Қалкен Дина Қалкенқызы
Шаназарова Фарида Атабекқызы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті
Филология факультеті
6В01701-«Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасы
Жетекші: Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы
Аңдатпа
Мақалада Сайын Мұратбековтің шығармашылығындағы лиризм қарастырылады. Қаламгер кейіпкерлерінің ішкі әлемі мен табиғат көріністері арасындағы байланыс сарапталады. Лирикалық проза арқылы адам эмоциясын, сезімін жеткізудегі автордың қаламының шеберлігі айқындалады. Әсіресе, қарапайымдылықты, ауыл өмірін, тұрмыс-тіршілігін, кейіпкерлердің ішкі әлемін танытуда маңызды рөл атқарады. Табиғат құбылыстары арқылы адам мінезіндегі психологиялық өзгерістер айқын суреттеледі. Лиризмді пайдалану арқылы жазушы адам өмірінің өткіншілігі мен рухани құндылықтарын нәзік келтірктіні көрінеді. Мақалада қаламгердің «Менің қарындасым», «Таңғы шық», «Басында Үшқараның» атты әңгімелері арқылы лиризмнің рөлі талданады. Қаламгердің прозасындағы қарапайымдылық, шынайылықпен эмоциялық тереңдік ерекше назарға алынып зерттеледі. Сонымен бірге лиризм туралы жарық көрген зерттеу еңбектері пайдаланылады.
Кілт сөздер: Сайын Мұратбеков, лирикалық проза, адамның ішкі әлемі, психологиялық портрет, ішкі монолог, табиғат суреттері, шынайы сезімдер.
Кіріспе
Лирикалық проза – автордың нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерімен жазылатын прозалық шығармалар. Лирикалық проза өз алдына жанр болып саналмайды, тек прозаның стильдік бір түрі ретінде қарастырылып жүр. Мұндай шығарманың композициялық құрылысы лирикалық кейіпкерлердің тебіреніс-толғанысына сәйкес қалыптасады [1, 351]. Лиризм – кейіпкердің сезімдеріне, табиғат пен адам арасындағы үндестікті көрсетуде ерекше мәнге ие.
Орыс әдебиетінде лирикалық прозаны жоғары сатыға көтерген Тургенов болды. Ал қазақ әдебиетінде лирикалық прозаның белгілері Ж. Аймауытов шығармаларынан айқын танылып бастады [1, 351]. Қазақ әдебиетінде лиризм– көркем шығармаларда ерекше көркемдік құбылыс ретінде жазушылардың шығармашылық стилінде маңызды рөл атқаратын әдіс. «Қазақ әдебиетінің негізін салушылар М.Әуезов пен С.Сейфуллин, М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытов («Шолпанның күнәсі», «Күнекейдің жазығы»), Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов («Шұғаның белгісі», «Тулаған толқында»), М.Иманжанов пен Т.Ахтанов («Ақмоншақ», «Махаббат мұңы») және тағы басқа жазушылар осы саңлақтар мектебінің өнегесін өз шығармашылық жолында батыл пайдалана білгенін ұмытуға болмайды» [2,3].
Лиризмді қолдану арқылы жазушы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, өмірге деген көзқарасын, сезімдері мен эмоцияларын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. «Лиризмді бүгінде көркемдік ағым деп санасақ оның әрі де, нәрі де нәзік лирика. Нәрі болатыны – қаламгердің «Айтайын дегенін сырлы суретке айналдыруы», оны тірілтуі. Осындай айшықты бедер, сырлы сурет, сұлу бітім лирикалық прозаны поэзиямен жақындастыратын қасиет екені анық» [2, 4].
Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әдебиеттің ерекше өкілі, шеберлігімен танылған жазушы – Сайын Мұратбеков. Оның шығармашылығында лиризм айқын, әрі терең көрініс табады. Лиризм арқылы адам психологиясын, ішкі әлемін, өмірдің қарапайым көріністерін, табиғатпен үйлесімділікті бейнелей отырып, оқырман жүрегіне терең әсер етеді. Қаламгер Тұрсын Жұтбай Сайын шығармашылығы туралы былай дейді: «Ол шындығында да, Сайын десе – сайын, қайыңның безі, қайырымның өзі еді. Сондай пәк сезім мен қатал адалдықтан жаралған тұлға. Алғашқы «Райгүл» мен «Менің қарындасым» атты шағын әңгімелерінен-ақ Ғабең – Ғабит Мүсірепов сияқты қаламы сараң, талғамы тас жаратын кербез дегдардың өзін: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында оның жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз» — деп сүйіндірген, сол қалпынан жазбай қалың қауымының көңілін қалдырмай сүйіндіріп өткен Сайынды – әдебиет сайынын қалай ғана назардан тыс қалдырдық екен» [3, 2].
Жазушының туындыларында көбінесе адам сезімінің нәзік көріністері, кейіпкерлердің жан тебіреністері мен ішкі қайшылықтары және табиғатпен, қоршаған әлеммен үйлесімділік табуға деген мәңгілік ұмтылыс бейнеленген. С.Мұратбековтың «Жусан исі», «Жабайы алма», «Басында Үшқараның», «Қызғаныш», «Қылау», «Күсен-Күсеке», «Менің қарындасым», «Ескек жел» «Отау үй», «Ұлтуған» және т.б. шығармалары қазақ әдебиетіндегі лирикалық прозаның озық үлгілері болып саналады. Бұл еңбектерде кейіпкерлердің ішкі әлемі табиғат құбылыстарымен үндесіп, автордың баяндау сипаты ерекше көрініс табады.
Негізгі бөлім
Сайын Мұратбеков кейіпкерлерді және олардың характерін жасаудың шебері. Оның қай кейіпкерін алып қарасақ та өте қарапайым, шынайы, өмірге жақын, адамгершілік қасиеттері басым жандар. Мысалы, 2003 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреатын алған «Жабайы алма» повесіндегі Аян, 1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығын алған «Қалың қар» повесіндегі Қанат, «Отау үйдегі» Ұзақ пен Тана, «Ескек желдегі» Рысжан, «Менің қарындасымдағы» Әлиман, «Басында Үшқараныңдағы» Зағипа, «Ұлтуған» әңгімесіндегі Ұлтуған, «Кәмен тоғайдағы» Кәмен, «Күсен-Күсекедегі» Күсеке, «Ананың арманындағы» әже образының барлығы Сайын Мұратбеков қаламынан туған шынайылығы басым, ерекше бейнеленген, көркем сомдалған кейіпкерлер.
«С. Мұратбеков әңгімелеріне орайлас қарастырғанда, лиризм нәрі – өмірге, қарапайым ауыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет, адалдықты жырлау, рухани асқақтықты, жан тазалығын мадақтау сарынынан қуаттанатындығы мәлім. Оның даралық қасиеттері әр туындыдағы өзгеше сюжеттік мазмұн, характерлер болмысы, баяндау тынысындағы эмоционалдык-экспессивтік шырайлар сипатынан көрінеді. Ішкі сезім толқындарын бейнелеуде ықшам портеттік штрихтарды ұтымды пайдаланған…» [4, 58 б.].
Қаламгердің шығармаларындағы негізгі ерекшелік – табиғат кейіпкерлердің ішкі сезімдерімен, психологиялық күйлерімен тығыз байланыста болады. Табиғат құбылыстары арқылы кейіпкерлердің жан дүниесі толық ашылады.
Прозадағы ерекшеліктердің бірі – лиризм болып табылады. «Лиризм прозаның дүниетанымдық, эстетикалық мұраты – арқау еткен, өзара байланысын үзбей шынайы өрбіткен оқиғаны майын тамыза тәппіштеп баяндап беру емес, кейіпкердің жаның, сезімін, қуаныш-сүйінішін, қасіреті мен мұңын өмірдің тап өзіндегідей сиқырлы да айшықты суретке айналдыра алуы, оқушысын иландыра білуі, психологиялық реализмнің сан иірімдерімен ширықтыра беруі» [2, 80].
С. Айтуғанова бір мақаласында: «Лирикалық прозадағы пейзаж – ол сезімді жеткізетін құрал. Кейіпкерлердің жан-дүниесімен бірігіп, көңіл-күйін, писихологиялық күйзелісін ашуға көмек береді»-дейді. [12, 92-96]
Қаламгердің «Басында Үшқараның» әңгімесінде қоршаған орта мен кейіпкердің жан дүниесіндегі үндестігі лиризм арқылы беріледі. Мысалы, Әсет есімді кейіпкерің күйзелісін табиғат пен поездың қозғалысымен байланыстыра суреттейді: «Поезд ақырындап жылжи бастады… Өмірдің барлық қызығы мен шыжығы осынау поезда, бұйығы жылы вагонда кетіп бара жатқан тәрізді» [6, 29]. Табиғат пен вагонның қозғалысы кейіпкердің ішкі толғаныстарын айқындайды. Әсеттің ішкі әлеміндегі тербелісі табиғаттың бейнесімен астасып, автордың лирикалық баяндауы арқылы эмоционалдық мәнге ие болды.
Бұл жерден романтизм де айқын көрінеді, өйткені адамның ішкі әлемі мен табиғат арасындағы байланыс романтикалық сипатқа ие. Әсеттің ауылға келіп, өткенді есіне алуы да лиризмге тән ерекшеліктермен берілген. Ол жусанның иісімен, табиғат көріністерімен балалық шағын, өткен өмірін есіне түсіріп, өткінші өмір туралы ойланады. Бұл сәттерде де лиризм арқылы кейіпкердің ішкі эмоциялары, толғаныстары тереңірек көрініс табады.
С. Мұратбеков әңгімелерінің басты тақырыбы мен көтерген өзекті мәселесі – ауыл өмірі мен әлеуметтік жағдайдың өзара байланысын суреттеу. Сол арқылы кейіпкерлердің азаматтық табиғи болмысын, адамгершілік позициясын, рухани тазалығын, жан сұлулығын, нәзік құбылыстарын, сан қырлы қайшылықтарын сырлы психологиялық этюдтермен өрнектеу қаламгердің басты мақсаты болған. Осы мақсатта қаламгер ауыл адамдарының адалдығын, кіршіксіз аққөңіл мінездерін, бауырмалдығын, ішкі ой-сезім иірімдерін ашып көрсетеді [7, 62].
Автордың «Таңғы шық» атты әңгімесінде Тұраш есімді селолық дүкеннің сатушысы өмірі оның жан дүниесіндегі өзгерістері туралы сөз қозғалады. Тұраш үш ай қамауда болғаннан кейін, бостандыққа шығып, ауылына жетер жолдағы сезінген сезімдері, өткен өмірі мен қателіктерін ой елегінен өткізуі, оның ішкі жай-күйіндегі өзгерістері, өмірге деген көзқарастары әңгімеде табиғатпен астасып керемет суреттеледі. Тұраштың бостандыққа шығып, жаңа өмірге қадам басқандығын табиғатпен, күннің алқызыл болып шыққан таңғы шапағы арқылы байланыстырады: «Құдия еңкейген күннің көзі ақшыл сарғыш реңінен біртіндеп сүзіліп енді алқызылданып, жер үстін қызғылт шапақты нұрға мала бастады. Бүкіл үстірт күрең қызылданып жатыр» [5, 69]. Бұл жерде кейіпкердің ішкі қуанышы да көрініс тауып тұр. Еркін, тыныш табиғаттың көрінісі оның бостандыққа деген құштарлығымен астасып жатыр. Сонымен қатар «Таңғы шық» шығармасынан лиризмді мынадай сөздер арқылы байқауға болады: «меңіреу тыныштықтан да осы салдыр-гүлдір ұнады Тұрашқа», «Күн сұлу да бүгін ұясынан сергек тұрған тәрізді», «Тау арасы тұп-тұнық, буалдыр көк-аяз тұнып тұр», «Тау арасының кешкі тыныштығын тіліп өтіп, күмісше сыңғырлайды» «Айдалада, тау арасында иесіз қалған ескі тас қыстауда от жағып жүрген кім екен?» [5, 70-77]. Мұндай суреттеулер арқылы автор кейіпкердің ішкі әлеміндегі өзгерістерін, сезімдерін, өмірге деген құлшынысы мен жаңа үмітін табиғат көріністері арқылы жеткізеді. Мұратбеков табиғат бейнесін пайдаланып, кейіпкелердің эмоциясын бейнелейді ал басқа жазушылар көп жағдайда табиғатты оқиға орын алатын фон ретінде қолданады. Бұл жазушының өзіне тән ерекшелігі.
«Прозадағы лиризм бұл – кейіпкер мінезін ашудың, кейіпкер бейнесін даралаудың, шығарманың эстетикалық қуатын артырудың бірден-бір негізі. Лирикалық шығармада кейіпкер сезімі мен суреткер сезімі астасып отырады» [7, 62].
«С.Мұратбеков шығармашылығында өмірлік ситуация шыншылдығымен ерекшеленеді. Қарапайым адамдардың өмір мен тіршілігін суреттеген қаламгер шығармаларында лиризм мен психологизм кең қанат жайды» [7, 143-144]. Оның шығармаларында шынайылық пен қарапайымдылық ерекше көзге түседі. Бірақ оның шығармалары бұл қарапайымдылығына қарамастан, шынайылықпен, лирикалық сезімдермен беріледі. Басқа жазушылар ауыл өмірін суреттегенде көбіне тарихи не әлеуметтік мәселелерге назар ауарады.
Кейіпкерлері – қарапайым ауыл адамдары, олардың күнделікті тіршілігі арқылы өмірдің мәні ашылады. Мысалы, «Басында Үшқараның» әңгімесіндегі Зағипа бейнесі арқылы жазушы ауыл өмірінің ауыртпашылықтары мен күрестері лиризммен жеткізеді. Әсет: «Күзде Зағипа мектепке қайтып оралған жоқ, малдағы әке-шешесі жібермепті-міс деген сөз болды. Онан бірер жыл өткен соң малда жүрген бір жігітке тұрмысқа шығыпты деген де хабар жетті» — деп Зағипаның мектепке оралмағандығын есіне алады. Бұл сөйлем оның өмірінің қалай өрбігендігін көрсетеді. Оның тұрмыстық жағдайының қиындығы мен көп балалы ана болғандығы оның өмірінің қарапайым, бірақ ауыр болғандығын білдіреді [6, 40].
Жазушы кейіпкердің басынан өткен қуанышын мен қиындығы мен қайғы-қасіретін үлкен драма қылмай, ауылдың күнделікті өмірімен байланыстырған. Бұл тәсілі арқылы автор оқырманды қарапайым ауыл өмірінің өзіндік сұлулығын көруге, қарапайым өмірдің құндылықтарын танып, білуге жетелейді. Автордың кейіпкерлері адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, өмірлік күрестерін жеңіл өткеруге ұмтылады. Басты кейіпкер Әсеттің туған ауылына оралуы, оның ескі таныстарын кездестіруі шынайы сипатталады. Ол туған ауылына деген қарапайым, әрі терең сезімдерін табиғатпен үйлестіре жеткізеді: «Ойлы-қырлы кең дала, шығар күннің алқызыл шапағында, түнде көк аяз қалың шықтан жалтырап күміс жалатқандай сыздап жатыр» деп ауылдың қарапайым өмірі мен табиғат суреттерін әдемі бейнелейді. Бұл қарапайымдылық пен шынайылық Мұратбеков прозасының басты ерекшелігіне айналады [6, 30].
«Сайын Мұратбеков әңгімелеріндегі мөлдірлік, сезімнің шынайылығы мен табиғилық, лирикалық сыршылдық пен терең психология, адам жанын айнытпай танитын қасиетті, қаламгер шеберлігін көрсетеді. Өмірлік материалды саралап, түрлі тағдырлар, адамдар арасындағы қақтығыстар мен әр түрлі байланыстар арқылы адам жанының терең түкпіріне, көзге байқалмас қатпарына бойлатады. Өзің күнде көріп, біліп жүрсең де елеп-ескермейтін құбылыстарды байқатып, өткен өмір, бүгінгі күн, ертеңгі болашағың жайлы ойлануға жетелейді… Сайынның кейіпкерлері – характері айқын, эстетикалық талғаммен сұрыпталған, типтік бейне тұрғысынан қарауға болатын өз болмысы оқшау тұлғалар» [8, 90 б.]. Мұратбековтың шығармаларында лиризм кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін терең ашатын негізгі құралдың бірі.
С.Мұратбековтың бірқатар әңгімесі бірінші жақтан баяндалған [7,62]. Әсіресе, «Менің қарындасым» әңгімесінде бірден байқалады. Ол бұл туындыны бірінші жақтан баяндай отырып, лирикалық сарындағы ерекше туындыны өмірге әкелген. Автор оны кейіпкердің сезіміндегі нәзік реңктерді бейнелеуде ұтымды пайдаланған.
Әңгімеде қарындасы мен ағасының қарым-қатынасы арқылы адам болмысының әртүрлі қырлары көрініс табады. Лиризмнің ең басты көрінісі – ағасының бауырына деген қамқорлығы мен мейірімі. Әңгімедегі ішкі толғаныстар мен монологтар кейіпкерлердің эмоциясын лирикалық тұрғыдан аша түседі. Ағасының қарындасын кішкентай, ерке қылықтарын, ойынқұмар кезеңінен бастап, бойжеткен қыз ретінде көруі, ішкі өзгерістерін байқай алуы– бұл лирикалық бояулар арқылы суреттеледі. Мысалы, ағасы қарындасы туралы естеліктерді есіне түсіріп, оның еркелеген қылықтарын, балалық шағындағы ерекше әдеттерін аңсайды. Оның еркелігін, мазақ қылып тіл шығарып ойнайтын кездерін есіне алады және қазіргі бойжеткен қарындасының, байсалды әрі салмақты болып қалғанын аңғарады. Автор бұны ағасының ішкі толғаныстары арқылы жеткізеді. Бұл жерде лиризм – қазіргі уақыт пен өткенді байланыстырушы құрал ретінде қызмет атқарады.
«Көркемдік зерттеулерден өтетін өмір шындығының сенімділігіне айқын кепілдердің бірі – кейіпкер сөзі. Қаһарманның тек өзіне тән, дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрініс табады. Бұл диалогтың эстетикалық мәнін анықтайды. Монолог арқылы мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының нәзік тұстары, кейде автордың басты мақсаты көп ретте ішкі сөздер ағымымен бедерленеді» [9, 6].
Ағасының терең сезімі, ішкі толғанысы, монологы арқылы оқырманға өзгерген қарындасының бейнесі көрсетіліп, жеткізіледі: «Қарындасымның қазіргі жүріс-тұрысы да, сөйлеуі де, тіпті езу тартып күлгені де басқаша. Бойы сұңғақтанып, қара торы ерке жүзі ашаңдаған, есейгендік пішін бар, ойнақшып тұратын отты көздері де байсалды, ойлы қарайды. Шолақ мұрнының ұшы үшкілденіп, қырлана түсіпті. Жаңадан тіккізген қызыл драп пальтосы да өңіне жарастық беріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қарындасым тамаша сұлу қыз болыпты. «Қыз деген тез бойжетеді», – деп апамның талай айтқаны есіме түсті. Бірақ мен оның осы әсем сұлулығынан гөрі, тиісе кетуден тайынбайтын, ерке қылығын аңсап келіп едім ғой» [10, 6].
Лиризмнің тағы бір көрінісі – ағасының қарындасы туралы өткен күннің естеліктері мен қазіргі күйін салыстыра отырып, оның бойындағы өзгерістерін қабылдауы. Қарындасының бойжеткендігін көріп, оның бала, ерке кезін аңсауы, қимастық сезімі, өткенге деген сағынышы лиризммен көркемделген. Бұл эпизодтар оқырманды өмірдің өткінші болатынын, адам бойындағы өзгерістердің табиғи құбылыс екендігін көрсетеді.
Монологтар арқылы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, әлемі ашылып, оқырманға олардың психологиялық және эмоциялық ішкі күресі ерекше нәзіктікпен беріледі. Лиризм мен монологтың үйлесімділігі шығарманың әсерін күшейтіп, кейіпкерлердің болмысын айқын сезіндіреді. Әңгімедегі лирикалық сарынды дамытуда монологтың маңызы өте зор. Автор кейіпкерлердің ішкі толғаныстарын жеткізе отырып, қазіргі жағдайы мен өткен өмірін салыстырудың нәтижесінде оның ішкі дүниесіндегі өзгерістерді ашып көрсетеді. Мәселен, «Таңғы шық» әңгімесіндегі Тұрыштың өткен өміріндегі бақытты кезеңдерін есіне алып, өз қателігін түсініп, бүгінгі өмірімен байланыстыруы лирикалық көңіл-күйді күшейтеді: «Қайран, бақытты шақ-ай» деп күбірледі. Күрсінді. Бір кезде өзі де осындай ыстық бақыттың құшағында болып еді-ау! Қанша жыл өтті, сонан бері…». Бұл үзіндіде автор лиризмді қолдану арқылы кейіпкердің өткенге деген өкініші мен сағынышын ашады [5, 75]. Жазушыны тек монолог әдісін ғана емес, сонымен қатар, өз шығармаларында диалог тәсілін лиризммен сабақтастыра қолданған.
Диалог – адам мінезін ашуда, сырлы бейне жасауда шешуші қызмет атқаратын негізгі құрал. Кейіпкердің сөз саптауынан, сөйлеу өзгешелігінен жан дүниесі, ішкі сезімдері, эмоциялары айқын білінеді. Қаламгердің шеберлігі де осында – кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне қарай сөйлетуінде. «Әдебиеттегі адамның ішкі бітімі тек мінездеу немесе жанама мінездеу я болмаса күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасалмайды, оның өзін сөйлету арқылы да мінез-құлқынан талай сыр біліп, ой түюге болады… «Адам сөйлесе» дегендей, әркімнің сөзі арқылы өзін танимыз. Өйткені әр адамның сөйлеген сөзінде оның бүкіл ішкі болмысы, өзіне тән өзгешелігі, ақылы, ой-өрісі, сезімі, ұғымы, наным-сенімі, танымы, білімі, мәдениеті түгелдей көрініс табады» [11, 107 б.]. Мысалы, «Таңғы шықтағы» мына диалог:
- Ағай! – деген қыздың даусы естілді.
Тұраш артына бұрылған. Қыз бен жігіт қосарлана жүгіріп келеді.
— Ағай, сіз білмеуші ме едіңіз, мына, алдыңыздағы Қасқалдақ тасып жатыр қазіргі уақытта. Таңертең су тартылған кезде өтпесеңіз, қазір елең-алаңда өтуіңіз қиын. Әне, тыңдаңызшы… – деді қыз [5, 72]. Бұл диалог арқылы біз қыздың Тұрашқа деген алаңдаушылығы мен қамқорлығын сезе аламыз. Ол өзеннің қауіпті екенін ескертіп, оны қорғауға тырысты: «Әне, тыңдаңызшы…». Адам мен табиғаттың өмірінің түйісуі – лирикалық әсердің тереңдеуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар, қыздың жұмсақ даусы мен әрекеті нәзіктік пен сезімталдық енгізіп, лиризмді айқындайды.
Қорытынды
Сайын Мұратбеков шығармашылығындағы лиризм қазақ әдебиетінде маңызды рөл атқарып, оның шығармаларын ерекше нәзіктік пен тереңдікке толтырады. Автор лиризм арқылы кейіпкерлердің ішкі әлемін, олардың эмоциялары мен сезімдерін табиғатпен үндестіре бейнелей отырып, рухани құндылықтар мен өмірдің қарапайым сұлулығын көрсетеді.
Мұратбеков прозасындағы кейіпкерлердің ішкі әлеміндегі сезімдері мен табиғат көріністері арасындағы тығыз байланыс, оқырманды кейіпкердің ішкі жан дүниесіне терең бойлататын көркемдік құралға айналған. Оның кейіпкерлері көбіне қарапайым ауыл өмірінде, қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігі аясында көрініс табады. Бірақ бұл қарапайымдылықтың астарында терең мағыналы ойлар мен адамгершілік қасиеттер бар.
Сайын Мұратбеков – қазақтың лирикалық прозасын жаңа деңгейге көтеріп, сәтті әрі көркем үлгісін жасады. Ол үлгі жаңа буын жазушылары үшін шығармашылық мектепке айналды. Жазушының дәстүрі – адамгершілік құндылықтарды басты нысан етуімен, адам жаны мен табиғаттың үндестігін дәл келтіруімен, ауыл өмірін, балалық шақтың тазалығын асқақтатуымен ерекшеленеді. Бұл – шынайылыққа, қарапайымдылыққа, сұлулыққа ұмтылған прозаның мәңгілік үлгісі, құнды дәстүр.
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық. А – Я. – Алматы: Аруна, 2005. – 576 б. – (Қазақ әдебиеті. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша).
- Әйтімов. М. Қазақ повесіндегі лиризм: филол. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. – Алматы, 1998. – 163 б.
- https://kazneb.kz/kk/bookView/view?brId=1541475
- Майтанов Б. Лиризм стильдік құбылыс // Көркемдік кілті шеберлік. Алматы: Ғылым, 1985. – 348 б.-
- Мұратбеков, С. Ескек жел: әңгімелер. – Алматы: Раритет, 2004. – 280 б.
- Мұратбеков, С. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: Өлке, 2006. – 240 б.
- Омаров Н.К., Халықова Н.С. Қазақ прозасындағы көркемдік ізденістер. – Монография. Қарағанды: «Medet Group» ЖШС, 2021. – 190 б.
- Алпысбаев Қ. Көркем шығарманы талдау жолдары. Оқу құралы – Алматы: республикалық баспа кабинеті, 1995. – 227 б.
- Майтанов Б. Монолог құрылымы. – Алматы: Ценные бумаги, 2006. – 106 6.
- Мұратбеков, С. Таңдамалы. – Алматы: Айғаным, 2017.
- Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Қазақ университеті, 1992.-350 б.
- Айтуганова С.Ш. Лирикалық прозадағы пейзаждың көркемдік қызметі. Вестник Карагандинского государственного университета им. Е.А. Букетова. Серия Филология. – 2009. – № 3(55). – 92-96 беттер. https://rmebrk.kz/journals/1676/45804.pdf