Жасанды интеллект негізіндегі психологиялық қолдау: студент өміріндегі жаңа мүмкіндік

Оңалбек Дариға Сакенқызы
Ғылыми жетекші: Ибраимкулов Айбек Еркаманұлы, аға оқытушы

Алматы, Қазақстан
e-mail: dariga.onalbek@mail.ru

Қазіргі кезеңде студенттердің өмірі тек білім алумен шектелмей, олардың психологиялық және әлеуметтік жағдайымен тығыз байланысты күрделі үдеріс ретінде қарастырылады. Кейбір студенттерге жаңа ортаға бейімделу, топ ішінде өз орнын қалыптастыру, оқу жүктемесі мен академиялық талаптарға бейімделудегі қиындықтардың туындауы олардың күйзеліс деңгейінің артуына, мазасыздықтың күшеюіне және жалпы өмір сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, көптеген студенттер өз мәселелерін ашық талқылауға немесе кәсіби маман көмегіне жүгінуге қиналады.

Осы өзекті мәселені шешу мақсатында жасанды интеллект элементтерін қолданатын «DemeU» атты мобильді қосымша әзірленді. Аталған мобильді қосымша студенттерге тәулік бойы психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған заманауи цифрлық құрал болып табылады.

DemeU мобильді қосымшасы пайдаланушыларға өз ойлары мен сезімдерін еркін түрде білдіруге мүмкіндік береді. Жүйе жасанды интеллект технологиялары арқылы енгізілген ақпаратты талдап, тиісті кеңестер мен ұсыныстар ұсынады. Сонымен қатар, қосымша машиналық оқыту арқылы пайдаланушының эмоционалдық жағдайын анықтап, жеке ерекшеліктеріне сәйкес бейімделген ұсыныстар қалыптастырады.

Қосымшаның негізгі ерекшеліктерінің бірі — оның қолжетімділігі мен пайдалануға ыңғайлылығы. Қарапайым интерфейс пен қазақ тіліндегі қолдау студенттер үшін оны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, геолокация функциясы арқылы пайдаланушылар өздеріне жақын орналасқан психологиялық кеңес беру орталықтарын анықтай алады және университеттегі психологиялық қолдау орталықтарының мекен-жайларымен таныс бола алады.  Аталған қосымшада студенттердің өз тәжірибелерімен бөлісуіне арналған мүмкіндікте қарастырылған. Бұл өз кезегінде психологиялық қолдау көрсету мәдениетін қалыптастыруға және студенттер арасында өзара көмекті дамытуға ықпал етеді.

Қорытындылай келе, жасанды интеллект технологияларын қолдану студенттердің психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға, күйзеліс деңгейін төмендетуге және оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх