Ербол Лаура
Жұмаш Аяулым
Академик Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті.
Ғылыми жетекшісі: Бабашов Азат Мақсұтбекұлы
Қарағанды, Қазақстан
Аннотация: Мақалада қазақ әдебиетіндегі «Зар заман» ағымының негізін салушы, көрнекті ойшыл-ақын Шортанбай Қанайұлының шығармашылық мұрасы жаңаша қырынан талданады. Автор ақын жырларын жай ғана пессимистік сарын емес, отарлау дәуіріндегі ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған соңғы жыраулық жаңғырық ретінде қарастырады. Зерттеу барысында Шортанбай туындыларындағы әлеуметтік теңсіздік, адамгершілік құндылықтардың құлдырауы және ақырзаман философиясының астарына терең үңіліп, оның М. Әуезов бастаған әдебиеттанушылар тарапынан алған бағасына сараптама жасалады. Мақаланың өзектілігі – Шортанбай салған «Зар заман» соқпағының бүгінгі жаһандану дәуіріндегі ұлттық код пен рухани тұтастықты сақтау мәселесімен үндестігін дәлелдеуінде. Жұмыс барысында ақынның діни-философиялық көзқарастары мен оның қазақ сөз өнеріндегі орны жан-жақты сараланған.
Кілт сөздер: Шортанбай Қанайұлы, Зар заман, жыраулық дәстүр, ұлттық код, отарлау саясаты, рухани құндылықтар, қазақ әдебиеті, философиялық толғау.
Кіріспе
«Бәрі бітті, заман бұзылды, адам азып барады…» – таныс естіледі, солай ма? Бүгін біз әлеуметтік желіде «бұрынғылар басқа еді» деп пост жазсақ, осыдан екі ғасыр бұрын Шортанбай Қанайұлы бұл біз айтып жүрген «трендтің» негізін қалап қойған. Бірақ Шортанбай жай ғана мұңды ақын емес, ол – өз дәуірінің нағыз «аналитигі» мен көрегені. Оның жырлары – тарихтың ең ауыр кезеңінде ұлттың жойылып кетпеуі үшін айтылған соңғы дабыл немесе мотивациясы, көне жыраулық мектептің бізге жеткен ең қуатты жаңғырығы.
Неге Мұхтар Әуезов оның дәуірін «Зар заман» деп атады? Шортанбай неден қорықты және ол салған соқпақ бізді қайда алып келді? Көбісі оны тек «пессимист» деп кінәлайды, бірақ шын мәнінде Шортанбай – біздің ұлттық кодымыздың ең алғашқы «қорғаушысы» деген анық ойға тоқтатылдым.Ол отарлаудың салдарынан жерімізден ғана емес, тіліміз бен дінімізден айырылып қалу қаупін бәрінен бұрын сезді.
Бұл мақалада біз Шортанбайдың «Зар заманын» заманауи призмамен қарап, оның жырларындағы ащы шындықтың бүгінгі жаһандану дәуірінде қалай жаңғырып жатқанын талдаймыз. Шортанбай салған соқпақ – бұл жай ғана өткен күннің естелігі емес, бұл – ұлт ретінде сақталып қалудың қатаң манифесі. Осы тақырыпты алған кезде мені көне дәуірдің осыған байланысты жұмбағы қандай? деген сұрақ мені қызықтырды, мен оны зерттедім.
Негізгі бөлім
«Зар заман» – Эпоханың бренді: Мұң ба, әлде Манифест пе?
Бұл бөлімде Шортанбайдың қалайша бүтін бір дәуірдің «бас технологы» мен «имиджмейкеріне» айналғанын, яғни бүтін бір кезеңге қалай ат бергенін талдайтын боламын. Шортанбай жай ғана мұң мен көз жасына ерік берген жоқ, ол — Ресей империясының отарлау саясаты қазақтың кең даласын ғана емес, оның ішкі еркіндігі мен рухани иммунитетін де шектей бастағанын алғашқы болып сезінген және соны ашық айтқан батыл дауыс.
