УДК: 821.512.122
Мамедова Минавар Валеханқызы
Алтынбекова Айзере Рысовна
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университеті
Филология факультеті
6B01701-«Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасы
Жетекші: Бабашов Азат Мақсұтбекұлы
Филология ғылымдарының кандидаты
Аңдатпа: Бұл мақалада Міржақып Дулатұлы поэзиясындағы «оян» мотивінің ұлттық сананы қалыптастырудағы тарихи, әлеуметтік және рухани қызметі талданады. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының отарлық жағдайы, ұлттық құндылықтар мен тіл, дін, дәстүрге төнген қауіп ақын шығармаларының идеялық өзегіне айналды. «Оян» мотиві — тек поэтикалық үндеу емес, елді оятуға бағытталған саяси-психологиялық концепт. Міржақып поэзиясында «ояну» ұлттың өзін тануы, намысты қорғауы, білім мен бірлікке ұмтылуы, рухани іштей жаңғыруы ретінде көрсетіледі. Ақынның азаматтық үндеуі жеке адамды емес, бүкіл халықты қамтиды. Бұл еңбекте ақын шығармаларының тілі, көркемдік тәсілдері, тарихи контекст және оның ұрандық идеясының кейінгі әдеби қозғалыстарға әсері талқыланады. Зерттеу нәтижесінде «оян» мотивінің ұлттық жадты жаңғыртудағы идеологиялық маңызы дәлелденеді.
Кілт сөздер: Міржақып Дулатұлы, ұлтшылдық рух, оян мотиві, Алаш идеясы, ұлттық сана.
Abstract:The article examines the “awakening” motif in Mirzhakyp Dulatuly’s poetry as a historical and cultural phenomenon aimed at forming national consciousness. The motif is analyzed as a call for unity, education, self-awareness, and cultural revival among the Kazakh people during the colonial period. The study reveals the ideological and aesthetic significance of the poet’s civic voice and its impact on subsequent intellectual movements.
Keywords: awakening motif, national identity, colonial era, Aлаш movement, poetry.
Аннотация: В статье рассматривается мотив «пробуждения» в поэзии Мыржакыпа Дулатулы, его роль в развитии национального самосознания казахского народа. Показаны исторические условия зарождения данного мотива и его влияние на общественно-политическое мышление эпохи.
Ключевые слова: Мотивация пробуждения, национальное самосознание, Алаш, поэзия.
ХХ ғасырдың басы қазақ халқының рухани, әлеуметтік және саяси өмірінде аса күрделі кезең болды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты қазақ елінің ұлттық сана-сезімі мен мәдени болмысына елеулі соққы әкелді. Халықтың еркіндігі шектеліп, тіліне, дініне, дәстүріне қауіп төнді. Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақ зиялылары елді ұйқыдан ояту, ұлттық дербестікті сақтау және халықтың болашағын айқындау жолында күреске шықты. Солардың алдыңғы шебінде тұрған тұлғалардың бірі — ақын, қоғам қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатұлы еді. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты жинағы ұлттық қозғалыстың рухани манифесіне айналды. Бұл шығарма жай әдеби туынды емес, халықтың еркіндікке, білімге, бірлікке, намысқа шақырылған үндеуі болды. Ақын қазақ халқының тағдыры тек сыртқы саяси күштердің ықпалымен ғана емес, ішкі рухани әлсіздіктен де шайқалғанын түсініп, ең алдымен ұлттық сананы сергітуді мақсат етті. Осылайша «оян» мотиві ақын шығармашылығында барлық идеялық, азаматтық, адамгершілік бастамалардың негізгі өзегіне айналды. «Оян» мотивінің мәні — қазақ халқының өткенін тануға, бүгінін сезінуге және болашағын ойлауға шақырудан тұрады. Ол тек саяси шақыру емес, рухани қайта жаңғыру концепті. Ақынның мұрат еткен мақсаттары — білім алуға үндеу, ұлттық намысты сақтау, ел ішіндегі жалқаулық, немқұрайлылық, надандық сияқты кеселдермен күресу, ұлтты өз тағдыры үшін жауапты болуға бағыттау. Осы мақалада Міржақып Дулатұлы поэзиясындағы «оян» мотивінің тарихи қалыптасу алғышарттары, көркемдік ерекшеліктері, идеялық мазмұны және оның қазақ қоғамындағы рухани жаңғыруға әсері талданады. Ақын поэзиясының азаматтық үні мен ұлттық тұтастық идеясын нығайтудағы рөлі ғылыми тұрғыда қарастырылады.
Міржақып Дулатұлы шығармашылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси өмірімен тығыз байланысты. Ұлт тағдырын терең сезінген ақын отарлық қысымға түскен елдің рухани күйін суреттеп, халықтық сана-сезімді ояту қажеттігін басты идеясы ретінде алға қойды. Сол себепті «оян» мотиві ақын поэзиясындағы азаматтық үннің, ұлттық болмысты сақтауға бағытталған күрестің символына айналды. «Оян» идеясы ұйқыдағы сананы қозғалысқа келтіріп, халыққа еркіндік пен тәуелсіздікті басты құндылық ретінде ұсынды.
Міржақыптың «Оян, қазақ!» жинағы алғаш жарық көрген сәттен бастап отарлық қысымдағы қазақ қоғамына рухани серпіліс әкелді, өйткені бұл шығарма тек поэтикалық туынды ғана емес, ұлттық санаға тікелей бағытталған саяси-моральдық манифест болды. Автор халықтың бойындағы енжарлықты, тоқмейілсу мен көнбістік психологиясын ең қауіпті рухани құлдық деп таныды. Сол себепті ақынның үндеуіндегі «оян» ұғымы физикалық сергектікке емес, ең әуелі ішкі ой-сананың қозғалысына, рухани көздің ашылуына бағытталған. «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты; Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деген жолдарда ақын халықтың уақыт жоғалтып отырғанын, тарихи таңдаулар тұсында мүмкіндіктерді жіберіп алуға шақ қалғанын меңзейді [1,14]. Бұл жолдарда қатты ескерту де, жанашыр үміт те, ұлттық болмысқа деген жауапкершілікті қайтару талпынысы да қатар тұр. Ақынның «қараңғылық» метафорасы білімсіздік, әлеуметтік сезінбеушілік, ұлттық жігердің әлсіреуі сияқты мәселелерді бір ұғымға шоғырландырады. Міржақып үшін ояну – бір күндік әрекет емес, тарихи жадты жаңғырту, ұлттың өзін-өзі тану процесін қайта бастау. Ол «оян» идеясын жеке адамнан бастайды, өйткені қоғамды өзгертудің түпкі өзегі – адамның өз ішкі болмысын өзгертуі. Білімді болу, еңбек ету, намыс пен арды сақтау ақын поэзиясында қоғамдық құндылық қана емес, ұлттық тіршіліктің жалғастырушы шарты ретінде көрінеді. Сол кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайына көз салсақ, рулық бөлініс, ішкі алауыздық, отарлық билікке бағыныштылық, шаруа мен шаруашылықтың ауырлауы сияқты факторлар халық санасын әлсіреткені белгілі. Міржақып осы жағдайды дәл сезініп, халықты ең алдымен рухани азаттыққа, өзін-өзі сыйлауға шақырды. Оның поэзиясындағы үндеу — жан айқай емес, ұлтқа бағытталған мақсатты бағдар. «Оян» мотиві арқылы ақын халқына тек саяси азаттық емес, адамдық қадірді, ұлттық мінезді қайтаруды көздеді. Қазақ халқының тарихтағы орнын жоғалту қаупі тұрған шақта, ол халықтың өзінен күш іздеп, «құтқарушы тек өзіңнің санаң» деген тұжырымды жеткізді. Демек, «оян» — әрекетке шақыру ғана емес, ұлттық өзін-өзі сақтау рефлексін қайта тірілту әрекеті, тарихи болмысты тануға итермелейтін ішкі рухани қозғалыс.
Марат Бәйіт «Оян, қазақ» идеясын қазақ руханиятының «азаттық манифесі» ретінде бағалай отырып, Міржақыптың шығармашылығындағы порақшыл үндеу поэзияның эстетикалық шеңберінен асып, тікелей қоғамдық-саяси әрекетке айналғанын атап өтеді [2]. Оның пікірінше, Міржақыптың ақындығы тек сөз өрнегіндегі шеберлікте емес, сол сөз арқылы халықтың еркіндікке деген құлшынысын оятуында. Ақын ұйқыдағы елдің санасын түрткілеу үшін поэтикалық эмоционалды-риторикалық тәсілдерді стратегиялық мақсатпен қолданды. Сондықтан «Оян, қазақ!» жинағындағы өлеңдер лирикалық көңіл күйді емес, қоғамдық санадағы серпіліс пен қайшылықтарды көрсететін публицистикалық қуатқа ие. Бәйіт «Міржақып халықтың жүрегіне ең алдымен намыс отын жақты» деп жаза отырып, ақынның негізгі миссиясын айқын көрсетеді: ол халықтың өзін-өзі әлсіз, бағынышты, дәрменсіз көруге дағдыланған психологиялық күйін бұзуға тырысты. Ақын үшін сөз — бұл халықты өз тағдырын қайтадан өз қолына алуға шақыратын жігер мен қайраттың қаруы. Міржақып өз шығармаларында «ояну» ұғымын ұлттық ар-ұятты қорғау, намыс пен жауапкершілікті сезіну, тарихи сананы қалпына келтіру процестерімен байланыстырады. Ол үшін қазақ өзіндегі жақсылықты өз ішінде табуы, сырттан құтқарушы күтпеуі тиіс. Ақынның публицистикалық қуаты халықтың рухани өзін-өзі тану қажеттілігін дәл уақытында қозғағандықтан да, «Оян, қазақ!» идеясы бұқаралық ықпалға ие болды. Бәйіттің пайымынша, бұл шығарма халықтың бойындағы тұнған намыс пен ар-ұятты жаңғыртқан рухани серпіліс кезеңін бастап берді, себебі Міржақып сөзді халық жанының жарасына шипа болар ем, қоғамды қозғалысқа түсірер күш ретінде қолданды. Демек, Міржақып үшін өлең — жеке шығармашылық акт емес, ұлт тағдырына араласудың, отарлық езгіден арылу жолындағы күреске қатысудың құралдарының бірі. «Оян» мотивінің күші де осында: ол адамның ішкі рухани оянуына түрткі болып, оны ұлттық жауапкершілік деңгейіне көтереді. Міржақыптың өлеңдері халықтың тарихи жадына қайта жол табуға, өзін өзін ұлт ретінде сезінуге ықпал етті. Сондықтан Бәйіттің «азаулық манифесі» деп атауы тарихи және рухани контексте мейлінше орынды, өйткені бұл шығарма қазақ халқының қоғамдық санасының бетбұрысына себеп болған рухани қозғалыстың бастау нүктесі ретінде қабылданады.
«Оян, қазақ!» өлеңіндегі негізгі идея Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағымен терең үндеседі. Екі ақын да қазақ қоғамының ең әлсіз тұсы сыртқы қысымда емес, ішкі рухани ұйқыда екенін дәл көрді. Олар надандықты, жалқаулықты, бейқамдықты халықтың ең үлкен «ішкі жауы» деп танып, оны жеңбей, ұлттың алға жылжуы мүмкін еместігін айқындады. «Білім-All» платформасындағы талдауда: «Байтұрсынов пен Дулатұлының үндеуі — қазақтың өз ішіндегі сабырсыздықты, жалқаулықты, надандықты жеңуге бағытталған» деп көрсетілуі де осы ойдың дәлелі [3]. Яғни екі ақынның да мақсаты — сыртқы бостандықты талап ету ғана емес, ең алдымен ішкі азаттыққа қол жеткізу, адам болмысының рухани өзегін ояту. «Маса» жинағында Байтұрсынов масаның ызыңын өмірдің ащы шындығына теңеп, халықтың құлағына тыныштық бермей, санаға түрткі болуды көздесе, Міржақып тура үндеу әдісін қолданады: «Оян, қазақ!» деп тіке жар салады. Екі шығарманың да метафоралық қуаты халықтың намысына әсер етуге арналған. Бұл үндестік олардың ағартушылық миссиясының ортақ екенін аңғартады: халықты сөзбен тәрбиелеу, елдің ішкі әлеуетін ояту, ұлттық рухты қайта тірілту. Сондықтан «Оян» мотиві жеке ақынның авторлық айрықша лебі емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ортақ үндеуінің көркем көрінісі болып табылады. Бұл үндестік қазақ жаңғыру идеясының әдеби-рухани тамырын айқындайды.
«Оян» мотивінің әлеуметтік астары жөніндегі зерттеулерде бұл үндеудің кездейсоқ поэтикалық айқай емес, сол дәуірдің тарихи-саяси жағдайынан туған қоғамдық қажеттілік екені айқындалады. Қазақ халқы ХХ ғасырдың басында отарлық езгінің ең ауыр кезеңін өткерді: жерден айырылу, ана тілінің әлсіреуі, білімнен шеттету, рулық бытыраңқылық пен халықтың пассив қалыпқа түсуі ұлт ретінде жоғалу қаупін тудырды. Сондықтан «оян» сөзі ең алдымен рухани қайта тірілуге шақыру болды. Азаттық радиосы көрсеткендей, Міржақып Дулатұлы өз өмір жолын ұлттық мүддеге қызмет етуге арнады: ол тек ақын емес, ағартушы, қоғам қайраткері, саяси күрескер ретінде де халықтың санасын көтеруге күш салды [4]. «Қараңғылықпен күресу» оның өмірлік ұстанымы болды. Ол білім мен мәдениеттің жоқтығын ең үлкен трагедия деп есептеді, себебі «надан халық — жеңіл олжа» екенін түсінді. Сол себепті оның өлеңдеріндегі «оян» сөзі тек әрекетке шақыру емес, өзін тануға, өз қадірін білуге, ұлттық болмысты жоғалтпауға үндеу болды. Міржақыптың көзқарасында азаттық — тек саяси еркіндік емес, алдымен ішкі рухани тәуелсіздік. Ұлттық бірлікке шақыру да осыдан туындайды: бөлінген, әлсіреген қоғам ешқашан өз тағдырын өзі шеше алмайды. Демек, «Оян, қазақ!» мотиві — халықтың әлсіреген рухын қайта жинап, өзін қайта тануға бағытталған терең әлеуметтік-психологиялық бағдар.
Міржақып шығармаларының толық жинағында «оян» мотиві бір ғана өлеңнің шеңберінде қалмай, оның бүкіл шығармашылық болмысының өзегіне айналғаны байқалады [5]. Ақынның бұл идеяны жүзеге асыруы үш деңгейде көрінеді: ең әуелі ұлттық сананы ояту, яғни халыққа өз тағдырының иесі екенін ұғындыру; екіншіден, азаматтық жауапкершілікті арттыру, халықтың қоғам алдындағы міндетін сезіндіру; үшіншіден, моральдық-этикалық жаңғыруды талап ету, яғни жүректің, ойдың, сенімнің тазалығын сақтау. Міржақып «оян» деген сөзді тек оянуға шақыру емес, жанды, намысты, жігерді тірілтудің құралы ретінде қолданады. Ол отаршылдықтың сыртқы қысымына ғана қарсы шықпайды, сонымен бірге қазақтың өз ішіндегі енжарлықты, немқұрайдылық пен надандықты ең ауыр дерт деп есептейді. Сондықтан оның шығармаларында «оян» – жалаң ұран емес, өмірлік ұстаным, өзін-өзі қайта тану мен рухани түлеудің жолы. Міржақып үшін ұлттың болашағы оның рухани деңгейіне тікелей байланысты: сана оянбай, ерік тәуелсіз болмай, еркіндікке қол жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда, «оян» мотиві қай дәуірде де өзекті болып қала береді.
Міржақыптың поэзиясында халықтың әлеуметтік жағдайын бейнелейтін көркемдік детальдар мол әрі олар поэтикалық жүйенің маңызды тұғырын құрайды. Ақын «ұйықтап жатқан ел» бейнесін жай ғана сипаттау емес, метафоралық мәні терең рухани жағдай ретінде ұсынады: ұйқы — ұлттық енжарлықтың, өз тағдырын өз қолына алмаудың символы; ал ояну — сананың жаңғыруы, еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылудың бастауы. «Оян» мотиві осылайша биологиялық әрекет емес, тарихи қажеттілік мағынасында ашылады. Ақын халықты оятуды ұранмен емес, образбен жүзеге асырады: елдің тағдырын қараңғылық пен жарықтың, ұйқы мен сергектіктің қарама-қарсылығымен суреттейді. Бұл тәсіл поэзияның эмоционалды қуаты арқылы оқырманның ішкі сезіміне әсер етеді. Яғни Міржақып сөз арқылы халықтың жүрегіне үні жетеді, өйткені ол халықтың ауыр күйін сырттай бақылаушы емес, сол қайғының ортасындағы жан. Осы себепті оның «ояну» идеясы тек саяси үндеу емес, ұлттық рухты тірілтудің көркем-эстетикалық формасына айналады.
Міржақып Дулатұлы поэзиясындағы «Оян» мотиві – ХХ ғасыр басындағы қазақ руханиятының ең қуатты ояну үндерінің бірі. Бұл мотив — тарихи шақыру, ұлттық намысты серпілту, халықты өз тағдыры үшін жауапкершілікті сезінуге итермелеу миссиясын атқарды. Міржақып «ояну» идеясын тек саяси талап ретінде емес, ең алдымен рухани серпілу, адамдық және ұлттық қадір-қасиетті қорғау жолындағы ішкі өзгеріс қажеттілігі деп түсінді. Сондықтан «ояну» — жеке адамның да, тұтас ұлттың да өзін тану, өркениеттік таңдауларын анықтау сәті ретінде көрінеді. Ақын өзінің шығармаларында халықтың әлеуметтік және рухани жағдайын өткір бейнелеп, ұйқыдағы ел бейнесі арқылы қазақ қоғамының әлсіз тұстарын ашып көрсетті. Ұйқы — бейқамдықтың, надандықтың, езушілікке мойынсұнудың белгісі болса, ояну — еркіндікке ұмтылу, сана серпілісі, өзгеріске дайындық. Осы қарама-қарсылықтың көркемдік тәсілдер арқылы берілуі Міржақып поэзиясының ұлттық сананы тәрбиелеудегі рөлін күшейтті. Оның шығармалары тек әдеби құбылыс емес, тарихи кезеңде идеологиялық бағдар беруші мәдени-когнитивтік күшке айналды. «Оян, қазақ!» жинағы жарық көргеннен бастап халықтың рухына, қоғамдық ойдың қалыптасуына ықпал етіп, қазақ даласында жаңғыру үдерісінің басталуына себеп болды. Бұл жинақтың идеясы Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының қызметімен үндесіп, қазақ қоғамының жаңа рухани-психологиялық қалыпқа өтуіне ықпал етті. Міржақыптың үндеуі халықтың жүрегіне тікелей бағытталған еді — сондықтан оның әсері ұзаққа созылды және тарихи құндылығын әлі де жоғалтқан жоқ.
Қорытындылай келе, Міржақып Дулатұлы поэзиясындағы «Оян» мотиві — ұлттық сананы жаңғырту және халықты рухани біріктіру идеясының көркемдік көрінісі. Бұл мотив қазақтың азаттыққа ұмтылған ел ретіндегі тарихи болмысын айқындап, ұлттың өзін тануы мен қоғамды жаңартуға бағытталған ойдың негізін қалады. Міржақыптың «оянуға» шақырған сөзі бүгін де өзекті: ұлттық сана бір күннің ісі емес, үздіксіз ізденіс пен жауапкершілік талап ететін үдеріс. «Оян» — өткеннің үндеуі ғана емес, болашаққа жетелейтін рухани бағдар.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Дулатұлы, Міржақып. Оян, қазақ! [Электронды ресурс] / Міржақып Дулатұлы. – Алматы : Атамұра, 2003. – URL: https://lib.tau-edu.kz/wp-content/uploads/2024/06/%D0%94%D1%83%D0%BB%D0%B0%D1%82%D0%BE%D0%B2-%D0%9C.-%D0%9E%D1%8F%D0%BD-%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B-.pdf
- Бәйіт, Марат. «Оян, қазақ» идеясы – қазақтың нағыз азаттық маніфесі // Aбай-ақпарат. – 2018. – URL: https://abai.kz/post/5743
- «Оян, қазақ!» өлеңі мен А.Байтұрсыновтың «Маса…» // Білім-All. – 2018. – URL: https://bilim-all.kz/article/7496
- Ем таба алмай дертіне, «Оян, қазақ!» деп жар салған … // Азаттық. – 2010. – URL: https://www.azattyq.org/a/kazakhstan_mirzhaqyp_dulatov/2152950.html
- Дулатұлы, Міржақып. Шығармалары. – Алматы : Жазушы, 1991. – URL: https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%94%D1%83%D0%BB%D0%B0%D1%82%D0%BE%D0%B2