Қазақстандағы алғашқы әскери бекіністерді тұрғызу проблемалары

Ақылбекова Томирис
Ғылыми жетекшісі: Смағұлов Н.Б.
PhD докторы, қауымдастырылған профессор 

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті.
Қарағанды қаласы


XVIII ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясы өзінің оңтүстік-шығыс шекарасын нығайту және Орталық Азияға саяси-экономикалық экспансия жүргізу бағытында нақты қадамдар жасай бастады. Бұл саясаттың негізінде геосаяси және әскери-стратегиялық мүдделер жатты. Қазақ даласы — кең байтақ, шекарасы ашық және көршілес мемлекеттермен (Жоңғария, Қытай, Хиуа, Бұхара хандықтары) аралас орналасқан аймақ — империялық қауіпсіздік және ықпал аймағын кеңейту үшін аса маңызды буферлік кеңістік ретінде қабылданды. Ресей билігі үшін бұл аумақты бақылауға алу әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда жолдарын бақылау, әрі ықтимал бәсекелестердің (әсіресе Қытай мен Ұлыбританияның) Орталық Азияда үстемдік орнатуына жол бермеу құралы ретінде қарастырылды[2, 45 б].

Петр І тұсында басталған «шығыс саясаты» Екатерина ІІ кезеңінде белсенді жүзеге асырыла бастады. Осы кезеңде Ресей империясының басты ұмтылысы — шекараны оңтүстікке қарай кеңейтіп, бекініс желілері арқылы әскери-саяси тұрақтылық орнату болды. Бұл ұстаным қазақ жерін біртіндеп қосып алу, оны сырттай ғана емес, нақты құрылымдармен басқару қажеттілігін тудырды. Ал әскери бекіністер бұл міндетті орындаудың басты құралдарының бірі болды. Олар әскери қақтығыстардан қорғану, ішкі тұрақсыздықты басу, салық жинау, көші-қонды бақылау, сауданы реттеу және мәдени-идеологиялық ықпал ету сияқты жан-жақты қызмет атқарды[1, 212 б].

Осы ретте әскери бекіністерді салу – жай ғана шекараны қорғау шарасы емес, Ресейдің отарлау саясатының құрылымдық компоненті екенін түсінуге болады. Әскери желілермен қатар әр бекініс айналасына казак отарларын орналастыру, орыс шаруаларын көшіру арқылы этноәлеуметтік құрамды өзгерту процесі де жүрді. Қазақ қоғамының дәстүрлі рулық құрылымы мен көшпелі өмір салты біртіндеп ыдырай бастады. Ресей билігі үшін бұл – ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің, ал қазақтар үшін — отарлық қысымның, еркіндіктен айырылудың бастауы болды.

Ресейдің әскери-стратегиялық мақсаттарының бір бағыты — Ұлы Жібек жолы бағыттарын және Орталық Азияның ішкі нарықтарын бақылау еді. Бұл үшін сауда экспедицияларын қорғау, хандар мен сұлтандар арасындағы ішкі тартыстарды пайдалану, кей жағдайда оларды бір-біріне қарсы айдап салу әдістері қолданылды. Сонымен қатар, бекіністер арқылы қазақтардың ішкі өміріне араласу, билер мен сұлтандардың шешімдеріне әсер ету, әскери қысым арқылы келіссөз жүргізу тәжірибесі қалыптасты. Яғни, Ресей империясы әскери құрылымдарды біртіндеп саяси және әкімшілік тетікке айналдырды[3, 78 б].

Атап өтерлік жайт — Ресейдің бекініс саясаты тек әскери стратегиямен шектелмей, экономикалық және идеологиялық мақсаттарды да көздеді. Әсіресе ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап бекіністер маңында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, орыс көпестері белсенді жұмыс істей бастады. Бұл – бір жағынан қазақтардың нарықтық қатынасқа тартылуы, екінші жағынан экономикалық тәуелділіктің күшеюі еді. Бекініс салынған сайын оның маңайындағы қазақ руларының жайылымдық жерлері қысқартылып, жаңа салық түрлері енгізілді.

Осындай көпқырлы саясаттың нәтижесінде әскери бекіністер империяның шекаралық саясатының негізгі құралына айналды. Олар арқылы Ресей билігі тек сыртқы жаудан қорғанып қана қоймай, ішкі әкімшілік, экономикалық, мәдени ықпалын кеңейтті. Осылайша, әскери-стратегиялық мақсаттар отарлық механизмдердің ажырамас бөлігіне айналып, қазақ даласын толықтай бақылауға алу жолын ашты.