Мұнда біз заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Зар заман» деген атауды дәл осы Шортанбайдың шығармашылығына сүйеніп бергенін міндетті түрде қыстырып жіберуіміз керек. [1]
Неге? Менің көзқарасым бойынша, Әуезовтің бұл бағасы — Шортанбайдың «зары» әлсіздің шарасыздығы емес, бұл — ұлттық намыстың ең соңғы айқайы, яғни, сұрағымыздың жауабы ең ащы МАНИФЕСТІ, үндеуі екендігі екенін растайды. Шортанбайдың жырлары — ғасырлар бойы жалғасып келген асқақ, өршіл жыраулық мектептің «жабылу салтанаты» іспеттес деп білемін. Ол — Бұқар жыраулар салған ұлы дәстүрдің соңғы нүктесін қойған, бірақ сол нүктенің өзін ұлттың болашағы үшін үлкен сұрақ белгісіне айналдырып кеткен тұлға.
Шортанбайдың феномені неде? деп сұрар болсаңыз… Ол жай ғана заманды сынаған жоқ, ол заманның «рентгенін» жасады. Егер бұған дейінгі жыраулар ханның қасында жүріп, мемлекеттік деңгейде кеңес берсе, Шортанбай халықтың ішінде жүріп, отаршылдықтың «вирусы» қазақ қоғамының әрбір клеткасына — бидің парасына, ұлдың әдепсіздігіне, жердің тарылуына қалай әсер етіп жатқанын дәл басты. Оның «зары» — бұл жеңіліс емес, бұл — ояту терапиясы. Ол қазаққа «отар болу — тек жерді беру емес, ол — өзіңді жоғалту» деген қатал шындықты жеткізді. Сондықтан да Шортанбай салған соқпақ — бұл ұлттық сананың тірі екендігінің басты дәлелі.
«Жердің сатылуы – Жанның сатылуы»: Территориялық трагедия мен Рухани аннексия
Шортанбай үшін Жер — қазақтың баспанасы ғана емес, оның еркіндігінің кепілі. Ол Ресей империясының 1822, 1824 жылдардағы «реформаларынан» кейін қазақ даласына бекіністердің салынуын, шұрайлы жерлердің тартып алынуын көзімен көрді. Оның бұл қасіреті «Зар заман», «Тар заман» және «Бата» толғауларында анық көрініс табады.
Нақты дәлелдердерді өлең шумақтары арқылы келтірер болсам, Шортанбай жердің отарлануын осылай сипаттайды:
«Еділді алды — етек толды,
Жайықты алды — жай атылды.
Ойылды алды — ойынды алды,
Қиылды алды — қиынды алды». [5]
Менің мүмкіндігі жоғары дәлдігім бойынша мұндағы «етек толу» мен «жай атылу» — халықтың тығырыққа тіреліп, қимылсыз қалғанының метафорасы. Ол «Сарыарқаны алғаны — сағымды қуып салғаны» дей отырып, қазақтың ата қонысынан айырылуын «рухани өліммен» теңестіреді.
Бұл мәселенің саяси астарын Әлкей Марғұлан өзінің зерттеулерінде Шортанбайды «отаршылдыққа қарсы алғашқы идеологтардың бірі» ретінде бағалайды. Себебі, ақын Ресей империясының 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғысын» заң ретінде емес, «басқыншылық жоспар» ретінде қабылдады. [2]
Дәлелдей кетер болсам, берілген жарғы бойынша қазақ жері округтерге бөлініп, бекіністер (Омбы, Қарқаралы, Ақмола) салына бастады.
Шортанбай мұны:
«Ақмоланың басында, Орыс отыр қасында… Қол-аяғың кісендеулі, Қашсаң, құтыла алмайсың» — деп сипаттады.
Бұл — отарлаудың тек жерді алу емес, адамды «кісендеу» (еркіндігінен айыру) екенін халыққа түсіндірудің саяси бағдарламасы (идеологиясы) болатын.
Сондай-ақ, әдебиеттанушы Сәкен Сейфуллин Шортанбайды «ескі феодалдық дәуірді жоқтаушы» десе де, оның жер мәселесіндегі шыншылдығын мойындаған. Сәкен Сейфуллин өзінің «Қазақ әдебиеті» оқулығында (1932 ж.) Шортанбайдың отаршылдыққа деген өшпенділігін мойындайды. [3]
Шортанбай:
«Қарағай мен қайыңды, Орыс кесіп алыпты, Елді жаулап алыпты» — дегенде, Сәкен мұны ақынның «халықтың кедейленуін, жерсіз қалуын жасырмай айтқан шындығы» деп бағалады. Яғни, Сәкен үшін ол саяси жау болғанымен, тарихи шындықтың «айнымас куәгері» еді.
Ал Шортанбайдың мына жолдарына қарар болсақ:
«Сарыарқаны алғаны — Сағымды қуып салғаны,
Тірлік қылар жер қалмай, Өлгеніміз емес пе?».
Мұрат Әуезов мұны былай түсіндіреді: қазақ үшін Жер — тек топырақ емес, ол — моральдық тірек. Жер тарылған сайын, адамның пейілі де тарылады. Ақын: «Жер базар болған заманда, Пейіл азған заманда» — дей отырып, табиғаттың бүлінуі міндетті түрде адамның рухани азғындауына (парақорлық, өтірік, намыссыздық) алып келетінін дәлелдеді. Бұл — қазіргі экологиялық философияның негізі. [6]
Түпкі шешімі қандай? Ол мәселені шеше алды ма?
Бұл сұраққа да жауабым нақты болмақ.
Шортанбай бұл мәселені физикалық тұрғыда шеше алған жоқ (себебі ол қол бастаған батыр емес, сөз бастаған ақын). Бірақ оның шешімі — Рухани шешім болды:
Ол «халық болып ұйысу, дін мен дәстүрді бекем ұстау арқылы ғана жерді сақтап қаламыз» деген идеяны тастады. Шортанбай бұл мәселені шешпесе де, оны қоғамдық сананың күн тәртібіне шығарды. Оның жырлары Кенесары көтерілісінен кейінгі еңсесі түскен халыққа «неден айырылып жатқанын» түсіндірді. Ол «жер сатылса — бәрі сатылады» деген ұғымды қазақ санасына шегелеп кетті. Бүгінгі біздің жер туралы заңдарға, жердің шетелдіктерге сатылмауына деген сезімталдығымыздың түбінде осы Шортанбай салған «код» жатыр. Шортанбай — жеңімпаз емес, ол — «Қаралы хабаршы». Оның жеңісі — халықты алдамай, ащы шындықты айтып, алдағы жүз жылдық құлдыққа психологиялық тұрғыдан дайындап кеткенінде.
Ол салған үрей — ұлтты сақтап қалуға бағытталған «сақтық инстинкті» болатын.
«Адам азуы»: Құндылықтардың девальвациясы
Шортанбай Қанайұлы қоғамдағы өзгерістерді бақылай отырып, материалдық құндылықтардың рухани қасиеттерді ысырып шығарғанын алғашқы болып дабыл қағып жеткізді. Оның толғауларындағы «ақырзаман» бейнесі — аспанның құлауы немесе жердің жарылуы емес, ол — адамшылықтың өлуі. Ақынның пайымдауынша, қоғамның іргесін ұстап тұрған үш негізгі тірек: әділдік, отбасылық иерархия және ұят сезімі күйрей бастады.
Ақын заманның бұзылуын ең алдымен билік иелерінен көреді. Ескі қазақ қоғамындағы «тура биде туған жоқ» деген қағиданың орнын парақорлық басқанын ащы тілмен суреттейді:
«Билер пара жейді екен,
Жұртты қыса береді екен…
Әділдік жоқ билерде,
Өтірік айтар үйлерде». [6]
Шортанбай үшін бұл — қоғамдық келісімнің бұзылуы. Бидің пара алуы — әділеттің құны көк тиын болған, шындықтың ақшаға сатылған заманының басталғанын білдірді.
Шортанбайдың тағы бір этикалық концепциясында отбасы — ұлттың кіші үлгісі. Егер отбасындағы сыйластық жоғалса, ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ол ұрпақтар сабақтастығының үзілуін былайша сипаттайды:
«Ұл сыйламас атасын,
Қыз сыйламас анасын…
Баласы кетті — әке қалды,
Бетін басып жылаған». [6]
Бұл жерде ақын жастардың үлкенді тыңдамауын жай ғана «тәрбиесіздік» емес, дәстүрлі құндылықтар мен тектілік қасиеттің тамырына балта шабылуы деп қабылдады.
Шортанбай адамдардың рухани соқырлыққа ұшырағанын, тек нәпсі мен пайданың соңында кеткенін айтады.
Оның «көзсіз» деп сипаттаған адамдары — ақиқатты көрмейтін, тек дүние жинауды мұрат тұтқандар. Байлықтың рухани тазалықтан жоғары қойылуы қоғамды рухани «крахқа» (күйреуге) алып келді.
Шортанбайдың басты тақырыптары — тарихи кезеңмен шектелмейтін универсалды ескерту. Ол үшін «Зар заманның» ең үлкен қасіреті — адамның өз табиғатынан, намысы мен ұятынан ажырап, сыртқы жылтыраққа немесе ақшаның билігіне құл болуы. [4]
«Сананың отарлануы»: Рухани құлдыққа қарсылық
Шортанбай Қанайұлының қасіреті тек жердің басып алынуымен шектелмейді. Ол отарлаудың ең қауіпті түрі — сананың аннексиясы екенін дөп басып таныды. Отарлаушы жүйе әкелген жаңа заңдар, жат мәдениет пен бөтен өмір салты қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани иммунитетін бұза бастады. Ақын бұл құбылысты «рухани құлдық» ретінде қабылдап, оған сөз құдіретімен қарсы тұрды. Шортанбай заманында қазақтың дәстүрлі билер соты мен шешім қабылдау жүйесі Ресей империясының әкімшілік басқаруына («майырларға», «округтерге») ауысты. Бұл — ұлттық басқару жүйесінің өлімі еді. Ақын бұл өзгерісті жай ғана реформа емес, ұлттың өз еркінен айырылуы деп сипаттады:
«Заман қайтып оңалсын,
Адасып заңнан жаңылса…
Орыстың алсаң законын,
Адасқаның емес пе?!» [6]
Бұл жерде «закон» — жат мәдениеттің, бөтен еріктің символы. Шортанбай үшін өз заңынан жаңылған ел — тамырынан ажыраған ағашпен тең. Ақын қазақ қоғамына ене бастаған жат әдеттер мен сыртқы жылтыраққа еліктеушілікті қатаң сынады. Оның ойынша, сыртқы киімнің, жүріс-тұрыстың өзгеруі — ішкі мазмұнның, яғни ұлттық мінездің өзгеруіне алып келеді. Ол отаршыл жүйенің «тәртібіне» бағынуды — рухтың сынуы деп білді. Шортанбайдың жырларындағы діни сарын да осы рухани құлдықтан сақтанудың құралы болды. Ол ислам құндылықтарын отарлаушы мәдениетке қарсы тұратын моральдық қалқан ретінде пайдаланды.
Шортанбай — ұлттық кодтың бұзылуын тілдік деңгейде де сезінген ақын. Жаңа терминдердің, жат түсініктердің енуі қазақтың төл дүниетанымын тарылтты. Ол: «Елді жаулап алыпты, Халқын қаулап алыпты» — дей отырып, бұл жаулаудың тек әскери емес, идеологиялық сипатын меңзеді. Оның «Зар заманы» — сананы отарлауға қарсы бағытталған алғашқы интеллектуалды протест. Шортанбайдың бұл бөлімдегі ащы шындығы — ұлттық бірегейлікті сақтау туралы. Ол «өзімізді жоғалтпау үшін, өз соқпағымыздан айырылмауымыз керек» деген идеяны алға тартты. Оның қарсылығы — қарулы қақтығыс емес, ұлттық болмысты сақтау манифесі еді.
Шортанбай соқпағы: Жиырма бірінші ғасырдағы «Зар заман» жаңғырығы
Зерттеу барысында Шортанбай Қанайұлы салған соқпақтың тек он тоғызыншы ғасырдың еншісінде қалмай, жиырма бірінші ғасырдың нақ ортасында, тіпті бұрынғыдан да қаттырақ жаңғырып тұрғанына көзіміз жетті. Менің ойымша, Шортанбай айтқан «Зар заман» — бұл жай ғана тарихтың бір парағы емес, бұл бүгінгі жаһандану дәуіріне қойылған нақты әлеуметтік диагноз бен стратегиялық прогноз. Ақын екі ғасыр бұрын отарлаудың салдарынан жеріміз бен еркіндігімізден айырылу қаупін қалай сезінсе, бүгінгі таңда біз «мәдени аннексия» мен рухани құндылықтардың девальвациясын дәл солай сезініп отырмыз.
Зерттеу барысында байқағанымыздай, Шортанбайдың ең үлкен қаупі — адамның іштей іруі мен ұлттық кодтың бұзылуы болатын. Бүгінгі таңдағы тілдің шұбарлануы, жат жұрттық еліктеушілік пен материалдық игіліктің бәрінен биік тұруы — ақынның сол кездегі «ақырзаманының» қазіргі көрінісі іспеттес. Меніңше, Шортанбайды «пессимист» деп кінәлау — оның тереңдігін түсінбеу. Ол шын мәнінде нағыз реалист ретінде ұлтты сақтап қалудың «сақтық инстинктін» оятты. Оның «өз соқпағыңнан жаңылма» деген аманаты бүгінгі жастар үшін жай ғана сөз емес, бұл — жаһандық ағымға жұтылып кетпей, өзіміздің ұлттық «Менімізді» сақтап қалуға бағытталған рухани компас.
Менің ойымша, Шортанбай салған соқпақ — бізді «Кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген мәңгілік сұрақтардың төңірегінде ойлануға мәжбүрлейтін бірегей құбылыс. Зерттеу барысында ақынның ащы шындығы бүгінгі бостандығымыздың қадірін ұқтыратын ең басты құрал екенін аңғардық. Оның мұрасы — ұлттық бірегейлікті қорғайтын тірі манифест. Шортанбай салған жолмен жүру дегеніміз — артқа қарап жылау емес, керісінше, өткеннің қателігінен сабақ алып, өз құндылықтарымызды арқалап, әлемдік өркениетке өз үнімізбен, өз бет-бейнемізбен қосылу. Оның дабылы бізді әлі де сергек болуға және рухани тәуелсіздігімізді бәрінен биік қоюға шақырып тұрғандай.
Қорытынды
Зерттеу барысында біз Шортанбайды тек «Зар заман» ағымының өкілі емес, сол дәуірдің ең басты «идеологы» және «диагностигі» ретінде таныдық. Менің ойымша, оның жыры — жеңілістің мұңы емес, ұлттық намыстың соңғы шебіндегі айқайы. Ол ескі жыраулық мектептің соңғы жаңғырығы бола отырып, жаңа дәуірдің қауіп-қатерін бірінші болып сезінді.
Біз ақынның жер туралы толғауларын талдай отырып, «Жердің сатылуы — Жанның сатылуы» екенін дәлелдедік. Шортанбай үшін жердің кетуі жай ғана территорияны жоғалту емес, бұл — ата-баба рухынан, берекеден және еркіндіктен айырылу. Зерттеу барысында оның «Еділді алды — етек толды» деген жолдарының астарында қаншалықты геосаяси трагедия жатқанын аңғардық.
Меніңше, зерттеудің ең маңызды түйіні — Шортанбайдың қоғамға қойған диагнозы. Билердің парақорлығы, ұрпақтар сабақтастығының үзілуі және материалдық байлықтың рухани құндылықтардан үстем шығуы — ақын сипаттаған «ақырзаманның» нақты белгілері. Біз бұл құбылыстың тек 19-ғасырда емес, бүгінгі қоғамда да «девальвация» түрінде жалғасып жатқанын көрсеттік.
Зерттеу барысында Шортанбайдың рухани құлдыққа, жат заңдар мен бөтен мәдениетке қалай қарсы тұрғанын талдадық. Оның ислам құндылықтары мен дәстүрлі этиканы қалқан етіп қолдануы — сананың отарлануына қарсы бағытталған алғашқы интеллектуалды манифест екенін айқындадық.
Ең бастысы, біз Шортанбай салған соқпақтың бүгінгі 21-ғасырдағы маңызын аштық. Жаһандану дәуірінде өз соқпағынан жаңылмау — ұлттық кодты сақтаудың жалғыз жолы. Менің ойымша, Шортанбай бізге «Кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген сұрақтардың жауабын өз ішімізден, өз тамырымыздан іздеуді аманаттап кетті.
Бұл зерттеу Шортанбай мұрасының өлшеусіз екенін, оның әрбір сөзі бүгінгі тәуелсіз қазақ елі үшін де сабақ екенін дәлелдеді. Шортанбай салған соқпақ — бұл ұлт ретінде сақталып қалудың, рухани еркіндікті бәрінен биік қоюдың мәңгілік жолы.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Әуезов М. О. «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиеті» // Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. – Алматы: Ғылым, 2010.
- Марғұлан Ә. Х. «Шортанбай – отаршылдыққа қарсы күрес идеологы» // Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Атамұра, 2003.
- Сейфуллин С. «Қазақ әдебиеті» (Оқу құралы). – Қызылорда, 1932.
- Мәдібай Қ. «Зар заман ағымы» (Оқу құралы). – Алматы: Қазақ университеті, 1997.
- Шортанбай Қанайұлы. «Замана бұлбұлы» (Шығармалар жинағы). – Алматы: Жазушы, 1991.
- Әуезов М. М. «Времен связующая нить». – Алматы: Жазушы, 1972.
- Оралбай Н. «Шортанбай шығармаларының тілі» // Лингвистикалық зерттеулер. – Алматы, 1994.