Жамалбек Айжан
Жазит Алтынай
Универ Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті
В016 Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау
Филология факультеті 3 курс студенттері
Жетекші: Сыздықова Бибі Ерғазықызы
Аннотация: Бұл мақалада жазушы Асқар Алтайдың «Сират көпірі» («Сират») романының көркемдік құрылымы мен тарихи-философиялық мазмұны жан-жақты талданады. Шығармада Шығыс Түркістан Республикасының тағдыры, қазақ халқының XX ғасырдағы ауыр тарихи кезеңдері, күрескерлік рух пен ұлттық бірегейлік мәселелері көркем тілмен өріледі. Мақала мақсаты – тарихи оқиғалар мен көркемдік шешімнің үндестігін, кейіпкердің рухани эволюциясын және романдағы идеялық жүктемені ашып көрсету. Асқар Алтайдың шығармасы ұлттың ұмыт қалған тарихи жадын жаңғыртып, тарихи шындық пен көркем танымды үйлестіре отырып, рухани сұранысқа жауап беретін көркем туынды ретінде бағаланады. Зерттеу барысында мәтіндік талдау, тарихи-салыстырмалы әдістер қолданылды. Мақалада романдағы образдар жүйесі, баяндау тәсілі, эпикалық құрылым және ұлттық дүниетанымға тән поэтикалық өрнектер ғылыми пайымдауға түседі. Жазушының тілдік ерекшелігі, тарихи көзқарасы және романның әдеби-мәдени кеңістіктегі орны да назардан тыс қалмайды. Шығарма қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының жаңа тынысы ретінде сараланады.
Кілт сөздер: Асқар Алтай, Сират көпірі, тарихи роман, Шығыс Түркістан, ұлттық рух, әдебиет, көркемдік құрылым, поэтика, саяси репрессия, тарихи жады.
Қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар дәстүрі ғасырдан астам тарихқа ие. Бұл жанр, әсіресе XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қарқынды дамып, көркемдік-философиялық ойдың тереңдеуіне жол ашты. Осы бағытта Асқар Алтайдың «Сират» романы – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ тарихи прозасының көрнекті туындысы ретінде танылып отыр. Романда Шығыс Түркістандағы азаттық күресі, Алтайда өмір сүрген қазақтардың қасіретті тағдыры, отарлық саясат пен ұлт күресінің көркем бейнесі ұсынылады. Шығармада тарих пен әдебиет бір арнада тоғысып, ұлт жады, ұлт рухы алдыңғы орынға шығады. Бұл – тек әдеби-көркем еңбек қана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси мәні зор рухани құжат.
Шығарманың негізгі өзегі – Алпысхан мен оның ұлы Омардың тағдыры арқылы қазақ халқының ғасырлық зұлматпен күресін бейнелеу. Кеңестік репрессия, шекара асқан босқындар, Оспан батырдың көтерілісі, Қытай мен Ресейдің отарлық қысымы – осының бәрі шығармада көркем тілмен өріледі. Автор Алпысхан бейнесі арқылы дәстүрлі қазақ қоғамының ыдырауын, отарлық жүйеге қарсы рухани қарсылықты береді. Ал Омар – жаңа заман адамы. Оның Мәскеуде барлау мектебінде оқып, кейін Шығыс Түркістан қозғалысына қосылуы арқылы автор жаңа дәуірдегі күрескер тұлғаны сомдайды. Бұл көркем трансформация адам мен заман арасындағы драманы терең көрсетеді. Ғалым М.Ж. Садықов атап өткендей: “Қазіргі тарихи романдар өткенді бүгінмен байланыстыра отырып, ұлттық сана мен тарихи шындықты көркем формада үндестіреді” [1,76].
Асқар Алтайдың «Сират» романын өзгеше танытатын тұстардың бірі – оның құрылымдық ерекшелігі. Роман қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы «алты желі» ұғымына сүйене отырып құрылған. Бұл композициялық тәсіл тек баяндау формасы ретінде ғана емес, терең символикалық әрі поэтикалық мағына жүктейді. Қазақ ұғымында құлын байланатын алты түрлі желі бар деген наным бар. Асқар Алтай осы дәстүрлі түсінікті көркем прозада құрылымдық негіз ретінде пайдаланып, әр желіге жеке тақырыптық жүк артады. Бұл тәсіл шығарманың ішкі мазмұнына да, сыртқы формасына да үйлесімділік береді. Яғни, әр желі – белгілі бір тарихи кезеңді, әлеуметтік жағдайды немесе кейіпкердің өміріндегі маңызды бір белесті сипаттайтын бөлікке айналады. Бұл құрылым оқырманға тарихи уақыттың ағымын логикалық ретпен қабылдауға, оқиғалардың бір-бірімен байланысын пайымдауға және кейіпкерлер эволюциясын терең ұғынуға жол ашады. Мұндай құрылым романды эпикалық кеңістік ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Жазушы бір желіден екіншісіне ауысқан сайын оқырманды жаңа оқиғаға жетелеп отырады, бірақ сонымен қатар ортақ идеялық арқаудан алшақтамайды. Осы арқылы роман тек жеке адамдардың тағдырын ғана емес, тұтас ұлттың тарихи кезеңдердегі болмысын көрсететін кең тынысты шығармаға айналады. Асқар Алтай бұл ретте дәстүрлі баяндау мен модернистік тәсілдерді шебер ұштастырып отыр. Ол эпикалық баяндау формасына қазіргі заманғы көркемдік ізденістерді, яғни ішкі монолог, символика, поэтикалық кеңістік пен уақытқа қатысты деконструкция элементтерін енгізу арқылы шығарманың көркемдік құндылығын арттырады. Бұл тәсіл көркем прозада сирек кездесетін ұлттық сипаттағы құрылымдық модельдің қазіргі әдебиетке бейімделген үлгісі болып табылады. Зерттеуші Т.К. Айтжанова бұл туралы: “Асқар Алтай романында эпикалық кеңістік пен ішкі рухани күй драматизмі заманауи поэтикалық формамен өріледі” – деп әділ тұжырым жасайды [2,88]. Демек, «алты желі» арқылы құрылған композициялық жүйе тек құрылымдық ерекшелік емес, романның көркемдік концепциясын ашатын негізгі тетік.
Кейіпкерлер жүйесінде даралық пен типтік сипат қатар дамиды. Омар, Құмарбек, Дәлелхан, Оспан батыр сияқты тұлғалар тарихи реңкте бейнеленіп, олар арқылы ұлттың біртұтас бейнесі жасалады. Құмарбектің өз ұлын жау қолында қалдырмауы – адамзаттық трагедияның ең ауыр көрінісі. Бұл көрініс оқырманды терең моральдық-этикалық дилеммаға жетелейді. Автор бұл көрініс арқылы отарлық саясаттың адамгершілікті де күйреткенін көрсетеді. Романның тілі бай, көркемдік қоры мол, көне сөздер, этнографиялық элементтер кеңінен қолданылған. Бұл – шығарманың ұлттық бояуын күшейтіп, поэтикалық қуатын арттырады.
Асқар Алтайдың «Сират» романының мазмұндық тереңдігін айқындайтын көркемдік құралдардың бірі – туынды атауының символикалық мәні. «Сират» сөзі – араб тілінен енген діни ұғым, ол ислам сенімінде адамның ақыреттегі тағдырын анықтайтын, жұмақ пен тозақтың арасын жалғайтын қылдай ғана көпір деген мағына береді. Бұл – күнә мен ізгіліктің, өмір мен өлімнің, шындық пен жалғанның шекарасы. Жазушы осы діни-метафизикалық ұғымды көркемдік концепция деңгейіне көтеріп, оны бүкіл романның идеялық өзегіне айналдырады. Бұл атау шығармаға символикалық және философиялық салмақ үстейді. Романда баяндалатын оқиғалар – ХХ ғасырдың қасіретке толы тарихи шындығы, отарлық қысымда өмір сүрген қазақ халқының күрес жолы, шекара асып, босқындық күй кешкен жұрттың тағдыры. Осы тарихи шындықтың көркем бейнесі мен «сират» ұғымының мағыналық астары қабаттасып, роман мазмұнын тереңдете түседі. Романда бейнеленген жағдай – қазақ халқының тарих сахнасындағы ең ауыр, ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бір жағында – отарлық саясаты сұмдықпен астасқан Ресей империясы, екінші жағында – қатаң репрессиялық жүйесімен танылған Қытай мемлекеті. Осы екі империяның ортасында шырылдаған, бас сауғалап, босып жүрген, еркіндік үшін жанын пида еткен қазақ халқы тұр. Асқар Алтай осындай тарихи жағдайды «сират көпірінен өту» секілді метафоралық мәнге ие күрделі рухани әрі физикалық сынақ ретінде бейнелейді. Қазақ халқы үшін бұл жол – тірі қалу мен ұлт ретінде жойылып кету арасындағы нәзік тепе-теңдік, қыл үстіндегі тағдыр. Бұл символизм арқылы автор халық рухының беріктігін, оның болашаққа деген сенімін, үмітін және қайсарлығын көрсетуге ұмтылады. «Сират» сөзі арқылы романдағы әрбір оқиға, әрбір кейіпкердің тағдыры мен моральдық таңдауы терең фәлсафалық мәнге ие болады. Бұл көркемдік тәсіл арқылы жазушы тарихтың қайшылықтарын, күрделі моральдық-этикалық жағдайларды, ұлттың тірі қалу жолындағы тартыстарды метафорамен байланыстырып, поэтикалық кеңістікті кеңейтеді. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма атауы шығарманың ішкі құрылымына да, мазмұндық мәніне де толық сәйкес келеді. Зерттеуші А.А. Нұрахметовтың: “Сират – әдебиеттегі символдық құрылым ретінде метафизикалық кеңістікті бейнелеуде ерекше қызмет атқарады” [3,113], – деген тұжырымы Асқар Алтай романында дәлелін тапқан. Автор «сират» ұғымын тарихи сана мен көркем қиялдың тоғысында терең символикалық құрылымға айналдыра алған. Бұл тәсіл романға тек тарихи дерекке негізделген көркем шығарма емес, рухани-философиялық метатекст ретінде баға беруге мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысы барысында мәтіндік талдау әдісімен қатар, тарихи-салыстырмалы әдіс те кеңінен қолданылды. Бұл тәсіл Асқар Алтайдың «Сират» романының көркемдік құрылымын, идеялық-мазмұндық тереңдігін өзге қаламгерлердің шығармаларымен салыстыра отырып, даралауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш», Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» шығармаларымен тақырыптық ұқсастығы мен көркемдік айырмашылығы қатар қарастырылды. Бұл салыстыру «Сират» романының әдеби процестегі өзіндік орнын, ерекшелігін, жаңалығын, идеялық-философиялық бағыт-бағдарын ашуға бағытталды. Аталған жазушылардың барлығы да Алтай өңіріндегі тарихи қозғалыстарды, ұлт басына төнген қауіп пен соған қарсы тұрған халықтық рухты, көшпелі жұрттың жанқиярлығын бейнелеуге ұмтылған. Дегенмен, Асқар Алтай бұл тақырыпты жаңаша қырынан қарастырады. Ол нақты тарихи деректерді жалаң баяндаудан гөрі, көркемдік қиялға, символика мен философиялық тереңдікке көбірек орын береді. «Сират» романы осы ерекшелігімен дәстүрлі тарихи прозадан дараланып, постмодернистік элементтермен толыққан тарихи-философиялық шығарма дәрежесіне көтеріледі. Жазушы тарихи оқиғаларды сипаттаумен шектелмей, олардың астарында жатқан адамзаттық күресті, рухани тартысты, отарлық жүйеге қарсы ішкі қарсылықты бейнелейді. Яғни, шығарма бір ғана этностың басынан өткен оқиғаны емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани трагедияны суреттейді. Романдағы ең өзекті жаңалықтардың бірі – автордың барлау тақырыбын көркем прозаға енгізуі. Бұл – қазақ әдебиетінде өте сирек кездесетін құбылыс. Асқар Алтай барлау қызметін жай әскери немесе шпиондық әрекет ретінде емес, ұлт тағдырына тікелей әсер ететін саяси құрал ретінде бейнелейді. Бас кейіпкер Омардың Мәскеудегі барлау мектебінде білім алуы, кейін Шығыс Түркістандағы қозғалыстарға араласуы – тарихи шындықтың көркем интерпретациясы ғана емес, ұлт рухының сын сәттерде қандай жолмен күрескенін көрсететін символдық әрекет. Бұл тақырыптың көркемдік тұрғыдан шешілуі романға тың биіктік дарытып, ұлттық әдебиетте бұрын қолға алынбаған идеялық бағыттарды ұсынады. Жалпы алғанда, Асқар Алтайдың бұл туындысы – ұлттық әдебиеттегі тарихи романдар желісінің жалғасы ғана емес, оны жаңа эстетикалық кеңістікке алып шыққан ерекше шығарма. Автор дәстүрлі эпикалық баяндауды заманауи проза талаптарымен ұштастыра отырып, бір мезетте тарихи шындықты, рухани толғанысты және геосаяси шеңбердегі ұлт тағдырын бейнелеген. Осы тәсілдері арқылы «Сират» романы қазақ әдебиетінде тарихи прозаның мазмұндық және формалық жаңғыруына жол ашты.
Асқар Алтайдың «Сират» романына тақырыптық және көркемдік тұрғыдан жақын шығармалар қатарына Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» атты деректі-мемуарлық еңбегі, Қабдеш Жұмаділовтің тарихи романдары және Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» шығармасы жатады. Бұл еңбектердің әрқайсысы қазақ халқының шекара асып босуы, отарлық саясаттың зардаптары, ұлттық күрескерлік рухтың көркем бейнеленуі сынды ортақ идеялық желіге негізделген. Алайда бұл шығармалардың әрқайсысында көтерілген тақырыптың берілу тәсілі, авторлық ұстаным мен көркемдік шешімде өзіндік ерекшеліктер бар. «Сират» романы осы қатардағы туындылармен салыстырмалы түрде оқылғанда ғана оның көркемдік қуаты мен идеялық салмағы толық бағалана түседі.
Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» атты деректі-мемуарлық еңбегі қазақ халқының ХХ ғасырдың орта тұсындағы трагедиялық тарихын шынайы суреттейтін аса маңызды рухани мұра. Шығарма автордың өз көзімен көріп, жанымен сезініп, жүрегімен өткерген оқиғаларға негізделген. Мұнда Алтайдан бастап Гималай асып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен ұзақ әрі қасіретті көші-қон жолы баяндалады. Автор сол жолдағы азапты сапарды, босқын халықтың көрген жоқшылығы мен еріксіз жапа шеккен тағдырын барынша шынайы сипаттайды. Кітап деректілік сипаты жағынан құнды болуымен қатар, тарихи естеліктерді тікелей қатысушының көзімен бергендіктен, оқырманды ерекше толғандырып, сенім ұялатады. Шығармада оқиғалар хронологиялық жүйемен баяндалып, кеңістік пен уақыт нақтылы көрсетіледі. Бұл – деректі прозаның басты ерекшелігі. Сонымен қатар, Халифа Алтайдың туындысы дін мен руханияттың, еркіндік пен елдік сананың ұлт болашағы үшін маңызын терең ашып береді. Ол шекара асып қоныс аударған қандастардың діни сенімнен ажырамағанын, имандылықты жандарына серік етіп, қиыншылықтарға мойымағанын көрсетеді. Автор дінді – рухани тірек, еркіндікті – өмірлік мақсат, ал туған жерге деген сағынышты – мәңгілік аңсар ретінде ұсынады. Мұндай идеялық бағдар әсіресе жастар тәрбиесінде ерекше мәнге ие. Халифа Алтай өз ұлтына адалдық пен отансүйгіштіктің асқақ үлгісін көрсете отырып, ұлт жадындағы тарихи оқиғаларды ұрпақ санасына шегендеуді көздейді. Асқар Алтайдың «Сират» романы осы тақырыпты көркем проза аясында дамытады. Ол тарихи деректерді тікелей баяндаудан гөрі, оларды көркем образдар арқылы жеткізуді мақсат еткен. Яғни, жазушы халық трагедиясын көркемдік тұтастықпен бере отырып, жеке кейіпкерлердің тағдырына ұлттық сананы, халықтық күресті, ұлт болашағына деген алаңдаушылықты жүктейді. Егер Халифа Алтай нақты тарихи тұлғалар мен өмірлік фактілерді баяндаса, Асқар Алтай сол оқиғаларды көркем бейнелер арқылы жаңаша пайымдайды. Бұл екі автор да бір ұлттың ұлы көшін, отарлық езгіге қарсы рухын жырласа да, қолданған әдістері мен әдеби тәсілдері әртүрлі. Дегенмен, екеуінде де туған жерге деген шексіз махаббат, ұлттық жадыға адалдық, отарлық саясатқа қарсылық идеясы ортақ. Зерттеуші С.Т. Қожахметов бұл рухани сабақтастық туралы: “Алтайдан ауған қазақтардың көші – ұлттың ұлы көшке түскендегі рухани ұстамын көрсететін тарихи құбылыс” – деп тұжырымдайды [4,198]. Осы тұрғыдан келгенде, Халифа Алтай мен Асқар Алтай туындылары бір-бірін толықтырып, тарихи шындық пен көркем шындық арасындағы нәзік байланысты аша түседі. Бірі өткенді айғақты деректермен сипаттаса, екіншісі оны көркем метафоралар мен символдар арқылы сөйлетеді. Екеуі де – ұлт тағдыры үшін алаңдаған, халқының тарихын ұмыттырмауға тырысқан қаламгерлер.
Қабдеш Жұмаділовтің тарихи романдары – қазақ прозасындағы ұлттық күресті көркем образбен, терең психологиялық тартыспен жеткізудің көрнекті үлгісі. Әсіресе «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр» сынды шығармаларында Шығыс Түркістандағы қазақтардың тағдыры, олардың елге оралуы, отарлық билікке қарсылығы көркемдік тұрғыдан кең қамтылады. Қабдеш кейіпкерлері көбіне нақты тарихи тұлғалардан құралса да, автор олардың рухани ішкі әлеміне терең үңіліп, ұлттың ұлы тағдырын жеке адамның трагедиясы арқылы береді. «Сират» романы да осы үрдісті жалғастырып, бірақ одан әрі тереңдетіп, кейіпкерлер тағдырын барлау, саяси күрес, тіпті шет мемлекеттердің мүдделер қақтығысы деңгейіне дейін көтереді. Асқар Алтайдың ерекшелігі – роман желісін заманауи формада құрып, символикалық мағынамен байытуында. Қабдеш Жұмаділов шығармашылығын талдай келе, әдебиетші Р.Ж. Әбдікерім: “Жазушы үшін тарих – көркемдік шабыт көзі ғана емес, ұлттың болмысын тану алаңы” – дейді [5,243]. Бұл тұжырым Асқар Алтай шығармашылығына да дәл келеді.
Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» романы да қазақ тарихындағы күрделі кезеңдерді бейнелеуге арналған. Шығармада отарлық билікке қарсы шыққан Оспан батыр бастаған күрескерлердің ерлігі, халықтың көші-қон тарихы кеңінен суреттеледі. Самитұлы тарихи фактілер мен көркемдік қиялды үйлестіре отырып, батырлықты, ұлттың аман қалу жолындағы жанқиярлығын алдыңғы орынға қояды. Бұл романдағы кейіпкерлер – ұлттың жан дауысын жеткізуші рухани бейнелер. Асқар Алтай да Оспан батыр мен Дәлелхан бейнелерін осы рухта көркемдейді, бірақ ол оларды кеңірек геосаяси контексте қарастырып, күрескерлік идеясын халықаралық деңгейге көтереді. Зерттеуші А.Б. Тілешов: “Қаһарлы Алтай – бүгінгі оқырманның тарихи танымын жаңғыртатын көркем шежіре” – деп бағалайды [6,91]. Асқар Алтай бұл шежірені заманауи формада жалғастырып, тарихи роман жанрын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Қорыта айтқанда, Асқар Алтайдың «Сират» романы – тек тарихи деректер жиынтығы емес, көркемдік қуаты мол, идеялық салмағы терең, ұлттық рух пен жадыны жаңғыртатын әдеби мұра. Ол қазақтың күрескерлік рухын, тарих алдындағы жауапкершілігін және бүгінгі ұрпақтың парызын ұғындыратын туынды. Шығарма – ұлттың өткеніне тағзым, келешегіне үміт. Сондықтан «Сират» романы тарихи роман жанрының жаңа бетбұрысы ғана емес, ұлттық сана мен жадының көркем айнасы болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Садықов М.Ж. Қазақ тарихи романының жанрлық эволюциясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2019. – 276 б.
- Айтжанова Т.К. Қазақ прозасындағы тарихи сананың көркем көрінісі // Әдебиет әлемі. – 2021. – №3. – Б. 85–92.
- Нұрахметов А.А. Әдебиеттегі символизм және діни метафоралар жүйесі // Руханият және өркениет. – 2020. – №2. – Б. 110–117.
- Жұмаділов Қ. Таңғажайып тағдыр. – Алматы: Жазушы, 2011. – 368 б.
- Алтай Х. Алтайдан ауған ел. – Алматы: Ғылым, 1998. – 272 б.
- Самитұлы Ж. Қаһарлы Алтай. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020. – 384 б.