Қайролла Кәусар Ерболқызы
169 мектеп лицей
11 В сынып оқушысы
Тіл – әр халықтың ең үлкен байлығы. Негізі, адамдар бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, ойларын жеткізеді және бірін-бірі түсінеді. Әрине, тіл тек сөйлесу үшін ғана емес, ол халықтың тарихын, мәдениетін және дәстүрін сақтайтын маңызды құрал. Сондықтан қазақ халқы «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған.Негізі, әр халықтың өз тілі болады. Сол тіл арқылы біз ата-бабамыздың өмірі мен тарихы туралы білеміз. Сонымен қатар халықтың даналығы мақал-мәтелдер арқылы да беріледі. Мысалы, «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақал бар. Бұл мақал сөздің күшті екенін көрсетеді. Кейде бір ауыз сөз адамға қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр адам сөзін ойланып айтуы керек.Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Біздің елімізде көптеген ұлт өкілдері бірге өмір сүреді. Әрине, олардың әрқайсысының өз тілі, мәдениеті және дәстүрі бар. Бірақ соған қарамастан барлығы бір-бірін сыйлап, тату өмір сүреді. Бұл – біздің еліміздің басты ерекшеліктерінің бірі. Жыл сайын Қазақстанда Қазақстан халқы тілдері күні атап өтіледі. Бұл мереке тілдің маңызын көрсету үшін өткізіледі. Сол күні мектептерде және басқа да орындарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Оқушылар өлең оқиды, мақал-мәтел айтады. Содан соң әртүрлі жарыстар мен байқаулар өткізіледі. Осындай іс-шаралар адамдардың тілге деген құрметін арттырады.Негізі, тіл – халықтың жаны деп айтуға болады. Егер тіл жоғалса, халықтың тарихы мен мәдениеті де ұмытылып кетуі мүмкін. Сондықтан әр адам өз ана тілін құрметтеп, оны дұрыс қолдануы керек. Әрине, басқа тілдерді білу де өте жақсы. Бірақ ең алдымен өз ана тілімізді қадірлеу маңызды.
Қорытындылай келе, тіл – халықтың ең басты қазынасы. Ол адамдарды біріктіреді, бір-бірін түсінуге көмектеседі. Сондықтан біз әрқашан өз ана тілімізді құрметтеп, оны дамытуға тырысуымыз керек.