткені бұл — бір арнадан бастау алған, бірақ екі түрлі эстетикалық бояумен өрілген біртұтас рухани әлем.

Сондықтан психологизмді зерттеу — қазақ әдебиетінің эстетикалық тереңдігін ашатын ең тиімді кілт. Сайын Мұратбековше айтсақ, әдебиеттегі психологизм — бұл адамның ішкі әлеміндегі «жусан иісін» сезіну, сол арқылы өзіміздің де рухани табиғатымызды қайта тану.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Аймауытов Ж. Ақбілек (PDF). https://pushkinlibrary.kz/docs/akbilek_kaz.pdf
  2. Мұратбеков С. Повестер, әңгімелер, очерк (PDF). https://adebiportal.kz/upload/iblock/eee/eee84c8d16519af4268b2deab5220f94.pdf
  3. Мұратбеков С. Жусан иісі (PDF). https://pushkinlibrary.kz/exhibitions/Muratbekov_kaz/images/Muratbekov_Zhusan_iisi.pdf
  4. Сабаёва Г. Қазақ әдебиетіндегі «психологизм ұғымы» туралы түсінік. https://philart.kaznu.kz/index.php/1-FIL/article/view/1398
  5. Әбдіқадырова Т.Р., Жанатбекқызы Ж. Көркем шығармалардағы психологизмнің көрінісі (PDF). https://journals.dulaty.kz/images/vipusk/dulaty/2024/2/8-17-abdikadirova-june.pdf
  6. Әдебиет теориясы: кіріспе. 13-дәріс. Әдебиеттегі психологизм (PDF). https://openu.kz/storage/lessons/1945/debiet-teoriyasy-krspe_13_lecture.pdf
  7. Омаров. Қазақ прозасындағы көркемдік ізденістер (PDF). https://emedia.enu.kz/sites/default/files/%D0%92%20%D0%9F%D0%95%D0%A7.%20%D0%9E%D0%BC%D0%B0%D1%80%D0%BE%D0%B2%20%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B%20%D0%BF%D1%80%D0%BE%D0%B7%D0%B0%D1%81%D1%8B%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D2%93%D1%8B%20%D0%BA%D3%A9%D1%80%D0%BA%D0%B5%D0%BC%D0%B4%D1%96%D0%BA%20%D1%96%D0%B7%D0%B4%D0%B5%D0%BD%D1%96%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%80.pdf
  8. Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі хақында. https://adebiportal.kz/kz/news/view/tazalyq-simvoly-nemese-saiyn-muratbekovtyn-qylau-angimesi-xaqynda__24174
  9. Адамның сезім сырын хаттай танып… https://qazaqadebieti.kz/24453/adamny-sezim-syryn-hattaj-tanyp
  10. Pіrálıeva G. Kórkem prozadaǵy psıhologızmnіń keıbіr máselelerі. – Almaty: «Alash», 2003. – 328 b.
  11. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. – Алматы: «Жазушы», 1987. – 232 б.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх