Абдыкаримова Айман
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті,
филология факультеті, 3 курс студенті,
Ғылыми жетекші: Жумагелдин Жанайдар
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті,
филология факультеті, аға оқытушы
Аңдатпа: Мақалада ақын Гүлнар Салықбайдың шығармашылығындағы жаңашыл тенденциялар, Гүлнар Салықбай поэзиясының әдебиеттегі орны, өлеңдеріндегі әдеби және тілдік ерекшеліктері қарастырылды. Тәуелсіздік кезең әдебиетіндегі елдік, ерлік рух мәселелерінің ақын поэзиясындағы көрінісі жан-жақты талданды. Салыстырмалы-салғастырмалы және мәдени-тарихи әдістерді қолдана отырып, ақын поэзиясының оқырманға әсері мен әдебиеттегі рөлі зерттелді. Зерттеу нәтижесінде қазақ әдебиетіндегі ақын Гүлнар Салықбай поэзиясы туралы тұжырымдар, пікірлер сараланды.
Кілт сөздер: Лирика, ақын, рух, теңеулер, пікір, қазақ әдебиеті.
Тәуелсіздік кезең әдебиетіндегі елдік, ерлік рух, қазақ мемлекеттігінің қалыптасып, даму тарихындағы тұлға тағылымын жырлау үрдісін жеке шығармашылықтағы отаншылдық мұраттар, шеберлік тәсілдер, суреткерлік қолтаңба ауқымында зерделей отырып, мақала авторлары қазіргі қазақ өлеңінің көркемдік поэтикалық әлеуетін аша түседі.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылы және бір ақиқатты еске салып отыр. Ол – уақыттың, уақытпен бірге қоғамның, адамның әп-сәтте өзгеретіндігі. Он жыл бізге әжептәуір мерзім көрінсе де, тарих үшін қас қағым сәт [1; 9]. Осы қас қағымның қатпарында қаншама тыныс жатыр. Тереңірек үңілсек, әдебиет дамуының сатылы көшіндегі елеулі де елең еткізерлік ерлік те, көкейтесті көрегендік те осында. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады..» [2; 45] деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, тулаған толқындар арасында тоғысқан тағдырлар тағылымы сөз өнерін айналып өтпеді. Алдыңғы толқын кейінгіге ұласа, кейінгі алдыңғыға қарап ағынын реттеп, кеңейе келе өзіндік ағысын қалыптастырды. Осы бір толғамды жылдардың тынысымен әдебиетке келіп енген жас дарындардың бірі – ақын Гүлнар Салықбай болатын.
Ақын поэзиясында қазақтың нәзік лирикасының болмысы тереңірек көрініп, қазіргі қазақ поэзиясынан ойып тұрып орын алатындығы шындыққа сай келер еді.
Тәуелсіздіктің туысынан бастап, өлең өнеріне өзіндік менімен енген ақын қазіргі таңда поэзияның мөлдірімен сусындап, прозаға салмақты да ойлы шығармаларымен қосылып отыр.
Гүлнар Салықбайдың өлеңдері әдебиет сыншылары тарапынан жоғары бағаланды. «Күннің қызыл кірпігі» атты кітабында жаңа қолданыстары ерекше көзге түседі. Ақынның «Бір жұтым ауа, қызыл күн», «Жан» атты жыр кітаптары жарық көрген. «Жан», «Аспандағы аңсарым» атты М.Цветаеваның өлеңдерін аударып, «М.Цветаева» деген атпен кітап болып шықты.
Заман ағымы өзгеріп, поэзия жаңаша бағытқа бет бұрғанымен, «сіз» сөзінің қолдану аясы тарылған емес. Керісінше, қазақ поэзиясында бұл ұғым басқаша түлеп, өлең реңкіне жаңаша бояу қосуда. Біздің әдебиетімізде бұл ұғымның дамуына үлес қосып жүрген қазақтың ақын қыздарының бірі Гүлнар Салықбай десек, қателеспейміз. Қыз Жібек жырындағы Жібек пен Гүлнар ақынның бойында сонау ғасырлардан бері келе жатқан дәстүр сабақтастығы мен генетикалық байланыс бар. Г.Салықбай «Сіз» деу арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қызына тән сыпайылықтан бөлек, махаббаттың құдіретті сезім екенін түсініп, сүйген адамын төмендеткісі келмеген нәзік жүректің лүпілін аңғару қиын емес.
Жалпы, Гүлнар Салықбай поэзиясы туралы ертелі-кеш жазылған ірілі-ұсақты дүниелер біршама екенін айту қажет. Алайда бір мәселенің басы ашық, ол – Қасым ақынның қазақ поэзиясында берік орныққан шеберлік мектебінің қырларын ашу, ұлттық поэзиядағы Гүлнар Салықбай поэзиясы дәстүрінің қаншалықты дәрежеде жаңашылдыққа ұласуы т.б. Міне, бұл айтылған жайттар біздің жұмысымыз тақырыбының өзектілігін көрсетсе керек. Тақырыптық-идеялық сипаттар, стильдік өзгешеліктер, көркемдік-эстетикалық өре-деңгейді саралау т.б. – бәрі де осынау проблемалардан туындамақ. Ал мұның өзі, тұтастай алғанда қазақ поэзиясындағы өсу, өркендеу, кемелдену сипаттарын саралауға алғышарттар жасайтыны белгілі.
Өмірде мейлінше қарапайым Гүлнар Салықбай өлеңде мейлінше сыршыл, өрнекшіл, тегеурінді ойға құрып толқындатып жазатын хас шебердің өзі болған. Ақын өмірбаяны өлеңінде өзінің туу сәтінен бастап, өлең белеңдерін түп-түгел айтып, бейнелеп жазып, сағыныш сезіміне орап жырлап өтті десе де болады. Жұртына жұпар жыр, ғажайып сыр сыйлаған ақын тағдырына қызыққан жан оның әрбір өлеңіне, өлең әдібін, әрбір жолына үңіліп қараса ақын жүрегін көреді, қаламгер тұлғасы, шығармашылық тағдыры көзге нақты елестеп қоя береді. Ақынның осы бір шеберлігі көптеген қаламгерлерге үлгі болды.
«Тақырып – өнер туындысының іргетасы» [3; 48] деп З.Қабдолов айтпақшы, Гүлнар Салықбайдың сөз өнері, оның ішіндегі өлең өнерінің іргетасы дәлдікпен, нақтылықпен қаланған. «Тораптанған тоқсан түрлі толғаммен» жолға шыққан ақын, өмірдің күйінішімен де, сүйінішісімен де табысып, ұзақ сапарда салқын да жылы, қатты да жұмсақ иірімдердің арасынан жүріп келеді. Жолда кезіккен құбылыстарды сөзге қондырып, өлең тілімен сөйлетеді.
«Бұрын ақындар ұйқас негіздерінің дыбыстық құрамының толық сәйкестігіне жету үшін мақсатты түрде ізденетін болса, қазір керісінше дыбыстық, буындық ассиметрияға ұмтылыс байқалады. Дыбыстар мен буындар сәйкессіздігінің бүгінгі поэзияда үлкен үрдіске айналып, басымдық танытуы ақындардың бар өлшемнен азат болып, өлеңнің ішкі сырын неғұрлым табиғи болмысымен жеткізудің ұйқас өрнегіндегі көрінісі Ал жаңа қазақ поэзиясындағы дыбыстық жаңашылдық – толық үндестіктен мақсатты түрде бас тартудан, толымсыз ұйқас түрлерінің мол көрінуінен байқалады. Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Беделхан өлеңдеріндегі ауыз екі сөйлеу стиліне жақындатып беру мақсатында өлең әуезділігі мен сымбатын мақсатты түрде жұтаң етіп, аз буынды дыбыстық үндестіктерге құрады. Бұл поэзияның ұйқастан еркіндік алуға деген ұмтылысын байқатады» [4; 17].
Г.Салықбай – ақын ғана емес, өз өлкесін бес саусағындай жатқа білетін терең пайым-парасаттың иесі, әрі топырағы киелі туған жерінің тарихын толыққанды зерделеген шежіреші. Оның елсіз жердің еншісінде қалған мазарларды, Күн сүйген күмбездерді зерттеп, ескі құлпытастарда байырғы тілде жазылған бай қазынаны, нақтырақ айтсақ бәдіз-жырларды оқып, жас ұрпаққа түсіндіріп һәм танытып жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Әулие жұрттың әңгімесі мен әлқиссасы аруақты сыйлап басталатын текті топырақ осы. Тарихты жан-жақты танығаннан болар, оның жырлары да – терең, ұлттық дүниетанымға толы. Осыдан қазақты сүю, қазаққа қызмет ету, ұлттық рухты жоқтау құлшынысы жаралады.
Насихат өлеңдер – классикалық әдебиеттің белсенді жанрларының бірі. Ұлы ақындар қалыптастырған бұл дәстүрді де қазақ ақындары адамгершілік қарым-қатынастарына арналған өлеңдері арқылы жалғастыра білді. Мәселен ақындар, О.Асқардың «Тәуелсіздік тартулары», Б.Үсеновтың «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», Н.Жұмаханұлының «Жүрек әні», Г.Салықбаеваның «Аспандағы аңсарым», Ш.Әбдікәрімовтың «Байқоңыр», Р.Ниязбековтың «Тыңда мені, замана!», С.Мұқтарұлының «Қарашаңырақ», Қ.Ілиясұлының «Тас жарған», Ғ.Жандыбайдың «Ақ теңіз», сондай-ақ әдебиетке тәуелсіздік жылдары келіп қосылған жаңа есімдер, жас толқындар Ж.Сәрсектің «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» сияқты жыр жинақтарынан кездестіреміз.
Г.Салықбай поэзиясының бір ерекшелігі – тосын теңеулерінде. Ақын қарапайым өлең жазып отырып, оқыс бұрылыс жасайды. Қиялын тізгіндемей, тапқырлыққа барады. Бірақ Гүлнар ақынның тапқырлығы Қадыр ақынның дидактикасына мүлде ұқсамайды. Тіпті кейінгі ақындардың тақпақтап кететін тапқырлықтарына да келмейді. Одан гөрі әңгімелесіп отырып, оқыс сұрақ қойып, есіңді шығаратын сұхбатқа ұқсайды. Ойландырады. Жүйкеңмен ойнайды. Дегбіріңді қашырады. Осының бәрі ақынның ішкі қуатынан туады [5].
Заман ағымы өзгеріп, поэзия жаңаша бағытқа бет бұрғанымен, «сіз» сөзінің қолдану аясы тарылған емес. Керісінше, қазақ поэзиясында бұл ұғым басқаша түлеп, өлең реңкіне жаңаша бояу қосуда. Біздің әдебиетімізде бұл ұғымның дамуына үлес қосып жүрген қазақтың ақын қыздарының бірі Гүлнар Салықбай десек, қателеспейміз. Қыз Жібек жырындағы Жібек пен Гүлнар ақынның бойында сонау ғасырлардан бері келе жатқан дәстүр сабақтастығы мен генетикалық байланыс бар. Г.Салықбай «Сіз» деу арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ қызына тән сыпайылықтан бөлек, махаббаттың құдіретті сезім екенін түсініп, сүйген адамын төмендеткісі келмеген нәзік жүректің лүпілін аңғару қиын емес.
Ақын жаны тым нәзік, ол сүйе алады, ол өкінсе, өмірден баз кешеді, ол сүйсе, ессіз сүйеді, ол толғанса, түнмен сырласады, ол сағынға, сағыныштан сарғаяды, қаланы жатсынады, ауылды аңсайды, еркіндікке ұмтылады, қыран болып самғайды, көкті бағындырады, жауын болып жауады, ашуланса, найзағай болып жауын аямайды. Ол – шебер, ол – суретші, ол – дара, ол – Ақын.
Гүлнар Салықбай сияқты нәзік жанды ақындар кемде-кем, өзі нәзік, жыры асқақ, кешегі Фариза апамыздың рухты өлеңін жалғаушы – көпір.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Дәдебаев Ж. Абайтану. Таңдамалы еңбектер. – Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 248 б.
- Жұмабаев М. Жан сөзі. – Алматы: Жазушы, 2004. – 396 б.
- Сейпутанова А. Қазіргі поэзиядағы стиль және бейнелілік. – Алматы: New Book, 2023. – 120 б.
- Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Жазушы, 1983. – 456 б.
- Салықбай Г. Бір жұтым ауа, қызыл күн. – Алматы: Жалын, 1990. – 96 б.