Қожа және оның сыныптастарының псхологизмі

Қайрбек Аружан Жақсылыққызы
Әжіқұл Ұлмекен Қайратқызы
Қыдырбаева Ақниет Серікқызы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті
Филология факультеті. 6В01701-«Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасы

Жетекші: Рүстемова Жанар Айдарбековна


Аңдатпа

Мақалада Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», хикаятындағы Қожа мен оның сыныптастарының мінез-құлықтарына талдау жасалады. Кеңес заманындағы оқушылардың мінез-құлқын танымдық тұрғыдан зерттеудің өзектілігі дәлелденеді. Қожа мен оның сыныптастарының образы арқылы кеңестің кезеңдегі жасөспірімдердің тұлғалық мінез-құлық өзгешеліктері көрсетіледі. Кеңестік қоғамда өмір сүрген балалардың психологиялық жай-күйі әлеуметтік мәселелермен байланыстырылып түсіндіріледі. Әдеби және ғылыми талдау әдістері арқылы Қожаның отбасындағы жағдайы, жан дүниесіндегі ішкі қайшылықтары және қоғамдық-әлеуметтік мәселелер сарапталады. Мақалада отандық әдебиеттанушылар мен шетелдік психолог, педагог ғалымдарының еңбектеріндегі, ой-тұжырымдар басшылыққа алынады.

Сондай-ақ оқушылар мен студенттер арасында жүргізілген сауалнама негізінде олардың Қожа мен оның сыныптастарына қатысты жеке көзқарастары зерделенеді. Зерттеу нәтижелеріне сауалнама диаграммалары арқылы талдау жасалады. Қожа мен Жантастың мінез-құлық тұрғысындағы ерекшеліктері тұрғысында кесте жасалады. Зерттеу нәтижелері бойынша мұғалімдер мен атааналарға 11-12 жастағы балалардың тәрбиесіне қатысты нақты ұсыныстар жасалады.

Кілт сөздер: психология, түсінік, Қожа, Кеңес дәуірі, тәрбие.

Кіріспе

Мақалада әдебиеттегі психологизм көрінісі зерттеледі. Соның ішінде Қожа және оның сыныптастарының мінез-құлық бейнелері қарастырылады. Қазақ тілінде ең алғаш психология туралы еңбек жазған Ж.Аймауытұлының пікірінше психология бұл – тірі заттарды яғни жантықтардың қылығы, іс-қимылы туралы пән дейді [1.36]. Ғалымның түсіндіруінше тірі, жаны бар заттардың өлі дүниелерден айырмашылығы қимылдауында. Қимылдарды белгілі бір сипаттарына қарай жіктеп, ат қоюға болады, — деді. Әдебиетте де психологияның бұл көрінісі осы мағынасында көрініс табады. Оқырманға кейіпкердің ісқимылы оның психологиясынан хабар береді. Ғылым тарихында қазақ романдарындағы психологизм табиғатын көрсетіп,теориялық негізін жүйелеген Б.Майданов қазақ романдарын мазмұны мен стильі, даму кезеңдері,психологиялық паралеллизм, диалог, маналог сияқты әдіс-тәсілдерді «Қазақ романы және психологиялық талдау» еңбегінде жан-жақты көрсетті [2.232]. Шыныменде оқырман ретінде кейіпкердің психологизмін көп жағдайда осы Б.Майданов көрсеткен бөліктерден көріп жатамыз. Көп жағдайда қаһарман психологизмі оның іс-әрекеттерінен, сөздерінен байқалады және бұлар көркем шығарманың негізгі проблемасын көрсететін басты құралдары болып табылады. Көбіне шығарманың негізгі идеясы, астарлы ойы кейіпкер психологизмінде жатады. Сондықтан әдебиеттегі психологизмді зерттеу оның түп тамырын ашу, түсіну дейміз.

Осы орайда Г.Піралиева психологизмді образдың жан дүниесін, дара болмысын танытатын құрал ретінде түсіндіреді [3.13]. Ол кейіпкерді ғана емес, сол туындыда көтерілген мәселені түсіну. Яғни әдебиетте психологизмнің болмауы бос дүние, дәм сезбей тамақтанумен бірдей іспеттес.

Әдістер: Бұл мақаланы зерттеп-талдау барысында салыстырмалы талдау әдісі, сауалнама әдісі, практикалық әдіс, контекстуалдық талдау әдістері таңдалып алынды.

Нәтиже және талқылау. Біз негізге алып отырған зерттеу нысаны Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесіндегі жасөспірімдердің психологизмі.

Психоанализдің негізін қалаған австриялық психиатор З.Фрейд психиканың үш құрамын белгілеген. Олар: «ID», «SUPEREGO»‚ «EGO» [4]. Қазақ тілінде ғалымдар өз еңбектерінде ID ұғымын – «өз»‚ SUPEREGO ұғымын – «жоғары мен», ал EGO ұғымын – «мен» деген терминмен ауыстырып қолданып жүр. ID дегенімізді Фрейд құмарлық сезімдердің қоймасы ретінде бағалайды. Ол физикалық қажеттіліктерді қанағаттандырады. Мысалы, су ішу, ұйықтау т.с.с. Яғни ол сананың бейсаналығында іске асатын әрекететтер. EGO ол ID дің талаптарын басқарушы, яғни саналы әрекеттер. SUPEREGO бұл біздің айналамыздағы ата-аналарымыздың немесе мұғалімдеріміздің жалпы бізді қоршаған әлеуметтік қоғамның бізге жасайтын ықпалы,билігін білдіретін термин. Ол біздің ар-ұятымызды басқарады. Қателік жасаған кезде өкіну, өзін кінәлі сезіну сезімдерін тудырады.

Мысалы: «Сабақты жақсы оқу – үлгілі оқушының бірінші белгісі. Мен осы тоқсанның ішінде қалай еткенде де озат окушылардың қатарына қосылуым керек. Ол үшін:

а) Сабақтан бір сағат та себепсіз қалмаймын.

б) Үйге берілген тапсырманы мезгілінде орындап отырамын» [5.122]. Бұл үзіндіде Қожаның шешім қабылдауда ID жоғары екенін байқаймыз. Оның сабақтан жиі қалуы,тіл алмауы, тәртіп бұзуы,үй тапсырмасын орындамауын бейсаналық әрекеттер деп қабылдаймыз. Оның орнында Жантас немесе Жанар болса SUPEREGO әрекетіне көп көңіл аударар еді.

Ч.Х.Кули адам өзін әлеуметтік процестерде өзгертетінін айтып, «Айнадағы Мен» теориясын ұсынды [6]. Бұл теория бойынша, «Айнадағы Мен» процесінде индивид яғни жеке тұлға өзінің ойынша өзін басқа адамдардың пікірі бойынша қабылдайды, сол көзқарастар арқылы өзіне жақсы немесе жаман баға береді. Дәл айнадағы шағылысу секілді физикалық «МЕН» үлгісін ұсынады. Осы терияның көрінісін повест басындағы бірінші тарауындағы «оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни менімен танысады» деген бөлімінде байқадық. Мысалы: «Менің атым… Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін… Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуга да, естуге де қолайсыз есімдер бар».

Бұл жерде басты кейіпкер Қожаның өзінің есімін Майқанова апайдың пікірімен қабылдағаны көрінеді.Есіміне көңілі толмайтынын алға тартып Майқанованың пікірі бойынша төмен баға береді.

Басты кейіпкердің бейнесін ашатын ол жанындағы достары,сыныптастары. Жантас – Қожаның сыныптасы және қарсыласы ретінде көрінеді. Жантасконформизмды бейнелейтін образ. Конформизм – көпшіліктің таңдауын дұрыс көретін, яғни қоғамның ойына тәуелді адам. М.Дейч пен Г.Жерар 1955 жылы конформист теориясын ашты. Э.Аш эксперминетінің нәтижесінде 75% адам конформизмге бейім. Ал Э.Фром оны реалистік бағытта түсіндіреді [6]. Конформизм бұл адамдар үшін қорғаныс деген пікірді айтады. Тұжырымдай келе, конформизм дегеніміз адам неғұрлым өз-өзіне көзқарасына сенімсіз болса, соғұрлым конформизм қасиеті басым болады. Жантас өзін тәртіпті,ұқыпты,сабақты жақсы оқитын бала ретінде көрсеткенімен, ішкі ойы қулыққа толы кейіпкер. Қожаны төмендету арқылы өзін жақсы көрсеткісі келеді. Жанар повестегі позитивті кейіпкер. Ақылына көркі сай Жанар Қожаның алғашқы махаббаты. Ол Қожаның жан дүниесінде идеал адам ретінде орын алады. Жанар арқылы Қожа қанаттанады, өзіне сыни көзбен қарап,түзелуге тырысады. Қожаның жанашыры, қолдаушысы ретінде танылады. Қожаға бәрі қарсы тұрғанда пионерлер ішінен жалғыз Жанардың қолдауы оның бойынан симпатия (ұнату сезімі) байқатады. Бұл терминді психологияға енгізген Я.Л.Морено.

