Қабділда Талжан Жорабекқызы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
7М02201- Философия мамандығының 2 курс магистранты
Аңдатпа: Бұл мақалада цифрлық трансформация жағдайында қазақстандық жастардың қоғамдық өмірдегі орны мен рөлі қарастырылады. Зерттеу жастардың цифрлық технологияларды қабылдау деңгейін, олардың білім алу, еңбек нарығы және азаматтық белсенділіктегі әлеуеттерін талдайды. Әлеуметтік-мәдени және технологиялық факторлардың әсері тұрғысынан қазіргі заманғы қазақ жастарының цифрлық құзыреттілігі зерделенеді.
Аннотация: В данной статье рассматриваются место и роль казахстанской молодежи в общественной жизни в условиях цифровой трансформации. Исследование анализирует уровень восприятия молодёжью цифровых технологий, их потенциал в сфере образования, на рынке труда и в гражданской активности. Изучается цифровая компетентность современной казахской молодежи с точки зрения влияния социально-культурных и технологических факторов.
Abstract: This article examines the place and role of Kazakhstani youth in public life amid digital transformation. The study analyzes the level of young people’s adoption of digital technologies, as well as their potential in education, the labor market, and civic engagement. The digital competence of contemporary Kazakh youth is explored in the context of socio-cultural and technological influences.
Түйінді сөздер: цифрлық қоғам, жастар саясаты, цифрлық құзыреттілік, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік трансформация, Қазақстан
Кіріспе
Қазіргі заманғы әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде тұр, бұл адамзат қоғамының барлық салаларына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғамдық қатынастардың жаңа форматын қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық процестерді түбірімен өзгертуде. Осы жағдайда жастар ұрпағы ерекше орын алады, өйткені олар цифрлық технологиялармен өсіп, қалыптасқан және осы жаңа шындықтың табиғи тұрғындары болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін жастар мәселесі әрқашан стратегиялық маңызға ие болды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында және Қ.Токаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасында жастардың рөлі айрықша атап өтілген. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының шамамен 30 пайызын 14-29 жас аралығындағы жастар құрайды, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі ресурсы болып табылады[1].
Цифрлық қоғам жағдайында қазақ жастарының орны мен рөлін зерттеу бірнеше себептермен өзекті болып отыр. Біріншіден, жастар цифрлық экономиканың қозғаушы күші болып табылады. Екіншіден, олар әлеуметтік инновациялардың тасымалдаушысы ретінде қоғамды жаңғыртуға ықпал етеді. Үшіншіден, жастардың цифрлық құзыреттілігі елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып отыр.
Зерттеу әдіснамасы
Бұл зерттеу сапалық және сандық әдістердің интеграциясына негізделген аралас әдіснамалық тәсілді қолданады. Зерттеудің теориялық негізін құрайтын бірнеше маңызды тұғырнамалар бар.
Әлеуметтік конструктивизм тұрғысынан алғанда, цифрлық қоғам тек технологиялық құбылыс емес, сонымен қатар әлеуметтік конструкция болып табылады. Мануэль Кастельстің желілік қоғам теориясы цифрлық технологиялардың қоғамдық құрылымдарды қалай өзгертетінін түсінуге көмектеседі. Кастельс бойынша, ақпараттық технологиялар қоғамның ұйымдастырылуының жаңа логикасын жасайды, онда желілер қоғамның негізгі құрылымдық элементіне айналады.
Марк Пренскидің «цифрлық аборигендер» және «цифрлық иммигранттар» тұжырымдамасы жастардың технологиялармен қарым-қатынасының ерекшелігін талдауға мүмкіндік береді. Пренски бойынша, цифрлық технологиялармен қоршалған ортада туып-өскен жастардың ми құрылымы өзгеше дамиды, олар ақпаратты өңдеудің басқа тәсілдерін қолданады[2].
Зерттеуде келесі әдістер қолданылды. Әдебиеттерге шолу жасау барысында отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, ресми статистикалық деректер, мемлекеттік бағдарламалар мен құжаттар талданды. Вторлық деректерді талдау кезінде Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Жастар саясаты комитетінің ресми мәліметтері пайдаланылды.
Салыстырмалы талдау әдісі арқылы қазақстандық жастардың цифрлық құзыреттілігі халықаралық көрсеткіштермен салыстырылды. Жүйелік тәсіл цифрлық қоғамдағы жастардың орнын әртүрлі қырларынан қарастыруға мүмкіндік берді: білім беру, еңбек нарығы, әлеуметтік белсенділік, мәдени өмір тұрғысынан.
Цифрлық қоғам ұғымын түсіну үшін оның қалыптасу тарихына қысқаша шолу жасау қажет. Ақпараттық қоғам туралы алғашқы теориялық тұжырымдамалар ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Даниел Белл өзінің «постиндустриалдық қоғам» теориясында ақпараттың өндірістің негізгі ресурсына айналатынын болжады[3]. Элвин Тоффлер «үшінші толқын» тұжырымдамасында ақпараттық технологиялардың қоғамды түбегейлі өзгертетінін көрсетті. Цифрлық қоғам постиндустриалдық және ақпараттық қоғам тұжырымдамаларының логикалық жалғасы болып табылады. Бірақ ол тек ақпараттың рөлімен ғана емес, цифрлық технологиялардың қоғам өміріне кең енуімен сипатталады. Цифрландыру процесі аналогтық ақпаратты цифрлық форматқа айналдыруды білдіреді, бұл оны сақтауды, өңдеуді және тарату жеңілдетеді[4].
Цифрлық қоғамның негізгі белгілері бірнеше аспектіде көрінеді. Технологиялық аспект тұрғысынан алғанда, интернет, мобильді технологиялар, бұлтты қызметтер, жасанды интеллект, үлкен деректер және заттар интернеті қоғамдық өмірдің барлық салаларына енеді. Экономикалық аспект цифрлық экономиканың қалыптасуымен байланысты, онда электрондық коммерция, цифрлық қызметтер, платформалық бизнес-модельдер басым рөл атқарады.
Әлеуметтік аспект жағынан алғанда, әлеуметтік желілер коммуникацияның негізгі каналына айналады, виртуалды қауымдастықтар қалыптасады, онлайн және оффлайн өмір өзара тығыз байланысады. Мәдени аспект цифрлық мәдениеттің дамуымен, контенттің жаңа формаларының пайда болуымен, мәдени өнімдерді тұтынудың өзгеруімен сипатталады[5].
Қазақстанның цифрлық трансформациясы
Қазақстан Республикасы цифрлық дамуды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде анықтады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылы қабылданып, елді цифрлық технологиялар көмегімен жаңғырту жолын айқындады. Бағдарламаның негізгі мақсаты Қазақстанның әлемдегі цифрлық дамудың алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына енуі болып табылады.
Бағдарламаның бес негізгі бағыты бар: «Цифрлық Қазақстан» инфрақұрылымын дамыту, электрондық үкіметті енгізу, «Цифрлық Шелк жолын» дамыту, адам капиталын дамыту және инновациялық экожүйені қалыптастыру. Осы бағдарламаның іске асырылуы қазақстандық жастарға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Соңғы жылдары елде интернет қолданушылардың саны қарқынды өсті. Қазақстан Статистика агенттігінің деректері бойынша, 2023 жылдың аяғында интернетке қолжетімділік 90 пайыздан асты. Жастар арасында бұл көрсеткіш одан да жоғары, 16-29 жас аралығындағы азаматтардың 98 пайызы интернетті тұрақты пайдаланады.
Мобильді технологиялардың таралуы да айтарлықтай. Смартфон қолданушылардың саны 14 миллионнан асты, бұл халықтың 70 пайызынан астамын құрайды. Жастар арасында смартфон ең басты технологиялық құрал болып табылады, олар оны коммуникация, білім алу, ойын-сауық және жұмыс үшін пайдаланады.
Электрондық үкімет қызметтерінің дамуы да маңызды. «Egov.kz» порталы арқылы 600-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Жастар бұл қызметтердің белсенді пайдаланушылары болып табылады, олар құжаттарды онлайн ресімдеуді, әртүрлі анықтамаларды алуды қалайды.
Білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация
Білім беру жүйесі цифрлық қоғамға көшудің негізгі институты болып табылады. Қазақстанда білім беруді цифрландыру бірнеше бағытта жүргізілуде. Мектептерде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу күшейтілді, барлық мектептер интернетке қосылды, электрондық оқулықтар мен білім беру платформалары белсенді қолданылуда.
Жоғары оқу орындарында цифрлық технологиялардың рөлі одан да маңызды. Онлайн курстар, аралас оқыту форматы, виртуалды зертханалар, электрондық кітапханалар қазіргі студенттік өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. COVID-19 пандемиясы қашықтан білім берудің дамуына қосымша серпін берді, университеттер тез арада онлайн форматқа көшуге мәжбүр болды.
Жастардың цифрлық құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында арнайы бағдарламалар іске асырылуда. «Болашақ кәсіптер» бағдарламасы жастарды заманауи мамандықтарға үйретуге бағытталған. IT-мамандықтар қазіргі заманда ең танымал және перспективалы бағыттардың қатарына кірді. Алайда білім беру жүйесінде әлі де бірқатар мәселелер бар. Біріншіден, оқытушылардың цифрлық құзыреттілігі студенттердің деңгейінен қалып қоюы мүмкін. Екіншіден, әлі де техникалық жабдықтаудың жеткіліксіздігі байқалады, әсіресе ауылдық жерлердегі мектептерде. Үшіншіден, білім беру мазмұны цифрлық қоғамның талаптарына толық сәйкес келе бермейді.
Еңбек нарығындағы жастардың орны
Цифрлық экономика еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде. Дәстүрлі мамандықтар автоматтандырылып, жаңа цифрлық кәсіптер пайда болуда. Жастар бұл өзгерістердің орталығында тұр, олар жаңа мамандықтарды меңгеруге және еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделуге неғұрлым дайын.
IT-сектор Қазақстанда ең жылдам дамып жатқан салалардың бірі болып табылады. Бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу, веб-дизайн, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект саласындағы мамандар жоғары сұранысқа ие. Жастар осы салаларға белсенді түрде келеді, көптеген университеттерде IT-мамандықтарға конкурс өте жоғары.
Фриланс және қашықтан жұмыс жастар арасында танымал болып келеді. Цифрлық технологиялар географиялық шектеулерді жойып, кез келген жерден жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазақстандық жастар халықаралық платформаларда жұмыс істеп, шетелдік компаниялармен ынтымақтасады. Стартап-экожүйе белсенді дамуда. Astana Hub технопаркі IT-компанияларды қолдаудың негізгі орталығына айналды. Көптеген жас кәсіпкерлер өздерінің цифрлық бизнестерін бастады. Электрондық коммерция, финтех, едтех, медтех саласындағы стартаптар белсенді өсуде.
Алайда еңбек нарығында кейбір қиындықтар да бар. Білім беру жүйесі еңбек нарығының талаптарымен толық үйлеспейді, дағдыларда алшақтық байқалады. Жастардың өз бизнесін бастауға қаржылық ресурстары шектеулі. Кейбір салаларда цифрлық құзыреттілігі жеткіліксіз жастардың жұмысқа орналасуы қиындайды.
Цифрлық технологиялар жастардың азаматтық белсенділігіне жаңа форматтар ұсынады. Әлеуметтік желілер қоғамдық пікірді қалыптастырудың және жұмылдырудың қуатты құралына айналды. Жастар онлайн петициялар бастайды, әлеуметтік қозғалыстарды ұйымдастырады, қоғамдық маңызды мәселелерді талқылайды. Электрондық демократия институттары дамуда. «Электрондық үкімет» порталы арқылы азаматтар заң жобаларын талқылауға, өздерінің ұсыныстарын білдіруге, мемлекеттік органдармен тікелей байланысуға мүмкіндік алды. Жастар осы мүмкіндіктерді белсенді пайдаланады, олар ашықтық пен транспаренттілікті талап етеді.
Волонтерлік қозғалыстар да цифрлық технологиялар арқылы жаңа серпін алды. Онлайн платформалар волонтерлер мен көмекке мұқтаж адамдарды байланыстырады. Жастар әлеуметтік жобаларға онлайн арқылы қатысады, қаржы жинайды, ақпарат таратады.
Дегенмен, цифрлық белсенділіктің кейбір қауіптері де бар. Жалған ақпараттың таралуы, сандық манипуляция, онлайн-радикализация жастарды әсер етуі мүмкін. Сыни ойлау және медиасауаттылық дағдыларын дамыту маңызды мәселеге айналды.
Цифрлық технологиялар жастардың мәдени өмірін түбірімен өзгертті. Музыка, фильмдер, кітаптар енді негізінен цифрлық форматта тұтынылады. Стриминг қызметтері дәстүрлі медианы ығыстырды. Жастар YouTube, Instagram, TikTok сияқты платформалар арқылы контент жасайды және тұтынады.
Қазақ тілінде цифрлық контенттің дамуы маңызды үрдіс болып отыр. Жас блогерлер, инфлюенсерлер, контент-креаторлар қазақ тілінде сапалы мазмұн жасауда. Бұл тіл дамуына және жастар арасында қазақ тілінің беделін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстандық музыка индустриясы да цифрландырылуда. Жас әртістер халықаралық стриминг платформалары арқылы өз шығармаларын жариялайды, әлемдік аудиторияға қол жеткізеді. Қазақ рэпі, поп-музыкасы, электрондық музыкасы дамып келеді.
Киберспорт та танымал болуда. Қазақстандық киберспортшылар халықаралық турнирлерде жеңістерге жетуде. Киберспорт клубтары, лигалар, турнирлер ұйымдастырылуда, бұл жастарға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашады.
Қиындықтар мен мәселелер
Цифрлық қоғамға көшу барысында бірқатар қиындықтар байқалады. Цифрлық теңсіздік ең өткір мәселелердің бірі болып табылады. Қала мен ауыл арасындағы интернетке қолжетімділікте айтарлықтай алшақтық бар. Дамыған облыстар мен шалғай аудандар арасында технологиялық инфрақұрылымда айырмашылық байқалады.
Қаржылық теңсіздік те маңызды. Сапалы техникалық құрылғыларды, жылдам интернетті, ақылы білім беру платформаларын пайдалану мүмкіндігі отбасының экономикалық жағдайына байланысты. Бұл жастар арасында мүмкіндіктер теңсіздігін тудырады.Кибе рқауіпсіздік мәселесі де өзекті. Жастар онлайн-алаяқтық, кибербуллинг, жеке деректердің ұрланымына ұшырауы мүмкін. Киберқауіпсіздік дағдыларын үйрету жеткіліксіз. Цифрлық тәуелділік проблемасы күшеюде. Шамадан тыс интернет және смартфон пайдалану денсаулыққа, психикаға, әлеуметтік қарым-қатынастарға кері әсер етуі мүмкін. Жастар арасында цифрлық гигиена туралы хабардарлық төмен.
Болашаққа бағдар және ұсыныстар
Цифрлық қоғамдағы қазақ жастарының орнын нығайту үшін кешенді шаралар қажет. Білім беру жүйесін жаңғырту басты міндет болып табылады. Оқу бағдарламаларына цифрлық құзыреттіліктерді міндетті түрде енгізу, оқытушыларды үздіксіз біліктілігін арттыру, техникалық базаны жаңарту қажет.
Цифрлық теңсіздікті азайту үшін мемлекет инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салуы керек. Ауылдық жерлерде интернет қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік жағдайы төмен жастарды техникамен қамтамасыз ету бағдарламаларын кеңейту маңызды.
Киберқауіпсіздік дағдыларын дамыту үшін арнайы білім беру бағдарламалары қажет. Медиасауаттылық, сыни ойлау, онлайн қауіпсіздік туралы хабардарлық арттыру жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек.
Жас кәсіпкерлерді қолдау механизмдерін күшейту қажет. Стартаптар үшін гранттар, акселерация бағдарламалары, менторлық қолдау кеңейтілуі керек. IT-паркілер мен технопарктер желісін дамыту перспективалы.
Цифрлық мазмұнды қазақ тілінде дамытуды қолдау маңызды. Контент-креаторлар үшін гранттар, білім беру бағдарламалары, техникалық қолдау көрсету қазақ тілінде сапалы цифрлық контенттің өсуіне ықпал етеді.
Қорытынды
Цифрлық қоғамдағы қазақ жастарының орны мен рөлі стратегиялық маңызға ие. Жастар цифрлық трансформацияның негізгі қозғаушы күші болып табылады, олар жаңа технологияларды тез қабылдайды және қоғамды жаңғыртуға белсенді түрде қатысады. Олардың білім алуы, еңбек нарығындағы белсенділігі, азаматтық қатысуы, мәдени өмірі цифрлық технологиялармен тығыз байланысты.
Қазақстанның цифрлық дамуы соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге жетті. Интернет қолжетімділігі артты, электрондық үкімет дамыды, IT-сектор өсуде, білім беру жүйесі цифрландырылуда. Жастар осы процестердің орталығында тұр, олар цифрлық экономиканың, мәдениеттің, әлеуметтік өмірдің белсенді қатысушылары.
Алайда бірқатар қиындықтар әлі де қалуда. Цифрлық теңсіздік, дағдылар алшақтығы, киберқауіпсіздік мәселелері, цифрлық тәуелділік – осының барлығы шешімді талап етеді. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекеттің, білім беру жүйесінің, бизнестің, азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігері қажет.
Цифрлық қоғамдағы қазақ жастарының әлеуеті зор. Олар инновациялық ойлауға, жаңа технологияларды меңгеруге, өзгерістерге бейімделуге дайын. Жастарға қолайлы жағдай жасау, олардың цифрлық құзыреттіліктерін дамыту, мүмкіндіктерін кеңейту Қазақстанның цифрлық болашағын қамтамасыз етудің негізгі шарты болып табылады. Жастар инвестициясы – ел болашағына инвестиция.
Әдебиеттер тізімі
- «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысы.
- Castells M. The Rise of the Network Society: The Information Age: Economy, Society and Culture. Volume 1. Oxford: Blackwell Publishers, 2010. 594 p.
- Prensky M. Digital Natives, Digital Immigrants. On the Horizon. MCB University Press, 2001. 9, No. 5, pp. 1-6.
- International Telecommunication Union (ITU). Measuring digital development: Facts and Figures 2023. Geneva: ITU Publications, 2023.
- OECD Skills Outlook 2019: Thriving in a Digital World. Paris: OECD Publishing, 2019. 258 p.