XIX ғасырда Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отарлау саясаты кең ауқымда әрі жүйелі түрде жүзеге асты. Бұл үдерістің ең негізгі құралдарының бірі – әскери желілер болды. Әскери желі – белгілі бір географиялық аумақта шекаралық қауіпсіздік пен ішкі бақылауды қамтамасыз ету үшін жоспарлы түрде орналасқан әскери бекіністер тізбегі. Қазақ жерінде мұндай үш ірі желі қалыптасты: Орынбор желісі, Сібір (Ертіс) желісі және Жетісу желісі. Бұл желілер империяның оңтүстік-шығыс шекарасын кеңейтуге, қазақ халқын бақылауға алуға, отарлық әкімшілік жүйені орнықтыруға бағытталған болатын. Әскери желілердің құрылуы мен қызметі қазақ қоғамының әлеуметтік, экономикалық, саяси құрылымына түбегейлі өзгерістер әкеліп, дәстүрлі өмір салтына орны толмас зиян келтірді.

Орынбор әскери желісі – Ресей империясының Кіші жүзге қатысты алғашқы әрі ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарының бір бөлігі ретінде қалыптасты. Бұл желі XVIII ғасырдың бірінші жартысында басталып, Жайық өзенінің бойындағы бекіністер арқылы дамыды. Орынбор, Ор, Верхнеуральск, Троицк, Елек, Иргиз, Қостанай сияқты әскери пункттер осы желінің негізгі тіректері болды. Бастапқыда бұл бекіністер Жоңғар хандығы тарапынан төнген қауіпке қарсы қорғаныс ретінде салынғанмен, кейін олар Ресейдің Кіші жүздегі ықпалын нығайтуға, саяси және экономикалық бақылау орнатуға қызмет етті. Орынбор желісі арқылы Ресей Кіші жүз хандығының ішкі істеріне араласып, біртіндеп оның дербестігін жойды. Орынбор бекінісі бір мезгілде әкімшілік орталық, әскери база, сауда айлағы және дипломатиялық бекет қызметін атқарды.

Сібір (Ертіс) әскери желісі – Ресейдің Орта жүзге ену жолындағы негізгі әскери-стратегиялық құрылым болды. Бұл желі XVIII ғасырдың басында Ертіс өзенінің бойымен созылып жатқан бекіністер негізінде құрылды. Семей (1718), Өскемен (1720), Павлодар, Омбы (1768), Петропавл (1752), Қызылжар және басқа да көптеген бекіністер осы желінің тірегі саналды. Сібір желісінің басты мақсаты – Жоңғария мен Қытай тарапынан төнуі мүмкін қауіптен қорғану, сонымен қатар Орта жүздің ішкі істеріне араласу және аймақты біртіндеп империялық жүйеге кіріктіру болды. Ертіс бойындағы бұл желі әскери ғана емес, экономикалық ықпал ету алаңы ретінде де маңызды болды. Бекіністер маңындағы жәрмеңкелер, сауда нүктелері, орыс шенеуніктері мен миссионерлердің белсенді әрекеті бұл аймақты отарлық жүйеге тез бейімдеді. Семей мен Омбы қалалары кейіннен облыс орталығына айналып, отарлық әкімшілік пен білім беру орталықтарының негізі болды[3, 159 б].

Жетісу әскери желісі –  XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Бұл желінің пайда болуы Қоқан хандығы мен Қытайдың ықпалындағы аймақтарда Ресей үстемдігін нығайту мақсатынан туындады. Жетісу желісіне Верный (қазіргі Алматы, 1854), Қапал, Лепсі, Сергиополь, Пішпек (қазіргі Бішкек), Токмақ сияқты бекіністер кірді. Бұл бекіністер, бір жағынан, Қоқан хандығына қарсы әскери әрекеттер базасы, екінші жағынан, жаңа жаулап алынған аумақтарды бақылау орталықтары болды. Жетісу әскери желісі аймақтағы жергілікті көшпелі қазақтар мен қырғыздарды бақылауға алып, оларды отырықшыландыру саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Бұл желі арқылы Ресей империясы Орталық Азияның ішкі бөліктеріне қарай жылжи түсті және өзінің ықпал аймағын кеңейтті[5, 159 б].

Әр желі белгілі бір тарихи кезеңде, нақты географиялық қажеттілікке байланысты құрылғанымен, барлығының түпкі мақсаты – Ресей империясының отарлық үстемдігін орнату, кеңістікті саяси, әскери және әкімшілік бақылауға алу болған. Бекіністердің стратегиялық орналасуы, әскери құрылымнан әкімшілік құрылымға айналуы, сауда және миссионерлік қызметті атқаруы бұл желілердің кешенді отарлық жүйе болғанын дәлелдейді.

Әскери желілердің құрылуы қазақ халқының дәстүрлі кеңістіктік еркіндігін шектеді. Еркін көшу, жайлау мен қыстауға жету, рулар арасындағы аумақтық келісімдер сияқты өмір салты бұзылды. Әскери желілер мен олардың арасындағы кеңістіктер казактар мен қоныстанушыларға беріліп, жер даулары көбейді. Жайылымдар мен су көздері тарылып, қазақтар мал шаруашылығынан айырылып, отырықшылыққа мәжбүр болды. Бұл қазақ қоғамының шаруашылық құрылымының ғана емес, әлеуметтік жүйесінің де ыдырауына алып келді.[3, 160 б ].

Сонымен қатар, бұл желілер арқылы миссионерлік саясат кең етек алды. Бекіністерде шіркеулер мен орыс-қазақ мектептері ашылып, православие дінін насихаттау белсенді жүргізілді. Орыс тілі, орыс мәдениеті мен әдет-ғұрыптары енгізіліп, қазақ халқының дәстүрлі рухани мәдениетіне қысым жасалды. Осылайша, әскери желілер қазақ қоғамына тек әскери тұрғыдан ғана емес, мәдени, идеологиялық және саяси жағынан да ықпал етті.

Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын жүзеге асыру барысында тек әскери күшке ғана сүйеніп қойған жоқ, сонымен қатар кеңістікті тиімді басқару, табиғи-географиялық ресурстарды пайдалану және территорияны бақылауға алу тактикасын ұстанды. Осы мақсатта салынған әскери бекіністер белгілі бір әскери-стратегиялық жоспарға сәйкес, алдын ала зерделенген географиялық ерекшеліктерге байланысты орналастырылды. Олар тек шекараларды күзету немесе жауға қарсы тұру үшін емес, кеңістікті игеру, сауда жолдарын бақылау, су көздерін иемдену, алқаптарды шаруашылыққа бейімдеу сияқты кең ауқымды мақсаттарды көздеді. Сонымен қатар, бұл бекіністердің құрылымдық және функционалдық сипаты да қорғаныс пен шабуыл тактикасына сай қалыптастырылды.

Қазақ жерінің географиялық құрылымы – кең жазықтар мен қуаң далалар, өзен аңғарлары мен тау етектері – Ресей империясының әскери және саяси мақсаттарына тиімді бағыт ұсынды. Бекіністерді орналастыруда, ең алдымен, өзен-көлдердің маңы, таулы және жазықты шекаралық аймақтар, көші-қон жолдары мен жәрмеңке бағыттары басты назарға алынды. Бұл тұрғыдан алғанда, Орынбор, Троицк, Петропавл, Омбы, Семей, Өскемен, Қапал, Верный секілді бекіністердің орналасу жерлері кездейсоқ таңдалмаған еді. Олардың барлығы дерлік су көздеріне, стратегиялық маңызды өткелдерге немесе көне сауда жолдарына жақын салынды.

Мәселен, Ертіс бойындағы бекіністер желісі (Семей, Өскемен, Павлодар) географиялық жағынан да, әскери-экономикалық жағынан да үлкен рөл атқарды. Ертіс – Орта Азия мен Сібір арасындағы су жолы, әрі халықтың көшу бағытындағы негізгі өзендердің бірі еді. Осы өзен бойында бекіністер салып, Ресей билігі су жолдарын, сауда маршруттарын және әскери қатынас желілерін толық бақылауға алды. Сонымен қатар, өзен маңындағы құнарлы жерлер орыс шаруаларын қоныстандыруға өте қолайлы болды. Бекіністермен қатар суармалы егістік алқаптар, шаруашылық аймақтар да дамып, бұл жерлер біртіндеп отарлық қоныс аудару саясатының орталығына айналды.

Дәл осындай географиялық маңызға ие аймақтардың бірі – Жетісу өңірі болды. Іле, Шу, Талас өзендері бойындағы кең алқаптар мен тау етектеріндегі жайылымдық жерлер қазақтардың дәстүрлі көші-қоны үшін ерекше мәнге ие болды. Ресей бұл аймақты Қоқан хандығына қарсы тірек бекіністер салу арқылы игере бастады. Верный (қазіргі Алматы), Қапал, Лепсі, Пішпек (қазіргі Бішкек) бекіністері Іле Алатауының етегінде орналасып, бір жағынан табиғи кедергілермен қорғалса, екінші жағынан кең жазықтарды бақылауға мүмкіндік берді. Географиялық тұрғыда бұл бекіністер жоңғар дәліздерін, керуен жолдарын және малшылардың жайлау бағыттарын бақылауға алуға мүмкіндік берді.

Бекіністердің қорғаныс функциялары олардың географиялық орналасуымен тікелей байланысты болды. Әдетте, бекіністер биік жерлерге, өзен өткелдеріне, ашық дала мен тау асуларына жақын салынды. Бұл, бір жағынан, қарсыластың алдын ала байқалуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, өзендер немесе көлдер арқылы табиғи тосқауыл қалыптастыратын. Қорғаныс қабырғалары мен мұнаралар, бекініс айналасындағы орлар мен кедергілер жаудың шабуылына төтеп беруге лайықталған. Бекініс ішіндегі казарма, қару-жарақ қоймасы, артиллериялық алаң сияқты элементтер бүкіл әскери инфрақұрылымды қамтамасыз етті[4, 135 б ].

Шабуыл функциялары – бұл бекіністердің маңында орналасқан әскери гарнизондардың жылдам мобилизациясы, далаға жорық жасау мүмкіндігі және бүлік шыққан жағдайда тез арада күш қолдану арқылы басып-жаншу әрекеті. Бекіністер өзара пошта, телеграф, әскери жолдар арқылы байланысқандықтан, бір нүктеден екінші нүктеге әскери көмек тез арада жеткізіле алатын. Осылайша, олар патша әкімшілігінің тікелей қол астындағы репрессивті жүйеге айналды. Көтерілістер кезінде, мысалы, Исатай мен Махамбет қозғалысын, Амангелді Иманов көтерілісін басу кезінде осы бекіністер негізгі тірек пункттеріне айналған.

Қазақ даласында алғашқы әскери бекіністердің пайда болуы Ресей империясының әскери-стратегиялық және отарлық саясатының тікелей нәтижесі болды. XVIII ғасырдың ортасынан бастап Ресей өзінің оңтүстік шекараларын нығайту, Орталық Азияға қарай кеңею, сонымен қатар ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әскери құрылымдарға сүйеніп, бекіністер жүйесін біртіндеп салуға кірісті. Қазақ даласының кең байтақ, шекаралық тұрғыдан ашық кеңістігі империялық жоспарлар үшін үлкен мүмкіндік қана емес, сондай-ақ бақылау орнату үшін едәуір қатерлі аймақ саналды. Осы тұрғыда әскери бекіністер Қазақстан аумағында тек қорғаныс немесе шабуыл мақсатында емес, саяси, экономикалық және идеологиялық ықпал ету орталықтары ретінде өмірге келді.

Қазақ жеріндегі алғашқы әскери бекіністердің құрылуы бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде — XVIII ғасырдың екінші ширегінде — негізінен Ресей шекарасынан алыс емес, дала аймақтарымен шектесетін өңірлерде бекіністер салынды. Бұл кезеңге тән ең алғашқы және маңызды бекіністер — Орынбор, Ор, Верхнеуральск, Троицк және Жәміш бекіністері болды. Олардың салыну мақсаты — Жайық казактарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қазақтардың жоңғарлармен және басқа да күштермен байланысын бақылауға алу, әрі қазақ рулары арасындағы ішкі саяси жағдайларға араласу мүмкіндігін арттыру болды. Мысалы, Орынбор 1735 жылы салынған кезде ол тек әскери пункт емес, дипломатиялық байланыс, сауда, әкімшілік бақылау орнына айналды. Бұл қала кейіннен Кіші жүздің Ресейге қосылу үдерісінде басты рөл атқарды.

Кейінгі кезеңде — XVIII ғасырдың соңына қарай — Сібір желісі бойынша әскери бекіністердің жаңа толқыны пайда болды. Бұл кезеңде Петропавл (1752), Омбы (1768), Семей (1718), Өскемен (1720) сияқты ірі бекіністер бой көтерді. Бұл бекіністердің салынуы Орта жүз аумағына ену мен оны әкімшілік-әскери бақылауға алу мақсатына сай келді. Мәселен, Семей бекінісі бұрынғы Жәміш бекінісінің орнына салынғанымен, Ертіс өзенінің стратегиялық жағалауын бақылауға алу мақсатында маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, бұл бекіністердің маңызы сауда және экономикалық ықпал тұрғысынан да зор болды: Семей, Омбы, Петропавл қалаларында ірі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, орыс, қазақ, татар және қытай саудагерлері қатысқан аймақтық экономикалық орталықтар қалыптасты [7, 118 б.].

Осы кезеңде салынған бекіністердің тағы бір ерекшелігі — олар біртұтас жүйеге біріктіріліп, белгілі бір желі бойынша ұйымдастырылды. Бұл желілер — Орынбор желісі, Ертіс (Сібір) желісі және Жетісу желісі. Әскери маңызы бар бұл бекіністер арақашықтығы бір күндік жүріспен өлшеніп, бір-біріне жедел көмек көрсете алатындай етіп орналастырылған. Бұл жүйе арқылы патшалық билік қазақ даласын толық бақылауға алуға мүмкіндік алды. Әсіресе, Орынбор мен Сібір желілері арқылы Кіші және Орта жүз рулары арасындағы саяси билікке араласу, ішкі қайшылықтарды пайдалану, орыс ықпалын арттыру сәтті жүзеге асты. [5, 131-б.]

Қазақ даласындағы алғашқы бекіністердің салынуы тек әскери нысандардың пайда болуына әкеліп қана қойған жоқ, сонымен қатар бұл жерлерде біртіндеп қалалық мәдениет қалыптасып, отарлық биліктің тірек пункттеріне айналды. Бекіністер айналасында казак станицалары мен орыс қоныстары орнап, ресейлік шаруалар мен казактар осында тұрақты түрде қоныстана бастады. Бұл өз кезегінде қазақ руларының жерлерінен ығысуына, жайылымдық аумақтардың қысқаруына, жер дауларының белең алуына алып келді. Қазақтардың дәстүрлі көшпелі шаруашылығы күйзеліске ұшырап, отырықшылыққа көшуге мәжбүрлеу саясаты жүрді.

Алғашқы бекіністер салынған аумақтарда әкімшілік құрылымдар қайта ұйымдастырылып, болыстық басқару жүйесі енгізіле бастады. Бұл жаңа құрылым отарлық билікке бағынышты, орыс әкімшілігіне есеп беретін бюрократиялық аппараттың қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар, әскери бекіністер арқылы Ресей миссионерлік саясатты да белсенді жүргізді. Орыс шіркеулері, мектептері, типографиялар мен казак казармалары жергілікті халықтың дүниетанымына, тіліне, дініне ықпал ете бастады. Бұл — мәдени отарлау саясатының басталуына себеп болды.

Сондай-ақ, әскери бекіністер арқылы Ресей империясы қазақ даласындағы билік элитасына ықпалын күшейтті. Хандар, сұлтандар мен билер патша әкімшілігінің рұқсатынсыз әрекет ете алмайтын жағдайға түсті. Олардың шешімдері бекіністердегі коменданттар мен генерал-губернаторлардың рұқсатымен ғана заңды күшке ие болды. Мұндай жағдай билік жүйесінің ішкі бөлінісін әлсіретіп, қазақ қоғамында отарлық басқаруға бейімделген жаңа билік өкілдерінің қалыптасуына жол ашты.

Жалпы алғанда, қазақ жеріндегі алғашқы әскери бекіністер Ресей империясының отарлық құрылымының іргетасы ғана емес, саяси ықпал ету, әкімшілік билік орнату, экономикалық кірігу, мәдени ассимиляциялау мен демографиялық өзгерістер жүргізудің басты құралдарына айналды. Олардың салынуы — жай ғана әскери іс-шара емес, кең ауқымды отарлық жобаның жүйелі түрде жүзеге асырылғанын көрсетеді. Бекіністер арқылы қазақ қоғамы дәстүрлі құрылымынан айырыла бастады, ал бұл үдеріс XIX ғасырдың екінші жартысында одан әрі тереңдей түсті.

Қолданылған әдибиеттер:

  1. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. — Алматы: Санат, 1996. — 656 б.
  2. Қасымбаев Ж.К. Россия и Казахстан: Очерки военно-политических отношений (XVIII – начало XX в.).Алматы: Санат, 1994. — 256 б.
  3. Бекмаханов Е.Б. Избранные труды. — Алматы: Рауан, 1995. — 392 б.
  4. Қасымбаев Ж.К. История Казахстана: Россия и Казахстан в XVIII – начале XX вв. — Алматы: Қазақ университетi, 2000. — 248 б.
  5. Қасымбаев Ж.К. История Казахстана: Россия и Казахстан в XVIII – начале XX вв. — Алматы: Қазақ университетi, 2000. — 248 б.
  6. Абылхожин Ж.Б., Кляшторный С.Г., Масанов Н.Э., Султанов Т.И., Хазанов А.М. История Казахстана и Центральной Азии. — Алматы: Білім, 2001.
  7. Қойгелдиев М. Тарих тағылымы не дейді? — Алматы: Жалын, 1993. — 280 б.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх