Казакбаева Жанар Меирбековна
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Абай атындағы негізгі мектебі» КММ
Жамбыл облысы, Талас ауданы
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және өз ойын жүйелі, дәлелді түрде жеткізе білуі – басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы талаптарға сай әзірленген «Жазылым академиясы: эссенің толық бағыты» факультатив курсы 8–9 сынып оқушыларының жазылым дағдыларын кешенді түрде дамытуға бағытталған тиімді авторлық бағдарлама болып табылады.
Бағдарламаның өзектілігі қазіргі ақпараттық қоғам талаптарымен тығыз байланысты. Оқушы тек білім алушы ғана емес, сонымен қатар өз ойын жазбаша түрде сауатты жеткізе алатын тұлға болуы тиіс. Осы тұрғыда эссе жазу – оқушының тілдік құзыреттілігін, логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін дамытатын маңызды құрал. Бағдарлама мазмұнында эссенің дискуссивті, аргументативті, салыстырмалы, әдеби-талдамалық, проблемалық және шығармашылық түрлері қамтылып, әрқайсысы жүйелі түрде меңгертіледі.
Курс мазмұны оқытудағы жүйелілік, бірізділік және теория мен практиканың бірлігі қағидаттарына негізделген. Әсіресе, жазылым дағдысын кезең-кезеңімен қалыптастыру (идея генерациясы, жоспар құру, алғашқы нұсқа жазу, редакциялау, қорытынды мәтін ұсыну) оқушылардың академиялық жазу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сабақ барысында «ой картасы», «Fishbone», Венн диаграммасы, ПОПС формуласы сияқты заманауи әдіс-тәсілдер қолданылып, оқушылардың белсенді әрекеті қамтамасыз етіледі.
Бағдарламаның ерекшелігі – практикалық бағыттылығы. Әр тақырып бойынша оқушылар нақты жазылым жұмыстарын орындап, өз мәтіндерін талдау, түзету, жетілдіру дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар, өзін-өзі бағалау және өзара бағалау жүйесінің енгізілуі оқушылардың жауапкершілігін арттырып, рефлексия жасау қабілетін дамытады. Бағалау критерийлері мазмұнның тереңдігі, логикалық жүйелілік, дәлел сапасы және тілдік нормалардың сақталуы негізінде жүзеге асырылады.
Курс мазмұнында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдану да қарастырылған. Бұл оқушылардың заманауи құралдарды тиімді пайдалануына, мәтінді редакциялау мен талдау дағдыларын жетілдіруіне ықпал етеді. Алайда академиялық адалдық қағидалары басты назарда ұсталып, дайын мәтінді көшіруге жол берілмейтіні нақты көрсетілген.
Бағдарламаны меңгеру нәтижесінде оқушылар эссе түрлерін ажырата алады, құрылымдық талаптарға сай мәтін жазады, өз ойын дәлелді жеткізеді және тілдік нормаларды сақтайды. Сонымен қатар, олардың сыни және шығармашылық ойлау қабілеті дамып, академиялық жазу мәдениеті қалыптасады.
Қорытындылай келе, «Жазылым академиясы: эссенің толық бағыты» факультатив курсы – оқушылардың жазылым дағдыларын жүйелі дамытуға арналған, ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негізделген, практикалық маңызы жоғары авторлық бағдарлама. Бұл курс білім алушыларды тек оқу жетістіктеріне ғана емес, өмірлік коммуникацияда өз ойын сауатты жеткізе алатын тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.