Дюсебаева Джанар Мейрамбековна
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Ал жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты — білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Осыған орай мұғалім алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды тиімді қолдану міндеті тұр.
Ұстаз үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Өйткені, әдіс – көзделген мақсатқа жету тәсілі, тәртіпке келтірілген қызмет жүйесі. Сол арқылы оқушы келесі дағдыларға ие болады.
— білімдерді функционалдық және шығармашылық қолдануға;
— сыни ойлауға;
— зерттеу жұмыстарын жүргізуге;
— ақпараттық-коммуникативтік дағдыларды пайдалануға;
— әр түрлі коммуникация тәсілдерін пайдалануға;
— топта және жеке жұмыс істеу ептілігіне;
— проблемаларды шешу және шешімдер қабылдауға.
Ал оқушы бойында осы дағдыларды қалыптастыратын заманауи оқыту әдіс-тәсілдері:
Құндылықты-бағдарланған тәсі
Тұлғалық-бағдарланған тәсіл
Жүйелік-әрекетті тәсіл
Коммуникативтік тәсіл
Интегративтік тәсіл
Зерттеу тәсілі
Интербелсенді әдіс
Құндылықты-бағдарланған тәсіл-оқушының құндылықтар жүйесін қалыптастырушы оқу-тәрбиелік үдерістің сәйкесінше формалары арқылы тұлғаның өзін-өзі танытуы үшін алғышарттар құруды көздейді.
Орта білім беру құндылықтары: қазақстандық отансүйгіштік және азаматтық жауапкершілік; құрмет; ынтымақтастық; еңбек және шығармашылық; ашықтық; өмір бойы білім алу.
Тұлғалық-бағдарланған тәсіл— педагогтің назарын оқушы тұлғасының тұтастығына, оның тек ақылойы, азаматтық жауапкершілік сезімінің ғана емес, сондай-ақ эмоционалдық, эстетикалық, шығармашылық нышандары мен даму мүмкіндіктерімен қоса рухани дамуы туралы қамқорлыққа шоғырландыруды көздейді.
Жүйелік-әрекетті тәсіл— оқу-тәрбие үдерісінде оқушының өз бетінше білім алуына бағытталып, осы мақсатта мұғалімнің тиімді іс-әрекеттің түрлі формаларын қолдануын көздейді.
Коммуникативтік тәсіл-бірінші кезекте оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын дамытуға, қарастырып отырған мәтін, қатысып отырған әңгіме мазмұнын түсініп, туындаған жағдаятқа сәйкес тілді қолданып үйренуге бағытталған.
Интегративтік тәсіл-оқу үдерісін жобалау және өткізу кезінде әр түрлі оқу пәндерінің мазмұнын өзара кіріктіру есебінен оқушыда әлемнің тұтас бейнесін қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Бастауыш білім беру мазмұнына ортақ тақырыптарды енгізу әр түрлі пәндік салалардан білімдерді кіріктіруге және сол арқылы алынатын білімдердің функционалдығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Зерттеу тәсілі — зерттеушілік әрекет дағдыларын дамытуға, ғылыми таным әдістерімен танысуға жәрдемдеседі, оқушыларда танымдық қызығушылық қалыптастырады.
Интербелсенді әдіс– үйретуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер. (inter – аралық, бiрнеше, action- әрекет дегендi бiлдiредi) Өзара әрекеттестiк әдетте, белгiлi бiр мәселенi шешу, ол шешiмнiң тиiмдiлiгi Бiз оқытуды және бiлiм берудi, егер сабақ барысында мұғалiм мен оқушы арасында өзара әрекеттестiктiң жоғары деңгейiне қол жеткiзсе, «интерактивтi” деп атаймыз. Интерактивтi сөзi – ағылшын тiлiнен аударғанда туралы әңгiмелесу, талқылау түрiнде өтедi.
Осыған орай математика пәнінен өткізілген бір сабағыма тоқталып, шолу жасап өтейін.
Тақырыбы: Монеталар мен қағаз ақшалар
Мақсаты: 2.1.3.6 50 тг, 100 тг, 200 теңгелік монеталарды, 500 теңгелік купюраларды ажырату және түрліше төлем жасау
1. Сабақ барысында сабаққа деген эмоционалды жағымды дайындық ретінде «Сәттілік»тренингі жасалды.
Сен мықтысың !
Сен ақылдысың !
Сен сабақты жақсы оқы !
Жарайсыңдар, балалар,
Бүгінгі күнге сәттілік!
2.Үй жұмысын жұптардың өзара тексеруі жүргізілді. Тақтадағы есеп жауабымен салыстыра отырып бір – бірінің жұмысын тексеріп, геометриялық фигурамен бағалайды. Бұл кезеңде оқушы жұппен жұмыс істей отырып сыни көзқарасқа дағдыланады.
3. «Таза тақта» (әдісі) ойыны арқылы жаңа тақырыпты ашу жүргізілді. Тақтаны тазалау арқылы 5 – ке дейінгі көбейту мен бөлу кестесі қайталанды. Бұл әдіс өткен сабақты қайталау мен жаңа сабақтың тақырыбын ашуға көпір ретінде таңдадым. Осы ойын үстінде қайталауға берілген 1- есепті қамтып өттім. Әр жауаптан кейін оқушылардың бағалауы жүргізіліп отырды. Қателескен оқушыны келесі оқушылар түзетіп отырады.
Оқушылар сабақ тақырыбымен танысқан соң сабақ мақсатын айтып өттім.
Бағалау түрін таныстырылады. Әрбір дұрыс жауап 100 теңгелік монетамен бағаланады. Әрбір оқушының алдында партаға бекітілген пластик ыдысқа алған ұпайларын жинақтап салады. Оқушының жүздіктерді қосып, еселеп қосуға яғни көбейтуге қызығушылығын туғызады, дамытады.
4. Жаңа сабақты жоспарлау мен меңгерту барысында 3 П (пи) әдісін пайдаландым.
1- П презентация әдісін мағынаны тану, спиральді қағидат бойынша өткенді еске түсіруге, пәнаралық байланыс орнатуға пайдаландым.
Оқушыларға презентация соңында сұрақтар қойылып, ұлттық валютамыз теңгенің шығу тарихына шолу жасалды.
2 – есеппен жұмыс жасалды. Жұпта жұмыс жасап, алғашқы болып орындаған оқушылар таныстырылым жасап, басқа оқушылар бір – бірінің жұмысын тексереді.Қатемен жұмыс жасалады.
2 – П практика (тәжірибе).
Кезінде қытай ғұламасы Конфуций: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!» деген екен.
3 – есепті орындау үшін оқушыларды топқа бөліп, 500 теңгені ұсақтаудың нұсқаларын құрастыру , жазу ұйымдастырылады. Қолмен ұстап, көзбен көре отырып жұмыс жасау арқылы сабаққа деген қызығушылығы артады. Жұмыстарын іледі. Топ оқушылар келесі топтың жұмысын тексереді, бағалайды.
Сергіту сәті:Топ – топ басайық
4 – есеп «Топ 5 сұрақ» тісілі арқылы орындалады.
Қалыптастыратын дағдылар: ойлау, шешім қабылдау, ақпараттарды басқару.
Жалпы сипаты: ақпарат жинақтап, жалпы мәселені зерделеп, шешім қабылдауға, сондай – ақ, іс – ірекетті жоспарлауға, мақсат белгілеуге ықпал етеді.
Жұмыс алгоритмі: Үлкен постер мен маркер керек болады.
Жас ерекшелігін ескере отырып мен оқушыларға дайын 5 сұрақты ұсынамын. Соңғы сұрақты, іс – ірекетті өздері жазуды ұсынса да болады.
Оқушылар дағдыланғаннан кейін сұрақты да өздері құрастырады. 5 жауапты өздері толтырады.
«Топ 5 сұрақ»
1 – Азамат анасымен дүкеннен не сатып алды ?
2 — олардың әрқайсысының бағасы неше тг?
3 — есептің сұрағы қандай ?
4 – есептің шешуі :
5 — есептің жауабы:
«Топ 5 жауап»
1. 2.
3.
4.
5.
5 – есеп. Жаңа тақырыпқа берілген есеп. Интерактивный тақтаға екі нұсқаға бөліп шығарып қоямын.
1 амалды, 2 амалды жақшалы және көбейту мен бөлуге берілген 6 есеп. Оқушылардың мүмкіндігіне қарай уақыт үнемдеу үшін 3 есепті шығарса жеткілікті деп ойлаймын. Жұптар есептерін ауыстырып тексереді.
6 – есеп салыстыруға берілген есеп. «Кім жылдам?» әдісімен ауызша орындалады. Ауызша есептеуге, ойлау шапшаңдығына, жинақылыққа дағдылана отырып, өзіне деген сенімі мен математикаға деген қызығушылығы артады.
3 — П продукт (өнім ұсыну немесе бекіту)
№ 7 есеп Өздік жұмыс. Әр оқушынының жұмысын жеке тексеріп, бағалаймын.
5. Бағалау кезеңі. Оқушылар ыдыстағы жинаған теңгелерін санау арқылы , осы сабақта жиған балл санын айтады.
6. Кері байланыс: оқушыларға 500 теңгелік ақшаға сабаққа қатысты ойларын жазып, білім сандығына салады.
Қорытындылай келе, алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында ізденіп, шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, оқушыларымыз білімді де білікті болып шықпақ.
«Түсінгендіктің шын белгісі-«иә» деген жауап емес, шәкірттің жүзіндегі қуаныш болып табылады» деген екен (Абу-ль-Фарадж ал-Исфахани). Шәкірттеріміздің жүзіндегі қуанышты көретін кезіміз көп болсын.