Сұлтан – Қожаның досы әрі серігі. Оның психологиялық табиғаты Қожамен ұқсас. Дегенменде Сұлтанның баукеспелігі Қожаны басып озады. Ол Қожаны әртүрлі теріс әрекеттерге итермелейтін. Сонымен қатар шытырман оқиғаларға құмар, тәуекелшіл кейіпкер. Ол тәуелсіз болуды аңсайды және соған ұмтылады. Мектептен өз еркімен бас тартып, баукеспелік жолға түскені осыған дәлел. Сонымен қатар, Сұлтанның бойынан манипуляция бейнесі көрінеді. Қит етсе әкесіне «өзенге батып өлемін» деп қиқу салуы соның белгісі. Дегенмен, бұл дегенмі тек қана манипуляция емес. Оның астарында суицидтің алғы шарттары жатыр. Демек, Кеңес дәуірінде де қазіргідей суицид белең алған кезең екенін байқаймыз.

«Менің атым Қожа» хикаятындағы екі негізгі кейіпкер – Қожа мен Жантас – бір сыныпта оқыса да, мінез-құлқы мен дүниетанымы мүлде екі түрлі. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар мысалы, Қожа – әділеттілікке жаны құмар, еркін ойлы бала. Оның бойындағы ең негізгі қасиеттер:

  1. Турашылдық. Қожа әділетсіздікке төзбейді, қателескенін мойындайды. «Педсоветте қарағанда, не айтпақшы? О, Тәңірім, менің де тыныштық табатын күнім бола ма, жоқ па?» [5.61].
  2. Қайсарлық. Қожа мұғалімдермен, сыныптастарымен ашық сөйлеседі, өз ойын бүкпесіз жеткізеді. Жантас оны «Қара Көже» деп мазақ еткенде, ол бұған қарсы тұрып, тиісті сыбағасын береді. «Жантас тәрізді қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді» [5.3].
  3. Тентектік. Қожа кейде эмоцияға беріліп, ойланбай әрекет етеді. «Бермесеңіз, қойыңыз, — дедім де, жалт бұрылып, есікті бар күшіммен тарс жауып, жөнеле бердім» [5.8].
  4. Жағымпаздық. Жантас мұғалімдерге жағымпаздануға тырысады. Ол пионер лагеріне бірінші болып жолдама алған кезде Қожаны келемеждеп, мұғалімдерге жақындығын көрсетеді. «Қара көже, мынаның не екенін білесің бе?» [5.8].
  5. Екіжүзділік. Жантас мұғалімдердің көзінше тәртіпті, ал оқушылардың арасында басқаша мінез көрсетеді. «Жантас тәрізді қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді» [5.3].
  6. Мақсатқа жету үшін айла қолдану. Ол өз мүддесін жоғары қойып, пайдасын ғана ойлайды. Жантас Қожаны пионер лагеріне бармай қалғаны үшін мазақтайды. “Ал сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың.” [5.8]
  7. Әлсіздерге үстемдік жүргізу. Қожа сияқты ашық әрі әділетті балаларды мазақ етуді ұнатады. «Бірінші ұсыныс: Қадыров мектептен шығарылмасын, ең соңғы қатты сөгіс беріліп, қалдырылсын! Көпшілік. Екінші ұсыныс: Қадыров мектептен шығарылсын! Бір ғана адам қол көтерді, ол – Жантас» [5.19].

Қожа мен Жантастың ұқсастықтары мен айырмашылықтары:

1-кесте:

Ерекшеліктер Қожа Жантас Ортақ қасиеттер
Мінезі Ашық, әділетті Жағымпаз, қу Екеуі де мектеп оқушысы
Әлеуметтік ортасы Анасының тәрбиесінде Отбасылық бақылауда Кеңес қоғамында өскен
Мектепке көзқарасы Тәртіпке бпғынғысы келмейді Мұғалімдерге жағынуға тырысады Екеуі де мектеп талаптарына бейімделуге тырысады
Достыққа көзқарасы Шынайы дос болуға тырасады Өз пайдасын ойлайды Екеуі де құрметке ұмтылады

Бұл диаграмма Қожа мен Жантастың тұлғалық айырмашылықтарын нақты көрсетеді. Қожа – әділеттілікті жоғары қоятын, бірақ тентек бала, ал Жантас – қоғамға бейімделген, өз пайдасын ойлайтын оқушы.

Бұл жерде мақсатты аудитория – студенттер. Студенттер арасында Қожа мен оның сыныптастарына қатысты көзқарастары туралы зерттеулермен сауалнама жүргізген болатынбыз. Зерттеу барысында студенттердің Қожа мен Жантастың мінез-құлқына қатысты пікірлері анықталды. Сауалнама нәтижелері Қожа мен Жантасты қабылдаудағы көзқарастардың әртүрлі екенін көрсеткен болатынбыз. Сауалнамаға қатысқан 30 студенттердің, 65% – Қожаны әділетті, бірақ қателікке жиі ұрынатын кейіпкер деп санайды ал, 20% – оны тәртіпсіз, үлгі болуға лайықсыз бала деп есептейді қалған 15% – оның еркін ойлау қабілетін жоғары бағалайды. Қожа туралы пікірлердің әртүрлі болуы оның күрделі кейіпкер екенін дәлелдейді.

Кейбір оқушылар оны батыл әрі шынайы деп қабылдаса, енді біреулері оны тәртіпсіз деп көреді. Сол 30 студенттің 70% – Жантас жағымсыз кейіпкер, ол өз пайдасын ғана ойлайды десе қалған 30% – Жантас заманына сай ақылды, өмірге икемді бала деп есептейді. Жантасты қабылдау да әртүрлі. Көпшілік оны жағымсыз кейіпкер ретінде көргенімен, кейбір оқушылар оны «кез келген қоғамда өз орнын таба алатын, өмірге икемді тұлға» ретінде бағалайды.

Сауалнама нәтижелері қазіргі балалардың тәрбиесі мен дүниетанымына байланысты әртүрлі пікір қалыптасатынын көрсетеді. Кейбір оқушылар Қожаның мінезін оң бағаласа, кейбірі оны тәртіпсіз деп санайды. Ал Жантасты кейбіреулер жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдаса, басқалары оны өмірге икемді тұлға деп есептейді.Бұл нәтиже баланың мінез-құлқын қалыптастыруда оның өскен ортасы мен қоғамының ықпалы зор екенін көрсетеді.

Ұсыныстар. Мұғалімдер мен ата-аналарға арналған ұсыныстар:

Сауалнама мен әдеби талдау нәтижелеріне сүйене отырып, мұғалімдер мен атааналарға келесі ұсыныстар берер едім:

1.Балалардың өзіндік ерекшеліктерін ескеру. Әр бала жеке тұлға болғандықтан, оның мінез-құлқын бір қалыпқа салу дұрыс емес және Қожа сияқты балалар еркін ойлауға бейім келеді, сондықтан оларды қатаң шектеуден гөрі, бағыттау маңызды ал Жантас секілді балалар өзін қорғауға және жетістікке жетуге тырысады, бірақ бұл қасиетті дұрыс арнаға бағыттау қажет.

2.Тәрбиенің әділ болуы.

Мұғалімдер барлық оқушыларға бірдей көзқараспен қарауы тиіс яғни, Жантас секілді балалар мұғалімдерге жағыну арқылы жетістікке жетуді үйренеді. Бұл әділетсіздіктің орнауына әкелуі мүмкін. Қожа сияқты балаларды тәртіпке салу маңызды, бірақ оларды еркін ойлау қабілетінен айырмау керек.

3.Өзін-өзі тану қабілетін дамыту. Балалардың өзіндік пікір қалыптастыруына мүмкіндік беру керек. Олардың өз әрекеттерін сараптап, қателіктерін түсінуіне жағдай жасау қажет және де әдеби шығармалар арқылы балалардың мінез-құлқын дамытуға көмектесу маңызды.

Қорытынды

Қорыта келсек, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаяты – балалық шақ психологиясын терең ашып көрсететін туынды. Шығармада Қожатәртіпсіз, тентек болғанымен, шынайы және әділетті бала. Ол қоғамның дайын қалыптарына сыймайтын, еркін ойлы жасөспірім. Оның бейнесі қазіргі балаларға да жақын, өйткені әрбір бала өзін іздеумен, қателесумен, түзелумен айналысады. Осы тұрғыдан алғанда, «Менің атым Қожа» хикаяты тек әдеби шығарма емес, балалар психологизмін зерттеуге арналған құнды еңбек болып қала береді. Бұл хикаят оқушылардың тұлғалық дамуын түсінуге, олардың психологиялық ерекшеліктерін тануға көмектеседі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ж.Аймауытұлы. Псиқолоғия. – Алматы:«Рауан», 1995,312 бет.
  2. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. – Алматы : Санат, 1996. – 366 б.
  3. Піралиева Г. Сана ағымы және аңыз // «Жұлдыз», 1994, Nº 1, Б. 189-195.
  4. Фрейд З. Введение в психоанализ: Лекции. – М.: «Наука», 2019.
  5. Б.Соқпақбаев “Менің атым Қожа” ЕРUВ форматын жасаған Тимур Бектұр .
  6. Интернет көздері.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх