А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің ғылыми-педагогикалық негіздері

Қойшыман Ақниет Талғатбекқызы
Құдайбергенова Айдын Бауыржанқызы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті
Филология факультеті
6В01701-«Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасы

Жетекші: Рүстемова Жанар Айдарбекқызы


Мақалада «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі айтылған ойлардың тереңдігі мен дәлдігі, автордың сыншылдық келбеті мен әдебиетшілік көзқарасы жан-жақты ашылып, толық дәлелденеді. Еңбектің ешқашан да маңызын жоймайтын, нағыз құнды дүние екендігі айтылады. Ұлттық әдебиетттану ғылымында қазіргі біздің қолданып жүрген негізгі терминдер мен категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын айтпай кетуге болмас. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсыновтың тіл терминдерін жасаудағы кемеңгерлігі мен данышпандығын басты назарға алу керек. Ғалымның педагогикалық мұраларын зерттеген сайын, ешкімге ұқсамайтын дара тұлға екендігін көреміз. Оның артына қалдырған асыл мұралары жылдар өтіп, ғасырлар аунаса да өз асылдығын жойған емес. Халық перзентінің ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына қосқан үлесі, педагогикалық ой-пікірлері әлі де болса талай ғылыми зерттеу жұмыстарына арқау болары сөзсіз. Өйткені, ХХ ғасырдың басындағы педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихы және олардың бір-бірімен үндестігінің тарихи мәнінің жас ұрпақ тәрбиесіне берер пайдасы мол. «Әдебиет танытқыш» еңбегі әдебиет зерттеушілеріне, ұстаздар мен білім алушыларға бағыт-бағдар сілтейтін құнды дүние. Мақалада  ғалым жазған еңбектің тәрбиелік мәні, болашақ мамандарға таптырмас құрал екендігі кеңінен сөз болады.

Түйін сөздер: «Әдебиет танытқыш», сөз өнері, ағарту, ұйқас, тәрбие, білім.

А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінің ғылыми-педагогикалық негіздері

Тарих сырына, замана қатпарларына, айнала алыс, жақын елдер шежірелеріне көз салып, құлақ түрген сайын өз халқымыздың да рухани мұрасының жетіп артылатынына көзіміз жетеді. Өзіміздің төл әдебиетіміздің басқа халықтардан асып түспесе кем емес екендігіне тарих беттеріне өшпес ізін қалдырған халықтың біртуар азаматтарының еңбектері дәлел болады. Олар қалдырған рухани мұра әдебиеттер дамуының аса бір мәнді, маңызды заңдылығының туып қалыптасуына себепші болды. Солардың қатарына қазақ әдебиеттануының темірқазығы, әрі іргелі ғылыми еңбектердің авторы Ахмет Байтұрсынұлын да жатқызуға болады. Еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ әдебиеттану ғылымында Байтұрсынұлының ғылыми-теориялық еңбектері әр тараптан зерттелініп, кеңінен насихатталуда.

Белгілі тіл білімінің білгірі Р.Сыздық: «Оқу-ағарту идеясы – А.Байтұрсынұлының да қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық платформасының тірегі болды. Бұл платформаны мықтап ұстауға алып келген – оның өз халқының тағдырын ойлаған қам-қарекеті» 1, 13], –  деп ғалымның халыққа сіңірген еңбегіне жоғары баға береді. А.Байтұрсынұлының қазақтың ұлт екенін танытатын өзіндік мәдениеті мен әлеуметтік жағдайын айқындайтын тіл екенін түсіндіре отырып, ұлттық тілді дамытуға барынша үлес қосқанын айтады. Осындай пікірлерді саралай келе, қазақ әдебиеттануының тарихын, сынын, теориясын қалыптастыруда, барша жұртты оқу-білімге шақыруда А.Байтұрсынұлы еңбегінің өлшеусіз екендігіне тағы да көзіміз жетеді. Жылдар өтіп, ғасыр аунаса да ғалымның әдеби-теориялық мұралары өз маңызын жойған жоқ. Бұл тұста ең алдымен ауызға алынатыны – «Әдебиет танытқыш» еңбегі. «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымы туралы жазылған тұңғыш кітап. Жазылғанына ғасырға жуық уақыт болса да еңбектің дәл бүгінгі күн тұрғысынан алғанда көкейтестілігі артпаса, кеміген емес. Ондағы әрбір тақырып, әрбір тарау өзінше құнды, өзінше қуатты. Ғалымның қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі даналығына таң қаласың. Автор өз зерттеуінде ең алдымен қара сөз бен дарынды сөзге анықтама береді. «Қара сөз деп осы ұғым жүйелерінен сөйлейтін әңгімелерді айтамыз. Ұғым жүйесінің табы қара сөздің басы болады. Қара сөздің табынан түрін айыру керек. Тап жағынан бірге сөз түр жағынан бөлек кетуі ықтимал.

Көптен бері көп жұртта қалыптасқан түрлерін алғанда, қара сөз: 1) әуезе, 2) әліптеме, 3) пайымдама болып үш салаға бөлінеді», — деп жазады ғалым [2, 397]. Бұдан әрі ғалым әуезеге мынадай анықтама береді: «Болған уақиғадан бастан аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете мазмұндап, мағұлмат беру әуезе болады» [2, 397]. Әуезені іштей мәлімдеу, мазмұндау, қорыту деп үшке бөліп көрсетеді. Әуезенің тарауларына шежірені, заман хатты, өмірбаянды, мінездемені, тарихты және тарихи әңгімені жатқызады да, әрқайсысына анықтама беріп, өзіндік дәлелдемелер келтіреді. Сонымен қатар, әліптеме туралы былай деп жазады: «Бір нәрсенің тұрпатын реттеп айтып, әлібін суреттеп шығару әліптеме болады. Дүниедегі түрлі нәрселердің, түрлі адамдардың, түрлі күйлердің бәрін де әліптеуге болады» [2, 400]. Әліптеудің екі түрін көрстеді. Олар: пәнді әліптеу, сәнді әліптеу. Пәнді әліптеу дегеніміз, автордың көрсетуінше, «нәрсені пән мақсатымен алып, дәлдеп әліптеп, сыр-сипатын дұрыс танытып, нәрсе туралы дұрыс ұғым беру үшін істеледі» [2, 401]. Ал, сәнді әліптеуде сондай белгілерін алу әліптеушінің көздеген өз мақсаты бойынша болатындығын айтады. Автор пайымдау туралы да терең ғылыми пікір айтады: «Көсе сөзбен жазылған шығарма бір пікірді қуаттап, толықтырып баяндаса, баяндауын түрлі сипаттармен дәлелдесе, ондай шығарма пайымдама деп аталады» [2, 401]. Осындай қорытындыға келе отырып автор – әуезе мен әліптемемен, түрлі сөздермен дүние әңгімесінің бітпейтіндігін айтады. Дүниедегі нәрселердің барлығын, олардың қалай өмір шегетінін танумен білім тамам болмайды. Өйткені, дүниедегі нәрселедің бәрі сабақтас, іліктес, құрмалас болып келеді деген қорытынды жасайды.

А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде тіл, сөз өнері, шығарма дегеніміз не деген сұрауларға да тоқталып, ықшам, толық, дәл анықтама береді.  Автор сөз өнері ғылымын: 1) шығарманың тілінің ғылымы; 2) шығарманың түрінің ғылымы деп екіге бөліп қарайды. Тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны деп, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі деп екіге бөледі.             Зерттеуші  сөз өнерін үй қалау өнерімен өте қисынды салыстыра көрсетеді де, сөз талғау орайында шығарма тілі екі түрлі болатындығын айтады, олар – біріншісі – ақын тілі, екіншісі  әншейін тіл. Сөз дұрыс болу үшін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықты жақсы білу, өз орнында тұтыну, дұрыс есептеп, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, құрмаластыру керек екендігі алға қойылады. Өз еңбегінде фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін дәлелдейді. «Әдебиет танытқыш» еңбегі – ұлттық әдебиеттанудағы тұңғыш теориялық еңбек десек, оның әр бөлімі мен тарауында ғалым сөз өнерінің күрделі болмыс-бітімін саралау барысында Абай поэзиясын мысалға ала отырып терең талдаулар жасайды. Ахметтанушы ғалым Р.Нұрғали қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе әсері күшті болған Абай шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды.

А.Байтұрсынұлының біз қарастырып отырған еңбегінде өлең сөздің күрделі табиғатына қатысты құнды пікірлер айтылып, ұлттық әдебиеттануда қолға алуды қажет ететін теориялық мәселелер өз шешімін таба білді. Ол өлең құрылысындағы орналасу тәртібіне орай ұйқасқа ат қою, атау тудырып қалыптастыру десек, осынау маңызды істің алғашқы ғылыми мәселелері «Әдебиет танытқыштан» бастау алды. Атап айтқанда, зерттеуші ұзын тармақты ұйқастың азат ұйқас, аралатпа ұйқас болып келетіні туралы пікір білдірді. Ғалым жер жүзі жұрттарының тілдеріндегі шығармалардың бір-біріне ұқсас болып келу себептерін тұрмыс-салт, өмір-тіршілік ұқсастығынан туатындығын кеңінен дәлелдейді. Адамзаттың балалық шағындағы табиғат құбылыстарын кереметке жору, жоққа илану, дәу, пері, жезтырнақ, жалмауыз секілділерден қорқып, пері-періштеге, аруаққа сену салдарынан туған шығармаларға баға береді. Жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан-заманға көшуі, батырлар жырының бір адамның сөз болудан шығып, мың адамдікі, жұрттыкі, ұлттыкі болу себептері айтылады.  «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» сияқты жырлар мысалға алынады. Ертегі секілді ескі сөздердің әркім өзгертіп, өң беріп, құбылтуына орай жалпылық сипат алатынын түсіндіреді, олардың неге халық шығармасы, халық әдебиеті есептелетінін анықтап береді. Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. «Қарақыпшақ Қобыланды батыр», «Нәрікұлы Шора», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге», «Қамбар» сияқты жырлар  қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. Академик Р.Сыздық өзінің «Ғылыми таным үзіктері» атты еңбегінде: «А.Байтұрсынұлының оқу-ағарту ісі мен білім-ғылым саласында істеген қызметі теңдесі жоқ феномендік құбылыс болды дей аламыз. А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер – білім-ғылым саласының «бұйымдары», – деген құнды пікір айтады [3//26]. Ұлт перзентінің этнолингвист ғалым болғандығын да дәлелдеп көрсетеді. Қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы ғалым Ы.Алтынсариннен кейінгі еңбегі ерекше ағартушы педагог, сөз құдіретін танытқан тамаша ақын, баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткері болғандығын баса айтып, әділ баға  береді. Зерттеушінің А.Байтұрсыновты қазақ тілі білімінің іргетасын қалаушы және мықты ғалым деп айтуында ерекше ақиқат бар. Оны ғалым А.Байтұрсынұлының 1929 жылы 1 мамырда өз қолымен жазған  өмірбаяны арқылы дәлелдейді.

«1901 жылдардан бастап бала оқытқан кездерден бос уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, әдебиетпен шұғылдандым. Ал Орынборға келгеннен кейін ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім. Одан кейін қазақ алфавитін және емлесін ретке салып, жөндеу жолында жұмыс істедім. Үшіншіден, қазақ жазба жұмысын бөгде тілді қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің (жағымсыз) әсерінен тазартуға әрекеттендім. Төртіншіден, қазақ прозасын (яғни іс — қағаздар тілін, публицистика мен ғылыми тілі) жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтың сөйлеу тәжірибесіне икемдеу үшін, ғылыми терминдерді жасауға кірістім және стильдік өңдеу үлгілерін көрсетумен –  шұғылдандым», – деп жазады деген фактіні келтіреді. Ғалымның бұл сөздерінен біз көптеген деректерді байқаймыз. Олар:

1.Бала оқытып, бос уақыттарында өз бетімен білімін көтергенін;

2.Қазақ тілі дыбыс жүйесін және оның грамматика құрылысын зерттегенін;

3.Қазақ әдеби тілін қалыптастырғанын, бөгде, қажетсіз сөздерден арылтқанын;

4.Қазақ әдеби тілі синтаксисіне ерекше көңіл бөлгенін;

5.Іс-қағаздар тілін, публицистикасын, ғылыми тілін халықтық сөйлеу тілімен өңдегенін;

6.Ғылыми терминдер жасағанын;

7.Стильдік өндеу үлгілерімен шұғылданғандығын;

8. Ғылым жолында қазақ тіл білімі іргетасын қалағандығын анық байқаймыз.

Ағарту саласында анық мұқтаж болып отырған бағыттарда атқарған қыруар еңбегі А.Байтұрсынұлының тарихи тұлғасын тұғырландыра түседі. Ғалым өз мақсат-мұратын мына өлең жолдарында да білдіреді:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың [4, 25].

Иә, осы өлең жолдары оның бүкіл өмірінің эпиграфы іспеттес. Ол –  ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым. Бір бойына бірнеше қасиеттерді сіңірген жан. Оның бүкіл еңбегінің мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол – ұстаз, халық ұстазы.                                                                           Ғалымның еңбектері белгілі қағидаларды қазақша сөйлетіп қана қоймай, оларды қазақ асыл сөз мәтіндерімен дәлелдеп беруімен де құнды. Еңбектер сол кезеңдегі өскелең қауымға керекке жарады. Оқушылардың әдеби білімі мен талғамын өсіруге өз септігін тигізе білді. Күні бүгінге дейін А.Байтұрсынов еңбектерінің, әсіресе, «Әдебиет танытқыш» еңбегінің әдебиеттану ғылымы мен практикасы үшін аса маңызды екендігі, көпшілік қауымның сұранысына ие болып отырғандығы анық ақиқат. «Әдебиет танытқыштың» құндылығына жан-жақты тоқтала келе, әдебиет сыншысы  Т. Кәкішев: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми аренамыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар.

Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент», –  деп жазады. Осы тұста Т.Кәкішұлының Ахмет Байтұрсыновты дәрежесі мен деңгейі биік ұстаз көретіні аңғарылады. Жас ғалым А.Оспанова: «ХХ ғасырдың басындағы қайшылығы мол күрделі ақиқатты тану жолында елеулі көзқарас жүйесі бар Т.Кәкішұлы А.Байтұрсынұлының азаттық мұраттар бағытындағы күрес ұстанымының даралық сипаттарын атап айтуында кезеңдік жалпы ағымға ілесе кетіп сөйлеген көп зерттеушіден ауылы шалғай ақиқаттарға сүйеніп отырды» [5// 77], – деген пікір айтады. Бұл Т.Кәкішұлының А.Байтұрсыновтың ұлт-азаттық жолындағы күрес-мұратымен астасқан жеке бас тағдырындағы әрбір әрекетін, шығармашылығы мен зерттеу жұмыстарын әркез назардан тыс қалдырмай, болашақ ұрпаққа дәріптеуші бірден бір тұлға екендігінің айғағы. Осындай тұлғалар көп болса, А.Байтұрсынов есімі ешқашан да, ешуақытта да санамыздан өшпейді. Қайта, жыл өтіп, ғасыр аунаған сайын өз асылдығын жоймай, жарқырай түседі.

Бір сөзбен айтқанда, А.Байтұрсынұлы еңбегінің негізгі идеясы – жастар тәрбиесін құрғақ сөз, «таусылмайтын» ақыл-кеңеске емес, үлгі-өнегеге, ғибратқа негіздеу. «Әдебиет танытқыштың» тәрбиелік мәнін зерделей келе, болашақ мамандарды тәрбиелеу, білім мен білікті қалыптастырудағы мүмкіндіктерінің мол екендігіне көзіміз жетті. Бұл еңбек әдебиет зерттеушілеріне, ұстаздар мен білім алушыларға бағыт-бағдар сілтейтін таптырмас құрал. Сол себептен де оқу құралдарында «Әдебиет танытқыштағы» әдебиет теорияларын назардан тыс қалдырмай, ғалым қалдырған мол мұраны ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпында жеткізу қажет екенін естен шығармағанымыз абзал.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Ойсылбай А.Т. Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиет танытқыштағы» қазіргі әдебиет теориясы/ Монография. – Алматы: Елтаным, 2015. – 200б.
  2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеулер мен өлеңдер /Ахмет  Байтұрсынов. – Алматы: Атамұра, 2003. – 206 б.                                        
  3. Қасенов Е.С. Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі терминология мәселелері// Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. – «Филология» сериясы, №3 (45), 2013 ж.
  4. Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, мақалалар және әдеби зерттеулер. – Алматы: Жалын, 1991. – 469 б.                                           
  5. Кәкішев Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 264 б.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх