Әмірхан Елдар Сейтханұлы
Жас айтыскер ақын, «Шабыт» ұлт-аспатар ансамблінің студенттік төрағасы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 4-курс студенті
Студенттік шақ – мен үшін тек білім алу кезеңі ғана емес, өмірлік көзқарас пен жауапкершілікті қалыптастыру кезеңі. Осы жылдарда мен тек мамандығымды меңгеріп қана қоймай, өзімнің жеке талғамымды, рухани дүниемді байыта түсудемін. Ұлттық құндылықтармен танысу, оларды құрметтеу менің бала күнімнен бастау алып, студенттік өмірімде жалғасын таба білді.
Өнер мен шығармашылық ұжымдардың ортасында болу, әсіресе “Шабыт” ұлт-аспаптар ансамблінде” өнер көрсету тәжірибесі менің талғамымды кеңейтіп, шығармашылығымды шыңдауға серпіліс бергендей. Студенттік шақ мен үшін жеке естелік қана емес, ұлттық өнермен өрнектелген өмір мектебіне айналды.
Ауылдан арман қуып, еңселі елордадағы “С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің” табалдырығын алғаш аттап, студент атанған күнім есімнен кеткен емес. Араға апта салып “Білім күні” қарсаңындағы студенттерді ұлықтау кешінде өнер көрсеткен ұлттық аспаптардан құралған ансамбльге көзім ерекше түскен еді. Қазақ елінде туып өскен ұлға, бұл таңсық дүние болып көрінбейтіні сөзсіз. Бірақ, сүйсіне қарап “мен де осы ұжымның қатарында өнер көрсетсем ғой” — деген ішкі қалауым, ақыры дегеніне жетпей қоймады. Шамамен, оқу күнтізбесі реттеліп, университетке бойым үйренісе бастаған уақытта, сол ансамбльде өнер көрсететін домбырашы қыздың көмегімен өнер орталығы ғимаратына тап болдым. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, жазғы демалыстан студенттерімен қауышып, арқа-жарқа болып жатқан сәт. Орындыққа жайғасқан сәттен жетекші мұғалім, домбырамен кез-келген күй орындауымды сұрады. Оқушы күнімде музыкалық мектепте 5 жылдық білім алғаныммен, аяқтағаннан кейін тұрақты түрде домбырамды қолыма алмағаным жасырын емес. Есімде ешбір күй де қалмаған, ол нота танымай, құймақұлақ қабілетіммен үйренгеннен болар. Содан, жадымда сақталған халық әнін орындап, жетекшінің оң бағасымен ансамбль құрамына қабылдандым. Үздіксіз дайындық пен өнерге деген ыстық ықыластың күші мені тағы да жетелей түсті. Ансамбльмен бірлескен қажырлы еңбектің нәтижесінде көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып, Астана сахнасындағы өнерлі жастардың алдыңғы қатарынан көріне білдім. “Ансамбльдің сүйемелдеуімен ән айтсам”- деген бала күнгі арманды да ақиқатқа айналдырып үлгердім. Көп ұзамай ансамблдің студенттік төрағасы атанып, көшбасшылық қабілетімді дамытып келемін.
Оқу ордамызда өткен әрбір концерттің, қалалық студенттік байқаулардың, мерекелік кештердің көркі — осы ұлттық аспаптар ансамблі болды. Өнерпаз студенттер аспапты өнер мектебінен меңгеріп немесе өз бетімен үйренгені болмаса, ешбірі кәсіби музыкант емес. Солай бола тұра, кәсіби музыканттармен тең дәрежеде өнер көрсетіп, тыңдарман қауымынан ерекше алғыс алып, ел ықыласына бөленіп келеді. Өйткені олар — өнердің өз адамдары. Өнерден бөлек бағыттағы сабағы мен өнерді қатар алып жүру, көп студенттің қолынан келе бермейтін қиын дүние. Бірақ, жүрегің қалаған нәрсемен айналысудың жанында сабақ та, қауырт тірлік те ештеңе емес. Кешкілік сабақ аяқталған соң ұжымдағы әртістің барлығы өнер орталығына жиналуға асығады. Студенттердің басын күн сайын біріктіріп, дайындыққа асықтыратын — ол өнерге деген махаббат. Оны ештеңемен теңестіру мүмкін емес.
“Шабыт” ұлт-аспаптар ансамблі — ұжымдағы жастардың басын қосқан үлкен шаңырақ секілді. Талайдың таңдайын қақтыратын біріншіден ансамблдің өнері болса, екіншіден өнерпаздардың ауызбіршілігі. Бірлік болмаса тірлік те өнбейді. Сол татулықтың арқасында Астана қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде күйшілер байқауы өткізіліп, әлеуметтік көмек көрсету орталықтарында мазмұнды концерттер ұйымдастырылып келеді. Өнер жолы табыстырған достарымызбен шыққан әрбір саяхат та өз алдына бөлек әңгіме. Барлығы бірін-бірі қандай жағдай болса да қолдауға әзір. Өнер жолынан басталған достық, өмір жолындағы достыққа ұласып үлгерді. Жазғы демалыс таяса, бірі-бірінің ауылына барып, отбасымен танысып, емен-жарқын жүздесулер жалғасын тауып жатады. Осының бәрі де ұйымшылдық пен бірліктің айқын үлгісі. Ұлттық құндылық үйлесім таба білген орта, ұлттық өнерді сүйе белген жүрек — бірлігі жарасқан ұжым болудың бір құпиясы.
Өнер ұжымының Астана қаласында құрылған тұңғыш “ұлт-аспаптар ансамблі” екенін тарих та жоққа шығармайды. Бұл, университеттің 55 жылдық мерейтойына дайындық қарсаңында мұрағаттан табылған құнды дерек. Сол үшін де 70 жылға жуық ғұмыры бар ансамблде өнер көрсету — мен үшін үлкен мақтаныш.
Осыдан бір жыл бұрын университет басшылығының ұсынуымен білімнен бөлек өнердегі озат жетістіктеріміз үшін, ұжым мүшесі Ерен Гүңшебайұлымен бірге оқу ордамыздағы ең жоғарғы марапат “С.Сейфуллин төсбелгісінің” иегері атанған едік. Университетке еңбегі сіңген ұстаздармен тең дәрежеде осындай марапатқа қол жеткізу, студент үшін тосын дүние. Сонымен осы құрметке ие болған үш студенттің екеуі біз болып, “еткен еңбегіміз емес, “ететін” еңбегіміз үшін” берілген төсбелгі деп түсіндік. Осындай марапатқа ие болу, қандай студентті болмасын қанаттандырмай қоймайтыны анық.
Есімде ең тәтті естеліктердің бірі бар. Университетіміздегі өнер орталығының сол кездегі басшысы, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі Байсағатов Бекболат Төкешұлы, ансамбль ұжымын көрген сайын балаша қуанып, құшағын ашып: “менің Халық әртістерім!”-деп еркелететін. Мәдениетке маңдай тері тамған өнер қайраткерін, біз өз әкеміздей көреміз. Әр бастамамызды қолдап, керек жерде қорғап та білетін. “Сендер халық әртісі атағын баяғыда алып қойғансыңдар” дегені, шабытымызға шабыт сыйлап, мерейімізді көпшілік ортада үстем қылды. Жақында өткен есеп беру кешімізге де арнайы келіп, ақ батасын беріп кетті. Әрқашан ақылшымыз бола білген абыз кеуделі ақсақалға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ансамбль туралы айта берсең бірнеше томдық кітап та аздық етеді. Студент болған шақтан шабытымызды шыңдауға өз үлесін қосқан университет ұжымы, өнердің өміршең екендігін ұғындыра білген ұстазымыз, көркемдік жетекшіміз Сармантаева Гауһар Еркінқызы және бір кемеде бірге жүзіп келе жатқан достарым — менің студенттік шағымның куәгерлері. Кеше ғана басталған студенттік жылдарым артта қалып бара жатыр. Әр жыл сайын оқуға келіп, өнерден ортасын тапқан студенттерге қызығып та қызғанып та қараймын. Сүйікті ісіңмен айналысу үшін, ешкімнің де ештеңенің де кедергі бола алмайтынын ұғындыруға тырысып келемін. Студенттік шақ — ешқашан қайталанбайтын ең тәтті кезең. Сол сәтті бағалай білу керек. Осындай кезде халық ақыны, айтыстағы анамыз Әсия Беркенованың: “Біз айтысқа құмары қанбай кеткен ұрпақпыз”- деген сөзі еріксіз еске түседі. Мен де студенттік шаққа, өнерге құмары қанбай кеткен түлектің бірі болып, қимас күндеріммен қоштасар сәттің алдында тұрмын. Өнерді өз жүрегімен сүйе білетін жаңа толқынның барында, ансамбльдің ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынына сенімдімін.