Қазына Құралбек
Гюзаль Сулейманова
Ғылыми жетекшісі: Жалгасбаева Канагат Баймуратовна, PhD,аға оқытушы
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университеті
Аннотация.
Берілген мақалада ерекше балалардың бос уақытын өнер арқылы ұйымдастырудың маңыздылығы талқыланады. Өнер ерекше қажеттіліктері бар балаларға өзін-өзі көрсету, шығармашылық қабілеттерін дамыту және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру мүмкіндігін береді. Бұл үдеріс балалардың психологиялық жағдайын жақсартуға, эмоциялық жай-күйін тұрақтандыруға және олардың қоғамға интеграциялануына, ортаға тез бейімделуіне оң ықпал етеді. Мақалада өнердің әртүрлі түрлері: музыка, сурет, театр және би арқылы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру тәсілдері қарастырылады және сол бойынша сауалнама нәтижесі талданады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, өнермен айналысу, ұлттық аспаптарды меңгеру ерекше балалардың өзін-өзі бағалау деңгейін, өзіне сенімділігін, ойлау қабілетін арттырып, олардың өмір сүру сапасын жақсартады.
Аннотация.
В данной статье рассматривается значимость организации свободного времени детей с особыми образовательными потребностями через искусство. Искусство предоставляет детям с особенностями развития возможность самовыражения, развития творческих способностей и формирования социальных навыков. Этот процесс способствует улучшению их психологического состояния, стабилизации эмоционального фона, а также оказывает положительное влияние на интеграцию в общество и быструю адаптацию к окружающей среде. В статье рассматриваются различные виды искусства — музыка, изобразительное искусство, театр и танец — как способы эффективной организации свободного времени детей, и проводится анализ результатов соответствующего опроса. Результаты исследования показывают, что занятия искусством и освоение национальных музыкальных инструментов повышают самооценку, уверенность в себе и развивают мышление детей с особенностями развития, улучшая качество их жизни.
Annotation.
This article discusses the importance of organizing the leisure time of children with special educational needs through art. Art provides children with developmental differences an opportunity for self-expression, the development of creative abilities, and the formation of social skills. This process helps improve their psychological well-being, stabilize their emotional state, and positively influences their integration into society and adaptation to their environment. The article examines various forms of art—music, visual arts, theater, and dance—as effective ways to organize the leisure time of children, and includes an analysis of related survey results. The findings show that engaging in art and learning national musical instruments enhance the self-esteem, confidence, and cognitive abilities of children with developmental differences, ultimately improving their quality of life.
Мақсаты: Ерекше балалардың бос уақытын ұйымдастыру арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ішкі тірегін қалыптастыру, рухани байлығын арттыруға жағдай жасау, музыка, өнерге баулу.
Міндеттері:
- Ғылыми дәлелдемелерге сүйене отырып, музыканың ерекше балалар үшін аса маңызды екенін талдау;
- Ерекше балалардың бос уақытын ұйымдастыру бойынша қоғамдық пікірді анықтап, музыка дағдыларының түрлі мүмкіндіктерге жол ашатынын саралау;
- Инклюзивті білім бағдарламасына музыка, өнер бағытын енгізу қажеттілігі барын дәлелдеу.
Өзектілігі: қазіргі таңда қоғамда ерекше балалардың дамуына жағдай жасау қоғам алдындағы міндеттердің бірі. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру эмоциялық және психологиялық жағдайын жақсартады деп есептейміз. Өмір сүруі, денсаулығы жақсарып, қоғамға бейімделулері тез жүзеге асады. Сондықтан бұл тақырып қазір қоғамда өзекті мәселелердің бірі.
Кіріспе
Инклюзивті білім беру – барлық дискриминация формасына тосқауыл қоятын, оқушының білім алуындағы әртүрлі қажеттіліктері мен алуан түрлілігін есепке ала отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған, жалпы білім беруді дамытудың үздіксіз процесі [1, 7б.]. Мұндағы «дискриминация формасына тосқауыл қою» – ерекше балалардың да дені сау балалармен тең дәрежеде өз қызығушылығына сай қабілеттерін арттырып, дағдыларын қалыптастыруына жол ашу. Әрбір балада дарын, талант бар. Баланың ынтасын арттырып, ерік-жігерін оятып, өмірге көзқарасын дұрыс бағыттау үшін бос уақытында шығармашылыққа, соның ішінде музыка терапияларына, аспаптар үйірмесіне бағыттау қажет. Ата-ана да, арнайы білікті маман педагог да екі жақты күш салса, ерекше балалар да қоғамда бәрімен тең кұқылы болғандықтан жеңісті жетістіктерге, толағай табыстарға жете алады. Қатарластарынан қалмай, өз жолын тауып, топ жарып шығады десек артық болмас. Сөзімізге дәлел ретінде заң қаулысын негізге алдық. Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңының 9-бабы, 4-тармағына сай, арнаулы білім беру қызметтеріне:
1) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау мақсатында балаларды тереңдетіп және кешенді зерттеп-қарау;
2) мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау;
3) арнаулы оқу бағдарламалары бойынша оқыту және тәрбие беру;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін өзге де қызметтер жатады [2]. Зерттеу мақаламызда ерекше білім беру қажеттіліктерінің ішінде өнер, музыка бағытына тоқталып, терең әрі кешенді зерттеу жасаймыз.
Алдымен статистикалық деректерге тоқталайық. 1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жанынан құрылған халықаралық Балалар қорының (ЮНИСЕФ-тің) кейінгі, яғни, 2023 жылғы зерттеуіне сай, бүгінде әлем бойынша 240 миллион бала мүгедектікке шалдыққан [3].
Ал еліміздегі статистика қандай? 2024 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сай, Қазақстанда мүгедектігі бар 724,9 мың адам, соның ішінде 30,5 мың бала (14,9 %) бар. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны 109,5 мың. Зерттеуге сәйкес, мүгедектігі бар балалар үлесі 11,4 %-ға артқан (2023 жылы – 109 496 адам, 2022 жылы – 104 260 адам, 2021 жылы – 98 254 адам). Соның ішінде, 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны басым (74 928 бала / 68,4 %). Демек, елімізде инклюзивті білім беру, қызмет көрсету, даму саласын білікті мамандармен біріге отырып, қолға алу қажет.
БҰҰ Балалар қорының дерегіне сай, әлем елдерінің шамамен 40%-і инклюзивті педогогика бойынша мұғалімдерді даярлауға еш көңіл бөлмейді [3]. Осы тұста, ҚР инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына шолу жасауды жөн көрдік. Зерттеу барысында, елімізде инклюзивті мүмкіндіктер қарастырылған ба, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтар жеткілікті ме деген сауалға жауап іздедік. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1030 ұйым бар. Соның ішінде 830 мемлекеттік ұйым, 118 стационарлық үлгідегі орталық, 89 күндізгі орталық, 35 оңалту орталығы, 547 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері қамтылған. 98 ұйымда мүгедектігі бар балалар үшін арнаулы әлеуметтік күндізгі қызмет көрсетіледі. Үш республикалық («Балбұлақ» РО, «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ, «Алатау» балалар клиникалық санаторийі) және 55 өңірлік оңалту орталығы жұмыс істейді [4]. Алайда, болашақ ұйымдастырушы маман ретінде осы аталған орталықтарда өнер бағыты бойынша оңалту тәсілі жоқтың қасы деген тұжырымға келдік. Ерекше бүлдіршіндердің денсаулығы, санасы, ойлау қабілеті дұрыс жетілуі үшін тек медициналық реабилитация аздық етеді. Мұндай балалар тән еміне ғана емес, жан еміне де мұқтаж екені хақ. Әр сәтті, әр минутты қалт жібермей, ерекше балалардың бос уақытын да өте тиімді пайдалану нәтижесінің тұрақтылығына кепіл болады. Сондықтан мүгедектігі бар балаларды бос кезінде өнерге, музыкаға баулу арқылы балаланың түпсанасындағы «мен қоғамнан оқшау тұлғамын» деген стереотипін сындыруға, ал ата-ананың «балам қоғам қатарына қосылады» деген сенімін сетінеуден сақтауға болады.
XX ғасырдың аяғында көптеген дамыған әлем елдерінде (АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Германия, Скандинавия елдерінде) мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды дамытуда алдыңғы орында тұрған инклюзивті білім беру болды. Жалпы білім беру үрдісіне енгізілген балаларға оқуды жеңілдететін қосымша арнайы жағдай, көмек, қолдау қарастырылады. Әрбір елде интеграциялаудың өзіндік үлгісі іске асырылуда, бұл білім беруде интеграциялаудың жан-жақты үлгісін құрудың мүмкін еместігін көрсетуде. Инклюзивті білім беруді іске асырып жатқан елдерде айқындалған басым бағыт жалпы мектептік білім беру саласында қарастырып отырған категориядағы балаларды жалпы білім беру үрдісіне міндетті түрде енгізуді көздейді [5, 14 б.]
Мәселен, «Frontiers» атты әлемдегі ең ірі және ең ықпалды ғылыми-зерттеу баспасында жарияланған «Медициналық нейрогуманитарлық ғылым: медицина, нейробиология, музыка бойынша педиатриялық тәжірибе алмасу» деген ғылыми зерттеу мақалада музыканың неврология ғылымындағы маңызы талданып, баланың даму процесіне ғана емес, ерекше бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың ілгерілеуіне әсері талқыланған. Бұл сөзіме мақаладағы мына үзінді дәлел: «жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімдерінде жүргізілетін шығармашылық музыка терапиясы жүргізілді. Бұл зерттеу әдісі ата-ана мен нәресте арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ, шала туған балалардың нейродаму траекториясына оң ықпал етуге мүмкіндік береді. Ғалымдардың байқауынша, арнайы даярланған музыка терапевті жетекшілік еткен күтім кезінде ата-ананың сәбиіне ән айтуы ішкі үйлесім сезімін күшейтеді» [6]. Кейбір балалар анасының құрсағында жатқанда дұрыс жетілсе де, туу кезінде денсаулығына зақым келіп, бала 1-2 жасқа толғанда ғана салдары байқалып, әрі қарай дамуы тежеле бастайды. Зерттеушілер музыкалық терапияға жүгінген балаларды 12-24 айында бақылап, балалардың эмоционалды күйі және нейродамуы уақытылы жетілгенін байқаған. «Frontiers» басылымы ұсынған ғылыми мақаладағы тәжірибені негізге алсақ, музыка терапиясы арқылы мүгедектікке шалдыққан балаларға ғана көмектесіп қоймай, ауру баланың бойына бітпес бұрын алдын-алуға болады. Дәл осы басылымда жарық көрген «Шала туған нәрестелердің 12 және 24 айындағы эмоциялық және нейродамулық көрсеткіштеріне ерте музыкалық араласудың ықпалы» [7] атты ғылыми мақалада зерттеу кезінде 119 жаңа туған нәресте, соның ішінде 83 тумысынан жетілуі тежелген сәбилер қамтылған. Зерттеу нәтижесінде ерте (туу кезінен бастап) музыкалық терапияға жүгінген шала туған балалардың 12 және 24 айлық кезеңдегі эмоциялық қабылдауы қалыпты, ой-сана тұрғысынан дамуы жоғары екенін дәлелденген.
Осы ретте, 100-ден астам адамның ой-пікірін білуге тырыстық. Сауалнамаға қатысқандардың 84,3%-ы «шығармашылық іс-әрекет балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмектеседі деп ойлайсыз ба?» деген сауалға «иә» деп жауап берген. «Ерекше балалармен жұмыс істеуде қандай шығармашылық бағыт ең тиімді деп есептейсіз?» деген сұраққа 32,4%-ы «музыка», 26,5%-ы «сурет», 19,6%-ы «қолөнер», 15,7%-ы «театр элементтері» деп жауап берген. Демек, шығармашылық дағдылардың арасында музыка бағыты көш бастап тұр.
Ал өз ойын еркін жазу бойынша сауалнамадағы «ерекше балалардың бос уақытын ұйымдастыру жүйесін жақсарту үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?» деген сауалға «арнайы орталықтар ашу», «ерекше болғанымен есту қабілеті (слухы) мықты болады, сондықтан үйірмеге қатыстырып, қолдап, қадағалаған жөн», «музыка, сурет, қолөнер үйірмелерін ашу» деген жауаптар келіп түсті.
Италияның Рим қаласындағы білікті мамандардың біріккен зерттеуі бойынша целебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балалар үшін реабилитациялық медициналық емнен бөлек музыка тепариясы да аса маңызды екені дәлелденді. Зерттеу жүргізген мамандар: нерореабилитолог, балалар дәрігері, консервотория музыканты. Зерттеушілер Дүниежүзілік музыкалық терапия федерациясымен бірігіп, кәсіби музыка – медициналық, білім беру және күнделікті өмірде қарым-қатынас сапасын арттыруға, сондай-ақ, баланың физикалық, әлеуметтік, коммуникативтік, эмоционалдық, интеллектуалдық және рухани денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған сауықтыру құралы деп бекітті. Әртүрлі диагнозы бар балалар үшін қоғаммен, өз ортасымен, тіпті, ата-анасымен, отбасымен қарым-қатынас құру, коммуникация қабілеттерін қалыптастыру аса ауыр процесс екені анық. ЦСА (ДЦП) диагнозы бар балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған музыкалық терапия бағдарламасының әсерін зерттеу барысында, балалардың қол, саусақ буындары қалыпты дамып, қозғалыс белсенділігі артқаны байқалған. Бұл нәтиже 4 айға дейін сақталды. Тіпті, Моцарттың «Sonata for Two Pianos in D Major, K448» шығармасы арқылы эпилепсия (есінен тану) ұстамасы азайып, ұйқысы мен мінез-құлқы реттелген балалар да бар [8].
Қорытынды.
Ғылыми мақаламыздың өзектілігі ретінде арнайы қажеттілігі, медициналық диагнозы бар балаларды музыка тыңдату арқылы жетілдіруден бөлек музыка, ән, биге, өнерге баулып, музыкалық қабілеттерін ашып, ынталандыру арқылы денсаулығын жетілдіру идеясын ұсынамыз. Яғни, баланың бос уақытын өнерді негізге ала отырып ұйымдастыру, нәтижесінде балаға тұлға ретінде қоғамда маңызы бар, қажет адам екенін түсіндіруге ықпал ету. Өйткені, бүгінгі бала ертеңгі ел азаматы. Балалардың, соның ішінде дамуы тежеліп, денсаулығында кінәрат пайда болған балалардың болашағына бей-жай қарауға болмайды. Содан соң жоғарыда жазғандай, Моцарттың музыкасы арқылы эпилепсия ұстамасы азайған екен деп әлемдік музыкаға ұмтылмай-ақ, рухани, мәдени, тарихи мән-мағынаға ие, түп тамыры терең қалыптасқан қазақ музыка өнерінің діңгегі атанған ән, күй, терме, айтыс сынды бағыттар бойынша іздену идеясын ұсынамыз. Бұл ерекше балалардың психологиялық тұрақтылығына ғана емес, ұлттық рухани болмысының қалыптасуына да ықпал етеді. Домбыра, қобыз, жетіген сынды аспаптар баланың саусақ моторикалары арқылы миындағы нейрондарына әсер етсе, сазсырнай, сыбызғы сияқты аспаптар арқылы тыныс алу жүйесі дамып, мидың жұмыс істеу қызметі арта бастайды. Демек, келешектің қамалы берік, болашақтың байрағы биік болсын десек, өскелең ұрпақтың дамуына, жетілуіне, қабілетін арттыруына ден қойып, ерекше балалардың білім беру бағдарламасы бойынша бос уақытын өнер, музыка саласымен, соның ішінде ұлттық аспаптармен байланыстыра отырып, ұйымдастыруымыз қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жалпы білім беру мектептеріндегі ерекше білім алуды қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету: әдіс.нұсқаулық/ Елисеева И.Г., Ерсарина А.К. — Алматы: ТП ҰҒПО, 2019. – 92 б.
- https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2100000056
- https://data.unicef.org/topic/child-disability/overview/
- https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2400001143
- «Инклюзивті білім беру» пәнінен дәріс жинағы. Жанибекова Г.О. Шымкент, 2020ж., Мардан Сапарбаевс институты, 98б
- Jaschke AC, Papatzikis E and Haslbeck FB (2025) Editorial: Medical neurohumanities: sharing insights from medicine, neuroscience, and music in pediatric care. Neurosci.19:1648030. doi: 10.3389/fnins.2025.1648030
- Filippa M, Lordier L, Lejeune F, De Almeida JS, Hüppi PS, Barcos-Munoz F, Monaci MG and Borradori-Tolsa C (2024) Effect of an early music intervention on emotional and neurodevelopmental outcomes of preterm infants at 12 and 24 months. Psychol. 15:1443080. doi: 10.3389/fpsyg.2024.1443080
- Liuzzi T, Bompard S, Raponi M, D’Arienzo F, Staccioli S, Napoli E, Diotallevi MF, Piga S, Giuliani R and Castelli E (2024) Euterpe music therapy method for children with cerebral palsy. Neurol. 15:1388712. doi: 10.3389/fneur.2024.1388712