Сал-серілердің шығармашылығындағы махаббат

УДК: 821.512.122
Парпиева Маликахон
Тұңғыш Аяжан
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​Зерттеу университеті

Филология факультеті
6B01710-«Қазақ тілі және әдебиеті (IP)» білім беру бағдарламасы
Топ: KO-23-IPk

Жетекші: Бабашов Азат Мақсұтбекұлы


Аңдатпа: Бұл мақалада сал-серілер поэзиясындағы махаббат тақырыбы мен сұлулық концепциясы жан-жақты талданады. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сынды ақын-композиторлардың шығармаларындағы әйел бейнесі, махаббатқа деген көзқарасы, ішкі сезімнің поэтикалық өрнектелуі қарастырылады. Авторлар махаббатты рухани сұлулықпен, табиғаттың көркем көріністерімен байланыстыра отырып, ұлттық поэзияға тән нәзік эстетикалық үлгілерді ұсынады. Әсіресе «аққу», «сәуле», «көз» сияқты образдар арқылы махаббаттың биіктігі мен тазалығы суреттеледі. Сонымен қатар, сал-серілердің ғашықтық жырларындағы көркемдік құралдар мен лирикалық сипаттар әдеби тұрғыда талданып, әр композитордың махаббат тақырыбын жырлаудағы өзіндік ерекшелігі көрсетіледі.

    Кілт сөздер: сал-серілер поэзиясы, махаббат лирикасы, сұлулық концепциясы, әйел бейнесі, Ақан сері, Біржан сал,Үкілі Ыбырай Балуан Шолақ,Сегіз сері, Жаяу Мұса, Естай, «аққу» образы, лирикалық образ, поэтикалық тіл, ұлттық эстетика, ғашықтық жырлары, рухани сұлулық, қазақ лирикасы, көркемдік ерекшеліктер, поэтикалық символдар.

    Abstract:This article provides a comprehensive analysis of the theme of love and the concept of beauty in the poetry of the sal-seri tradition. It examines the portrayal of women, the poets’ attitudes toward love, and the poetic expression of inner emotions in the works of prominent poet-composers such as Akan Seri, Birzhan Sal, Үkili Ybyrai, Baluan Sholak, and Segiz Seri. The authors associate love with spiritual beauty and the picturesque imagery of nature, presenting delicate aesthetic models characteristic of Kazakh national poetry. Through symbolic images such as the “swan,” “light,” and “gaze,” the purity and sublimity of love are revealed. In addition, the article analyzes the artistic devices and lyrical features found in the love lyrics of the sal-seri, highlighting each composer’s unique approach to depicting the theme of love.

    Keywords: sal-seri poetry, love lyrics, concept of beauty, female image, Akan Seri, Birzhan Sal, Үkili Ybyrai, Baluan Sholak, Segiz Seri, Zhayau Musa, Estai, “swan” symbol, lyrical imagery, poetic language, national aesthetics, love songs, spiritual beauty, Kazakh lyrics, artistic features, poetic symbols.

    Аннотация:В данной статье всесторонне анализируются тема любви и концепция красоты в поэзии сал-серілер. Рассматриваются образ женщины, отношение к любви и поэтическое отражение внутреннего чувства в произведениях таких акынов-композиторов, как Акан сері, Биржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері. Авторы связывают любовь с духовной красотой и живописными картинами природы, предлагая тонкие эстетические образцы, характерные для национальной поэзии. Особенно через такие образы, как «лебедь», «сияние», «взгляд», раскрываются возвышенность и чистота любви. Кроме того, литературно анализируются художественные средства и лирические особенности в любовной лирике сал-серілер, выявляется индивидуальная специфика каждого композитора в изображении темы любви.

    Ключевые слова: поэзия сал-серілер, любовная лирика, концепция красоты, образ женщины, Акан сері, Биржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері, Жаяу Мұса, Естай, образ «лебедь», лирический образ, поэтический язык, национальная эстетика, любовные песни, духовная красота, казахская лирика, художественные особенности, поэтические символы.

      Қазақ халқының рухани мәдениетінде сал-серілер дәстүрі ерекше орын алады. Бұл дәстүр тек ән мен күй, поэзия мен орындаушылық өнердің тоғысы ғана емес, сонымен қатар халықтың эстетикалық талғамы мен дүниетанымының көрінісі болып табылады. Сал-серілер поэзиясының өзегінде адамның ішкі әлемі, өмірге, табиғатқа және сұлулыққа деген сүйіспеншілік терең бейнеленеді. Солардың ішінде махаббат тақырыбы — сал-серілер шығармашылығындағы ең маңызды әрі мәңгілік сарындардың бірі.

    Махаббат лирикасы арқылы Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері, Жаяу Мұса және Естай сынды өнер иелері қазақтың ұлттық поэзиясына нәзік сезім мен биік рухани құндылықтарды әкелді. Олардың әрқайсысы ғашықтық сезімін өзіндік көркемдік бояумен суреттеді: біреуі сұлулық пен нәзіктікті табиғат көрінісімен астастырса, енді бірі махаббатты рухани тазалық пен адамдық биіктік тұрғысынан жырлады.

    Қазіргі әдебиеттану ғылымында сал-серілердің шығармашылық мұрасын эстетикалық, философиялық және рухани тұрғыдан зерттеу — ұлттық мәдениетіміздің түп тамырын тануда маңызды қадам болып саналады. Өйткені, олардың махаббат тақырыбындағы туындылары – тек сезім жыры емес, қазақтың рухани болмысы мен дүниетанымының көркем көрінісі.

    Е.Ысмайылов сал-серілердің әншілік, ақындық, жыршылық, аңшылық, мергендік, спорт-палуандық, сырттай әшекейлік (декорациялық), түрлі күлдіргі, ғажап құбылмалы өнер иесі болғанын атап, ірі әнші, ақын, халық композиторы болудың үстіне неше түрлі спорт ойындарын көрсетіп отырғандығын айтты. [1.386]

     Ақан серінің махаббат лирикасы. Ақан серілік дәстүрді өнерімен ұштастыра білген, нәзік жүректі, сырлы сезімнің жыршысы еді. Оның ән мен өлеңдері — жастық шақтың жалыны мен бозбалалық жүректің дүрсіліне толы, шынайы махаббат пен кіршіксіз достықты ардақтаған сырлы мұра. Ақын жүрегінен шыққан әрбір жырда сезімнің мөлдір тұнығы, шын ғашықтың адал арманы байқалады.
Ақан жырлаған сұлулар — тек сырт келбетімен ғана емес, ішкі сұлулығымен де дараланған қазақ арулары. Ол олардың бейнесін көркем сөзбен кестелеп, әсемдік пен нәзіктіктің шын үлгісін жыр жолына сыйғыза білді. Ақынның теңеу, эпитет, метафора сынды көркемдік құралдарды шебер қолдануы — оның ақындық талантының жарқын айғағы. Оның әрбір өлең жолынан жүрекке жететін сыр, көңілге қуат беретін сұлулық лебі есіп тұрады.

     Қалың Қарауыл елінде аты аңызға айналған үш сұлу қыз болған. Олар — Шөбектің немересі Ұрқия, аға сұлтан Шыңғыстың қарындасы және Абылай ұрпағы Жүсіптөренің қызы Жамал. Сұлулықты ерекше бағалайтын Ақан осы үш аруға бірдей ғашық болады. Ол қыздарға арнап «Үш тоты» деген өлең шығарады. Дегенмен, уақыт өте келе Ақанның жүрегі Жамалға ерекше ауа бастайды. Жамал — көркімен ғана емес, ақылымен де өзгелерден ерекшеленген, жас болса да дана, сұлу да шешен қыз еді. Ақан оны ерекше жақсы көріп, «қалқа бала» деп атап, басқа екеуінен бөліп алады. Осылайша, Ақан шын жүректен Жамалды сүйіп, оған деген махаббатын терең сезіммен жырлай бастайды. Ол сүйгенін:

Қыздары мен не қылам-сылам?
Қалайша ғашық отқа сабыр қылам?
Жаңартқан өмірімді қалқа бала,
Басы – жым, ортасы – мим, аяғы – ләм, — деп жұртқа өзі жария қылады. Кірсіз махаббат көптің көңілін не қылсын [3,205-207]?!

       Ақан бұрын Ұрқияны шын жүрегімен сүйген. Бірақ Ұрқия өмірден өткен соң көп жылдар өтеді. Сол уақыттан кейін Ақанның Жамалға ғашық болуы да таңғаларлық емес. Бәлкім, Ақан жас Жамалды көргенде, оған Ұрқияның бейнесі елестеген болар. Қалай болғанда да, Жамалға деген сезімі уақыт өте күшейе түседі. Жасы елуге келіп, қартайып қалған Ақан бұл махаббатты сыртқа шығармай, іштен ғана терең сүйеді.

Тал бойың Құлагердің сағағындай,
Тамағың піскен алма сабағындай.
Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз,
Иегің ителгінің тамағындай.
Ішінде өз жұртыңның еркелейсің,
Айдынның ақ қайраны – шабағындай.
Осынша жүрегімді жандырғанша,
Ұл боп тусаң не етеді, қарағым-ай?.. – дейді Ақан.

        Ақынның жүрегі махаббатпен лаулап, сүйіктісінің сұуллығына тамсанады. Өлеңнің соңғы жолдарында айтқысы келгені сүйіктісіне махаббатының тереңдігін, оның сұлулығы мен тартымдылығының жүрегін қалай жаулағанын білдіреді.

    … Ақан өзін қанша тыймақшы болса да, сол күшті махаббаттың күйдіруімен өзіне-өзі ие бола алмай, сүйгенін ақыры Жамалға білдіреді:

Бұраң бел, жазық маңдай, сүмбілден шаш,
Тартылған бойың сымдай, қиылған қас.
Ақ жүзің түстік жерден көрінеді,
Секілді жарқырайсың бриллиант тас.
Сипатың жұмақтағы Хорлығайын,
Көрген жан жамалыңа болады мас.
Сайраған қапастағы тоты құссың,
Білмейді қадіріңді бұл күнгі жас…  деп жазады Ақан [3,205-207].

       Ақанның Жамалға деген махаббаты – тек ғашықтықтан тұрмайды, себебі ғашықтық – бір түніңді жарық қылса, ал махаббат сені өмір бойы жылытады. Жамал жылы жауап бермесе де, Ақан Жамалды сүюден бас тартпайды. Айналасындағылар не десе де, Ақан шын сезімнің соңынан ерді. Жамал отырған Сырымбет оның жүрек жырына айналды. Сол бір сұлу аруға арналған «Сырымбет» — Ақан жырларының соңғы шоқтығы еді. Жамал ұзатылған соң, Ақанның ішкі әлемі қара бұлттай тұнып, үнсіздік пен жалғыздыққа оранып қалады.  Бірақ, дариға-ай… кім түсінді екен сол отты жүректің іштен жанып, қайғымен суынып, үмітпен бірге сөніп кеткенін?..

     Балуан Шолақ пен шынайы махаббат. Балуан Шолақтың махаббат толқыған әндері арасынан ең танымы — «Ғалия» әні. Оны жазған кезде қл өгізге қатысты даудан тергеуде болу үшін Ақмолаға (қазіргі Целиноград) жеткізілген еді. Осы тұста жергілікті сұлу қымызшы Ғалиямен танысып, жүрек лүпілінен шыққан әнін дәл оның құметіне арнады.

   Мысалы:
Айым да — сен, Ғалия, күнім де — сен,
Оң қабағым тартады, күлімдесең

немесе:
Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен,
Айдын көлге шомылған аққуға ұқсап, — [4.140]

       Осы үзінді арқылы құшырлана сүйіп, Ғалияның бейнесін сипаттауда ақын ең әсерлі теңеулерді қолданады. Әнде «Ай», «күн», «аққу» секілді күнделікті айтылып жүрген сөздер кездескенімен, өз заманының эстетикалық ләззат сыйлайтын теңеу сөздері болатын.

    Біржан салдың “Ләйлім шырақ” әні — қазақтың лирикалық ән өнерінің озық үлгілерінің бірі. Бұл әннің көркемдік құндылығы оның  поэтикалық тереңдігінде, көркем бейнелеу құралдарында жатыр. Мысалы,

Аққу едің таранған айдындағы,
Ұштың ұзап қанатың жайдың-дағы.
Көлеңкеңді көрсетпей кете бардың,
Қол алысқан сертіңнен тайдың-дағы, — дейді [5,16].

      Дәл осы жердегі Біржан сал мен Балуан Шолақтың шығармаларындағы кездесетін «аққу» концепциясы — қазақ поэзиясындағы сұлулық, нәзіктік, махаббат пен рухани биіктікті бейнелейтін ортақ образ. Екі сері де аққу арқылы әйел сұлулығын, әсемдікке деген сүйсінісін және жүрек тербеген сезімді сипаттайды. Алайда, Біржан үшін бұл — рухани, тылсым, қолжетпес махаббат бейнесі болса, Балуан Шолақ үшін бұл — шынайы өмірде кездесетін сұлулық, көздің қуанышы. Аққу екеуінде де ерекше поэтикалық күшке ие. Осылайша, Ақан сері мен Балуан Шолақ шығармаларындағы «аққу» концепциясы — сұлулық пен нәзіктіктің символы. Алайда Біржан үшін ол қол жетпес арман мен рухани сағыныштың көрінісі болса, Балуан Шолақта өмірдегі шынайы махаббаттың қуанышы мен көркем сәтінің айғағы. Бұл айырмашылық олардың өмірлік ұстанымы мен поэтикалық дүниетанымындағы ерекшелікті танытады.

     Сегіз серінің нәзік сезім өрнегі. Сегіз серінің шығармашылығында да махаббат тақырыбы ерекше орын алады. Ол аруларға деген ілтипат пен нәзік сезімдерді аса бір шеберлікпен жырға қосқан. Оның өлеңдері мен әндерінен махаббатқа деген адалдық пен терең құрмет сезіледі. Сегіз серінің жүрегі махаббат пен сұлулықты сүйетін, саз өнерін меңгерген үлкен жүректі ақын әрі сазгер.

      Ақынның сүйіспеншілік жырларынан махаббатқа толы жас жүректің ыстық лебі еседі. Лирикалық әндерінің тырнақалдысы «Назқоңыр» түпнұсқада:

Көркем қыз шақырған соң жуықтайын,
Басқаны неге саған жуытайын.
Өзіңе ықыласым ауғаннан соң,
Қалайша, Мүкәш, сені ұмытайын? — деп сағынышқа толы назбен басталады. [6]

    Әнде ақын тек бір арудың қасына жақындағысы келетіні, қалғандарының бәрі оның көзінде мәнін жоғалтатыны, Мүкәшке деген ықыласының мызғымас адал сезім екенін керемет, шебер түрде жеткізеді. Яғни, мұнда шынайы махаббаттың адалдығы, бір жанға ғана бағышталуы айқын көрініс тапқан. Абайша келтірсек:

Жарқ етпес қара көңілңім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ
Сааған жар менен артық табылса да [7]

Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай, — дейді «Гауһартас» әнінде.

Мұнда көз —  сұлулықтың, нұрдың, жан дүниенің айнасы. Бұл жолда көзге ерекше мән берілген. Ол жай ғана физиологиялық сипат емес, жарық шашатын, жылы әсер қалдыратын рухани сұлулықтың белгісі. «Жаққан шамдай» — поэтикалық теңеу арқылы көздің ішкі жылуы мен сиқырлы әсері берілген.

          Үкілі Ыбырайдың поэтикалық ішкі монологы. Отыздың ішіндегі жігіт кезі. Шөбектің Нұралысының қызы Жәнияны ұзатуға арналған тойға көпшілік жиналған еді. Бұл кезде Ақан да едәуір жасқа келген шағы болатын. Соған қарамастан, тойды думандатып, көпшілікті өнерімен баурап отырған — сол Ақан.  Бір мезетте  Ақан ойынға жаңаша серпін беріп: «Әркім өз сүйгенін өлеңмен шақырып, жанына отырғызсын», — деген ұсыныс айтады. Осы сөзден соң ол:
— Ыбырай, сен басташы, — деп сөз кезегін береді. Ыбырай үшін бұл — көптен күткен сәт еді. Ол баяғыдан бері ұнатып, іштей сүйіп жүрген Шөбектің Мұқанының қызы, Мәлике сұлудың отырғанын көзімен шолып, оған арнап өлең шығарады:

Бозбалаға бұл бір сын жеке-жеке,
Әркімнің қасындағы сәулесі ерке,
Бұйрығы ханзаданың екі емес,
Жаныма келіп отыр, ей, Мәлике! — деген өлеңді шырқап қоя бердім, — дейді Үкілі Ыбырай [8,124].

     Бұл жолдарда Ыбырайдың жүрек сыры анық сезіледі. Ол өз махаббатын Мәликеге арнаған өлеңі арқылы жеткізеді. Бұл жай ғана өлең емес — ғашық жүректің шын тілегі, нәзік үміті. Күміс шолпының сыңғырындай, Мәликенің жанына келіп отыруы Ыбырай үшін жүрекке қуаныш, рухқа шабыт. Осы бір сәт — жастықтың, алғашқы махаббаттың жарқ еткен шағы. Ол өлеңмен ғашығына үн қатты, жүрегін ашты. Бұл — нағыз махаббаттың лирикасы, ішкі толқыныстың өрнегі. Сегіз сері мен Үкілі Ыбырай шығармаларындағы махаббат тақырыбының үндестігі — нәзіктік пен тазалыққа негізделген. Екеуі де сезімді биікке көтеріп, ғашықтықты адам жанының ең көркем күйі ретінде жырлайды. Дегенмен Сегіз серіде сүйіспеншілік — тұрақты, ойлы сезім болса, Үкілі Ыбырайда ол жастықтың, шабыттың отына айналған.

    Жаяу Мұса мен Естай шығармаларындағы рухани биіктік. Сонымен қатар, Жаяу Мұсаның шығармашылығындағы махаббат тақырыбына арналған ән-жырлары да сал-серілер поэзиясындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл бағытта ақынның «Сәлимам» әні айрықша орын алады. Ән өте нәзк сезімге толы, шынайы махаббатттың лирикалық көрінісі. Ақынның Сәлиманы шын сүйіп, оның әрбір қылығына ғашық болғаны әнінен айқын көрінеді. Жаяу Мұса махаббатты тек сыртқы сұлулық ретінде емес, ішкі рухани үндестікте де жоғары бағалаған. Ол сүйгеніне:

Сәлимам, шырағымсың, гауһарымсың,
Сендей жан жолықпайды бар адамға.
Ақ жүрекпен сүйемін, ардақтаймын,
Адалдықпен жыр арнаймын саған ғана.- деп сырын шертеді [9,76].

     Сал-серілік дәстүрді жалғастырушы Естай Беркімбайұлының шығармашылығында да махаббат басты тақырып болып табылады. Ақынның «Қорлан» әні қазақ ғашықтық поэзиясындағы шоқтығы биік әндердің бірі.Бұл әнде Естайдың нәзік сезімі, жүрек күйзелісі мен сағынышы терең поэтикалық өрнекпен сипатталады:

Бір Қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Ахау, арман,
Құсни, Қорлан!
Екі-ай бағлан,
Екеуі туған екен бір анадан.
Бозбала қалма қапы бұл жалғаннан,
Жігіттің арманы жоқ Қорланды алған [10,41].

     Бұл өлеңде Қоланның сұлулығы мен ақынның оған деген шексіз махаббаты суреттеледі. Өлең жолдары Қорланға деген терең сезімін, оның сұлулығына деген таңданысын және махаббаттың орындалмас арманға айналғанын көрсетеді.

     Махаббат — рухани биіктік пен тазалық белгісі. Екі ақын да махаббатты жай ғана сезім емес, адамның жан дүниесін тәрбиелейтін, рухани кемелденуге бастайтын ұлы күш ретінде суреттейді. Жаяу Мұса Сәлиманы «гауһарым» деп бейнелесе, Естай Қорланға деген махаббатын «арман» деңгейіне көтереді.

     Ғашықтық — жүректен туған, ерікке бағынбайтын сезім. Жаяу Мұса мен естай ғашықтықтытаңдауға болмайтын, жүректің әмірімен келетін сезім ретінде көрсетеді. Ақындар өздеріндегі махаббаттың шынайылығына күмән келтірмейді, керісінше соны жырлауды азаматтық әрі шығармашылық борыш деп санайды. Естайдың «Қорлан» әніндегі өкіну сарыны — махаббаттың бағаланбағанын сезіну, ал Жяау Мұса бұл сезім — сүйіктісін биікке көтеру арқылы көрінеді.

    Қорытындылай келе,  сал-серілердің махаббаты — тек жас жүректің әлсіз сезімі емес, ол өзінің өмір жолына, тағдырына жауапкершілік әкелетін ұлы күш. Ақан «өмірімді қалқа бала» деп, ал Естай өз арманын махаббатқа арнады, яғни ғашықтық олар үшін өмірдің мәнін қайта анықтайтын факторлаға айналды. Және де сал-серілердің ғашықтық жырлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймай, қазақ лирикасының алтын қазынасына айналған. Олардың махаббатқа арнаған әндері мен өлеңдері — жүректің адалдығы мен шынайы сезімнің поэтикалық келбеті. Сал-серілердің махаббат тақырыбындағы туындылары ұлттың сезім мәдениетін қалыптастырды. Олар арқылы қазақ жанының нәзіктігі мен әсемдікке іңкәрлігі көрініс тапты. Бұл мұра — ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы ретінде бүгінгі әдебиеттану үшін де маңызды зерттеу нысаны болып қала береді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 1-кітап: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 467 б.
  2. С.Қирабаев, Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. Алматы, 93 б.
  3. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. – Алматы, 2008.Т.З – 205-207-бб.
  4. Балуан Шолақ Баймырзаұлы. Балуан Шолақтың қуғында жүріп шығарғаны, «Ақын жырлары», Алматы, 1958ж.41-б.
  5. Ақан сері Қорамсаұлы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы, Балуан Шолақ Баймырзаұлы. Шығармалары. – Алматы: «Нұрлы kz», 2014. – 288 б. – (Ақындар аманаты)
  6. https://adebiportal.kz/kz/news/view/seriliktin-atasy-segiz-seri__23484
  7. https://bilim-all.kz/olen/498-ZHarq-etpes-qara-konilim-ne-qylsa-da
  8. Қазақтың сал-серілері: танымдық жинақ/Құраст. Серікқазы Қорабай – Алматы, «Айғаным» баспа үйі, 2017. – 216 б.
  9. Қалмырзаев Ә. Жаяу Мұса. Өмірі мен шығармашылығы. -Алматы: Өнер, 1993. -76-б
  10. Естай Беркімбайұлы. Таңдамалы шығармалар жинағы. Павлодар: С.Торайғыров атындағы кітапхана, 2005. -41-б

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх